Accessibility links

Байден Ресей уранының импортына тыйым салатын заңға қол қойды


Ішінде уран оксиді бар бөшкелер Үлбі металлургия зауытында сақтаулы тұр. Өскемен, 2017 жыл.
Ішінде уран оксиді бар бөшкелер Үлбі металлургия зауытында сақтаулы тұр. Өскемен, 2017 жыл.

АҚШ президенті Джо Байден бұған дейін конгресс мақұлдаған Ресей уранының импортына тыйым салатын заңға қол қойды.

Құжат 90 күннен соң күшіне енеді. АҚШ энергетика министрлігі 2028 жылғы қаңтарға дейін уран жеткізетін басқа ел таппаса, Ресейде немесе ресейлік кәсіпорында өндірілген аз байытылған уран импортына рұқсат бере алады. Шектеу 2040 жылға дейін күшінде.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан тыйым "АҚШ-тың энергетика мен экономикалық қауіпсіздігін нығайтатын және Ресейдің азаматтық атом энергетикасына тәуелділігін жоятын тарихи заң" деп мәлімдеді.

Байден әкімшілігі "жаңа заң Американың ядролық сектордағы көшбасшылығын қалпына келтіреді" және "болашақ ұрпақ үшін АҚШ энергетика секторының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі" деп санайды.

Ақ үй АҚШ конгресі жақында бөлген үш млрд долларға жуық бұрын-соңды болмаған федералды қаржыландырудың арқасында елде уранды байытатын жаңа қондырғылар іске қосылады деп үміттенеді.

Бұдан бөлек, АҚШ былтыр желтоқсанда Канада, Франция, Жапония және Ұлыбританиямен бірге өз елдерінде байыту және конверсия қуатын кеңейтуге төрт млрд доллардан астам инвестиция салуға келісті.

АҚШ компаниялары байытылған уран үшін Ресейге жылына шамамен бір млрд доллар төлейтін. Бұл — коммерциялық атом реакторларының негізгі отыны. "Росатом" АҚШ-тағы 93 атом реакторында қолданылатын байытылған уранның шамамен 20 пайызын жеткізген.

2023 жылы "Росатомның" Украинадағы соғыста қолданылатын компоненттерді, технологияларды, ракета отынына арналған шикізатты ресейлік қару-жарақ бизнесіне тасымалдағаны құжатпен дәлелденсе де, уран жеткізу тоқтамады.

Былтыр Ресей АҚШ-қа уран сатып, 1,2 млрд доллар тапты. Бұл көрсеткіш одан алдыңғы жылмен салыстырғанда 43 пайыз өсті. Былтыр уранның әлемдегі бағасы 70 пайыз көтерілді. Ресей — АҚШ-қа уран экспорттайтын негізгі ел.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG