Алматыда кемінде үш адам ұсталған деген хабар түсті
Қазақстанда жаңа Конституция жобасы туралы референдум өтіп жатқан 15 наурыз күні Алматы қаласындағы Астана алаңында сағат 14.40 шамасында үш адамды полиция ұстаған: Алмат Жұмағұлов, Оралбек Өміров және Сүйіндік Алдабергенов.
Қазір олар Алмалы аудандық полиция бөлімінде отыр деп хабарлады жексенбі күні құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Алматы полициясы ұсталған азаматтар жөнінде әзірге түсініктеме берген жоқ.
Қазақстандағы Конституция жобасы жөніндегі референдумді бақылауға шетелден келгендер арасында ТМД бақылаушылар миссиясы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) референдумды бағалау миссиясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ҰҚШҰ парламент ассамблеясы сияқты ұйымдар бар.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) Қажеттілікті бағалау миссиясы (Needs Assessment Mission) 28 ақпанда Қазақстандағы референдумге дайындық барысын сынға алған. Бюро сарапшылары референдумге дайындыққа, сайлаушылардың жан-жақты ақпарат алып, таңдау жасауына аз уақыт берілгеніне ерекше назар аударған.
ДИАҚБ сарапшылары "уақыт аз берілгендіктен", 2026 жылғы 15 наурызда өтетін дауыс беруге референдумды бақылау миссиясын емес, шағын құрамдағы референдумды бағалау миссиясын жіберу жөнінде шешім қабылдағанын хабарлаған.
Астанада Жас сайлаушылар лигасы бақылаушысын полицияға әкетті
Лига өкілдерінің хабарлауынша, №85 референдум учаскесінде бақылаушы камерасын қосулы күйде қалдырып, тамаққа кеткені үшін учаскеден шығарылған. Ізінше оны полиция әкетіп, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар-жоғын тексерген.
Лига өкілдері сағат 14.00-дегі есебінде бұған қоса, №258 референдум учаскесінде "дауыс беру процесіне кедергі келтірді" деген уәжбен тағы бір бақылаушысын шығарып жібергенін жазды. МИСК территориялық сайлау комиссиясынан түсініктеме сұрап жатыр.
Ал Өскеменде №82 референдум учаскесінде бақылаушыны суретке түсіргені үшін учаскеден шығарып жібереміз деп сес көрсеткен. №71 учаскеде "еден жуамыз" деп барлық бақылаушыны ғимараттан шығарып жіберген.
Қазақстан соты қуғындағы оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Оралда тәуелсіз бақылаушылар “референдумды бақылаймыз” деп тіркелген азаматтардың жартысына жуығы учаскеге келмегенін хабарлады
Бүгін "Жария" мен "Абырой" ұйымдарының коалициясы қаладағы 136 учаскенің 59-ын қамтыған. Бірақ 14 наурызда кешке олар 104 учаскені қамтимыз деп ойлаған. Ал бүгін "референдумды бақылаймыз" деп тіркелген азаматтардың жартысына жуығы келмей қалған.
"Кейбір бақылаушылардың себебі белгілі, жұмыс орындарынан қысым жасалғандықтан олар бақылаудан бас тартты. Ал қалған бақылаушылардың учаскеге шықпау себебі түсініксіз. Біздің ойымызша бұл бақылаушылар тапсырма бойынша мандат алып, учаскеге шықпай қалды" деді коалиция өкілдері Азаттыққа.
Бұған дейін "Жария" өкілдері бақылаушылардың қысымға ұшырағанын айтқан. Бір күн бұрын белгісіз біреулер ұйымның екі өкілінің телефонын жарнама платформаларға жариялап, осылайша жұмыстарына кедергі келген. Ол жөнінде Азаттық бұған дейін жазған.