Accessibility links

Түркістанда “оқушыны қорқытып, бопсалап өлтірді” деп айыпталған екі адамға үкім шықты


архив суреті
архив суреті

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ордабасы ауданында оқушы қызды жалаңаш суретін әлеуметтік желіге жариялайтынын айтып қорқытып, одан миллион теңге бопсалап, артынан өлтіріп суға ағызып жіберді деп айыпталған екі адамға үкім шықты.

Айыпталғандардың бірінің кінәсі дәлелденді деп танылып, 16 жылға сотталды. Екіншісі негізгі айыптар бойынша ақталғанымен, қылмыс туралы хабарламағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сотталғандар тағылған айыпты мойындамаған.

Іс алқабилердің қатысуымен қаралды.

Айыптау қорытындысы бойынша, 18 жастағы Тасқын Төлепберген Қылмыстық кодекстің “Адам өлтіру”, “Қорқытып алу” баптарымен, 20 жастағы Бейбарыс Берік осы екі бапқа қоса “Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту” бабымен айыпталған.

Алқабилер Бейбарыс Берікті “Адам өлтіру” бабы және “Қорқытып алу” бабымен кінәлі деп танылып, оған 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол сол кезде кәмелет жасқа толмаған Тасқын Төлепбергенді қылмысқа тартпаған деген тұжырым жасалды.

Ал Тасқын Төлепберген екі бап бойынша да кінәсіз деп танылды. Бірақ ол “қылмыс туралы хабарламағаны” үшін (434-бап) айыпты деп танылып, 3 жылға түрме жазасын алды.

Сот марқұм оқушының анасы, жәбірленуші Динара Зілқараеваның азаматтық шағымын ішінара қанағаттандырып, моральдық, материалдық шығын ретінде Бейбарыс Беріктен 18 млн теңге өндіруді міндеттеді.

Зілқараева сот үкімімен келісетінін айтты.

Сот үкімі 21 мамыр күні шықты.

Прокурор соттан Бейбарыс Берікті - 20 жылға, Тасқын Төлепбергенді 8 жылға соттауды сұраған.

2023 жылы 8 сәуір күні Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында 9-сынып оқушысы Аружан Орынбайдың жоғалғаны туралы хабар тарап, көп өтпей оның денесі “Тас арық” каналынан табылды. Оның білегіндегі күретамыры кесіліп, кеудесінде екі рет пышақ сұғылғаны анықталды. Көп өтпей Бейбарыс Берік пен бұрынғы ауыл әкімінің баласы, 10-сынып оқушысы Тасқын Төлепберген күдікті ретінде ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG