Accessibility links

Әкімшілік айыппұлдан бюджетке 217 млрд теңге түсті. Қауіпсіздік күшейді ме?


Қазақстанды қазір "Штрафстан" деп атап жүр. 4 желтоқсан күні "Ақ жол" партиясының мүшесі, мәжіліс депутаты Азат Перуашев шенеуніктер айыппұлды желеу етіп елді тонап отыр деп айыптап, "Штрафстан құрып жатыр" деп мәлімдеді. Азаттық мұның жай-жапсарын сараптап көрді.

2024 жыл аяқталмай жатып-ақ (11 айдың дерегі) Қазақстанның мемлекеттік органдары айыппұл есебінен 217 млрд теңге көлемінде орасан зор қаражат жинаған. 2023 жылы азаматтарға 142 млрд айыппұл салынса, 2022 жылы – 111 млрд, 2021-де 79 млрд теңге түскен.

Айыппұлдың көп бөлігін жүргізушілер төлеген. 2023 жылы жалпы айыппұлдың 62,4 пайызы (88,7 млрд) жүргізушілердің үлесіне тиесілі болған. Айыппұл көбінесе жылдамдықты арттырғаны және жол белгісі талаптарын сақтамағаны үшін салынған.

Салыстыру үшін айтсақ, Қырғызстанда 2024 жылдың 10 айында жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұл мөлшері 6 млн доллар болса, Қазақстанда 11 айда 170 млн доллар айыппұл салынған.

Үкімет айыппұлмен бюджеттің жыртығын жамап отыр деген айыптаулардан кейін қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов салынған айыппұл сомасы туралы айтып берді.

– Біз айыппұл арқылы бюджетке түсетін ақшаны көбейтіп отыр деген бірнеше жарияланым болды. Мұндай жоқ, айыппұл жоспарлы түсімге жатпайды. Оның көп бөлігі, өздеріңіз байқағандай, 160 млрд теңгеге жуығы жергілікті инфрақұрылымды дамыту үшін жергілікті бюджетке түседі, – деді Біржанов.

Бұған дейін кәсіпкерлерге тым көп айыппұл салынып жатыр деп депутат Азат Перуашев дабыл қақты.

– Миға сыймайтын көлемдегі айыппұл қазір заңсыздықтың алдын алу үшін емес, бизнесті бопсалау мақсатында қолданылып жүр, – деді депутат. – Бір рет болсын жылы кабинеттеріңізден шығып, кәсіпкерлердің орнында болып көріңіздер. Сіздер Штрафстан құрып жатқан сияқтысыздар, – деді ол.

"АЙЫППҰЛҒА ШАҒЫМДАНА АЛМАЙДЫ"

Ірі қалалардың көпшілігінде жолды ереже бұзуды автоматты түрде тіркейтін ақылды камералар жүйесі бақылайды. Дәлелдеме негізі бар карта жинақталып, жаза белгілеу туралы шешім қабылдайтын полиция қызметкеріне жіберіледі.

Кейде айыппұлға шағымдануға болады. Орал қаласының тұрғыны Тайыр 20 жылға жуық уақыттан бері көлік жүргізеді. Ол бірнеше рет салынған айыппұлға шағымданған.

– Құқығымды қорғап, мемлекеттік кіріс органынан төлеген айыппұлымды қайтарып алуға қол жеткіздім. Бұған 10 ай уақытым кетті, – дейді Тайыр ренішін жасыра алмай. – Мен заң жұмыс істесін дейтіндер қатарындамын, бірақ жүйемен күресу қиын.

2020 жылы Тайыр Оралдағы "ақылды жол қиылысының" бірінде бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткені үшін айыппұл салынғаны туралы хабарлама алады. Шынымен де қызылға өтіп кеткеніне күдіктенген Тайыр жол полициясы басқармасына барып, бейнематериалдарды зерттейді.

– Бейнематериалдан бағдаршамның дұрыс жұмыс істемей тұрғанын, жасыл жанып тұрғанын көрдім. Содан кейін жасыл түс жанып-өшіп, жүргізушіге қозғалысты тоқтату туралы белгі беруі керек еді, бірақ өшіп-жанбаған және ескертпеген, ал қызыл түс тоқтау сызығына 2 метр қалғанда жанды. Жол ережесі бойынша, мұндайда жүргізуші қозғалысты аяқтауы керек, – дейді Тайыр.

Жол полициясы басқармасы айыппұлды алып тастамаған, мұны полиция департаменті мен сот та істемеген.

Өз қолымен дәлел жинауға тура келген. Тайыр бағдаршамдарға қызмет көрсететін мердігер компанияға барған. Мекеме жүргізушіге сол сәтте бағдаршамда шынымен де техникалық ақау болғаны жөніндегі актіні берген. Істі тоқтату жөніндегі қаулы шығарып, төлеген айыппұлын қайтарып алу үшін Тайыр прокуратураға, полиция департаментіне және ішкі істер министрлігіне шағымдануға мәжбүр болған. Министрлікке шағымданғаннан кейін ғана полиция департаменті жүргізушінің ісін қайта қараған.

– Жұрттың бәрі айыппұлға шағымдана бермейді. Оның қандай қиын екенін білсеңіз ғой! Тіпті кімге және қалай шағымданудың жөнін де білмейсің. Бар мәселе осында. Бізде мынадай да жағдай болды: бірінің артынан бірі үш көлік келе жатыр, оның бірі үлкен жүк көлігі. "Ураган" жүйесі ортадағы көлікті сағатына 140–180 шақырым жылдамдықпен келе жатыр деп түсірген. Үш көліктің біреуінің жылдамдықты арттыруы техникалық жағынан мүмкін емес. Мен бұған да шағым түсірейін деген едім, бірақ көлік жүргізушісі уақыты жоқ екенін айтып, айыппұлды төлей салды, – деп еске алды Тайыр.

TN Union Partners заң компаниясының директоры Нұрберген Қажымов қазақстандықтардың айыппұлға шағымдану үшін заңгер көмегіне жиі жүгіне бастағанын айтады. Мұндай жағдай әсіресе Алматы қаласында байқалады.

– Мұнда екі миллионнан көп адам тұрады, көп отбасының жеке көлігі бар. Көлік құралының көптігін, қозғалыс жиілігі мен әр бұрышта бақылау камерасы тұрғанын ескерсек, мұндай шағымдар қалыпты жағдай. Адамдар айыппұлдың жай-жапсарын білгісі келеді, салынған айыппұлдың заңды не заңсыз екенін тексеріп, қажет болса шағынғысы келеді, – дейді Қажымов. – Кейде көлік эвакуатордың үстінде немесе жөндеуде болса да, камера тәртіп бұзды деп тіркейтін жағдайлар кездеседі. Кейде жүйенің қатесі немесе құжаттың дұрыс рәсімделмеуі де айыппұл салуға себеп болып жатады. Ереже бұзуды камера тіркейді, робот болғандықтан адами фактор ескерусіз қалады. Мысалы, жүргізуші жедел жәрдем көлігіне жол беріп, жүйе мұны жол ережесін бұзу деп тіркеуі мүмкін. Дегенмен, жүргізушілердің расында да жол ережесін бұзуы да жиі кездеседі.

Айыппұлға qamqor.gov сайты арқылы да шағымдануға болады. Алайда, пайдаланушылардың айтуынша, шағымды қарау мерзімі ұзаққа созылса, айыппұлдың жартысын төлеуге мүмкіндік беретін жеті күн өтіп кетуі мүмкін.

ЖОЛ ҚАУІПСІЗ БОЛА ТҮСТІ МЕ?

Айыппұл мөлшері артып жатқанына қарамастан, Қазақстан жол апатының саны азаймай тұр.

Qamqor порталының дерегі бойынша, 2024 жылы жол апатының саны екі есеге артып, 13 мыңнан 26 мыңға жеткен. Зардап шеккендер саны 16 мыңнан 34 мыңға дейін артқан. Жол апаты салдарынан қайтыс болғандар саны 2226 адамнан 2345-ке жеткен.

2024 жылы жол апатының көпшілігі Алматы қаласында тіркелген. Бір жыл ішінде еліміздің ең ірі қаласындағы жол-көлік оқиғасының үлесі 140 пайызға артқан. Ал саны жағынан жол апаты Шымкентте ең көп болған, 408-ден 1356-ға дейін артып, 232 пайыз көрсеткен.

Жол апатының жалпы санымен салыстырсақ, апат салдарынан қаза болғандар Алматыда аз тіркелген, 5620 жол апатында 90 адам қаза болған. Ең көп қаза болғандар саны Түркістан облысына тиесілі. Мұнда 945 жол апаты болып, 245 адам қаза тапқан.

Автокөлік саласындағы сарапшы Алексей Алексеев айыппұл жолдағы қауіпсіздікті арттырмайды деп санайды.

– Айыппұл мөлшерін ұдайы арттыру, камералар санын көбейтіп отыру жол апаты мен жол ережесін бұзу көрсеткішін төмендетпейді, мұны тәжірибе көрсетіп отыр. Айыппұл бар болғаны бюджетті толтырады, – дейді Алексеев. – Белгілі бір межеге жеткеннен кейін жүргізушіге бәрібір болып кетеді. Жол ережесін қасақана бұзатындар айыппұлды да төлемей қоя салады. Байларға айыппұл түк әсер етпейді. Қиналатын қарапайым халық.

Сарапшы Қазақстанда ескерту беретіндей баптар жоққа тән екенін айтады. Қазақстандағы жол қозғалысының қауіпсіздік жүйесі заңсыздықтың алдын алуға емес, жазалауға құрылған деп санайды.

– Айыппұлды жол ережесін қасақана бұзатындарға салу керек. Ал заңға бағынатын жүргізушіге ескерту жасаса да, қорытынды шығарады. Кеңестік кезеңде жол ережесін бұзған 10 жағдайдың 7-еуінде ескерту жасалатын. Себебі мұны инспекция жасайтын мемлекеттік орган жүзеге асыратын. Ал полиция – жазалаушы орган. Жол ережесін бұзудың алдын алумен айналыспайтыны да содан шығар. Қазақстанда жол полициясы деген органды жойғаннан кейін алдын алу деген түсінік те жоғалды. Тек қана жазалау тетігі қалды. Бұл қателік болды. Жол қозғалысының қауіпсіздігімен кәсіби деңгейде ешкім айналыспайды, мұндай қызмет жоқ.

Алексей Алексеев бюджетке ақша түсетіндіктен, қазіргі жағдай мемлекетке тиімді екенін айтады.

– Жол ережесін бұзумен күресу үшін айыппұл салудың керегі жоқ, жүйе керек. Мысалы, балдық жүйе. Жүргізушіге бір жылға 100 айыппұл балы берілсе, тәртіп бұзудың ауыр-жеңілдігіне қарай ұсақ тәртіп бұзса – 20, өрескел бұзса, 30 ұпайын кемітін отыру керек. 100 балдан түгел айырылғаннан кейін бір жылға жүргізуші куәлігінен айыруға болады. Міне, бұл алдын алу. Немесе бұрынғыдай куәлігіне үш тесік ұру тәсілін пайдалануға болады. Бір жылда үш тесік түсе ме, куәлігінен айырылады, – дейді ол.

2024 жылы Алматы жергілікті бюджет артты деп есеп берді. Ревизия комиссиясының төрағасы Алтай Бердіқұлов сол кезде "Алматы әкімдігі бюджетті толықтыру жұмысын үздіксіз жүргізетінін" хабарлады.

Қазақстан тапқан табысынан көп шығын шығаратын елге жатады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, бюджет тапшылығы 7,5 млрд доллар болады деген болжам бар. Қазақстанда бюджеттің жыртығын жамау үшін мұнайдан түскен, Ұлттық қордағы "болашақ ұрпаққа арналған" ақшаны пайдаланады.

2025 жылдан бастап Қазақстан үкіметі қазынаны толтыру туралы ой-толғам ұсынуды жасанды интеллектіге жүктемек: қаржы министрінің орынбасары Әсет Тұрысовтың айтуынша, ЖИ көмегімен адамдар "деректерді жылдам өңдеуге қатысты қандай да бір кеңес ала алады, мұны қазір қолмен жасап, сарапшылар деңгейінде талдап жүрміз". Әйтсе де, үкімет алдағы үш жылда бюджет тапшылығын қысқартуды жоспарлап отырған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG