Accessibility links

БҰҰ Бас ассамблеясы жасанды интеллект туралы қарар қабылдады


Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 21 наурызда жасанды интеллект технологияларын дамыту мен қолдануды жаһандық деңгейде реттеу бойынша алғашқы қарарын қабылдады. БҰҰ сайтында жарияланған құжатта «жасанды интеллектінің бүкіл кезеңінде» адам құқықтары мен негізгі бостандықтары құрметтеліп, қорғалуы керек екені жазылған.

Қарарда «барлық халықтың тұрақты дамуы үшін» «қорғалған, қауіпсіз әрі сенімді жасанды интеллект» даму керектігі айтылған әрі БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді«жасанды интеллект пен басқа да цифрлық технологиялар бойынша елдер арасындағы және әр елдің ішіндегі айырманы азайтуға», оны дамытуда жеке секторға және дамушы елдерге көбірек көмектесуге шақырған.

Қарарды Бас ассамблея мүшелері түгел қолдаған.

Отырыстан соң журналистер алдына шыққан АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Линда Томас-Гринфилд бұл қарардың маңызын айтты:

«Өмірлік мәні бар түрлі мәселелерді қарастыратын бұл ұйым неге жасанды интеллект мәселесімен айналысуы керек? Жауабы қарапайым: себебі жасанды интеллектінің экзистенциалдық мәні бар. Және әңгіме тек одан төнетін қауіп туралы ғана емес, оның беретін мүмкіндіктері жайлы» деді Томас-Гринфилд.

Қазірдің өзінде жасанды интеллект ауруға диагноз қоюда, табиғат апаттарын болжауда және басқа салаларда қолданылады. Соның арқасында фермерлер көп өнім алса, мұғалімдер бір мезетте көбірек бала оқытуға мүмкіндік алып жатыр деді америкалық дипломат.

Қарар жобасы БҰҰ-ның цифрлық кітапханасында жарияланды. Оған 50-ден астам ел автор болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG