Accessibility links

Шымкентте прокурор "ұлт араздығын қоздырғаны" үшін зейнеткерді 4 жылға соттауды сұрады


Шымкент тұрғыны Қалима Жапарова сот залында тұр. Шымкент, 23 мамыр 2024 жыл. Фото авторы - Дилара Иса.
Шымкент тұрғыны Қалима Жапарова сот залында тұр. Шымкент, 23 мамыр 2024 жыл. Фото авторы - Дилара Иса.

23 мамыр күні Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында прокурор "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" бабымен айыпталған зейнеткер Қалима Жапароваға 4 жылға түрме жазасын кесуді сұрады.

Прокурордың жарыссөзде айтуынша, Қалима Жапарова 2020 және 2023 жылдары Шымкентте қоғамдық көлікте орыс ұлтының өкілдеріне араздықты қоздыратын сөз айтқан. Ол Ресейдің Украинаға шабуылын айыптағанда "фашистер", "оккупанттарға өлім" деген сияқты сөздер қолданып, олардың "ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасаған".

Былтырғы оқиғадан соң өзінің құқығы бұзылды деген Ада Липинская полицияға арызданған, айғақ ретінде оқиға кезінде түсірілген видеожазбасын да ұсынған. Бірақ кейін ол айыпталушыға кешірім беріп, істің қысқаруына қарсы емесін де айтқан.

Тергеуші оқиғаның жай-жапсарын тергеу барысында Жапарова 2020 жылы дәл осылай ұлт араздығын қоздыратын заңбұзушылыққа барды деген айғақ тауып, іске қосқан. Прокурор зейнеткерді сол айғақ негізінде 4 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.

Қалима Жапарова жарыссөзде тағылған айыпты мойындамайтынын, тек "Ресей оккупанттарының Украинаға шабуылын айыптағанын" жеткізді. Ол соттан өзін ақтап, сот залынан босатуды сұрады.

Сот үкімі 24 мамыр күні шығатыны хабарланды.

63 жастағы Қалима Жапарова 2023 жылдың қазан айында қамауға алынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG