ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақстан 2025 жылы Орталық Азия елдерінен Сырдария арқылы 3,7 млрд текше метр су алмақ

Қазақстан 2025 жылы егін суғару кезеңінде Сырдария өзені арқылы 3,7 миллиард текше метр су алуға тиіс, деп хабарлады су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерімен Орталық Азияның мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының отырысында осындай келісім жасасқан.
Ақпаратта Қазақстан егін суғару кезеңінде мемлекетаралық "Достық" каналы арқылы 909 млн текше метр су алады деп айтылған. Солтүстік Арал теңізіне 945 млн текше метр су жібереді.
"Қазіргі кезде біз тасқын суын көлдер мен өзендерге бағыттап, оны су қоймаларына жинаумен айналысып жатырмыз. Бірақ оңтүстік аймақтар туралы сөз болғанда, су дипломатиясы маңызды. Сырдария өзені арқылы Қазақстанға келетін су Шардара су қоймасында жиналып, оңтүстік аймақтардың ауыл шаруашылығын қамтамасыз етуге пайдаланылатын болады", – деген министр Нұржан Нұржігітовтің сөзін келтірген министрлік.
Министрлік өкілдері 2024 жылы су тиімді бөлініп, су үнемдейтін технологиялар енгізіліп, көрші елдермен уақытылы келіссөздер жүргізудің арқасында Қазақстан егін суаруға қажет суды толық көлемде алған деді. Биыл да солай жасалынбақ.
Былтыр күзде Қазақстан 2025 жылдың сәуір айына дейін Орталық Азия елдерінен Сырдария өзені арқылы 11 млрд текше метр су алады деп хабарланған. Алайда, ол жоспардың қалай іске асырылғаны туралы қазірге дейін ешқандай ақпарат болған жоқ.
Қазақстан аумағының 2,8 пайызы ғана сумен қамтылған, ал құрғақ аймақта орналасқан үштен екі бөлігінде су тапшы. Су ресурстарының елеулі бөлігін көрші елдерден алып отыр.
Биліктің дерегінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның қалаларында халықты сумен қамту деңгейі 98,9 пайызды, ал ауылдарда 96,6 пайызды құрады. Тек тоғыз аймақ қана толық сумен қамтылған.
Сырдария – Орталық Азиядағы ең ірі өзен, ол төрт мемлекеттің: Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қазақстан аумағын басып өтіп, Арал теңізіне барып құяды.
Еуроодақ АҚШ-қа қарымта ретінде баж салығын енгізу жоспарын әзірлеп жатыр

Еуропа одағы елдері АҚШ-тың баж алымын көтеруіне қарымта ретінде америкалық тауарларға 28 миллиард доллар көлемінде салық енгізуді көздейтін алғашқы шараларды жақын күндері мақұлдамақ. Reuters агенттігі осындай ақпарат таратты.
Дүйсенбі, 7 сәуір күні кешке Еурокомиссия Еуроодақ елдеріне қосымша баж салығы салынатын америкалық тауарлар тізімін ұсынбақ. Reuters мәліметі бойынша, ол тізімде ет, дақылдар, шарап, ағаш өнімдері мен киім-кешек, сағыз, тіс тазалайтын жіп, шаңсорғыш, әжетхана қағазы сияқты тауарлар бар.
Еуроодақтың АҚШ-қа қарымта шарасы осы аптаның сәрсенбісінде дауысқа салынады. Егер шара мақұлданса, баж салығына қатысты өзгерістер екі кезеңде: бірінші бөлігі 15 сәуірде, қалғаны бір айдан кейін күшіне енеді.
Еуроодақтың Вашингтонмен баж салығы мәселесі бойынша жүргізген келіссөздері әзірше нәтиже бермеген, деп жазды Reuters. ЕО сауда өкілі Марош Шефчович америкалық әріптестерімен екі сағат "бүкпесіз" әңгімелескенін айтқан. Өз сөзінше, әңгіме барысында ол АҚШ-тың жаңа тарифтерін "жойқын әрі негізсіз" деп атаған.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент 50-ден астам ел Ақ үйге сауда баж алымдары туралы келіссөздер бастауды ұсынды деп мәлімдеді. Бірақ Бессент пен басқа да шенеуніктер нақты қай елдер ұсыныс жасағанын және келіссөздердің егжей-тегжейін ашып айтпады.
- 2 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Американың сауда серіктерінің басым көпшілігінен елге келетін тауарларға баж алымын көтеретінін мәлімдеді. Мысалы, Еуроодақ елдерінен АҚШ алатын импорт тауарларға 20 пайыздық баж салығы салынады. Ұлыбритания тауарларына – 10 пайыз, ал кейбір елдер үшін бұл салық 40 пайызға дейін жетеді немесе одан да көп болады.
- Қытайдың қаржы министрлігі АҚШ үкіметінің әрекетіне қарымта ретінде барлық америкалық тауарларға 34 пайыздық қосымша баж салығын енгізіп, кейбір сирек жер металдарын экспорттауға шектеу қойды.
БАҚ: Израиль Сирияны уақытша ықпал аймақтарына бөлуді ұсынған

Израиль Голан жотасы маңында түрік әскерін орналастыруға жол бермейді. Түркияның осы аймақтағы іс-әрекетін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху келесі аптада Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескенде талқыламақ, деп жазды израильдік Ynet жаңалық сайты.
Израиль Түркия Сириядағы базаларын дрондар мен әуе қорғаныс жүйелерін орналастыруға пайдалануы мүмкін деп қауіптенеді. Ондай жағдай шекараларды қорғау шараларын қиындатуы мүмкін және әскери қақтығысқа апарып соғуы ықтимал, деп жазылған әлгі ақпаратта.
Башар Асад режимі құлаған былтырғы жылдың аяғына дейін Сирияның Израильмен шекаралас аймағында Ресей әскері тұрған еді, Израиль олармен байланыс орнатқан делінеді. Егер аймаққа Түркия әскері кіретін болса, Израильге өз азаматтарын қорғау үшін қабылданатын кез-келген шараны мұқият ойластыруға және ондай іс-әрекеттер Түркиямен әскери қақтығысқа алып келмейтіндей болуын жіті ескеруге тура келмек.
Бұған қоса Израильді Сириядан бастап Газа секторына дейінгі аралықта бұған дейінгі шииттік Иранның ықпалын енді Түркия алмастырса, жаңадан сүнниттік исламшыл күштер қалыптасу мүмкіндігі де алаңдатады.
Дегенмен, Израиль мен Түркия арасында дипломатиялық байланыс бар және диалогты жалғастыру маңызды болып отыр.
Израиль Сириядағы жағдай тұрақталғанға дейін АҚШ, Ресей, Түркия және Сирияның өтпелі үкіметінің қатысуымен Сирияны ықпал аймақтарына уақытша бөлуді ұсынады деп жазды Ynet.
Жақында Сирияда өтпелі үкіметі жасақталып, қызметке кіріскен, ол бес жыл мерзімге тағайындалған. Осы уақыт ішінде елдің Конституциясына қажетті түзетулер енгізіліп, жалпыхалықтық сайлау өткізіледі деп жоспарланған.
The Sunday Times: Ресей британ сүңгуір кемелерін аңдыған болуы мүмкін

Британ әскери күштері теңіздің жағалауға жақын тұсынан табылған сенсорларды Ресей Vanguard класындағы ядролық зымырандары бар атом сүңгуір кемелерін аңдуға қолданған болуы мүмкін деп топшылайды. The Sunday Times басылымы әскери дереккөздеріне сүйеніп осылай деп жазды.
Әлгі құрылғылардың кейбірі жағаға шығып қалған, ал өзгелерін британ флотының минатұтқыш тральщиктері тауып алған. The Sunday Times сенсорлар "кейінгі жылдары" табылған деген деректер келтірген.
Ұлыбританияның қорғаныс министрлігі бұл сенсорлар барлау немесе инфрақұрылымды зақымдау мақсатында орнатылған болуы мүмкін деп есептейді, бірақ оған нақты дәлелдер жоқ.
The Sunday Times сөйлескен адамдар ресейлік миллиардерлердің суперяхталары Ұлыбритания жағалауын барлап-бақылауға пайдаланылуы мүмкін екендігін айтқан. Мұндай оқиғалардың бірі 2018 жылы болған. Ол кезде британдық HMS Albion кемесінің экипажы өздерін жағалауда тұрған ресейлік олигархтың яхтасы жасырын аңдыған болуы мүмкін деп күдіктеніп, порттан шығып кетуге мәжбүр болған. Басылым дерегінде әлгі ресейлік олигархтың аты-жөні аталмаған.
Әскери мамандар теңіз астындағы тартысты "қырғи-қабақ соғыс" уақытындағы ғарыштағы тайталасқа ұқсатады.
Ресей The Sunday Times жариялаған мақалаға әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.
Биыл қаңтар айында Ұлыбританияның қорғаныс министрлігі елдің теңіз аймағына ресейлік "Янтарь" әскери кемесі тағы да еніп кеткеннен кейін Мәскеуді барлау қызметін жүргізді деп айыптаған. Британ билігі "Янтарь" кемесі теңіз астындағы стратегиялық маңызы бар желілер туралы деректер жинаған деп есептейді.
Ресейдің "Янтарь" кемесі ресми түрде ғылыми-зерттеу және океанографиялық кеме болып саналады, бірақ ол Ресей қорғаныс министрлігіне қарайды. АҚШ бұл кеме суасты кабельдерін кесіп тастай алатын құралдармен жабдықталған деп айтқан.
АҚШ-та Трамп саясатына қарсы жаппай наразылық өтті

АҚШ-та президент Дональд Трамп және тиімділік жөніндегі департаменттің жетекшісі Илон Маскқа қарсы наразылық өтті. Бұл Трамп екінші мерзімге сайланғаннан бергі ең ірі наразылық.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, барлық штатты есептегенде ел аумағында мыңнан астам наразылық өткен. Олардың бірі Флорида штатында АҚШ президенті демалып жатқан гольф-клубқа жақын жерде болған. Reuters мәліметінше, Трамптың Мар-а-Лагодағы резиденциясы маңына шамамен 400 адам жиналған. Негізінен демократтарды қолдайтын ұйымдастырушылар билікті басып алуға қарсы екендіктерін айтты. Қатысушылар мемлекеттік қызметкерлерді жұмыстан босату, ведомстволарды жабу, депортация, медицинаны қаржыландыруды қысқарту, сонымен бірге жаңа баж салығына қарсы шықты.
Наразылық тұсында Трамп америкалықтарға Truth Social желісі арқылы қайырылып, сауда соғысы тұсында күрделі өзгерістер болатынын ескертті.
“Қытай АҚШ-қа қарағанда қаттырақ зардап шекті. Көптеген ел бізге жамандық жасады. Біз соққы жасайтын қорғансыз денеге айналдық. Шыдай тұрыңдар, оңай болмайды, бірақ ақырғы нәтижесі тарихи болады” деді Трамп.
Reuters мәліметінше, осы аптада АҚШ президентін қолдау рейтингісі 43% дейін түсіп кеткен. Бұл Трамп қызметіне кіріскелі бергі ең төменгі көрсеткіш.
Ресей әскері Киевке ракетамен соққы жасады, жараланғандар бар

6 сәуірге қараған түні Ресей әскері Киевке ракетамен соққы жасады. Украина төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік қызметінің мәліметінше, кемінде үш адам зардап шеккен.
Қаланың Дарница, Соломенск және Оболонский аудандарында өрт шыққан. Адам тұрмайтын құрылыс қирап, бірнеше көлікті бүлдірген. Бұған қоса, бизнес-орталық ғимараты жартылай бүлінді деп жазды Киев мэрі Виталий Кличко.
"Таңғы сағат 6:30-дағы жағдай бойынша, Киев пен Украинаның қалған бөлігіне ресейлік баллистикалық және қанатты зымырандар шабуыл жасап жатыр. Астанада қатты жарылыс [естілді] және көптеген қалаларға шабуыл жасалғаны жөнінде хабар бар" деп жазды АҚШ-тың Украинадағы елшісі Бриджит Бринк.
Бір күн бұрын Украина президенті Владимир Зеленский америкалық дипломатты Ресей әскерінің Кривой Рогқа жасаған соққысына өте әлсіз реакция білдірді деп сынаған. Кривой Рогқа жасалған соққыдан 19 адам өлді, 9-ы бала. Бринк оқиға жанын түршіктіргенін айтып, осы себепті "соғыс аяқталуы керек" деп жазған. Ол жазбасында Ресей сөзін қолданбаған.
АҚШ қаржы министрі: Зеленский пайдалы қазба туралы "ең жеңіл мәмілені" бұзды

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент тележүргізуші Такер Карлсонға берген сұхбатында Украинамен пайдалы қазба туралы келісім Ақ үйде президент Дональд Трамппен сөз таластырып қалған Владимир Зеленскийдің әрекетіне байланысты тоқтап қалды деп мәлімдеді.
"Ол әлемде ең оңай іс саналатын шаруаны бұзды" деді Зеленскийдің әрекеті туралы айтқан Бессент. Қаржы министрінің сөзінше, Украина басшысы пайдалы қазба туралы келісімге үш рет қол қоюға оқталған, бірақ әр кез сайын айнып қалған.
Дегенмен Бессент "екі жаққа пайдалы келісімге жақын арада қол қойылатын болар" деп үміттенетінін жеткізді.
28 ақпанда Зеленский АҚШ-қа Украинаның сирек металын өндіру құқығын беретін келісімге қол қою үшін Вашингтонға барған. Дональд Трамп және вице-президент Джей Ди Вэнспен сөз таластырып қалған Зеленский кездесу бітпей жатып кетіп қалған. Осылайша келісімге қол қою рәсімі өтпей қалды.
Апта басында Трамп президент Зеленскийді "келісімнен бас тартпақ болды" деп айыптаған. Зеленский жуық арада келісімге қол қоймаса, "үлкен мәселеге" тап болады деп сес көрсеткен.
Наурызда Вашингтон келісімнің жаңа нұсқасын ұсынған. Киев бұл ықтимал сценарийлердің бірі, келіссөз жалғасып жатыр деп айтқан.
Украинаның жоғары лауазымды шенеуніктері Financial Times басылымына аталған құжат Украинаның егемендігіне нұқсан келтіріп, кірістің бәрін шетелге жіберіп отыруға міндеттейді, Вашингтонға тәуелділікті арттырады деген.
ХАМАС тұтқынға алынған адамдар туралы жаңа видео жариялады

АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған ХАМАС тобы израильдік тұтқындар туралы жаңа видео жариялады.
Израиль ақпарат құралдарының жазуынша, тұтқындардың бірі - донбастық Максим Харкин. Оның анасы, бауыры мен қызының Ресей азаматтығы бар. Екінші тұтқынның аты-жөні – Бар Куперштейн.
Видеода тұтқындар өте ауыр жағдайда қамауда отырғандарын, жақын арада су мен тамақ бітуі мүмкін екенін айтады.
Харкиннің отбасы жақындарын таныды деп жазды Израильдің Ynet жаңалықтар порталы. Бұл палестиналық топтың 2023 жылы 7 қазанда оны ұстағаннан бергі алғашқы видеосы.
Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жағдайдан хабары барын айтты.
Наурыз айында Израильдің әскері Газа секторында ХАМАС-қа қарсы әскери қимылды қайта бастаған. Қазір ХАМАС-тың қолында 59 израильдік тұтқында отырғаны айтылады. Ондаған адам тірі емес деген болжам бар.
ХАМАС 2023 жылы 7 қазанда Израильдің оңтүстігіндегі елді мекендерге шабуыл жасағаннан кейін Израиль Газа секторында әскери қимыл бастаған. ХАМАС шабуылынан шамамен 1200 адам қаза болды, 250-ден астам адам тұтқынға алынды.
ХАМАС-қа қарсы Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соғыс барысында ондаған мың палестиналық опат болған. Дегенмен бұл мәлімет тәуелсіз дереккөздермен расталған жоқ. Қаза болған палестиналықтардың қаншасы ХАМАС әскерінің құрамында болғаны туралы мәлімет жоқ.
Мьянмадағы жер сілкінісінен қаза болғандар үш мыңнан асты

Мьянмада жер сілкінісінен қаза болғандар 3354-ке жетті, 4850 адам зардап шекті, 220 адам із-түзсіз жоғалды. Бұл жөнінде Мьянманың мемлекеттік ақпарат құралдарына сүйенген Reuters агенттігі жазды. Елде 1 сәуірден бері қаралы күн жарияланған.
БҰҰ-ның төтенше көмек жөніндегі үйлестірушісі Том Флетчер зілзала ошағы маңында орналасқан Мандалай қаласына барды.
"Қираған нысындардың ауқымы орасан зор. Адамдар өлді. Үйлер қирады. Тіршілік көзі жойылды. Бірақ халықтың төзімділігі ғажап" деп жазды Флетчер X желісінде.
Жұма күні БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының айтуынша, әскери хунта өз билігін қолдамайтын зардап шеккен аймақтарға көмек жеткізуді шектеген.
Мьянманы басып алған әскерилер жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсетуді жеңілдету үшін осы аптада 22 сәуірге дейін атысты тоқтататынын жариялады. Хунтамен күресіп жүрген ереуілшілердің тобы бір айлық үзіліс алып, әскери қимылды тоқтатқаннан кейін болды.
28 наурызда магнитудасы 7,7 балдық жер сілкінісі болды. Халық саны жағынан Мьянмадағы екінші қала Мандалай қаласының басым бөлігі жер сілкінісінен қатты зардап шекті. Зілзала Таиланд, Вьетнам, Қытайда сезілді.
Кейінгі 70 жылда Қырғызстандағы мұздықтар 16% азайған

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров кейінгі 70 жылда елдегі мұздықтардың аумағы 16 пайызға азайғанын мәлімдеді, 2100 жылға қарай олардың жартысы жоғалуы мүмкін. 4 сәуірде Самарқанда (Өзбекстан) өткен «Орталық Азия жаһандық климаттық қауіп-қатерлерге қарсы: ортақ гүлдену үшін ынтымақтастық» атты халықаралық форум кезінде Жапаров осылай деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, былтыр Қырғызстанда лай көшкіні артып, инфрақұрылымдарға едәуір нұқсан келтірген. Бұл құбылыстың салдарынан адам өлімі тіркелген, халықтың қоныс аударуына түрткі болған.
"Бұған қоса, мұздықтардың жылдам еріп, мұздану аймақтарының қысқарып жатқанына, су деңгейінің төмендігіне, құрғақшылық пен шөлейттерге куә болып отырмыз. Жыл сайын олардың саны мен ауқымы артып келеді" деді Жапаров.
Оның сөзінше, Қырғызстан газдандыру арқылы көмір пайдалануды қысқартып, электр энергиясын тасымалдау мен үлестіру кезінде жоғалатын энергия көлемін азайтуға тырысып жатыр, қалалардың жылу жүйелерін жақсартуға ұмтылып келеді.
БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы жүргізген зерттеу өзге аймақтарға қарағанда Қырғызстанда ауа температурасы екі есе жылдам жылитынын анықтаған.
1960-2023 жылдары аралығында Қырғызстанда орташа ауа температурасы 1,2 °C көтерілген. Әлем бойынша орташа көрсеткіш – 0,6 °C.
Марат Жыланбаевтың адвокаты белсенді түрмеде аузын тіккенін хабарлады

Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 мекемеде жазасын өтеп жатқан белгілі марафоншы, "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастама топ жетекшісі Марат Жыланбаев қарсылық ретінде аузын тікті. Бұл жөнінде белсендінің әйеліне сүйенген адвокат Мейіржан Досқараев хабарлады. Бұған дейін Жыланбаев түрме әкімшілігінің әрекетіне наразылық білдіріп, 26 наурызда аштық жариялаған еді.
— Түрме әкімшілігі оған берген уәдені орындаған жоқ. Олар оған жүгіруге мүмкіндік беретінін айтқан. Ол сурет те салады, олар оған сурет салуға рұқсат беруге уәде еткен. Бірақ олар өз уәделерінде тұрмағандықтан Марат Жыланбаев аштық жариялап, аузын тікті, – деді Досқараев Азаттыққа.
Азаттық Степногорск мекемесіне хабарласты. Кезекші бөліміндегілер толымды ақпарат беруден бас тартты.
Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі депаратменті 4 сәуірде шағын хабарлама жіберді:
"Әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Аталған сотталушы мекеме әкімшілігіне ешқандай шағым түсірмеген. Ол адвокатпен үнемі байланыста, туыстарымен телефон арқылы сөйлеседі, олармен кездесулер ұйымдастырылған" деп жазылған хабарламада.
61-жастағы Жыланбаев түрмеде отырып, түрмедегі жағдай мен сот үкіміне қарсы бірнеше рет аштық жариялаған. Оны тәртіптік изоляторға да қамаған.
2023 жылы қарашада Астана соты Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев айыптың бәрін жоққа шығарып, істің "саяси астары бар" деп мәлімдеген.
Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді. Былтыр халықаралық Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымы түрмеде отырған танымал марафоншы, белсенді Марат Жыланбаевтың ісін БҰҰ сарапшылары мен күштеп ұстау бойынша жұмыс тобына жолдаған. Ұйым Жыланбаевтың негізгі құқықтары бұзылғанын атап өтіп, Қазақстан билігін оны босатуға шақырған.
Бұған дейін IPHR пен Қазақстандағы адам құқығы бойынша бюро Жыланбаев Конституциядағы ойын еркін айту, бейбіт түрде жиналу құқықтары үшін жауапқа тартылғанын, оның ісінде ешқандай "экстремизм белгілер" жоғын айтқан еді.
Алматы полициясы ВИЧ-ке шалдыққан адамдар тізімінің жарияланып кетуіне орай тексеріс жүргізіп жатыр

Алматы полициясы ВИЧ-ке шалдыққан адамдардың жеке деректерінің жарияланып кетуіне орай тексеріс жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде полицияның баспасөз қызметіне сүйенген "Власть" сайты жазды. Бұған дейін әлеуметтік желіде медицина колледждердің бірінде осындай тізім тарағаны жөнінде мәлімет пайда болған.
"Бұл фактіге байланысты Алматы қалалық полиция департаменті тексеріс жүргізіп жатыр. Жай-жапсары анықталып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданатын болады" деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
Qumash телеграм-арнасының жазуынша, қаладағы медицина колледждердің бірінің студенттері зертхана жұмысы кезінде ВИЧ-ке шалдыққан адамдардың тізіміне қол жеткізіп, оны желіде таратып жіберген. Колледж бен клиника аты айтылмайды.
Ресей әскері Кривой Рогқа соққы жасады. Кемінде 15 адам қаза болды

Ресей әскері Кривой Рог орталығындағы тұрғын үйлерге баллистикалық ракеталармен соққы жасады. Облыстық әскери әкімшіліктің мәліметінше, кемінде 15 адам қаза болған, арасында балалар да бар. 50-ден астам адам жараланған. Оқиға орнынан түсірілген сурет-видеоларға қарағанда ракетада кассеталық оқ-дәрі болған. Ол балалардың ойын алаңы аумағына түскен.
Жарақат алған 39 адам ауруханаға жеткізілген.
"Жағдайы ауыр және өте ауыр адамдар бар. Дәрігерлер олардың өмірі үшін күресіп жатыр" деді әскери әкімшіліктің жетекшісі Александр Вилкул. Днепропетровск облысының жетекшісі Сергей Лысактың айтуынша, жараланғандардың ең кішісі – үш айлық нәресте.
Украина президенті Владимир Зеленский қаза болғандар арасында алты жасар бала барын айтты.
"Күн сайын Ресей соққысы. Күн сайын адамдар өліп жатыр. Мұның әлі жалғасып жатқандығының жалғыз себебі ғана бар: Ресей атысты тоқтатқысы келмейді және оған көзіміз жетіп отыр. Бүкіл әлем көріп отыр" деді Зеленский өзінің телеграм-арнасында.
Бірнеше дереккөз ракета "Магеллан" мейрамханасы аумағында жарылғанын жазды. 29 тұрғын үй бүлініп, бірше көлік өртенген. Кейбір үйлерде газ жүйесі істен шыққан.
Ресей қорғаныс министрлігі Кривой Рогқа жасалған зымыран шабуылын «қолбасшылар жиналысына жасалған жоғары дәлдіктегі соққы» деп атады. Министрліктің хабарламасында Ресей қарулы күштері «бөлімше командирлері мен батыстық нұсқаушылармен мейрамханалардың бірінде кездесу өткізген жерге» шабуыл жасағаны айтылған.
Еуропа дипломатиясының жетекшісі Кая Каллас әлеуметтік желідегі парақшасында "Кривой Рогтан қайғылы кадрлар түсіп жатыр. Ресей әскері халық тығыз орналасқан ауданға соққы жасап, нәтижесінде кемінде 14 адам, оның ішінде 6 бала да бар, қаза болды. Ресей Украинаны жойып жатыр, ол атысты тоқтатуға ынталы емес" деп жазды.
"Ойын алаңына зымыранмен соққы жасау - бұл соғыс емес, жабайылық. Қаза болғандардың отбасыларымен және өз елін ресейлік лаңкестіктен қорғайтындармен бірге. Чехия сізбен бірге" деп жазды Чехия сыртқы істер министрі Ян Липавский.
"Путиннің бітімі осы" деп жазды Литваның сыртқы істер министрі Кястутис Будрис.
2 сәуірде Кривой Рогтағы қала кәсіпорындарының біріне баллистикалық зымыранмен шабуыл жасалып, 4 адам қаза болып, 14 адам жараланған еді. Бірнеше көпқабатты тұрғын үй бүлінді.
Кривой Рог - Украинаның ірі өнеркәсіп орталығы. Онда бірнеше тау-кен өндіру, өңдеу және металлургия кәсіпорындары орналасқан.
USAGM "Настоящее время" хабарын тарататын кей спутник жүйелерімен келісімді тоқтатты

АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) Азат Еуропа/ Азаттық радиосына (АЕ/АР) қарасты орыстілді "Настоящее время"телеарнасының хабарларын таратын екі спутник жүйесімен келісімшартты тоқтатты.
4 сәуірде "Настоящее время"телеарнасы Азаттық радиосының жұмысын бақылайтын USAGM-нің әрекетінен соң Astra және Eutelsat спутник жүйелерінен хабар тарату мүмкін болмай қалғанын хабарлады. Дегенмен әзірге телеарна хабарлары Hotbird жүйесі арқылы көрсетіліп тұр. USAGM неге мұндай шешім қабылдағанын түсіндірген жоқ.
Ресей әділет министрлігі "жағымсыз ұйым"деп таныған "Настоящее время"телеарнасы көрермен өз хабарларын көру үшін басқа да цифрлық құралдарды қолданса болатынын мәлімдеді. "Телеарна негізінен Ресей, Украина, Орталық Азия, Шығыс Еуропа аймақтарынан хабар таратады.
Азат Еуропа/ Азаттық радиосы 23 елде 27 тілде хабар таратады, оның аудиториясы 50 миллионға жетеқабыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп 14 наурызда жеті федералдық агенттікте қысқарту жүргізуді көздейтін "Федералдық бюрократияны қысқартуды жалғастыру туралы" жарлыққа қол қойды. Қысқарту ұсынылған мекемелер арасында Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясына және өзге де ақпарат таратушыларға жетекшілік жасайтын АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі де (USAGM) бар.
Жарлық жарияланғаннан кейін бірнеше сағаттан соң USAGM-нен жолданған хатта АЕР/АР қызметін қаржыландыруға деп бөлінген, АҚШ конгресі мақұлдаған гранттың тоқтатылғаны жазылған. Хатқа өз лауазымын "USAGM бас директоры міндетін уақытша атқарушы аға кеңесші" деп көрсеткен Кэри Лейк қол қойған.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы мұны заңсыз шешім деп санап, сотқа қайырылды. Қазір USAGM-мен арада бұл іс бойынша сот жүріп жатыр.
25 наурызда АҚШ соты USAGM "өз бетінше негізсіз шешім шығарған"деген тұжырым жасап, Азат Еуропа/Азаттық радиосының уақытша тыйым салу туралы бұйрығын (TRO) шығару өтінішін қанағаттандырды. Ертесінде USAGM грантты тоқтату туралы шешімінің күшін жоятынын, бірақ бұл “USAGM-нің грантты тоқтату өкілетіне нұқсан келтірмейтінін"айтып Азат Еуропа/Азаттық радиосына хат жолдады.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы 1 сәуірде көп қызметкерін азайтылған жалақы төленетін демалысқа жіберуге мәжбүр болғанын және USAGM-нен конгресс бөлген қаржыны күтіп отырғанын хабарлады.
25 наурызда АҚШ-тың заң шығару органы – конгрестің ондаған мүшесі ел президенті Дональд Трампқа хат жазып, АҚШ Ғаламдық медиа агенттігін (USAGM) жабуды көздейтін жарлығын жоюға үндеді. Өкілдер палатасы мүшелерінің айтуынша, жарлық USAGM-ге қарайтын Азаттық радиосы секілді ұйымдарға залал келтіріп, АҚШ қарсыластары – Ресей, Қытай, Иран және Солтүстік Корея елдеріне көмек болмақ.
Сөз бостандығын қорғау ұйымдары USAGM-нің бұл әрекетін өткір сынап, бұл әлемдегі авторитар режимдердің еркінсуіне жол береді деді.
20 наурызда 27 халықаралық журналистік ұйым АҚШ үкіметін баспасөз бостандығын қорғауға және АҚШ ғаламдық медиа агенттігі(USAGM) арқылы басқарылатын немесе қаржыландырылатын ақпарат құралдары қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырып, мәлімдеме жасады.
Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) USAMGM-нің бұл шешімі Азаттық радиосымен байланысы болған көп журналиске қауіп төндіретінін мәлімдеді.
CPJ-мен қоса PEN America, "Шекарасыз тілшілер"және басқа да журналистерді қорғау ұйымдары қол қойып, АҚШ конгресіне жөнелткен хатта "USAGM-мен байланысы бар журналистер саяси тұрғыда шетін тақырыптағы репортаждары үшін үлкен қоқан-лоққыға тап болады, оларға қудалау және түрме қаупі төнеді"делінген. Олар конгресті АҚШ қаржыландырған ақпарат құралдарында жұмыс істеген журналистерді қорғау бойынша "жедел шара қолдануға"шақырды.
Маңғыстау облысында бір топ адам билікке үндеу жолдап, жұмысты әділ бөлуді талап етті

Маңғыстау облысы Қарақия ауданына қарасты Жетібай, Құрық, Мұнайшы елді мекендерінің жұмыссыздары билікке үндеу жолдап, жұмыспен қамту орталығынан бөлінетін жұмыс орындарын әділетті әрі заңды түрде үлестіруді талап етті. Олардың видеомәлімдемесі әлеуметтік желіде тарады. Онда олар жергілікті атқарушы билік өкілдерінің аты-жөнін атап, оларды қызметтен босатуды да талап еткен.
Видеомәлімдемеде ондаған адамның Жетібай деген үлкен жазу бар ауылдың кіреберісінде тұрғаны көрінеді. Олар ұстаған үлкен плакатта "Әділетті жұмысты талап етеміз!" деген жазу бар.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, бұл үндеу жазылғанға дейін 3 сәуірде Жетібай кентінің орталығындағы мәдениет үйінде жұмыссыздық мәселесі талқыланып, оның соңы айғай-шумен аяқталған. (Ақпаратқа қарағанда, бір адам ашуланып өзін жарақаттаған. Алайда бұл оқиғаның жай-жапсары анықталмай жатыр).
"Ешқандай нәтиже жоқ, әкімдер өздері жан-жақта, халықтың мұң-мұқтажын тексере алмай отыр. Біз ешқандай заңсыздыққа барған жоқпыз. Халық ашынып кеткен. Келген жұмыс орындары әділетті бөлініп жатқан жоқ. Комиссия құрмай отыр" деді жиналысқа қатысқан тұрғындардың бірі Азаттыққа. Бірақ онымен кейін байланыс үзіліп, барлық сұрақтарға жауап ала алмадық.
Жетібай тұрғыны Айнұр Өтегенованың сөзінше, 12 мың халқы бар Жетібайды жұмыссыздық мәселесі қажытып жіберген.
"Келген жұмыс шынайы мұқтаж адамдарға беріліп жатқан жоқ. Үйінде жұмыс істейтін адамдары бар, жағдайы бар адамдар арасында өзара бөлісіледі. Қарапайым мұқтаж халық жұмысқа кіріп жатқан жоқ. Халықты осы нәрсе ашындырып отыр. Қара халық аш, жағдайы жоқ. Олардың үнін ешкім естімейді" деді ол.
Оның сөзінше, кешегі жиналыстан кейін тұрғындар стеласы бар ауылдың кіреберісіне шерулетіп барып, билікке үндеу жасаған. Жұмысты әділ үйлестіруді талап еткен.
Әлеуметтік желіде осы оқиғалардан бірнеше видео тарады. Солардың бірінде үлкен залға көп адам жиналғаны, бірнеше адамның ашуланған бір адамды тоқтатуға тырысып жатқаны көрінеді. Болжам бойынша, айналасындағылар өзін жарақаттығысы келген адамды олай жасамауға көндіріп жатқанға ұқсайды.
Мінберде отырған билік өкілі "халықты арандатпаңдар! Халықтың атынан шығатын біздер – жергілікті атқарушы органдар..." дейді.
Тұрғындардың сөзінше, жиналыс орта жолда осылайша айғай-шумен аяқталған.
Азаттық тілшісі 4 сәуірде Жетібай ауданы әкімдігіне хабарласты. Өзін әкімнің орынбасары ретінде таныстырған Рахат Қаратаев "жиналыста адам өзін жарақаттады" деген ақпаратты растамады. Оның сөзінше, жұмыссыздық мәселесі бар елді мекен тұрғындарына бұған дейін 200-250 мың теңгелік жалақысы бар жұмыс ұсынылған, алайда жұмыссыздар мұнай саласынан жұмыс талап еткен. "Жұмыс әділетсіз бөлінеді деген" уәжге қатысты ол нақты жауап берген жоқ.
Аудандық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, 12,9 мың халқы бар Жетібай кентінде 2025 жылы 2146 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Басқарма жетекшісі Дина Сайытованың айтуынша, мұнай саласына жұмысқа тұру үшін өзге елді мекен тұрғындарының осы жақтан тұрақты тіркеу алып, жұмысқа орналасу талпынысы бұған дейін анықталған және осы жайт жағдайды күрделендіріп отыр.
Қазақстанның батысындағы Маңғыстау өңірінде жұмыссыздық мәселесі ушығып тұр. Аймақта жалақысы жақсы, тұрақты жұмыс талап еткен наразылықтар жиі болып тұрады. Жергілікті билік өкілдері "өңірдің барлық тұрғынын мұнай-газ саласына орналастыру мүмкін емес" деген жауапты жиі қайталайды.
ПІКІРЛЕР