Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жексенбі күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан № 129 референдум учаскесінде дауыс берді. Журналистердің сауалына берген жауабында ол елдегі саяси өзгерістерді референдум арқылы шешу "күнделікті саяси өміріміздің нормасына айналды" деді.
Азаттық тілшісі мемлекеттік кеңесші Қаринге "Конституция тағы өзгермей ме?" деген сұрақ қойды.
Астанада байқаушыларды екі учаскеге кіргізбеді
"Мұқалмас" ұйымының байқаушылары Астана қаласындағы №46 және №63 референдум учаскелеріне кіре алмады, учаскеге оларды "орын жоқ" деп кіргізбей қойған. Бұл жөнінде байқаушылардың өздері хабарлады. Кейбірі жексенбі күні ертемен таңғы сағат 5.40 кезінде барса да, "учаске ішінде орын жоқ" деген уәж естігенін айтады.
Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев 15 наурыз күні Астанадағы Ұлттық кітапхана ғимаратында орналасқан референдум учаскесінде дауыс берді.
Азаттық тілшісі сенат төрағасынан: "Егер референдумда халық жаңа Конституцияны қолдамаса, Конституцияға түзету енгізу идеясы кейінге шегеріле ме? Әлде билік жобаны қайта қарастырып, қайта ұсына ма?" деп сұрады.
Мәулен Әшімбаев "бүгін халқымыз қандай шешім қабылдайды, солай болады" деген жауаппен шектілді.
Алматыдағы референдум учаскесінен Азаттық тілшісін шығарып жіберіп, кейін кешірім сұрап қайта кіргізді
Алматыдағы Жетісу аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Жаннат Мұрынова №350 референдум учаскесінің ашылуын және алғашқы дауыс берген азаматтарды суретке түсіріп жүрген Азаттық тілшісі Кенжебек Нұрқасенұлын "Сіз жұмыс істейтін БАҚ Орталық референдум комиссиясында тіркелмеген" деп, референдум учаскесінен шығарып жіберді.
Азаттық тілшісі қолында Сыртқы істер министрлігі берген аккредитациясы барын айтып, редакциялық тапсырмасын тіркеткенімен, аумақтық сайлау комиссиясы жетекшісі журналистің учаскеден кетуін талап етті.
Сәлден кейін аумақтық сайлау комиссиясы жетекшісі Азаттық тілшісінен кешірім сұрап, референдум учаскесіне кіруіне рұқсат етті.