Ресми Ақорда президент Назарбаевтың Германияда ауруханаға түскені жайлы ақпаратқа байланысты ауыз ашпады. «Президенттің денсаулығына қатысты жеткілікті ақпардың болмауы түрлі әңгіме, өсек-аяң, тіпті толқу туғызуы мүмкін» дейді Азаттық радиосының пікірталасына қатысушылар.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев шілденің 21-інде Астанада жиналыс өткізді. Одан бір күн бұрын неміс баспасөзі Нұрсұлтан Назарбаевқа Гамбургте операция жасалғанын хабарлады. «Бильд» газетінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Гамбург қаласына 10 шілде күні келіп, оған операция шілденің 14-інде жасалған, ал 16-сында ауруханадан шығарылған.
Қазақстанның Берлиндегі елшілігі және Астанадағы ресми өкілдер бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген жоқ. Олар Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек демалысында екенін ғана мәлімдеді.
Азаттық радиосы кезектен тыс дөңгелек үстелін «Басқа елдерде мемлекет басшысының хал-жағдайын жұртшылыққа жеткізу жағы қалай шешіледі?» деген тақырыпқа арнады. Әріптесім Сұлтан Хан Аққұлұы өткізген Дөңгелек үстелдің жазбаша мәтіні мен аудио нұсқасын Азаттықтың Интернет сайтынан оқып тыңдауға болады.