ОРК: Қазақстандық сайлаушылардың жартысынан астамы референдумге қатысқан
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, 15 наурыз күні сағат 14.00-дегі жағдай бойынша, азаматтардың 51,93 % немесе 6 471 378 адам бюллетень алған. Конституция жобасы бойынша референдумда елде сайлаушы ретінде тіркелген азаматтардың 51,93 % немесе 6 471 378 адам референдум бюллетенін алған. Қазақстан бойынша шамамен 12,5 миллион адам дауыс беру құқына ие.
Ең белсенді қатысып жатқан Абай, Ақмола, Ақтөбе облыстарында 60 пайыздан астам адам дауыс берген. Алматы қаласындағы көрсеткіш – 21 пайыз.
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, 15 наурызда түс кезінде Қазақстан Конституциясының жобасы бойынша референдумге елде сайлаушы ретінде тіркелген азаматтардың 37,54 пайызы дауыс берген. Яғни 4,6 миллион азамат референдум бюллетенін алған. Қазақстан бойынша шамамен 12,5 миллион адам дауыс беруге құқына ие.
Ең белсенді қатысып жатқандар Ақтөбе облысында тіркелді – сайлаушылардың 45,73 пайызы дауыс берген. Ең шабан көрсеткіш Алматы қаласында – 14,85 пайыз ғана дауыс берген.
15 наурыздағы референдумде қазақстандықтарға: "Сіз 2026 жылғы 12 ақпанда БАҚ-та жобасы жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген жалғыз сұрақ қойылып жатыр.
Осы кезге дейін Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаев, бұрынғы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, қазіргі парламенттің екі палатасының спикерлері, премьер-министр мен министрлер референдумге дауыс берді.
Жаңа Конституция жобасында қос палаталы парламенттен бір палаталы парламентке көшу және өзін-өзі парламент мүшелігіне ұсыну институтын жою көзделген – депутаттар партиялық тізім бойынша ғана сайлана алады. Жобада заң шығару бастама құқығы бар кеңесші орган – Халық кеңесін құру да көзделген. Бірақ оның қалай құрылатыны әзірге айқын емес. Тоқаев бұған дейін Халық кеңесіне мүше 166 адамды президент тағайындайды деп айтқан.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наруызда Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан №51 учаскеде Конституция жобасы бойынша референдумге дауыс берді. Содан біраз бұрын ол жерден полиция Азаттық тілшісі Жолдас Өрісбайды ұстап әкеткен.
Ақорданың баспасөз қызметі Тоқаев "отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді" деп хабарлады.
"Жаңа Конституция еліміздің аумақ тұтастығын, тәуелсіздігін және егемендігін бекемдейді, –деді әлі дауыс беру аяқталмай және дауыс санау басталмай тұрып жобаны "жаңа Конституция" деп атаған Тоқаев (сөзін Ақорда таратқан). – 1995 жылы қабылданған Конституция өз рөлін атқарды. Еліміз осы құжат бойынша 35 жыл өмір сүрді, бірақ уақыт бір орнында тұрмайды. Жаңадан Негізгі Заң қабылдайтын уақыт келді. Оны дайындауға өзім де белсенді қатыстым, Конституцияның кіріспесінің тұжырымдамасын және басқа да бірқатар ережелерді жеке өзім ұсындым. Жаңа Негізгі Заң елге және оның болашағына қызмет ететініне сенімдімін".
15 наурыздағы референдумда қазақстандықтарға: "Сіз жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда БАҚ-та жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген жалғыз сұрақ қойылады.
Конституция жобасында қос палаталы парламенттен бір палаталы парламентке көшу және парламент мүшелігіне өзін өзі ұсынудан бас тарту көзделген – депутаттар партиялық тізім бойынша бес жыл мерзімге сайланады. Жобада сондай-ақ заң шығару бастамасы құқығы бар кеңесші орган – Халық кеңесін құру көзделген. Әйткенмен, ол қалай құрылатыны нақтыланбаған. Тоқаев бұған дейін Халық кеңесіне 166 адамды президент тағайындайтын болады деп мәлімдеген.
Жоба президентке мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды лауазымдарға парламенттің келісімін күтпей-ақ жеке өзі тағайындайтын құзырет береді, ал қазіргі Конституция бойынша, мұндай шешімге парламент сенатының келісімі қажет.
Сыншылар жобаға енгізілген түзетулерді президенттік билікті одан ары күшейту және заң шығарушы билікті әлсірету деп санайды. Ақорда болса керісінше, онда тежеу және тепе-тең ұстау жүйесі күшейтілгенін, бұл елдің "ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз ететінін" айтып отыр.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жексенбі күні "Астана опера" театрындағы №228 референдум учаскесінде дауыс берді. Назарбаев ол жерге өзінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібаймен бірге келді. Бюллетеньді сайлау жәшігіне тастағаннан кейін экс-президент өзіне бағытталған камераларға қарай қол бұлғады, бірақ журналистермен сөйлесуге құлық танытпады.
Референдум учаскесінде тұрған тілшілер: "Нұрсұлтан Назарбаев, сіздің Конституцияңызды қайта жазып жатыр. Не айтасыз?" деп айқай салды.
Сол сәтте жәшікке бюллетеньді тастап, кетіп бара жатқан Назарбаев бірер секундқа кідіріп, тілшілерге бұрыла қарап жымиып, қолын сәл созып, кері қарай аяңдады.
Қазақстанда жаңа Конституцияға дауыс беріп жатқан күні бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев сол туралы пікірін айтып, "референдумды қолдайтынын" жеткізді. Оның пікірі ресми сайтында жарияланды.
"Уақыт тоқтамайды. Буын алмасады. Әр буын Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға өз үлесін қосуы тиіс. Біздің заман өкілдері тәуелсіздікті жариялап, шекараны белгілеп, елорданы тұрғызу арқылы өз міндетін орындады деп есептеймін. Қазір Қазақстанды одан әрі нығайтып, оның беделін көтеру қажет. Бұл бағытта аз жұмыс істеліп жатқан жоқ, соның ішінде мен қолдап отырған бүгінгі референдумның да маңызы зор. Өз уақытында мен Қасым-Жомарт Тоқаевқа таңдау жасадым және бұл таңдауым ешқашан өзгермейді. Осы Конституция Қазақстанымыздың игілігіне, халқымыздың берекесіне қызмет етсін деп тілеймін”" деді экс-президент Назарбаев.
Референдумге шығарылған жаңа Конституция жобасы Назарбаевтың биліктегі мұрагері Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген. 2019 жылғы наурызда президент лауазымына кіріскеннен бері бірінші президенттің көлеңкесінен шыға алмай келген Тоқаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін билік тізгінін мықтап ұстаңқырап, Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің билікке ықпалын бәсеңдете алды. Содан кейін көп ұзамай Тоқаев Конституцияны қайта қарауды ұсынып, оған енгізілетін түзетулерді референдумге шығарды. 2022 жылғы референдумнен кейін Конституциядан бірінші президентті дәріптеп, ерекше қорғау беретін баптардың бәрі, соның ішінде Назарбаевты "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" деп атаған сөйлем де алынып тасталды.
Бұл жолы жаңа Конституция жобасында қос палаталы парламенттен партиялық тізім бойынша сайланатын бір палаталы парламентке көшу көзделген. Оған қоса жоба президентке парламенттің келісімін күтпей-ақ негізгі лауазымды қызметке жеке дара өзі тағайындайтын өкілеттік береді. Ақорда бұл билікті тежеу мен тепе-тең ұстау жүйесін нығайтады деп сендіруге тырысса, сын айтушылар бұл жоба президенттің қызмет құзырын күшейтіп, бұрынғыдан да кеңейтеді дейді.