Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов жексенбі күні Астанадағы №128 референдум учаскесінде дауыс берді.
Азаттық тілшісі мәжіліс спикері Қошановқа ''Конституцияның тым жиі өзгеруіне алаңдамайсыз ба?” деген сұрақ қойды.
Қазақстанның Орталық референдум комиссиясының дерегі бойынша, дауыс беру құқығына ие 12,4 миллион Қазақстан азаматы тіркелген. Дауыс беруге қатысатындар референдум бюллетеніндегі: "Жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген жалғыз сұраққа жауап беріп, өз таңдауын жасауға тиіс.
ОРК хабарлауынша, елдегі дауыс беру учаскелерінің басым бөлігі жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7-де ашылады, ал жекелеген арнайы учаскелер одан бір сағат бұрын жұмысын бастайды. Ресми дерек бойынша, елде 10,4 мыңнан астам референдум учаскесі бар, оның 600-ден астамы – арнайы учаскелер – медицина мекемелері, әскери бөлімдер, перзентхана және өзге орындарда орналасқан.
Бұған қоса, Қазақстанның 54 елдегі дипломатиялық өкілдіктерінде 71 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Әуелгіде 64 шет мемлекетте 82 сайлау учаскесі ашылады деп жоспарланған, бірақ Таяу Шығыста жағдай күрт ушығып кетуіне байланысты Сыртқы істер министрлігі 11 сайлау учаскесін жабуды ұйғарған.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, жексенбі күні Оңтүстік Корея мен Жапония астаналарындағы қазақстандықтар бірінші болып дауыс берген.
Қазақстандағы референдум учаскесінде дауыс беру жексенбі күні сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Бұл жолғы референдумге қазынадан шамамен 20,8 миллиард теңге (42 миллион долларға жуық) қаржы бөлінген.
Қазақстан заңы бойынша, егер ресми тіркелген сайлаушылардың кемінде жартысы дауыс беруге қатысса, референдум өткен болып саналады.