Accessibility links

ЕО Ресейге қарсы 13-санкция пакетін бекітті. Үшінші елдердің тізімінде қазақстандық компания да бар


23 ақпанда Еуроодақ Ресей Украинаға басып кіргелі бері Мәскеуге қарсы 13-санкция пакетін жариялады. Санкцияға 106 адам және 88 компания ілінді. Арасында Қазақстан, Қытай, Үндістан, Сербия, Түркия, Таиланд, Шри-Ланка компаниялары да бар.

ЕО санкция салынған қазақстандық компания - Elem Group. Былтыр желтоқсанда АҚШ сауда министрлігіне қарасты өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросы қазақстандық Elem Group компаниясын "жауапсыз ұйымдар" тізіміне енгізген еді.

Бұған қоса, ЕО 13-пакетінде Ресей нарығына жеткізуге тыйым салынған тауарлар тізімі ұлғайған.

ЕО мәлімдемесінде бүгінгі тізім бірінші кезекте “Ресейдің әскери және қорғаныс секторы” мен оларға қатысы бар тұлғаларға қарсы бағытталғаны жазылған.

Жаңа шектеулер 24 ақпанда – Ресейдің Украинаға басқыншылығына екі жыл толған шақта күшіне енетіні хабарланды.

"Біз Ресейдің соғыс машинасын тоқтатуға және Украинаның өзін-өзі қорғауға бағытталған заңды күресінде жеңіске жетуіне және оның тәуелсіздігін, территориялық тұтастығы мен егемендігін қалпына келтіруге көмектесу мақсатында біргеміз" деп мәлімдеді Еуропа дипломатиясының жетекшісі Жозеп Боррель.

Еуроодақтың есебінше, 13-ші пакет күшіне енгеннен кейін санкцияға ілінген жеке тұлғалар мен компаниялардың саны 2 мыңнан асады.

Бұған дейін Financial Times басылымы құжаттарға сүйене отырып, ЕО жаңа тізімге қытайлық үш компания мен үнділік бір компанияны алғаш рет енгізгенін жазды. Санкция сонымен бірге Шри-Ланка, Түркия, Таиланд, Сербия және Қазақстанға қарсы бағытталатыны айтылады.

Қазақстандық екі компания ЕО-ның алдыңғы, 12-санкциялар пакетінің жобасында ресейлік әскери-өнеркәсіп кешеніне үлес қосқан ұйым ретінде аталған еді. Қазақстандық Aspan Arba шетелден дрон сатып алып, оларды ресейлік Sky Mechanics атымен белгілі Skymec компаниясына жіберіп отырған. Skymec өз кезегінде тауарды Ресейдің қорғаныс саласымен байланысты компанияларға сатқан. Астаналық Da Group 22 компаниясы былтыр Қазақстаннан мыңдаған микрочипті Ресейге экспорттаған.

Азаттық былтыр маусым айындағы зерттеуінде Elem Group Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше аптадан соң Қазақстанда тіркелгенін жазған. 2023 жылы қаңтардан бастап Elem Group ресейлік компанияларға электроника өнімдерінің кемінде 300 партиясын жеткізген. 273 партияда қос мақсатта пайдаланылуы мүмкін тауарлар болған.

XS
SM
MD
LG