Accessibility links

Тасқыннан көшкен жұрттың жартысына жуығы үйіне оралды; Атырау облысында эвакуация жүріп жатыр


Жайық өзені. Атырау қаласы, 13 мамыр, 2024 жыл.
Жайық өзені. Атырау қаласы, 13 мамыр, 2024 жыл.

Атырау облысындағы Талдыкөл ауылын су басу қаупіне байланысты 146 адам, оның ішінде 91 бала мен аяғы ауыр үш әйел эвакуацияланды. Бұл туралы сейсенбі, 14 мамырда Махамбет ауданының әкімдігі хабарлады.

Олар Атырау қаласындағы колледж ғимаратындағы эвакуация орталығына орналасқан. 13 мамырда Талдыкөл ауылына кіретін жолды су басу қаупіне байланысты халықты алдын ала эвакуациялау басталған.

Ресми мәліметке сәйкес, облыстағы Индербор және Махамбет ауылдарында Жайық өзеніндегі су деңгейі шекті межеден асқан.

  • Индербор ауылында – 1041 см (шекті деңгей – 845 см);
  • Махамбет ауылында – 980 см (шекті деңгей – 850 см);
  • Атырау қаласында – 551 см (шекті деңгей – 550 см);
  • Жаңаталап ауылында – 398 см (шекті деңгей – 500 см);
  • Еркінқала ауылында – 356 см-ге (шекті деңгей – 450 см) жеткен.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев сейсенбідегі үкімет отырысында елде су басқан аймақтардан 119 мыңнан астам адам, оның ішінде 44 мың бала эвакуацияланғанын мәлімдеді.

Ақпаратқа қарағанда, қазірге дейін 55,6 мың адам үйіне оралған, 5 мыңға жуық азамат эвакуация орталығында қалған.

Бозымбаевтың айтуынша, тасқын салдарынан елде 13 мыңға жуық үйді су басқан. Оның ішінде үш өңірдегі 264 үйден әлі де су кетпеген. Бұдан бөлек, 18 025 саяжай үйі бар 25 921 саяжай учаскесі су астында қалған.

Ресми мәлімет бойынша, қазірге дейін 20 мыңнан астам отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік көмек алған. Оның жалпы сомасы — 7,5 млрд теңге. Бұған қоса, 680 отбасы материалдық шығынға 362 млн теңге өтемақы алды. Өңірлерде тасқын шығынын бағалау және өтеу жұмыстары әлі де жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG