Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыс Қазақстанда ауыл маңына дрон құлады

Батыс Қазақстан облысындағы ауыл маңынан табылған дрон. "Просто журналистика" арнасында жарияланған видеода скриншот
Батыс Қазақстан облысындағы ауыл маңынан табылған дрон. "Просто журналистика" арнасында жарияланған видеода скриншот

18 ақпанда түнде Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылдық округы маңынан бірнеше шақырым жерден "белгісіз нысан" табылды. Жергілікті полиция Азаттыққа ақпаратты растап, тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

"Просто журналистика" арнасы жергілікті тұрғынға сүйене отырып, құлаған аппараттың суретін жариялады. Оның бұл аумаққа қалай түскені белгісіз.

Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов аталған арнаға ақпаратты растаған. Оның сөзінше, дрон қазақстандық әскерилерге тапсырылған және қазір облыс орталығы Оралда.

Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Азаттыққа полиция берген ақпараттан басқа ештеңе айта алмайтынын жеткізді.

Аталған ауыл ресейлік Капустин Яр полигонына жақын жатыр.

Журналист, әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы әлеуметтік желідегі парақшасында аталған дрон "ресейлік "Орлан 10" ға ұқсайды" деп жазды. Оның сөзінше, бірқатар ресейлік және жергілікті медиа аппарат француздық SAGEM компаниясы жасаған Crecerelle барлау дронына ұқсайды деп айтса да, ашық дереккөздерден құлаған аппаратқа ұқсайтын моделін таппаған.

Трамп Зеленскийді "диктатор" деп атады

АҚШ президенті Дональд Трамп 19 ақпанда Truth желісінде жазба жариялап, украиналық әріптесі Владимир Зеленскийді "диктатор" деп атады. Зеленскийдің АҚШ-ты 350 млрд доллар көлемінде әскери көмек бөлуге мәжбүрлегенін алға тартқан Трамп бұл қаражат "келмеске кетті" деді.

Ол сонымен бірге Ақ үй әкімшілігі Ресеймен соғысты тоқтату бойынша келіссөзді сәтті жүргізіп жатқанын айтып, мұны өзіне дейін елді басқарған Джо Байден жасай алмағанын алға тартты. Трамптың сөзінше, Еуропаның да соғысты тоқтатуға шамасы жетпеген, ал Зеленский соғысты "тиімді кәсіпорын" көреді және оның жалғасқанын қалайды. Трамп Зеленскийге "жылдам қимылдауға" кеңес беріп, әйтпесе Украинадан "түк те қалмайды" деді.

АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэн Daily Mail басылымына берген сұхбатында Трамп әншейін Зеленскийдің сынына реакция білдірді деді.

"Егер Зеленский президентті [Трампты] оны ашық түрде сынау арқылы өз ойын өзгертуге мәжбүрлей аламын деп ойласа, президентті білетіндердің бәрі бұл әкімшілікпен қарым-қатынасты доғаруға апаратын құрдымға кететін тәсіл екенін растай алады" деді ол.

Трамптың қатаң мәлімдемесін Еуропа саясаткерлері сынады. Германия канцлері Олаф Шольц бұл "дұрыс емес әрі қауіпті" мәлімдеме деді. Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербок мұны "сандырақ" деп атап, "әлемге қараңыз, Еуропада диктатура жағдайында өмір сүріп жатқандар болса, бұл Ресей мен Беларус халқы" деді.

Украина президенті Владимир Зеленский әзірге Трамптың сөзіне реакция білдірген жоқ. Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига Х желісінде "Украина Еуропаның қазіргі заман тарихында ең бір сұмдық басқыншылық пен үш жыл соғысты бастан өткерді. Украина халқы мен президент Владимир Зеленский Путиннің қысымына берілуден бас тартты. Ешкім де Украинаны берілуге мәжбүрлей алмайды. Біз өмір сүру құқығы үшін күресеміз" деп жазды.

  • Владимир Зеленский бұған дейін Трамптың осыған ұқсас мәлімдемелеріне жауап берген. Оның сөзінше, АҚШ Украинаға шамамен 100 млрд доллар көлемінде көмек берген. "Соғыс бізге 320 млрд доллар шығын келтірді. 120 млрд доллар - бұл біз, Украина халқы, салық төлеушілері[нің қалтасынан шықты]. 200 млрд - бұл АҚШ пен еуропалық одақтастары [берген қаражат]. Бұл қару-жарақ пакеті. АҚШ бізге қару-жарақ түрінде шамамен 67 млрд доллар және тіке қаржылай көмек ретінде 31,5 млрд доллар берді" деді Зеленский.

Депутат Жанарбек Әшімжан TikTok-тағы контентке шектеу қоюды ұсынды

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.

19 ақпанда мәжілісте депутат Жанарбек Әшімжан елде TikTok әлеуметтік желісін қолданушылардың жасына және ондағы контентке байланысты шектеу қоюды ұсынып, премьер-министрге сауал жолдағанын мәлімдеді.

"Аманат" партиясының мүшесі TikTok-тағы "әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүр мен салтқа қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын" контентке шектеу қоюды ұсынды.

Депутат елде кәмелет жасына толмаған балаларға TikTok желісін пайдалануға шектеу қоюды немесе мүлде тыйым салу жағын қарастыру керек деді.

Жанарбек Әшімжан бірқатар елде TikTok-қа ішінара я толық шектеу қойылғанын, желіге қатаң бақылау бар екенін айтты.

Ресей, Қытай, Иран сияқты елдермен қоса Орталық Азияның Қазақстаннан басқа барлық елінде TikTok-қа тыйым салынған.

Депутаттың сөзінше, балалар мен жасөспірімдер арасында танымал TikTok-қа кейінгі екі жылда 14,1 млн қазақстандық тіркелген.

Жанарбек Әшімжанның айтуынша, TikTok-та пайдалы контентке қарағанда, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпарат көп.

"Құмар ойындарды жарнамалау, стримдерде әдепсіз әрекеттер көрсету, боғауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы TikTok арқылы таралып жатыр", – деді ол.

TikTok – қысқа видеолар жарияланатын сервис, ол қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі. Бас кеңселері Лос-Анджелес пен Сингапурда орналасқан. TikTok Қазақстанда министрліктермен және блогерлермен байқау, жоба өткізеді.

Ресми ақпаратқа сәйкес, TikTok елдегі Astana Hub-пен бірге стартаптарға академия ашып, олардың өкілдеріне платформада табысқа қалай жетуге болатынын үйреткен.

Бұған дейін АҚШ Конгресі Қытай билігі TikTok арқылы америкалықтардың жеке дерегін ала алады және Америка қоғамына қатты ықпал жүргізе алады деген алаңдауға байланысты әлеуметтік желі қытайлық компаниядан бөлініп шықпаса, елде TikTok-қа тыйым салуға мүмкіндік беретін арнайы заң қабылдаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп инаугурациясынан кейін TikTok-қа тыйым салатын заңның орындалуын 90 күнге шегеретінін айтқан. Осы уақыт ішінде компания иесіне америкалықтардың бұл әлеуметтік желіні пайдалануына кедергі болып отырған заң мәселелерінің шешімін табуға мұрсат берілген.

Еуроодақ Ресейге қарсы 16-санкция пакетін мақұлдады

Еуроодақ елдерінің елшілері Украинаға басқыншылық жасаған Ресейге қарсы 16-санкция пакетін мақұлдады. Бұл туралы Азат Еуропа/Азаттық Радиосының тілшісі Рикард Йозвяк хабарлады.

Еуропа одағы елдерінің сыртқы істер министрлері бұл шешімді 20 ақпанда ресми түрде мақұлдап, санкция 24 ақпанда – Ресей әскерінің Украина жеріне басып кіргеніне үш жыл толғанына орай күшіне енеді деп отыр.

Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, жаңа шектеу шаралары Еуроодақ елдеріне ресейлік алюминий өнімдерін сатып алуға кезең-кезеңімен тыйым салады. Бұдан бөлек, Ресейден мұнай экспортына шектеу күшейеді деп отыр.

Бұған қоса, Ресейдің "көлеңкелі флоты" деп аталатын 73 танкер санкцияға ілігеді деп отыр, ақпаратқа қарағанда, олар мұнай саудасында шектеулерді айналып өтуге қолданылады. "Қара тізімге" 13 банк қосылмақшы. Бұған дейін Ресейдің 15 банкі, соның ішінде "Уралсиб" және "Точка" деген банктеріне санкция салынуы мүмкін деген хабар шыққан.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, 48 жеке және 35 заңды тұлғаға санкция салынады.

Еуроодақтың Ресейге қарсы 16-санкция пакеті жобасында Қазақстандағы Kazstanex және "Металлстан" деген компаниялар аталған. Еурокомиссия құжатының жобасы Азаттықтың қолына түскен.

Қазақстанның сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Еуропа одағы Қазақстандағы компанияларды санкция тізіміне қосу-қоспауды егжей-тегжейлі зерттеген соң шешім қабылдайды деп мәлімдеген.

"Қазақстандағы компаниялар санкция пакетіне ілігетін болса, не істейсіздер?" деген Азаттық сұрағына сауда және интеграция вице-министрі "бізде әртүрлі хаттама бар, [алда] олардың қандай мәселе бойынша анықталғанын көреміз" деп жауап қатқан.

18 ақпанда Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресейдің шенеуніктері Украинадағы соғысты аяқтау жөніндегі алғашқы келіссөзін өткізді. Вашингтон мен Мәскеу дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіруге және үш жылға ұласқан соғысты аяқтау жөнінде келіссөз бастауға уағдаласты.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио еуропалық әріптестеріне АҚШ бейбіт келісім жасалғанға дейін Ресейге салынған санкцияларды алмайды деп сендірген деп жазды Bloomberg агенттігі. Ақпаратқа қарағанда, Рубио АҚШ Мәскеумен келісімге келу үшін санкцияны алып тастауға баруы мүмкін деген алаңға байланысты Еуроодақ елдерінің бірқатар сыртқы саяси ведомстволары басшысына қоңырау шалған.

Өзбекстанда түрмеде отырған қарақалпақ блогері қайтыс болды

Нөкістегі наразылық акциясы. 2022 жылғы шілде.
Нөкістегі наразылық акциясы. 2022 жылғы шілде.

Өзбекстанда түрмеде отырған қарақалпақ блогері Мұстафа Тұрсынбаев қайтыс болды. Бұл туралы 18 ақпанда Адам құқығы жөніндегі Түркімен Хельсинки қоры хабарлады.

Via Serica (АҚШ) ұйымының мәліметінше, блогер Ташкент облысындағы колонияда жазасын өтеп жатқан.

Түркімен Хельсинки қорының жазуынша, Тұрсынбаев қайтыс болғанға дейін құрылыста жүргенде жараланып, комаға түскен.

Өзбекстанның бас прокуратурасы 18 ақпанда қарақалпақ блогерінің қазасын растады.

Ресми хабарламаға сәйкес, 11 ақпанда Ташкент облысындағы №7 колонияда жазасын өтеп жатқан Мұстафа Тұрсынбаев бір қабатты ғимаратты бұзып жұмыс істеп жүргенде қабырғаның бір бөлігі үстіне құлаған. Жарақат алған Тұрсынбаев 16 ақпанда ауруханада қайтыс болған. Осы оқиғаға байланысты "Еңбекті қорғау ережесін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Түркімен Хельсинки қорының хабарлауынша, кейінгі екі жылда саяси себеппен сотталған қарақалпақ тұтқындары арасында осымен үш адам қайтыс болған. Қордың мәліметінше, 41 жастағы Тұрсынбаев Қарақалпақстанда YouTube-те 153 мың жазылушысы бар "Нөкіс Online" арнасының авторы ретінде танылған.

Мұстафа Тұрсынбаев 2023 жылғы қарашада блогер Саламат Сейтмұратовпен бірге ұсталған. Былтыр наурызда Нөкіс аудандық соты екі блогерді "Бопсалау" айыбы бойынша 5 жылға соттаған. Шілдеде апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырған.

Түркімен Хельсинки қорының жазуынша, Тұрсынбаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған.

Қордың ақпаратына сәйкес, Қарақалпақстанда Тұрсынбаев "тәуелсіз журналистік қызметі үшін ойдан шығарылған айып бойынша сотталды" және оны қудалауға "қарақалпақ тілінде әлеуметтік тақырыптар бойынша жариялаған жазбалары себеп болды" деген пікір кең таралған. 2022 жылы шілдеде ол Нөкістегі оқиғаны тергеуге байланысты қамауға алынып, азапталған деп жазды қор.

2022 жылғы 1 шілдеде Өзбекстан Конституциясының жаңа жобасы талқыланып жатқанда Шымбай және Мойнақ қалаларында наразылық акциясы басталды. Көп ұзамай наразылық Қарақалпақстан астанасы Нөкіске жетті. Конституция жобасында Қарақалпақстан референдум өткізіп, Өзбекстан құрамынан шыға алады деген бапты алып тастау ұсынылған.

1 шілдеде ішкі істер органдары жергілікті оппозиция басшысы Дәулетмұрат Тәжімұратовты ұстап әкеткен. Ол бейбіт наразылық өткізуге рұқсат алғанын айтқан. Көшедегі халық саны көбейіп, наразылар Тәжімұратовты босатуды талап етті.

Бейбіт жиын наразылар мен Өзбекстан Ұлттық гвардиясының қақтығысына ұласып, халыққа оқ атылды. Өзбекстан бас прокуратурасының дерегінше, 21 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылар құрбан болғандар саны әлдеқайда көп дейді.

2023 жылғы 30 сәуірде Өзбекстанда Конституцияны өзгерту жөнінде референдум өтті. Конституцияға енгізілген өзгертулерден кейін президент Мирзияев осы қызметке тағы екі мерзімге сайлану құқына ие болды. Қарақалпақстан мәртебесі туралы толықтырулар референдумге шығарылған жоқ.

Қаржы мониторинг агенттігі: Перизат Қайраттың анасының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Перизат Қайрат.
Перизат Қайрат.

"Ақша жымқырды" деген күдікке ілініп, қазір қамауда отырған кәсіпкер, блогер, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайраттың анасының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қаржы мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов 19 ақпанда үкіметтегі брифингіде журналистер сұрағына жауап бергенде айтты.

"Перизат Қайраттың анасы [Ғайни] Алашбаеваның үстінен қозғалған қылмыстық іс бар. Ол "алаяқтық" пен "қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға қатысы бар" деген күдікке ілінді", – деді Елемесов.

Елемесовтің сөзінше, Алашбаеваға әзірге бұлтартпау шарасы қолданылмаған.

Оның айтуынша, Перизат Қайрат ісіне жаңа эпизод қосылған.

"Қаңтардың аяғында [іске] қосымша жаңа эпизод тіркедік, [Перизат Қайрат] мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығын ашуға аукцион ұйымдастырып, ақша жинаған, солай жиналған 22 млн теңгеге жуық қаржыны [Перизат Қайрат] өзіне жұмсаған", – деді қаржы мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары.

Елемесовтің айтуынша, жүзден астам том болатын қылмыстық істі тергеу аяқталып қалған, наурыздың басында іс материалдарымен танысу басталады.

Қайырымды ма, алаяқ па? Перизат Қайраттың ісі. – AzatNEWS | 15.11.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:28:43 0:00

Перизат Қайрат былтыр көктемде су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға және Таяу Шығыстағы палестиналықтарға гуманитарлық көмек көрсетуге деп жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілініп, 2024 жылы қарашада қамауға алынған. Оның отбасымен жақын араласқан достары бұған дейін әлеуметтік желіде Перизат Қайраттың кінәлі екеніне сенбейтінін жазған.

Былтыр желтоқсанда сот кәсіпкердің мүлкін бұғаттады. Қаржы мониторинг агенттігі былтыр Перизат Қайраттың үйін тінту кезінде "қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған" қымбат техника, танымал брендтер шығарған киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелер табылып, тәркіленді деп хабарлаған.

Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қоры былтыр сәуірде су тасқыны кезінде 55 мың қазақстандықтан 80 миллион теңге жинағанын хабарлаған. Перизат Қайрат тасқын кезінде "қор қаржысының жұмсалу барысы – мемлекеттің қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің тікелей бақылауында" деп жазған.

ҚМА: Қайрат Боранбаевқа қатысты барлық іс тоқтатылды

Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев
Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әулетінің бұрынғы құдасы кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты бұған дейін қозғалған қылмыстық істер тоқтатылды. Бұл туралы 19 ақпанда Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов press.kz басылымына айтқан.

Елемесов кәсіпкерге қатысты барлық тергеу жұмыстары аяқталды деген.

Осыдан бір жыл бұрын ҚМА Қайрат Боранбаевқа бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген айып тағылғанын хабарлаған. Елемесов "зиянды толық өтеуіне байланысты салық төлемегені туралы қылмыстық іс тоқтатылды" деді.

Қалған эпизодтар бойынша іс процестік келісім аясында сотқа жіберіліп, кәсіпкер "зиянды өз еркімен өтеді" деді ҚМА өкілі.

2023 жылдың наурыз айында сот бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әулетімен байланысы болған Қайрат Боранбаевты сегіз жылға бостандығынан айырған. Сол жылдың қыркүйек айында Астанадағы апелляциялық сот Боранбаевтың жазасын алты жыл етіп қысқартты. Қазан айында кәсіпкердің түрме жазасы бостандығын шектеу жазасына ауыстырылғаны белгілі болды.

Оның алдында бірнеше апта бойы мемлекеттік органдар Боранбаев ірі мүліктерін мемлекет қазынасына өткізіп берді деген хабарлар іркес-тіркес жарияланып жатты. Ол мүліктердің арасында Астанадағы қонақ үй кешені, фитнес орталықтары желісі, мұнай өндіру компаниясы, Қазақстанның батысындағы мұнай кен орны болды. Бұған қоса Боранбаев "мемлекеттік білім инфрақұрылымын қолдау қорына 30 миллиард теңге аударған" деген ақпарат тараған-ды.

2023 жылдың қараша айының басында Қайрат Боранбаев қамаудан бостандыққа шықты. Былтыр Боранбаев Қазақстан ұлттық паралимпиада комитетінің президенті қызметіне қайта сайланды.

Қайрат Боранбаев Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіндегі адам саналатын. Оның қызы Әлима Боранбаеваны бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаев алған еді. Кейін екеуі ажырасып кетті деген ақпарат тараған.

Одессада ресейлік дрон шабуылынан соң жүздеген үй жарық пен жылусыз қалды

Әуедегі дронды жойған сәт. Көрнекі сурет.
Әуедегі дронды жойған сәт. Көрнекі сурет.

Украинаның Одесса қаласында Ресейдің әскери дрондарының шабуылы салдарынан 500-ден астам үй мен басқа да ондаған азаматтық нысан жарықсыз және жылусыз қалған. Бір адам жапа шекті, деп хабарлады қала мэрі Геннадий Труханов.

Оның айтуынша, ресейлік күштердің шабуылынан зардап шеккен қаладағы ірі аудан қазір жарықсыз, жылусыз отыр, 14 мектеп пен 13 балабақшада жарық жоқ, олар жағдай жақсарғанша жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.

Бұған қоса ауруханалар мен басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандары да жарық өшкенін хабарлаған. Бір балалар емханасы мен бір балабақшаға едәуір зақым келді, деп жазды Труханов.

Ресейлік дрондар шабуылынан зардап шеккен ауданда шамамен 250 мың адам тұрады деп жазды "Медуза" басылымы.

Одесса облысының билігі сейсенбінің кешінен бері Ресей аннексиялаған Қырымнан зымыран мен дрон шабуылы қаупі төнгенін бірнеше рет хабарлаған.

Ақтаудағы ұшақ апатын тергеу бойынша қорытынды есеп жыл аяғына қарай дайын болады

Ақтау қаласы маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы. 25 желтоқсан, 2024 жыл.
Ақтау қаласы маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы. 25 желтоқсан, 2024 жыл.

Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы апатын тергеу бойынша қорытынды есеп 2025 жылғы желтоқсанға дейін дайын болуға тиіс. 19 ақпанда үкіметтегі брифингіде көлік вице-министрі Талғат Ластаев осылай деп мәлімдеді.

"Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) талаптарына, стандарттарына және ұсынылған тәжірибеге сай, тергеуге бір жыл уақыт беріледі. Соған сәйкес, тергеу бойынша қорытынды есеп биыл желтоқсанға дейін дайын болуы керек", – деді Ластаев.

Вице-министр қылмыстық істі тергеу прокуратура органдарының құзыретінде деді.

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңына құлады. Апат салдарынан қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресей азаматтары.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев ұшақ апатына "Ресейдің өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алған жоқ.

Биыл 4 ақпанда Қазақстан Ақтаудағы ұшақ апатын тексерудің алдын ала қорытындысын жариялады. Көлік министрлігі мен ұшақ апатын зерттеу жөніндегі комиссия "ұшақ қаптамасындағы шұрық тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазған.

Reuters: Франция Еуропа лидерлерін Украина мәселесі бойынша екінші кездесуге шақырмақ

Франция президенті Эммануэль Макрон (сол жақта) Украина мен Еуропаның қауіпсіздігі мәселесі жөніндегі жиынға келген НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен қол алысып тұр. Париж, 17 ақпан, 2025 жыл.
Франция президенті Эммануэль Макрон (сол жақта) Украина мен Еуропаның қауіпсіздігі мәселесі жөніндегі жиынға келген НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен қол алысып тұр. Париж, 17 ақпан, 2025 жыл.

Франция 19 ақпанда Украина мен Еуропаның қауіпсіздігі мәселесі бойынша осы аптадағы екінші кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Бірақ бұл жолы 17 ақпандағы талқылауға қатыспаған Еуропа елдерін де шақырады. Оған қоса НАТО-ға мүше Канаданы да шақырмақ.

Reuters агенттігі дереккөздерге сүйеніп, кездесуге шақырылғандар арасында Норвегия, Литва, Эстония, Латвия, Чехия, Греция, Финляндия, Румыния, Швеция және Бельгия бар деп хабарлады. Келіссөз офлайн және онлайн форматта өтеді деп отыр, тараптар бейнебайланыс арқылы қатысуы мүмкін.

17 ақпанда Франция президенті Эммануэль Макрон Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясынан кейін Ұлыбритания, Германия, Италия, сондай-ақ НАТО мен Еуропа одағы басшылығы өкілдерінің қатысуымен шұғыл ұйымдастырылған кездесу өткізді.

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің кейінгі мәлімдемелері мен әрекеті Еуроодақтың бірқатар елінде АҚШ-тың жаңа әкімшілігі Еуропаның мүдделерімен санаса ма және ол Ресеймен ЕО мен Украинаға қолайсыз болатын келісімге келмей ме деген алаң туғызған.

Парижде 17 ақпанда өткен кездесу бірнеше сағатқа созылды. Данияның премьер-министрі журналистерге бұл кездесу бейресми пікір алмасу болғанын айтты, сөзінше, жетекшілер нақты бір келісім бекітеді деген жоспар болмаған.

Кездесуде Еуроодақ елдеріндегі қорғаныс саласына кететін шығынды көбейту және оған байланысты бюджет ережелерін өзгерту талқыланған.

Кейбір ел 17 ақпандағы Париждегі кездесу Еуропаның бірнеше лидерінің қатысуымен ғана өткізілгеніне және толықтай еуропалық саммит болмағанына наразы болды деді Еуропа Одағы өкілдері.

Елисей сарайы пікір білдіруге бірден жауап берген жоқ деді Reuters.

АҚШ пен Ресей келіссөз өткізді. Еуропа алаңдаулы. Зеленский Түркияда
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:43 0:00

Трамп пен Маск бірге Fox News телеарнасына сұхбат берді

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен кәсіпкер, үкіметтің тиімділік департаментінің басшысы Илон Маск.
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен кәсіпкер, үкіметтің тиімділік департаментінің басшысы Илон Маск.

Сейсенбі, 18 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның үкіметіндегі тиімділік департаментінің (Department of Government Efficiency, DOGE) басшысы, кәсіпкер Илон Маск бірге Fox News телеарнасына сұхбат берді.

Телеарна эфирінде прайм-таймда көрсетілген сұхбат шамамен бір сағатқа созылды. Оның басым бөлігінде DOGE қызметі жайлы сөз болды. Масктің айтуынша, департаменттің мақсаты – "бюрократияны әлсіретіп, демократияны қалпына келтіру" болмақ.

Fox News телеарнасының жүргізушісі Шон Ханнити сұхбатты Илон Маскті елге және әлемге танымал ең табысты кәсіпкерлердің бірі ретінде атап, президент Трамптың ең жақын кеңесшісі, мемлекеттік аппаратты қысқарту және оңтайландыру жөнінде ұсыныстар дайындайтын департамент басшысы деп таныстырды.

Илон Маск президентке "технологиялық қолдау көрсететін" көмекшінің рөлін атқаратынын айтты. Ол өзі басқарған департамент "президент жарлықтарының орындалуын қамтамасыз ететін болады" деп мәлімдеді. Президент Трамп өзіне Илон Масктей "ең ақылды" көмекші тапқанын, оның тобы жүктелген міндетті – мемлекеттік аппараттың жөнсіз шығындарын анықтап, қысқартуды іске асыруға қабілетті екенін айтты.

Дональд Трамп DOGE жүздеген миллиард доллар болатын мемлекеттік қаржының заңсыз жұмсалғанын анықтайды деп сенеді. Президент DOGE жұмысының нәтижесінде бір триллион доллар үнемдеуге болады деп есептейді.

Сұхбат барысында Трамп пен Маск АҚШ президентін үкіметтің тиімділік департаментіне жетекші федералды басқармалардың қызмет құжаттарымен танысуға ауқымды құқық беріп, өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыптауларға жауап қатты. "Біз Дональд Трампты президент етіп сайлаған халықтың қалауын орындап, бюрократияны қысқартуға тырысамыз", – деп мәлімдеді Илон Маск.

Трамп Украина келіссөзден шеттетілді деп қауіптенуге негіз жоқ деді

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні Сауд Арабиясында өткен АҚШ пен Ресей делегациялары арасындағы келіссөзден Украина шеттетілді деп қауіптенуге негіз жоқ деп мәлімдеген. Трамп мұны 18 ақпанда Мар-а-Лагодағы (Флорида) жеке резиденциясында журналистерге айтқан деп хабарлады Reuters.

Трамп егер Еуропа Одағы елдері Украинаға еуропалық бітімгерлік күштерін жіберуді ұйғарса өзі қарсы болмайтынын айтты. Бұған дейін Еуропа елдері жетекшілері Украинаның қауіпсіздік кепілдігін қамтамасыз ету мәселесін талқылаған. Одаққа мүше кейбір елдер соғысты тоқтату жайлы бейбітшілік келісімі жасалған жағдайда, бітімгерлік әскер туралы бап қосу жөнінде ұсыныс айтқан.

Эр-Риядтағы АҚШ пен Ресей ресми өкілдері арасындағы келіссөзден кейін алғаш рет пікір білдірген Трамп Украина келісімді бірнеше жыл бұрын жасасуы мүмкін еді деп мәлімдеп, Киевтің келіссөзден шеттетілдім деп қауіптенуіне еш негіз жоғын айтқан. Украндар келіссөзді әлдеқайда ертерек бастауға тиіс еді, деген Трамп.

АҚШ президенті бұрынғы президент Джо Байденді Украинаға қатысты көзқарасы үшін сынға алды. Reuters агенттігі Байден Украинаны Ресей басқыншылығына қарсы тұруға көмектесетін қару-жарақпен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс атқарды деп түсіндіреді Reuters.

АҚШ пен Ресей келіссөз өткізді. Еуропа алаңдаулы. Зеленский Түркияда
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:43 0:00

Самара облысындағы "Роснефть" құрамындағы мұнай өңдеу зауытына дрон шабуылдады

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Самара облысындағы Сызрань мұнай өңдеу зауытына Украина дрондары шабуыл жасады. Бұл туралы губернатор Вячеслав Федорищев телеграм-арнасында хабарлады. Оның сөзінше, зардап шеккендер жоқ.

Куәгерлер дрон шабуылынан кейін кәсіпорында өрт басталды деп хабарлады, жергілікті пабликтер де фото жариялап жатыр.

Сызрань мұнай өңдеу зауыты 1942 жылдан бері жұмыс істейді, қазір бұл кәсіпорын "Роснефть" құрамына кіреді.

Бұған дейін ASTRA арнасының журналистері 2025 жылдың басынан бері кем дегенде ресейлік 17 мұнай нысанына дрон шабуылдаған деп есептеді. Каспий құбыр консорциумының мұнай айдайтын "Кропоткинская" станциясы бүлініп, жұмысын тоқтата тұрды. Осыған байланысты Қазақстаннан мұнай айдау көлемі азаюы мүмкін.

Украина билігі Ресей аумағындағы мұнай базаларына жасалған шабуылдар туралы түсініктеме бергенде оларды Ресейдің оккупациялық армиясын қамтамасыз етуге қатысады деп мәлімдейді.

Еуроодақ Украинаға 6 миллиард еуроның әскери көмегін дайындап жатыр

Еуропа Одағының туы
Еуропа Одағының туы

Еуропа Одағы елдері Украинаға кемі 6 миллиард еуро болатын әскери көмек пакетін дайындап жатыр. Politico басылымы жаңа көмек пакеті АҚШ-тың араағайындығымен Ресеймен келіссөздер басталар алдында Киевтің стратегиялық позициясын нығайтуы керек деп жазды.

Украинаға бір жарым миллион артиллерия снарядынан бастап әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне дейін беру көзделіп отыр. Бұл – 2022 жылғы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі бері Еуроодақ беретін ең ірі әскери көмек пакеттерінің бірі болмақ. Басылымның жазуынша, көмек пакеті 24 ақпанға дейін, Еурокомиссияның жоғары лауазымды өкілдері Киевке барғанға дейін ұсынылуы мүмкін.

Politico дипломатиялық ортадағы екі дереккөздің сөзіне сүйеніп, 6 миллиард еуро бастапқы шама, ол уақыт өте келе "10 миллиард еуроға дейін немесе одан да көп" өсуі мүмкін, өйткені елдер өз қорларына жан-жақты тексеру жүргізіп, Украинаға қандай өнім жібере алатынын анықтайды деп жазды басылым.

Әскери көмек пакеті Еуроодақтың Украинаны қолдауға деген шешімінің айқын көрінісі болар еді, себебі 17 ақпанда Парижде Еуропа лидерлерінің шұғыл кездесуінде нақты шешімдер қабылданбады. Еуропа Одағы АҚШ пен Ресей арасындағы соғысты тоқтату туралы келіссөзге қатыспады, бұл Еуроодақ елдерінде де, Киевте де алаң тудырды деп хабарлады Politico.

Әскери қолдау артса, бұл Украинаға қарулы күштерін толықтыруға, Ресейдің майдан шебіндегі шабуылдарының алдын алуға және Киев бейбіт келіссөздерге дайындалып жатқан шақта өз қалаларын әуе шабуылынан қорғай алуға көмектеседі. Бұл Еуроодақ делегациясын алда келіссөздерге қосу туралы аргументін күшейте алады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров 18 ақпанда Эр-Риядта АҚШ пен Ресей арасында екіжақты келіссөз жүргізген.

Еуроодақтың барлық елі Украинаға көмек пакетін жеткізу туралы келісімді мақұлдай ма, әлде оны қабылдағысы келетін елдердің коалициясы ғана қолдай ма, әзірге белгісіз. Дипломаттардың бірі Венгрияның қарсылығын ескере отырып, бірауыздан мақұлдау екіталай екенін айтты.

АҚШ пен Ресей келіссөз өткізді. Еуропа алаңдаулы. Зеленский Түркияда
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:43 0:00

Нобель сыйлығы иегерлері Трамптан Беларусьтегі саяси тұтқындарды босатып алуға жәрдем сұрады

Беларусь түрмесіндегі саяси тұтқындарды қолдау акциясы. Светлана Тихановская (оң жақта) жұбайы Сергей Тихановскийдің портретін ұстап тұр.
Беларусь түрмесіндегі саяси тұтқындарды қолдау акциясы. Светлана Тихановская (оң жақта) жұбайы Сергей Тихановскийдің портретін ұстап тұр.

Нобель сыйлығы иегерлерінің бір тобы АҚШ президенті Дональд Трампқа және басқа да әлемдік лидерлерге Беларусьтегі барлық саяси тұтқынды түрмеден дереу босатуға жәрдем сұрап, үндеу жасады.

Үндеуде қазіргі уақытта Беларусь түрмесінде 1400-ден астам саяси тұтқын отырғаны, арасында президенттікке кандидаттар, мұғалімдер, дәрігерлер, жұмысшылар, сонымен бірге бейбітшілік саласында Нобель сыйлығын алған Алесь Беляцкий бар екені айтылған. Тұтқындардың кейбірі ауыр науқас және қарт адамдар, олар адам төзгісіз жағдайда қамауда отыр деген үндеу авторлары. Бірнеше саяси тұтқын түрмеде қаза болған.

Тұтқындарды босатуды және қуғын-сүргінді тоқтатуды талап еткен үндеу Беларусь билігіне жолданған. Трамп пен Еуропа Одағы лидерлеріне Беларусь түрмесіндегі тұтқындарды босатып алу үшін жедел әрі тиімді шаралар қабылдауды сұраған, ал қоғам қайраткерлері мен барлық "ар-ождан иелеріне" осы науқанды қолдауды өтінген үндеу жіберілген.

Үндеуге бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегерлері Александра Матвийчук пен Дмитрий Муратов, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегерлері Светлана Алексиевич пен Герта Мюллер, физика, химия, медицина және экономика салалары бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары – барлығы 30 адам қол қойған.

Бұл – Батыс елдерінің және халықаралық қауымдастықтың жетекшілеріне жасалған алғашқы үндеу емес. Алайда, биыл бұл үндеу Трамп әкімшілігі Беларусь билігімен саяси тұтқындарды босату мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр деген хабар тарап жатқан шақта жарияланды. The New York Times басылымы Вашингтонмен келіссөздер нәтижесінде, Минск өзіне салынған санкциялар режимін жеңілдету шартымен түрмедегі барлық саяси тұтқынды босатуға келісуі мүмкін деп жазған. Бұған дейін Беларуське көптен бері алғаш рет АҚШ мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды өкілі барған деген хабар болған. Жақында Беларусь билігі үш саяси тұтқынды (арасында Азаттықтың Беларусь қызметінің журналисті Андрей Кузнечик те бар) түрмеден босатқан.

Беларусь түрмесінде отырған саяси тұтқындар арасында Азаттықтың Беларусь қызметінің бұрынғы журналисі Игорь Карней де бар. Ол түрмеге түскеннен бері 15 келі арықтаған деп жазды сейсенбі күні "Настоящее Время" басылымы. Азаттықтың Беларусь қызметінің тағы бір журналисі Игорь Лосик те түрмеде отыр.

"Терроризм" бабымен айыпталған Кентау тұрғыны 7 жылға сотталды

Кентау қаласы, Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.
Кентау қаласы, Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

18 ақпанда Түркістан облысы Кентау қалалық соты "терроризмді насихаттады" деп айыпталған 28 жастағы Валихан Рузахуновты 7 жылға бостандығынан айырды. Сот үкіміне сәйкес, ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.

Судья Рузахуновты Қылмыстық кодекстің "Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру" бабы (256-бап) бойынша кінәлі деп тапты.

Бұрын сотты болмаған Рузахановтың білімі орта, кәмелет жасқа толмаған екі баласы бар. Кентауда электромонтажер болып жұмыс істеген. Ол "Братья-мусульмане" атты видеоны өзінің рухани ұстазына жіберді" деген күдікпен 2024 жылғы маусымда қамауға алынған. Сот үкім күшіне енгенге дейінгі оның қамаудағы бір күнін жаза мерзімінің бір жарым күні деп есептеді.

Валиханов сотта тағылған айыпты мойындамаған. Оның үкімге апелляциялық шағым түсіретіні не түсірмейтіні белгісіз.

Сот үкімі шықпас бұрын сот тергеуіне қатысқан құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов Рузаханов рухани ұстазына жіберді деген видео интернет желісінде еркін таралымда екенін алға тартқан. Оның Facebook-парақшасына жазуынша, "Имарат Кавказ" ұйымына тиесілі бұл видеоны таратуға Қазақстанда тыйым салынбаған. Десе де ресми сараптама бұл видеоны "Братья-мусульмане" террористік ұйымымен, Рузаханов пен оның ата-анасын Солтүстік Кавказдағы исламшылдар идеологы атанған атышулы Саид Бурятскиймен байланыстырған.

"Рузахановтың "Братья-мусульмане" ұйымы мен Саид Бурятскийге қатысы жоқ" деді құқық қорғаушы жазбасында.

"Транснефть": Қазақстан мұнайын КҚК құбыры арқылы айдау 30 пайыз азаюы мүмкін

Ресейдің Новороссийск қаласындағы теңіз терминалы. Қазақстаннан Каспий құбырымен жеткізілген мұнай Қара теңіздегі осы портта танкерге тиеліп, Еуропаға жөнелтіледі.
Ресейдің Новороссийск қаласындағы теңіз терминалы. Қазақстаннан Каспий құбырымен жеткізілген мұнай Қара теңіздегі осы портта танкерге тиеліп, Еуропаға жөнелтіледі.

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) акционерлерінің бірі ресейлік "Транснефть" мемлекеттік компаниясы Кубаньдағы мұнай айдайтын "Кропоткинская" станциясына дрон шабуылынан кейін қатты зақым келді, оны жөндеуге 1,5-2 ай кетуі мүмкін деп хабарлады. Компанияның болжамынша, бұл уақытта Қазақстан мұнайын айдау 30 пайыз азаюы мүмкін.

"Каспий құбыр консорциумы мамандарының пікірінше, соққы салдары 1,5 айдан 2 айға дейін жойылады, осыған байланысты Қазақстаннан мұнай айдау көлемі шамамен 30 пайыз азаюы мүмкін", – деді "Транснефть".

Ресейлік компанияның хабарлауынша, шабуыл салдарынан нысанның шатыры қираған, құрылғылар, газ турбина қондырғысы бүлінген, кабельдерге, су сақталған резервуарға соққы тиген, трансформаторлар мен сүзгілер жойылған.

17 ақпанда Каспий құбыр консорциумындағы мұнай айдайтын "Кропоткинская" станциясына дрон шабуылдады. КҚК шабуылды "террористік" деп атады, консорциумның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, станцияға ішінде жарылғыш зат пен металл зақымдайтын элементтері бар жеті дрон шабуылдаған. КҚК-ның мәліметінше, дрондар араға уақыт салып ұшқан.

"Транснефть" дрон шабуылына Украинаны айыптады.

18 ақпанда Украина қарулы күштерінің бас штабы Украина күштері Ресейдегі әскери және отын-энергетика инфрақұрылымындағы стратегиялық нысандарға шабуыл жасағанын растады. Украина Краснодар өлкесіндегі мұнай өңдеу зауытына, мұнай айдайтын "Кропоткинская" және "Андреаполь" станцияларына соққы тиді хабарлады.

КҚК бұған дейін "Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесі арқылы мұнай станцияны айналып өтіп тасымалданады, мұнай төмен режимде айдалады" деп хабарлаған.

"Кропоткинская" – Каспий құбыр консорциумының Ресей аумағындағы ең ірі мұнай айдайтын станциясы, Кубаньдағы Кавказ ауданында орналасқан.

17 ақпанда Қазақстанның энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумынан Қазақстан мұнайына шектеулер жоқ, мұнайды әдеттегі режимде қабылдап жатыр деп мәлімдеген. Министрліктің дерегінше, 2024 жылы КҚК бойынша 55 млн тоннаға жуық Қазақстан мұнайы айдалған.

Қазақстан мұнайының көбін Еуропаға тасымалдайды. Тасымалдың басым бөлігі Ресей аумағынан өтетін Каспий құбыр консорциумы арқылы жүзеге асады. Ұзындығы 1,5 мың шақырым КҚК Қазақстанның Теңіз кен орны мен Ресейдегі Новороссийск түбіндегі Қара теңіз терминалын жалғайды. Онымен мұнай айдау тез әрі оңай.

Теңіз кенішіндегі құбырға айдалатын мұнай Құрманғазы, Исатай аудандарындағы станциялар арқылы Ресей аумағымен Новороссийск жанындағы Южная Озереевка кентіндегі теңіз терминалына жеткізіледі. Ары қарай танкерге тиеліп, теңіз порты арқылы Еуропаға жөнелтіледі.

Каспий құбыр консорциумының 24 пайызына – Ресей, 19 пайызына Қазақстан иелік етеді. Қалған ірілі-ұсақ акциялар Батыстың бірнеше ірі мұнай өндіруші компаниясының иелігінде.

Прокуратура: АЗТМ зауытының 94 ғимараты мен 37 гектар жері қайтарылды

Болат Назарбаев.
Болат Назарбаев.

18 ақпанда Алматы қаласының прокуратурасы Алматы ауыр машина жасау зауытына (АЗТМ) жылжымайтын мүлік қайтарылды деп хабарлады. Зауытқа 37 гектардан астам жер учаскесі мен жалпы ауданы 79 966 шаршы метр болатын адам тұрмайтын 94 ғимарат қайтарылған. Прокуратураның мәлімдеуінше, зауыт мүлкі бұрын заңсыз сатылған.

"Қала прокуратурасының қадағалау актісін орындау аясында мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті сотқа мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен жүгінді. Сот талапкердің талаптарын қанағаттандырды, апелляциялық саты шешімді күшінде қалдырды", – деп мәлімдеді Алматы прокуратурасы.

Ресми орган хабарламасында мүліктің кімнен қайтарылғаны туралы нақты айтылмаған. Дегенмен осыдан екі жылдай уақыт бұрын, 2023 жылы наурызда, Жоғарғы соттың азаматтық істер бойынша сот алқасы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі – Болат Назарбаев пен РLS-ТМ компаниясы арасындағы зауыттың 31,9 пайыз акциясын алып-сату туралы келісімшарттың күшін жою туралы шешім шығарған.

Бұл жөнінде шағымды қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті берген. Комитет соттан "Алматы ауыр машина жасау зауытының" құнды қағаздарын алып-сату бойынша жасалған келісімнің бір бөлігін жарамсыз деп тануды сұраған. Оған себеп – Болат Назарбаев "зауыттың қызметін сақтап қалу, өндіріс көлемін арттыру, қауіпсіздік стандартын орындау сияқты міндеттерін" орындамастан, зауыттың өзіне тиесілі акцияларын РLS-ТМ компаниясына сатып жіберген.

Болат Назарбаев 2023 жылы қарашада 70 жасында Алматының орталық ауруханасында "ұзаққа созылған аурудан" қайтыс болған.

Ағасы отыз жылға жуық Қазақстанды басқарған кезде өзге де туыстары секілді Болат Назарбаев та Қазақстандағы бай адамдардың қатарына қосылған. Оның мұндай байлыққа қалай жеткені туралы қоғамда түрлі пікір айтылады.

Кейбір басылымдар Болат Назарбав "өзгенің мүлкін өте арзанға сатып алып" рейдерлікпен айналысты деп те жазған. Ондай мазмұндағы ақпарат домен атауы kz кеңістігінен тыс аймақта тіркелген өзге де онлайн басылымдарда шықты. Сол кезде де, одан кейін де мұндай хабарды теріске шығарған немесе сотқа шағымданған ешкім болмады.

Алматы ауыр машина жасау зауыты (АЗТМ) - Қазақстан машина жасау өндірісіндегі ірі кәсіпорындардың бірі. Ол эвакуацияланған Луганск паровоз жасау зауыты цехтарының негізінде 1941 жылы құрылған. Совет одағы кезінде ірі өндіріс ошағына айналып, көлікке және құрал-жабдықтарға арналған түрлі бөлшектер шығарған. Ресми сайтындағы дерекке сәйкес, ол қазір түрлі жабдықтарды жобалап, әзірлеуден бастап техникалық қызмет көрсетуге дейінгі барлық процестерді жүзеге асырады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең көп адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев жоғарғы билікке ықпалынан айырылған соң Болат Назарбаев пен оның активтеріне байланысты дау шығып, кейбір іс сотқа да жеткен.

Торонто әуежайында ұшақ апатынан 18 адам зардап шекті

Торонто әуежайында апатқа ұшыраған жолаушы ұшағы. Канада, 17 ақпан, 2025 жыл.
Торонто әуежайында апатқа ұшыраған жолаушы ұшағы. Канада, 17 ақпан, 2025 жыл.

Delta Airlines әуекомпаниясының Bombardier CRJ900LR ұшағы Канададағы Торонто халықаралық әуежайына қонатын кезде аударылып, апатқа ұшырады. Салдарынан ұшақта болған 18 адам зардап шекті. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады.

Ұшақта 76 жолаушы мен төрт экипаж мүшесі болған. Лайнер Миннеаполистен (Миннесота штаты, АҚШ) ұшып шыққан.

Оқиға орнында түсірілген кадрлардан ұшақтың қарлы жолақта жатқаны, маңында өрт сөндіру көліктері тұрғаны көрінеді. Оқиғадан кейін ұшақтың қозғалтқыштары орналасқан фюзеляждың арт жағында түтін көрінді деп жазды BBC агенттігі.

Апатқа не себеп болғаны әзірге белгісіз. Канаданың көлік қауіпсіздігі басқармасы тергеу бастады. Бұқаралық ақпарат құралдарында ұшақ қонатын кезде қатты соққан желдің әсерінен аударылып кетуі мүмкін деген болжам пайда болды, бірақ Канада билігі мұны растамады.

"[Қорытынды жасауға] әлі ерте. Болжам жасамауымыз керек, бұл өте маңызды. Ұшып-қону алаңындағы жолақ құрғақ, ал қапталынан жел болған жоқ деп айта аламыз", – деді әуежайдың өрт сөндіру бөлімінің басшысы Тодд Эйткен.

Өткен демалыста Канаданың шығысында қарлы боран соғуына байланысты көптеген рейс кестедегі уақытынан кешіккен я уақытша тоқтап қалған.

Жергілікті уақыт бойынша 14.15-те болған апат кезінде Торонто әуежайы аймағында ауа температурасы шамамен -10 градус болған.

74 жәбірленуші, 10 айыпкер: Костенко шахтасындағы кеншілер қазасы бойынша іс сотқа жіберілді

Иван Костенко атындағы шахта. Қарағанды, 28 қазан 2023 жыл.
Иван Костенко атындағы шахта. Қарағанды, 28 қазан 2023 жыл.

Қарағанды облысының прокуратурасы 2023 жылғы қазанда Костенко шахтасында 46 адамның өмірін қиған апат бойынша іс сотқа жіберілді деп хабарлады. Қылмыстық іс 106 томнан тұрады, 74 адам жәбірленуші деп танылған.

Прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында "жазатайым оқиғаға тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережесі сақталмағаны" себеп болғаны анықталған, көмір өндіретін аумақта көмір шаңының мөлшері "шекті шамадан асып кеткен", бұл шахтадағы жарылыстарға әсер еткен.

Прокуратураның хабарлауынша, шахта басшылығы мен инженер-техниктер құрамынан 10 адам айыпкер деп танылған, бәрі қамауда отыр. Оларға "Тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы бойынша айып тағылды. Қылмыстық кодекстегі бұл бап бойынша 8 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

2023 жылғы қазанда Қарағанды облысындағы Иван Костенко атындағы шахтада өрт шығып, жарылыс болған. Кеншілердің көбі жер бетіне өз бетінше шығып үлгерген. Биліктің хабарлауынша, алты адамды құтқарушылар шығарған. Апат салдарынан 46 кенші қаза тауып, тағы 28 адам жараланған.

2023 жылғы желтоқсанда үкімет комиссиясы шахтадағы өртке не себеп болғанын тергеуді аяқтап, апатқа жұмыс беруші кінәлі деп мәлімдеді.

Костенкодағы апаттан кейін Қазақстан билігі Қарағанды облысындағы көмір шахталарының және Теміртаудағы ірі металлургия комбинатының иесі "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық келісім-шарт үзілетінін мәлімдеген. Тегі үнді британ миллиардері Лакшми Митталдың компаниясы 1990 жылдары Қазақстандағы жекешелендіру кезінде кен орнының барлық активін сатып алған.

2023 жылы желтоқсанда Қазақстан билігі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы активтері 286 миллион долларға сатылғанын, қазақстандық авторетейлер Андрей Лаврентьев деген азамат кәсіпорынның жаңа қожайыны атанғанын мәлімдеген. Сол кезде компания атауы Qarmet болып өзгертілген.

Еуропа жетекшілері Украинаға көмек мәселесін талқылады

Франция президенті Эммануэль Макрон (сол жақта) мен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер. Париж, 17 ақпан, 2025 жыл.
Франция президенті Эммануэль Макрон (сол жақта) мен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер. Париж, 17 ақпан, 2025 жыл.

Еуропа одағының бірқатар елі мен институты жетекшілері, сондай-ақ НАТО-ның бас хатшысы 17 ақпанда Парижде Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтататын, соның ішінде Украинаға қауіпсіздік кепілін беретін бейбіт келісімге Еуропа елдерінің қатысу мүмкіндігі жайын талқылады. Бұған дейін АҚШ Еуроодақ елдерінен әрқайсысы оған қандай үлес қоса алатыны туралы ақпарат сұраған.

Париждегі кездесу Франция президенті Эммануэль Макронның бастамасымен ұйымдастырылды. АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігінің кейінгі мәлімдемелері мен әрекеті Еуроодақтың бірқатар елінде АҚШ-тың жаңа әкімшілігі Еуропаның мүдделерімен санаса ма және ол Ресеймен ЕО мен Украинаға қолайсыз болатын келісімге келмей ме деген алаң туғызды.

Кездесуге Франция, Германия, Италия, Испания, Ұлыбритания, Польша, Дания және Нидерланд жетекшілері, сондай-ақ Еурокомиссия мен Еурокеңес басшылары және НАТО-ның бас хатшысы қатысты. Кездесуден бұрын Эммануэль Макрон АҚШ президенті Дональд Трамппен телефонмен сөйлескен, не жайында әңгімелескені жайлы көпшілікке айтылмады.

Париждегі кездесу бірнеше сағатқа созылды. Қандай да бір шешім қабылданғаны туралы хабар жоқ. Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен журналистерге бұл кездесу бейресми пікір алмасу болғанын айтты, сөзінше, жетекшілер бір нәрсе туралы келіседі деген жоспар болмаған.

Еуропа жетекшілерінің бәрі Украинаны Ресей агрессиясына тойтарыс беруде қолдауды жалғастыру керек деп мәлімдеді.

Германия канцлері Олаф Шольц журналистерге сұхбатында АҚШ пен Еуроодақ, НАТО-ның барлық елі сияқты Украина үшін қауіпсіздік пен кепіл мәселесінде бірге әрекет етуі керек деді. Сонымен бірге ол Украинадағы бітімгерлік миссиясы мен оған Германияның қатысуы туралы айту әлі ерте деп мәлімдеді.

Бұған дейін Париждегі кездесуде Украинадағы бітімгерлік миссиясы жайлы талқылануы мүмкін деп хабарланған. Шольцтың сөзіне қарағанда, Париждегі саммитте мұндай миссия туралы шешім қабылданбаған. Канцлердің айтуынша, бітімгерлік миссиясы туралы сөздер оның ашуына тиеді, өйткені Украинадағы соғыс әлі аяқталған жоқ және бітімгерлер жіберу туралы қазір әңгіме де жоқ.

Шольц кездесуге қатысқандардың бәрі келіскен бірнеше ой туралы айтты. Бұл – Украинаның Еуроодаққа қосылу жолын жалғастыруға, өзінің егемендігі мен демократиясын қорғауға және мықты армияға ие болуға мүмкіндік. Шольцтың сөзінше, бұл принциптер келіссөздер тақырыбы болмауы керек. Дегенмен Шольц Украина шекарасының мызғымастығы туралы ештеңе деген жоқ.

Кездесуден кейін АҚШ пен Еуроодақтың бірлігі қажет екенін Польшаның премьер-министрі Дональд Туск та айтты. Оның сөзінше, кездесудегі тақырыптар арасында ЕО елдеріндегі қорғаныс саласына шығынды арттыру және оған байланысты бюджет ережелерін өзгерту талқыланған. Ол Украинаның тағдыры туралы шешімге Украина қатысуы керек деген ұстанымды қолдайтынын растады.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер бейбіт келісім болса, Лондон өз әскерін Украинаға жібере алатынын растады. Алайда, оның сөзінше, АҚШ кепіл берсе ғана Ресей келешекте Украинаға қайта шабуыл жасамауы мүмкін. Дания премьер-министрі Ресей Еуропаның басқа елдеріне де қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты.

18 ақпанда Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей өкілдері кездеседі, екі тарап оны Украинадағы бейбітшілік туралы келіссөздерге алғашқы қадам деп атады. Бұл жиынға Украина да, Еуроодақ та шақырылған жоқ, Трамп әкімшілігі өкілдерінің мәлімдемелері сияқты бұл да Еуропа елдерінде алаң туғызды. 17 ақпанда АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог Украина қандай шарт бойынша бейбіт келісімге келуді өзі шешеді, мұны Киев үшін АҚШ істемейді деп мәлімдеді.

Reuters: АҚШ Тайваньға миллиардтаған долларға қару сатады

Тайваньдағы әуе базасынан әуеге көтеріліп бара жатқан Mirage 2000 жойғыш ұшағы. 10 желтоқсан, 2024 жыл.
Тайваньдағы әуе базасынан әуеге көтеріліп бара жатқан Mirage 2000 жойғыш ұшағы. 10 желтоқсан, 2024 жыл.

Тайвань мен АҚШ қару-жарақ жеткізу туралы келісімді қарастыруы мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі эксклюзив материалында хабарлады.

Журналистердің дерегінше, Тайвань АҚШ-тан жеті миллиард доллардан 10 миллиард долларға дейінгі мөлшердегі ақшаға түрлі қару-жарақ сатып алуға дайындалып жатыр. Дереккөздер Вашингтонда осыған байланысты келіссөздер өтіп жатыр деп айтқан.

Тауар жеткізу АҚШ-тың Тайваньды қолдауға қаншалықты бейіл екенін көрсетуі керек. АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден әкімшілігі бұл туралы бірнеше рет мәлімдеген, қазіргі президент Дональд Трамп та мұны жоққа шығармайды. Тайбэй АҚШ-тан қанатты зымырандар мен дүркіндете ататын HIMARS жүйелерін алуы мүмкін.

Ақ үй бұл ақпаратқа ресми түрде пікір білдірген жоқ. Алайда бұған дейін АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолтц Тайваньға америкалық қару-жарақ жеткізуді тездетуге ниетті екенін мәлімдеген.

17 ақпанда Қытайдың сыртқы істер министрлігі АҚШ-ты "Тайвань сепаратизміне" кең ауқымды қолдау көрсетіп жатыр деп айыптады.

АҚШ көп жылдан бері Тайваньды Қытаймен арал төңірегіндегі даулы мәселеде қолдап келеді. Дональд Трамп 2017-2021 жылдары бірінші президеттік мерзімінде Тайваньға миллиардтаған долларға америкалық қару жеткізуді, соның ішінде F-16 жойғыш ұшақтарын жіберуді мақұлдаған. Одан кейін президент болған Джо Байден мұндай тауар жеткізуді біршама аз көлемде жалғастырды.

"Жомарт" кенішіндегі апаттан жеті жұмысшы мерт болды

Жезқазған қаласындағы "Қазақмыс" корпорациясының кеңсесі. 10 мамыр, 2024 жыл.
Жезқазған қаласындағы "Қазақмыс" корпорациясының кеңсесі. 10 мамыр, 2024 жыл.

17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында "Қазақмыс" корпорациясының "Жомарт" кенішіндегі шахтада апат болып, жеті жұмысшы жер астында қалып қойды. 18 ақпан күні таңертең төтенше жағдайлар министрлігі жетеуі де қаза болғанын, құтқарушылар оларды шахтадан алып шыққанын хабарлады.

Министрліктің мәлімдеуінше, марқұмдардың жеке басы анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама жүргізу үшін жеті жұмысшының сүйегі полицияға берілген. Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жүріп жатыр деді ТЖМ.

"Қазақмыс" корпорациясы 17 ақпанда кабельдер үзіліп қалғандықтан жұмысшылармен байланыс жоқ деп хабарлаған еді.

Апат болған шахтаға "Серіктес" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен құтқарушылар, Ұлытау және Қарағанды облыстарынан төтенше жағдайлар департаменті күштері мен құралдары, медицина қызметкерлері мен психологтар жіберілген.

Қазақстан үкіметі "Жомарт" кенішіндегі апатқа байланысты арнайы комиссия құрды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын комиссия апат себебін анықтап, зардап шеккендерге көмек көрсетпек.

"Жомарт" кеніші – Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі.

"Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper. Оны миллиардер Владимир Ким (Forbes басылымы оның байлығын 3,6 млрд доллар деп бағалаған) және Эдуард Огайға (Forbes мәліметінше, 800 млн доллардың иесі) тиесілі Kazakhmys Holding Limited басқарады.

"Қазақмыс" корпорациясы Қазақстанның орталығында мыс өндіреді, кен байыту фабрикалары бар және Ұлытау облысындағы негізгі салық төлеуші әрі жұмыс беруші болып саналады. Корпорацияның мәліметінше, оның үш өндіріс орнында (Балқаш, Жезқазған, Қарағанды) шамамен 37 мың адам жұмыс істейді.

P.s: "Қазақмыс" корпорациясы бастапқыда "тау жынысы опырылып түсті"деп мәлімдеген, алайда 20 ақпанда компания арнайы мәлімдеме таратып, бұл болжамның расталмағанын хабарлады. Сондықтан жаңалықтан "тау жынысы опырылып түсті" деген тіркес алынып тасталды

Кеншілер ереуілі, Тоқаевқа үндеу, түрмедегі журналист, Грузиядағы наразылық – AzatNEWS | 20.12.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:29:17 0:00

Рубио мен Лавров Эр-Риядта кездеседі

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Сауд Арабиясына сапармен барды. 18 ақпанда онда Вашингтон мен Мәскеу арасында Украинадағы бейбітшілік туралы келіссөз өтеді деп жоспарланған.

Кремльдің баспасөз қызметі кездесуге Ресей тарапынан елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков қатысады деп хабарлады. Ресей делегациясы Сауд Арабиясына 17 ақпанда барады.

Associated Press агенттігі мен Axios басылымы аты-жөні аталмаған шенеунікке сілтеп, АҚШ тарапынан Эр-Риядтағы келіссөздерге ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолтц пен арнайы елші Стив Уиткофф қатысады деп жазды.

Сауд Арабиясындағы бұл кездесуге Украина өкілдері қатыспайды. NBC News арнасының хабарлауынша, Вашингтон тараптармен жеке кездесу өткізгісі келеді. 17 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский Киев келіссөздер туралы білмеді және оларды мойындамайды деп мәлімдеді.

16 ақпанда Рубио CBS арнасына берген сұхбатында соғысты тоқтату туралы кеңірек әңгімеге Украина мен АҚШ-тың бүкіл әлемдегі одақтастары қатыса алатын жағдай жасауға тырысатынын айтты. Рубио алдағы бірнеше апта мен бірер күнде Путиннің бұл мәселеге қаншалықты байыпты қарайтыны анық болады деді.

Мемлекеттік департамент басшысының айтуынша, Украинадағы соғысты бір ғана әңгімемен немесе телефон қоңырауы арқылы тоқтату мүмкін емес. Дегенмен Рубио Дональд Трамп әкімшілігі бұл мәселені шеше алатынына сенімді.

Рубио Сауд Арабиясынан басқа да Таяу Шығыс елдеріне барады. Ол Газадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуді талқылайды деп айтылып отыр. Reuters агенттігінің жазуынша, Трамптың Газадағы палестиналықтарды араб елдеріне көшіру туралы айтқан ұсынысы жайлы сөз болуы мүмкін.

Сауд Арабиясы басқа да араб елдері сияқты палестиналықтарды көшіру туралы жоспарға келіспеді. Рубио Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманмен келіссөз жүргізеді деп отыр.

Алматыда екі адам рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін 15 күнге қамалды

Наурызбек Батырханов пен Мәлік Қайыңбаев. Фотоны Азаттыққа олардың өзі жіберді.
Наурызбек Батырханов пен Мәлік Қайыңбаев. Фотоны Азаттыққа олардың өзі жіберді.

Алматы соты 17 ақпанда Наурызбек Батырханов пен Мәлік Қайыңбаевты "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деген айыппен 15 күнге қамады. Бұл туралы Азаттыққа олардың өзі хабарлады.

Наурызбек Батырханов – Атырау облысының тумасы. Азаттыққа айтуынша, Алматыға денсаулығына байланысты келген. Сөзінше, Алматының орталық мешіті маңында 16 ақпанда митинг өтетіні туралы ақпаратты TikTok-тан көріп, сонда барған.

Руслан Кемелбаев есімді адамның 16 ақпанда Facebook-тегі жеке парақшасында жариялаған видеода мешіт маңында он шақты адам жиналғаны, Наурызбек Батырхановтың Қазақстан туын көтеріп тұрғаны көрінеді.

– Мен жұмыссыздықты жоюды, қымбатшылықты бақылауға алуды, мұнайлы өлкелерде өндірілген жер асты қазба байлықтарынан халыққа дивиденд беруді, бала жәрдемақысын көбейтуді, жалақыны барлық салада жүз есеге көбейтуді талап еттім. Кейін мешітте намаз оқып жатқан жерімнен полиция күштеп алып кетті, – деді Батырханов Азаттыққа.

Айтуынша, полиция онымен бірге Ақтөбе облысынан Алматыға келген Мәлік Қайыңбаевты да алып кеткен. Батырхановтың сөзінше, полиция соттан кейін олардың қолына телефон беріп, қамауға алынғанын жақын-жуығына айтуға рұқсат берген. Олар Азаттық тілшісіне сол кезде хабарласқан.

– Мен де қымбатшылық пен әлеуметтік жағдайды айттым. Ақтөбеде де мұнай кеніштері бар, дивиденд талап еттім, – деді Мәлік Қайыңбаев.

Екеуі де жұмыссыз екенін, Наурызбек Батырханов алты баласы барын айтты. Олар 16 ақпан түнде Алматының Медеу аудандық полиция басқармасында болған.

– Мұнда мүлдем жағдай жоқ. Ағаш орындықта таңды атырдық. Кеше су мен бәліш жегенбіз. Бүгін тамақ бермеді, – деді Батырханов.

17 ақпанда Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық туралы мамандандырылған ауданаралық соты Батырханов пен Қайыңбаевты "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деген айыппен 15 күнге қамаған. Істі судья Сәуле Спандиярова қараған, сот уақытша қамау изоляторынан онлайн өткен.

Азаттық Медеу аудандық полиция басқармасына хабарласты. Басқарманың кезекші бөліміндегі қызметкер берген бірнеше адамның телефон нөміріне қоңырау шалғанымызбен, ешқайсысы телефонды алмады. Сот қаулысы интернеттегі сот кабинетіне әзірге жарияланбаған.

Тағы

XS
SM
MD
LG