Қазақстанда кейінгі күндері латын қарпіне көшу мәселесі жиі сөз бола бастады. Ресейдің Конституциялық соты Татарстанның латынға көшу бастамасын тоқтатқаннан кейін, Ресей құрамындағы автономия латынға көшуге ұмтылып жатқанда, Қазақстан неге жайбарақат отыр деген пікірлер айтылуда. Зиялы қауым өкілдерінің қайсыбірі «Қазақстан латынға көшеді деген сөз бар, бірақ, ешқандай бетбұрыс жоқ», десе, қайсыбірі «Газет-журналдарды, кітаптарды латын қарпінде шығара бастасақ, оқырмандардан айрылып қаламыз» дегенді айтуда.