Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Әбубәкір Қайран: «Жалпы қазақ елі жұрттың соңын ала жүргенді жақсы көретін ел. Біз тәуелсіздіктің өзін кейіннен алдық қой, сол сияқты біздің алдымызда ылғи «жұрт қалай көшеді» деген нәрсе тұрады. Біз соған қарағанда, ешқашанда алға шығып, көш бастауды онша дұрыс көріп тұрған жоқ сияқтымыз. Президент жалпы осы латынға көшетіндігіміз жайлы айтып жатыр ғой. Бірақ, қалай болар екен, қандай кедергілер болады деп қарап отырған болуымыз керек. Латын қарпіне көшу Қазақстанда сөз жүзінде ғана көтеріліп келеді, бірақ, билік тарапынан мүдделілік жоқ. Кеңес Одағының құрамында болған елдердің бірқатары латын қарпіне көшіп үлгерді. Ресейдің бір автономиясы болып отырған Татарстанның өзі латынға көшуге әрекет қылып, Мәскеумен айтысып жатқанда, Қазақстанның әлі күнге қамсыз отырғаны алаңдатады. «Піс қазаным бес ай, отырамыз он ай» деп отырмыз. Бірден қолға алып жіберетін механизмнің өзі қалыптаса қойған жоқ, бұл туралы ешкім ойланып, бас қатырып та отырған жоқ. Бұл жерде «біз көшетін сияқтымыз» деген сыбыс қана» - дейді Әбубәкір Қайран.
Ал Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің бөлім бастығы Кенжеболат Жолдыбай: «Латын қарпіне көшу бір күндік шаруа емес. Өйткені, бүгінгі күні басым көпшілік кириллицамен көзін ашып, сонымен сауатын ашты ғой. Ал негізі бұл мәселеге біртіндеп көшу керек деген ойдамын. Менің өз басым мұны қолдануды жақсы нәрсенің тамырына балта шапқанмен бірдей деп ойлаймын. Мысалға, газеттерді ертеңіне латын әрпімен шығарып жіберетін болсақ, бірден түбегейлі оқырмандарынан айрылып қалады. Осы тұрғыдан алып қарағанның өзінде ойланып барып жасалу керек», - дейді.
Ал «ҚазААГ» Ақпарат агенттігінің қазақ бөлімінің басшысы Жарылқап Бейсенбай: «Көп адамдар «сауатсыздық белең алуы мүмкін» дегенді айтады. Бірақ, қазіргі заманды қабылдағымыз келсе, компьютер заманына енгіміз келсе, латын әрпін қабылдауымыз керек. Қазір бүкіл мектептер компьютерлендіріліп, интернет желісіне қосылып жатыр. Ертең ол интернетте кирилл әрпі сөйлемейді. Мектептің оқушысы интернетті ашады да, орысша сайттағы материалдарды ғана оқи алады. Кириллицаның интернетке шығуы қиын. Мысалы, Қазақпарат академик Әбдуәли Қайдардың жасаған жобасын негізге ала отырып, шетел қазақтары үшін 16-шы сәуірден бастап латын қарпінде ақпаратты бере бастады. Түгелімен қазақша дайындалған ақпарат сол мезетте автоматты түрде латын қарпіне аударылады. Шетел қазақтары қазір оқып жатыр, бұл жерде ешқандай қауіп болмау керек, оқудың ешқандай қиындығы жоқ», - дейді.
«Латын қарпіне көшу қиын емес, алайда тиісті деңгейде қаржы бөлініп отырған жоқ. Мысалы, шетелдерде бұндай жұмыстар үшін қыруар ақша бөледі. Ал бізде әрі кетсе, 10 мың АҚШ долларының көлемінде ғана беріледі, ол қаржы ма? Күнделікті өткізіліп жатқан шоу-бағдарламалардың бір-екі күндік қаржысын бізге бөлсе, біз пайдалы жұмыс атқаратын едік, егер қаржы болса, 1 жылда жасап шығаруға болады», - дейді техника ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Шәріпбаев.
Жалпы, латын қарпіне көшу мәселесі Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жалдарда-ақ көтеріле бастаған-ды. Бүгінгі таңда латын әліп-биінің қазақ тіліне орайластырылған нұсқалары да бар. Дегенмен, бұл мәселе әзірге қоғамдық пікір деңгейінде ғана қалып отыр.
Әбубәкір Қайран: «Латын қарпіне көшу Қазақстанда сөз жүзінде ғана көтеріліп келеді, бірақ, билік тарапынан мүдделілік жоқ»
Қазақстанда кейінгі күндері латын қарпіне көшу мәселесі жиі сөз бола бастады. Ресейдің Конституциялық соты Татарстанның латынға көшу бастамасын тоқтатқаннан кейін, Ресей құрамындағы автономия латынға көшуге ұмтылып жатқанда, Қазақстан неге жайбарақат отыр деген пікірлер айтылуда. Зиялы қауым өкілдерінің қайсыбірі «Қазақстан латынға көшеді деген сөз бар, бірақ, ешқандай бетбұрыс жоқ», десе, қайсыбірі «Газет-журналдарды, кітаптарды латын қарпінде шығара бастасақ, оқырмандардан айрылып қаламыз» дегенді айтуда.
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
СПИД-пен күрес күні
"ВИЧ адамның мінез-құлқын сипаттамайды". Ауру – үкім емес