Accessibility links

Шалғай ауыл тұрғындары аурухананы өздері салып жатыр


Кытыл-Дюра кентінде өз күштерімен аурухана салып жатқан тұрғындар құрылыс басында тұр. Саха републикасы, Ресей.
Кытыл-Дюра кентінде өз күштерімен аурухана салып жатқан тұрғындар құрылыс басында тұр. Саха републикасы, Ресей.

Ресейдің шалғай түкіпіріндегі Кытыл-Дюра ауылының тұрғындары өртеніп кеткен жергілікті аурухананың орнына жаңасын өз күштерімен салып жатыр. Билік шалғайдағы елдімекенге жаңа емдеу мекемесін салуға "ақша жоқ" деген уәж айтқан.

Ресей құрамындағы Саха республикасының (Якутия) Кытыл-Дюра ауылындағы емханаға 2017 жылы жай түсіп жанып кеткен. Билік "жаңасын салуға мемлекетте ақша жоқ" деп мәлімдегеннен кейін жергілікті тұрғындар емдеу мекемесі ғимаратын өздері салып алуды ұйғарған.

"Аурухананы өзіміз салайық" деген бастаманы наслег (Саха елінде кенттерді осылай атайды – ред.) басшысы Вероника Лотова мен өртеніп кеткен аурухананың бас дәрігері Марианна Дьячкова көтерген.

- 2017 жылы тамызда найзағай түсіп, ағаштан салынған учаскелік аурухана түп-орнымен өртеніп кетті, ештеңені құтқарып қала алмадық. Кезінде осы жаққа жұмысқа барып, аурухананы басқар деп ұзақ үгіттегенде, адамдарды медициналық көмексіз қалдыруға болмайды ғой деген оймен көніп едім. Енді міне, жұрт мүлде ауруханасыз қалды, - дейді Дьячкова.

Қазір бас дәрігер науқастарды бір кездері ауылға жұмыс істеуге келген дәрігерлер үшін салынған шағын үйде қабылдап жүр. Енді ол жерден тәулік бойы жұмыс істейтін шағын стационар да ашуды жоспарлап отыр. Екеуі балаларға, екеуі ересектерге арналған төрт орындық стационарға Қытыл-Дюра тұрғындары ғана емес, көрші ауылдан да науқастар келіп жататын болады. Ал қазір жергілікті тұрғындар өз күштерімен отын қоймаға жапсарлас етіп салып жатқан 80 шаршы метр бөлмеге ауылдық амбулатория, қарапайым тілмен айтқанда, емхана орналасатын болады.

Кытыл-Дюра ауылы тұрғындары құрылыс басында тұр.
Кытыл-Дюра ауылы тұрғындары құрылыс басында тұр.

Ауыл тұрғындары биліктен жаңа аурухана салып беруді бір жылдай сұраған, Саха республикасының басшысына, денсаулық сақтау министрлігіне, аймақ үкіметіне жүгінген, бірақ қайда барса да "ақша жоқ, әрі сендер ауруханалар салу жөніндегі мемлекеттік жобаға кірмейсіңдер" деген жауап алған.

- Ал бұл жерге аурухана керек. Су тасқыны жолды жиі шайып кетеді де, аудан орталығына жете алмай қаламыз. Адамдар ауруханасыз қалай өмір сүреді. Якутскіге барып, құзырлы мекемелердің кабинеттерін қағып, табалдырығын тоздырдық. Мынау сұмдық жағдай екен, бұлай болмауы тиіс, әрине. Кімге жүгінсек те, ешкімнен қайыр болмады. Құзырлы деген мекеменің бәріне жаздық, ал әлгі хаттарымыз өзімізге кері қайтып келгенде не күлерімізді, не жыларымызды білмедік, - дейді Дьячкова.

Оның сөзінше, ол – жалпы практика маманы – жаңа ауруханада әзірше жалғыз дәрігер бола тұрады. Дәрігерлер ауылға көшкісі келмейді. Сондықтан арнайы маманданған дәрігердің кеңесі қажет тұрғындардың ұлысқа (Саха республикасындағы аудан орталығы – ред.) баруына тура келеді. Бірақ кей дәрігерлер жылына бір рет келіп, тұрғындарды медициналық тексеруден өткізеді.

- Психиатр, невропатолог, нарколог, тіс дәрігері, – деп тізбеледі Марьяна Дьячкова.

- Ал мысалы, кардиологтың кеңесі қажет болса ше?

- Кардиологымыз аудан орталығында, жұмысы көп – ол кісі жедел жәрдемнің де меңгерушісі. Сондықтан қажет болған кезде ғана шақырамыз.

- Емханаға арналған медициналық жабдықтар бар ма?

– Әзірше ең қажеттілері ғана бар. Көп жабдықтар әлі жоқ...


Тұрғындар амбулаторияны өздері салып алуды ұйғарған кезде оны кім салады және қандай ақшаға саламыз деген мәселе туған. Ақыры ақша жинап, құрылыс бригадасын жалдаған, өздері де білек сыбанып кіріскен. Құрылыс материалдарын жұрттан жинауға тура келген. Бүкіл ауданнан көркем өнерпаздарды шақырып бірнеше рет қайырымдылық концерт өткізіп, 200 мың рубльдей қаржы жинаған. Кент басшысы Вероника Лотова "өзге амалымыз болмады" дейді.

- Құрылысты бастайтын кез жетті, өз қолымыздан да бірдеңе келетінін жұрттың бәріне, оның ішінде билікке дәлелдеу керек деген ортақ пікірге келдік. Депутаттарға жолығып, олардан да көмек сұрадық. Кейбірі көмектесті, - дейді Лотова.

Саха республикасы заң шығару органы депутаттарының бірі құрылысқа 700 мың рубльдің материалдарын бөлген. Енді бірі техника жағынан көмектескен. Қазір ғимараттың қабырғасын көтеріп қойған, жуырда ішін сылап-сырлауды бастап, тамыздың аяғына қарай құрылысты толық аяқтауды жоспарлап отыр.

Аурухананы, әрине, мемлекет салып беріп, қазіргі заманға сай жабдықтармен қамтамасыз етуі тиіс. Бірақ біз қалағандай қайдан болсын

Хангалас ауданы әкімшілігі қызметкері Александра Алексеева мемлекеттік құрылымдардың міндетін тұрғындардың өз мойнына алуына тура келгенінде тұрған түк жоқ деп санайды.

- Адамдар өз ауылы үшін бірдеңе істеуге қуана-қуана кірісті. Ол ауыл аудан орталығынан (Покровск ауылы) мүлде алыс, сондықтан ол жақта инфрақұрылым жағы өте қиын. Ауылға көктем сайын су жайылады, сондықтан ол жақта тұратын адамдар өте тату әрі бір-біріне көмектесу керектігін біледі. Меніңше, аурухананы да сол себепті сала бастады. Қашан көшіреді деп қол қусырып күтіп отырмай, жағдайды өз қолдарына алды. Елдімекен әкімшілігі өзіне жауапкершілік алып, адамдарды жұмылдырып, қолдағаны өте дұрыс болды, - дейді ол.

Шенеуніктің сөзінше, Саха республикасының шалғай ауылдарынан бұл кенттің онша ерекшелігі жоқ.

- Ал баға жайлы айтар болсақ, соншалықты шарықтап тұрған жоқ, бірақ сәл қымбаттау, өйткені жол алыс қой. Балабақша, мектептер, дүкендер бар, сондықтан тіршілік етуге болады. Ол жақ жердің түбі емес, кәдімгі якут ауылы. Бір жақсысы, ол жақтың жастары ауылдан ешқайда кетпей, тіпті үй салып жатыр. Әсем табиғаты мен таза экологиясын қимайды. Ауыл шаруашылығымен айналысатын адамға таптырмайтын жер. Ал негізі, аурухана керегі рас ,- дейді ол.

Кытыл-Дюра ауылында аурухана үйін өз күштерімен салып жатқан тұрғындар.
Кытыл-Дюра ауылында аурухана үйін өз күштерімен салып жатқан тұрғындар.

Жергілікті тұрғын Елена (аты-жөнін көрсетпеуді өтінді) аурухана құрылысына өзінің де қатысқанын айтып берді. Бірақ енді "ғимаратты жұрт өз күштерімен салып бітіреді-ау, ал оны тексеруші мекемелер пайдалануға рұқсат бермей қоймаса қайтеміз" деп қауіптенеді.

- Аурухананы, әрине, мемлекет салып беріп, қазіргі заманға сай жабдықтармен қамтамасыз етуі тиіс. Бірақ біз қалағандай қайдан болсын. Күйеулеріміз бір күннен барып, көмектесті, кейін әйелдер барып тесіктерін тығындап, майладық. Мен де бардым. Жиналыс болып, аудан орталығынан дәрігерлер келіп өзіміз сала алмаймыз, халық көмектессін деді. Сондықтан көмектестік. Ал ауылда ауруханасыз болмайды ғой. Мүлде болмайды. Аудан орталығына дейін 200 километр.

- Емхананы өз қолдарыңмен салуға тура келеді дегенге жұрттың бәрі түсіністікпен қарады ма?

- Бір адам қалмай көмектесті. Біреулер концертпен ауылдарды аралады, енді біреулер ақшалай берді, біреулер өртеніп кеткен ескі аурухананың орнын тазалады. Ал құрылысты бастаймыз деп жариялағанда шамасы келгендердің бәрі барып көмектесті. Құрылысты прораб басқарды, бұл жақта халық шетінен құрылысшы. Қазір құрылыс әзірше тоқтап тұр, ол жерде істейтін жұмыс көп әлі, алайда толық салып бітіреміз деп айтқан болатын. Бірақ пайдалануға рұқсат бере ме, жоқ па – сол белгісіз болып тұр. Өртке қарсы мекеме де рұқсат бере ме, білмейміз. Ағаш ғимарат қой, отын қоймасының жанына салды. Мына ағаш үй емес, жаңа аурухана салып берсе, әрине қуанар едік. Қайтеміз, қандай болса да, жоқтан тәуір ғой, әйтеуір. Егер болса... Егер қабылдаса...

- Ал ғимаратты пайдалануға рұқсат бермей қойса ше?

- Амалын ойластырамыз. Бізден жоғары отырған адамдар бар. Біз жай адамдармыз, бізге не айтса, сол болады...

Саха республикасы денсаулық сақтау министрлігі кент тұрғындарының емхананы өз күшімен салып жатқанына қатысты комментарий бермеді.

("Сибирь. Реалии" сайты тілшісі Александр Валиевтің мақаласы орысшадан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG