Жығылғанға жұдырық болып тиген зілзала
Ауғанстанда "Талибан" үкіметі енгізген қатаң ережелердің кесірінен онсыз да маңдай соры бес елі ауған әйелдер мен қыздар елдің шығысында болған алапат жер сілкінісінен кейін көмекке қол жеткізе алмай қатты қиналып отыр.
Осы аптада болған жер сілкінісі 1400-ден астам адамның өмірін қиды. 6 магнитудалы жер сілкінісі Пәкістан шекарасына жақын аймаққа орасан зор шығын әкелді.
Үйлер мен өзге де ғимараттар жермен-жексен болып, мыңдаған адам зардап шекті. Жер сілкінісінен жараланғандар қалып қойған аймаққа баратын жолдың қиындығынан құтқарушылар оларға жете алмай жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, табиғи апаттан зардап шеккендер арасында әсіресе әйелдер мен қыздардың жағдайы ауыр. Олар "Талибан" енгізген шектеулер салдарынан медициналық көмек пен өзге де ауадай қажет нәрселерден қағылып, зілзала ауыртпалығы солардың иығына түсіп отыр.
"Талибан" әйелдерге дәрігер ер адамға қаралуға тыйым салған.
Араға жиырма жыл салып, 2021 жылы Ауғанстанда билікке қайта оралғаннан бері "Талибан" әйелдерге қосымша көптеген тыйым енгізді. Былтыр желтоқсанда олар әйелдерге медициналық білім алуға және осы мамандық саласы бойынша қорытынды емтихан тапсыруға тыйым салды.
Ауған дәрігері Абдул Қайым Рахим өзі тұрып жатқан өңірде, жалпы елде әйел дәрігер жоққа тән екенін, соның салдарынан көптеген әйел тұрғындар дер кезінде медициналық көмек ала алмайтынын айтты.
"Жер сілкінісі бірнеше минут пен секунд болатын іс, ал эвакуацияның кешеуілдеуі әйелдер арасында құрбан болғандар санын көбейтіп жіберуі мүмкін", – деді "Азади" радиосына (Азат Еуропа/Азаттық радиосының Ауған қызметі) сұхбат берген Рахим.
"Ауыл тұрғындары ауруханаларда әйел қызметкерлер жетіспейтінін біледі, сол себепті зардап шеккен әйелдер мен қыздарды медицина мекемелеріне апаруға батпайды. Отбасылар жараланған әйелдерді ауруханаға апарудың орнына өз үйінде емдеуге тырысады".
"Талибан" үкіметінің денсаулық сақтау министрлігінің өкілі зардап шеккен әйелдер медициналық көмек ала алмай жатқаны жайлы сұрақ қойған "Азади" радиосына жауап бермеді.
Әйел дәрігер де, медициналық құрал-жабдық та жетіспейді
Зілзала салдарынан шамамен үш мың адам зардап шеккен. Хабарларға қарағанда, олардың көбі – әйелдер мен балалар. Алайда Кунар уәлаятындағы аурухананың басшысы қазіргі кезде ол жерде бар-жоғы 13 әйел ғана жатқанын хабарлады. Ал ауруханаға түскен ер науқастардың саны – 67.
Жергілікті тұрғындардың бірі "Азади" радиосына өзінің екіқабат әйелі тиісті медициналық көмек ала алмағанның салдарынан түсік тастағанын айтты.
"Жер сілкінген кезде ол босанып жатқан, өте ауыр босанды. Қазір ол мемлекеттік ауруханада жатыр, бірақ әлі жазылған жоқ, жағдайы бұрынғыдай. Әйел дәрігерлер мен дәрі-дәрмектің жоқтығынан осындай болды", – деді әлгі тұрғын.
Жақында "Азади" радиосы сөйлескен Кабулда тұратын дәрігер әйел елдің шалғай аймақтарында негізінен акушерлер немесе мейірбикелер бар, бірақ кейбір өңірлерде ондайлар қалған жоқ деді.
Ауғанстандық құқық қорғаушы Нилофар Аюби жер сілкінісінің салдары әсіресе әйелдер мен балаларға ауыр тиіп, барған сайын алаңдатарлық сипат алып бара жатқанын айтты.
"Медициналық кадрлардың жоқтығы көптеген отбасыны жараланған әйелдері мен қыздарын ең жақын деген қалаға – Жалалабадқа апаруға мәжбүр етті, – деді "Талибан" Ауғанстанда билікке келген соң Польшаға қашқан Аюби.
Алайда Жалалабадтағы ауруханалар науқастарға лық толы, орын жоқ, онда әйел медицина қызметкерлері де, ең қажетті құрал-жабдық та жетіспейді.
Ауған әйелдері мен қыздарының қиын тағдыры
Ауғанстанда "Талибан" билікке оралғалы бері осымен үшінші рет көп адам қаза тапқан жер сілкінісі болды.
2022 жылдың маусым айында Пактия, Пактика және Хост уәлаяттарында күшті жер сілкінісі тіркелді. Халықаралық құтқару комитетінің бағалауы бойынша, сол кезде Хостта ең көп зардап шеккендер – әйелдер мен қыздар болды.
2023 жылы, ЮНИСЕФ дерегінше, Герат уәлаятында болған жер сілкінісі шамамен 1500 адамның өмірін қиды, олардың басым бөлігі – әйелдер мен қыздар.
Биыл 2 қыркүйекте Ауғанстандағы "БҰҰ-Әйелдер" ұйымы осы аптада болған зілзаладан зардап шеккендерге жәрдем көрсету шараларына – жедел медициналық көмек пен күтімнен бастап қауіпсіз баспана беру және қорғауға дейін – әйелдер тағы да бірінші кезекте ілінбей қала ма деп алаңдап отырғанын жеткізді.
"Әйелдер мен қыздар бұл апаттың ауыр зардабын тағы да өз мойнына алады, сондықтан зілзаладан кейінгі қалпына келтіру шаралары кезінде олардың мұқтаждығын назарда ұстауға тиіспіз, – деді Ауғанстандағы "БҰҰ-Әйелдер" ұйымының арнайы өкілі Сьюзан Фергюсон. – Бұл шаралар гуманитарлық жұмыс атқарып жүрген әйел қызметкерлердің өмірлік маңызы бар жұмысына қолдау көрсетуді де қамтиды. Өйтпеген жағдайда алдағы күндері әйелдер мен қыздар көмексіз я ақпаратсыз қалуы мүмкін".