Accessibility links

Қазақстанның жаңа Конституция жобасы туралы жалпыұлттық референдум кезінде Алматыдағы №504 референдум учаскесінде дауыс беріп жатқан адам, 15 наурыз, 2026 жыл.
Қазақстанның жаңа Конституция жобасы туралы жалпыұлттық референдум кезінде Алматыдағы №504 референдум учаскесінде дауыс беріп жатқан адам, 15 наурыз, 2026 жыл.

Жаңа Конституция бойынша референдум қалай өтті?

Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша дауыс беру аяқталды. Ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 73 пайызы дауыс берген.

Астанада полиция референдум учаскесінен Азаттық тілшісін ұстап әкетті.

13:30 15.3.2026
Қазақстанның жаңа Конституция жобасы туралы жалпыұлттық референдумге дауыс беруге Алматыдағы №350 учаскеге келген адамдар, 15 наурыз, 2026 жыл.
Қазақстанның жаңа Конституция жобасы туралы жалпыұлттық референдумге дауыс беруге Алматыдағы №350 учаскеге келген адамдар, 15 наурыз, 2026 жыл.

Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, 15 наурызда түс кезінде Қазақстан Конституциясының жобасы бойынша референдумге елде сайлаушы ретінде тіркелген азаматтардың 37,54 пайызы дауыс берген. Яғни 4,6 миллион азамат референдум бюллетенін алған. Қазақстан бойынша шамамен 12,5 миллион адам дауыс беруге құқына ие.

Ең белсенді қатысып жатқандар Ақтөбе облысында тіркелді – сайлаушылардың 45,73 пайызы дауыс берген. Ең шабан көрсеткіш Алматы қаласында – 14,85 пайыз ғана дауыс берген.

15 наурыздағы референдумде қазақстандықтарға: "Сіз 2026 жылғы 12 ақпанда БАҚ-та жобасы жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген жалғыз сұрақ қойылып жатыр.

Осы кезге дейін Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаев, бұрынғы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, қазіргі парламенттің екі палатасының спикерлері, премьер-министр мен министрлер референдумге дауыс берді.

Жаңа Конституция жобасында қос палаталы парламенттен бір палаталы парламентке көшу және өзін-өзі парламент мүшелігіне ұсыну институтын жою көзделген – депутаттар партиялық тізім бойынша ғана сайлана алады. Жобада заң шығару бастама құқығы бар кеңесші орган – Халық кеңесін құру да көзделген. Бірақ оның қалай құрылатыны әзірге айқын емес. Тоқаев бұған дейін Халық кеңесіне мүше 166 адамды президент тағайындайды деп айтқан.

14:54 15.3.2026
Жаңа конституция жөніндегі референдум. Астана, 15 наурыз 2026 жыл, 228-сайлау учаскесі. Астана опера театры
Жаңа конституция жөніндегі референдум. Астана, 15 наурыз 2026 жыл, 228-сайлау учаскесі. Астана опера театры

ОРК: Қазақстандық сайлаушылардың жартысынан астамы референдумге қатысқан

Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, 15 наурыз күні сағат 14.00-дегі жағдай бойынша, азаматтардың 51,93 % немесе 6 471 378 адам бюллетень алған. Конституция жобасы бойынша референдумда елде сайлаушы ретінде тіркелген азаматтардың 51,93 % немесе 6 471 378 адам референдум бюллетенін алған. Қазақстан бойынша шамамен 12,5 миллион адам дауыс беру құқына ие.

Ең белсенді қатысып жатқан Абай, Ақмола, Ақтөбе облыстарында 60 пайыздан астам адам дауыс берген. Алматы қаласындағы көрсеткіш – 21 пайыз.

15:02 15.3.2026

Оралда тәуелсіз бақылаушылар “референдумды бақылаймыз” деп тіркелген азаматтардың жартысына жуығы учаскеге келмегенін хабарлады

Бүгін "Жария" мен "Абырой" ұйымдарының коалициясы қаладағы 136 учаскенің 59-ын қамтыған. Бірақ 14 наурызда кешке олар 104 учаскені қамтимыз деп ойлаған. Ал бүгін "референдумды бақылаймыз" деп тіркелген азаматтардың жартысына жуығы келмей қалған.

"Кейбір бақылаушылардың себебі белгілі, жұмыс орындарынан қысым жасалғандықтан олар бақылаудан бас тартты. Ал қалған бақылаушылардың учаскеге шықпау себебі түсініксіз. Біздің ойымызша бұл бақылаушылар тапсырма бойынша мандат алып, учаскеге шықпай қалды" деді коалиция өкілдері Азаттыққа.

Бұған дейін "Жария" өкілдері бақылаушылардың қысымға ұшырағанын айтқан. Бір күн бұрын белгісіз біреулер ұйымның екі өкілінің телефонын жарнама платформаларға жариялап, осылайша жұмыстарына кедергі келген. Ол жөнінде Азаттық бұған дейін жазған.

16:05 15.3.2026

Астанада Жас сайлаушылар лигасы бақылаушысын полицияға әкетті

Лига өкілдерінің хабарлауынша, №85 референдум учаскесінде бақылаушы камерасын қосулы күйде қалдырып, тамаққа кеткені үшін учаскеден шығарылған. Ізінше оны полиция әкетіп, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар-жоғын тексерген.

Лига өкілдері сағат 14.00-дегі есебінде бұған қоса, №258 референдум учаскесінде "дауыс беру процесіне кедергі келтірді" деген уәжбен тағы бір бақылаушысын шығарып жібергенін жазды. МИСК территориялық сайлау комиссиясынан түсініктеме сұрап жатыр.

Ал Өскеменде №82 референдум учаскесінде бақылаушыны суретке түсіргені үшін учаскеден шығарып жібереміз деп сес көрсеткен. №71 учаскеде "еден жуамыз" деп барлық бақылаушыны ғимараттан шығарып жіберген.

Қазақстан соты қуғындағы оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Тағы

XS
SM
MD
LG