Accessibility links

Ауғанстандағы зілзала: отбасында ер адам қалмаған әйелдердің күні күрт қиындады


Жер сілкісінен жапа шеккен ауған әйелдері мен қыздары ашық аспан астында медициналық көмек алып отыр. Құнар уәлаяты, 1 қыркүйек.
Жер сілкісінен жапа шеккен ауған әйелдері мен қыздары ашық аспан астында медициналық көмек алып отыр. Құнар уәлаяты, 1 қыркүйек.

Сола Ауғанстанның шығысын жайпап өткен жойқын жер сілкінісінен аман қалғандарға толы ауруханада көзін ашты.

Ол есін жиғанда ауыр хабар естіген. Оның отбасындағы сегіз адам жер сілкісінен опат болған. 31 тамыз күні Ауғанстанның шығысында болған зілзадан 2200-ден астам адам қаза тапқан. Апат әсіресе Құнар уәлаятына ауыр тиген. Мерт болғандардың көбі осы аймақтан.

"Мені мұнда кім әкелгенін білмеймін" деді Сола Азаттыққа уәлаят орталығы Асадабадтағы ауруханада жатып. Ол толық аты-жөнін айтқысы келмеді. "Қасымда ешкім жоқ".

Ол отбасындағы ер адамдарды меңзеп тұр. Магнитудасы 6.0 болған зілзала кезінде олардың бәрі мерт болған. Апат Сола тұрған ауылдағы үйлердің көбін жермен-жексен еткен.

Талибан билігі тұсында әйелдерге қасында отбасындағы ер адам болмаса үйден шығуға, қоғамдық көлікке мінуге тыйым салынған. 2021 жылы билікке қайта келген әсіре діншіл топ әйелдер мен қыздардың жүріп-тұру еркіндігін, жұмыс істеуге және білім алуға деген құқығын қатты шектеп тастаған.

Әйелдер сондай-ақ медициналық көмек алуда мәдени және құқықтық кедергілерге тап болып отыр.

"Мұнда әйел дәрігер жоқ" дейді Сола. "Денемнің ер адамға көрсетуге болмайтын бөліктерінде жарақаттар бар".

Ауғанстан дәрігер, дәрі-дәрмек және құрал-жабдық тапшылығына душар болып отыр. Кейбір ауыл-аймақтарда әйел дәрігерлер мүлде жоқ.

"Отбасым, үйім бар еді, енді қайда барарымды, не істерімді білмей отырмын" деді Сола.

"Апаттың ауыртпалығы әйелдердің мойнына түсті"

Сарапшылардың Ауғанстандағы апаттан ең көп жапа шегетін әйелдер мен қыздар деп дабыл қағып жатыр.

"Апаттың ауыртпалығы тағы да әйелдер мен қыздардың мойнына түсіп жатыр. Сол себепті құтқару және қалпына келтіру жұмыстары кезінде олардың мұқтаждығына басымдық беру керек" деді 2 қыркүйек күні БҰҰ-ның Ауғанстандағы әйелдер жөніндегі арнайы өкілі Сьюзан Фергюсон.

Зардап шеккендерді емдеу үшін Құнарға барған ауғанстандық әйел дәрігер Фаузия Насим әйелдер мен қыздардың жағдайы аса ауыр екенін айтады.

"Дәл қазір әйелдер мен балаларға шұғыл баспана қажет. Отбасындағы ер азаматтар қаза тапқандықтан, оларды алдағы табиғи апаттардан да қорғау керек" деді ол.

"Олар азық-түлікке, ауыз суға және баспанаға мұқтаж. Әсіресе шатыр мен баспанаға мұқтаждық басым. Өйткені көптеген үй қирап қалды, құламағаны тұруға жарамайды" деп нақтылады Насим.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG