Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басып кіргелі бері соғыста 43 мың украин сарбазы қаза болғанын мәлімдеді. 370 мың жауынгер жараланған. Зеленскийдің сөзінше, жараланғандардың шамамен жартысы емделгеннен кейін қатарға қосылады.
Зеленский сонымен бірге Ресей соғыста шамамен 200 мың әскерінен айырылғанын, 550 мың солдаты жараланғанын айтты.
Ресей әскері соғыста қанша адамынан айырылғанын хабарлаған жоқ. BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" соғыста опат болған 82 мың ресейліктің аты-жөнін анықтаған. Шын мәнінде адам шығыны одан да көп болуы мүмкін.
Зеленскийдің сөзінше, қыркүйек айынан бері майдандағы адам санының қатынасы 5–6: 1 болған. (яғни, бір украин сарбазына 5-6 орыс солдаты келеді). Ол Украина бейбітшілікті қалайды, алайда бейбітшілік "бірнеше қағазға қол қойып шеше салатын" нәрсе емес деді.
Украина басшысы қауіпсіздікке кепілдік болмаса, Ресей кез келген уақытта Украинаға басып кіруі мүмкін деп алаңдайтынын жеткізді. Зеленский Украина Америка және өзге елдердің көмегімен әділ шартпен бейбітшілікке қол жеткізеді дегенге үміт білдірді.
Бүгін қантөгісті тоқтатып, бейбітшілік туралы келіссөзге АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамп шақырған. Ол Украинадағы соғыста екі жақтан өлгендер мен жаралағандардың саны бір миллион адамға жеткенін айтты. Бұл бейресми мәлімет.
ПІКІРЛЕР