Accessibility links

Қазақстанның жаңа Конституция жобасы туралы жалпыұлттық референдум кезінде Алматыдағы №504 референдум учаскесінде дауыс беріп жатқан адам, 15 наурыз, 2026 жыл.
Қазақстанның жаңа Конституция жобасы туралы жалпыұлттық референдум кезінде Алматыдағы №504 референдум учаскесінде дауыс беріп жатқан адам, 15 наурыз, 2026 жыл.

Жаңа Конституция бойынша референдум қалай өтті?

Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша дауыс беру аяқталды. Ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 73 пайызы дауыс берген.

Астанада полиция референдум учаскесінен Азаттық тілшісін ұстап әкетті.

16:07 15.3.2026
Алматыдағы №322 референдум учаскесіндегі комиссия мүшелері (оң жақ қанатта) және олардың арғы жағында бақылаушылар / байқаушылар отыр, Алматы, 15 наурыз, 2026 жыл.
Алматыдағы №322 референдум учаскесіндегі комиссия мүшелері (оң жақ қанатта) және олардың арғы жағында бақылаушылар / байқаушылар отыр, Алматы, 15 наурыз, 2026 жыл.

Қазақстандағы Конституция жобасы жөніндегі референдумді бақылауға шетелден келгендер арасында ТМД бақылаушылар миссиясы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) референдумды бағалау миссиясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ҰҚШҰ парламент ассамблеясы сияқты ұйымдар бар.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) Қажеттілікті бағалау миссиясы (Needs Assessment Mission) 28 ақпанда Қазақстандағы референдумге дайындық барысын сынға алған. Бюро сарапшылары референдумге дайындыққа, сайлаушылардың жан-жақты ақпарат алып, таңдау жасауына аз уақыт берілгеніне ерекше назар аударған.

ДИАҚБ сарапшылары "уақыт аз берілгендіктен", 2026 жылғы 15 наурызда өтетін дауыс беруге референдумды бақылау миссиясын емес, шағын құрамдағы референдумды бағалау миссиясын жіберу жөнінде шешім қабылдағанын хабарлаған.

16:35 15.3.2026
Оралбек Өміров (Азаттық архивіндегі фото)
Оралбек Өміров (Азаттық архивіндегі фото)

Алматыда кемінде үш адам ұсталған деген хабар түсті

Қазақстанда жаңа Конституция жобасы туралы референдум өтіп жатқан 15 наурыз күні Алматы қаласындағы Астана алаңында сағат 14.40 шамасында үш адамды полиция ұстаған: Алмат Жұмағұлов, Оралбек Өміров және Сүйіндік Алдабергенов.

Қазір олар Алмалы аудандық полиция бөлімінде отыр деп хабарлады жексенбі күні құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Алматы полициясы ұсталған азаматтар жөнінде әзірге түсініктеме берген жоқ.

17:05 15.3.2026
Қазақста президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оқушылар сарайында орналасқан референдум учаскесінде дауыс берді. Астана, 15 наурыз, 2026 жыл.
Қазақста президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оқушылар сарайында орналасқан референдум учаскесінде дауыс берді. Астана, 15 наурыз, 2026 жыл.

Тоқаев: президент сайлауы 2029 жылы өз мерзімінде өтеді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жоюасы жөніндегі референдумге дауыс беруге барған кезде журналистер одан вице-президенті лауазымы жайлы сұрады.

"Вице-президент лауазымы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүргенін білемін. Кейбір сарапшылар "Қазақстанда билік ішінде бәсеке өршіп, түрлі үрдістер жүреді, елге зиян келеді" деген пікір білдіруде. Бұл мәселеде қоғамға зардап келетіндей қорқыныш жоқ", деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, вице-президент лауазымы "билік институттарын нығайтуы" керек. Ол Қазақстанда кезекті президент сайлау қазіргі Конституцияға сәйкес, 2029 жылы өз мерзімінде өтеді деп мәлімдеді.

Президент Тоқаев жексенбі күні Астанадағы Оқушылар сарайындағы №51 референдум учаскесінде дауыс берді деп хабарлады Ақорда. Дәл сол учаскеде орналасқан ғимаратта бірнеше сағат бұрын полиция бірнеше журналисті ұстап әкетті. Олардың арасында Азаттық тілшісі де бар. Полиция оларды не себепті ұстағанын түсіндірген жоқ.

Бүгін журналистер Астанадағы Президент орталығында Тоқаев референдумге дауыс береді деп күткен еді, алайда ізінше мемлекет басшысы ол "ғимаратта дауыс бермейтіні" айтылды. Бірнеше сағаттан кейін президент Оқушылар сарайындағы референдум учаскесіне барғаны белгілі болды.

Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев "дауыс берген соң отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг" өткізген. Ол "жаңа Конституция жобасының преамбуласын және басқа да нормаларын өзім жаздым" деген.

18:19 15.3.2026

Дауыс бергендер 70 пайыздан асты

Орталық референдум комиссиясының дерегі бойынша, кешкі 6-дағы жағдай бойынша, жаңа Конституцияға дауыс бергендер 70 пайыздан асқан. Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Түркістан облыстарында сайлаушылардың 80 пайыздан астамы дауыс берсе, Қызылорда облысында көрсеткіш 91 пайыз болған. Алматы қаласында көрсеткіш - 32 пайыз.

Ресми көрсеткіш мынадай:

Абай облысы 73,84 %

Ақмола облысы 77,72 %

Ақтөбе облысы 83,12 %

Алматы облысы 70,27 %

Атырау облысы 71,08 %

Батыс Қазақстан облысы 66,90 %

Жамбыл облысы 81,07 %

Жетісу облысы 73,84 %

Қарағанды облысы 81,44 %

Қостанай облысы 80,11 %

Қызылорда облысы 91,80 %

Маңғыстау облысы 76,84 %

Павлодар облысы 71,85 %

Солтүстік Қазақстан облысы 68,58 %

Түркістан облысы 82,03 %

Ұлытау облысы 70,57 %

Шығыс Қазақстан облысы 83,63 %

Астана қаласы 56,72 %

Алматы қаласы 32,82 %

Шымкент қаласы 74,44 %.

Ресми мәлімет бойынша, 8 845 280 азамат бюллетень алды. Бұл - тізімге енгізілген азаматтардың 70,98 пайызы.

Дауыс беру учаскелеріне келу туралы келесі ақпарат 20.00-дегі жағдай бойынша сағат 20.30-да беріледі.

Тағы

XS
SM
MD
LG