Accessibility links

Мемлекет Оралдағы футбол клубын қаржыландырудан бас тартты. Бұған су тасқынының қандай қатысы бар?


"Ақжайық" және "Хан тәңірі" футбол командалары арасындағы ойын. 22 мамыр, 2024 жыл.
"Ақжайық" және "Хан тәңірі" футбол командалары арасындағы ойын. 22 мамыр, 2024 жыл.

Батыс Қазақстан облысындағы жалғыз кәсіби футбол клубы "Ақжайық" 2024 жылы мемлекеттік бюджеттен ақша алмады. Футболшылар басқарушы компания есебінен ойнап жүр. Билік клубқа бөлінуге тиіс 400 миллион теңге (900 мың долларға жуық) су тасқыны шығындарын жабуға жұмсалды дейді.

БАНКРОТТЫҚ ЖӘНЕ ҚЫСҚАРҒАН БЮДЖЕТ

Батыс Қазақстан облысындағы "Ақжайық" клубы 55 жыл бұрын құрылған. Бұл – өңірдегі жалғыз кәсіби клуб. 2019 жылы футбол клубы банкрот деп танылды. Себебі, клуб әкімдікке 200 миллион теңгеден астам қарыз болған. Оған дейін футбол клубының басты қаржы көзі – жергілікті атқарушы билік органы еді.

Банкрот болып жарияланған клубты 10 жылға жекеменшік компанияға сенімді басқаруға берген. Осылай футбол клубы кәсіпкер Гүлдария Қауиева мен "Ақжайық футбол клубы" ЖШС қолына өтті. Өңірдегі балалар мен ересектердің кәсіби командасы жаттығатын стадионды Қауиеваның күйеуі Оралбай Жақсымбетовтың компаниясы қарауына алған.

"Ақжайық" футбол клубының басшылығы баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Орал, 12 маусым, 2024 жыл.
"Ақжайық" футбол клубының басшылығы баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Орал, 12 маусым, 2024 жыл.

– Міндетіміз – лицензия алу, футболды дамыту, жастарды тарту және негізгі команданы қамтамасыз ету. Жұмысқа кірісіп, клубтың қарызын жаптық. Қазірге дейін өз міндетімізді адал атқардық (...) 160 миллион теңгеге еденді, ғимараттың қасбетін жөндедік. Ескірген құбырларды ауыстырдық. Осы жазда ішкі әрлеу жұмыстарын бастаймыз деп отырғанбыз, – деді компания басшысы Гүлдария Қауиева 11 маусымда Оралда өткен баспасөз мәслихатында.

Кәсіпкер үш жылда күйеуі екеуі команданы дамыту мен стадионды жөндеу жұмыстарына біраз қаржы құйғанын айтады. 2023 жылы облыстық спорт басқармасы футболға бөлінетін қаржыны қысқартып тастаған. Бұрын берілетін 1,1 миллиард теңге 400 миллионға дейін азайған.

– Өз қалтамнан тағы 400 миллион салуға тура келді. Осыған қарамастан, соңына дейін ешкімді жұмыстан шығармадым. Балаларды да таратқан жоқпын. Кейін 20 жаттықтырушыны жұмыстан шығарып, 400 баланы таратуға тура келді, – деді Қауиева брифингте.

"Ақжайықтан" кеткен балалар жаңадан ашылған балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебіне барған. Онда балалар кәсіби болмаса да, футбол ойнап жүр.

– 700-ге жуық бала "Ақжайық" мектебінде кәсіби түрде футболмен айналысқан. Мектеп УЕФА бақылауында, оның жұмысын Қазақстан футбол федерациясы қадағалайды. Бұл кәсіби білімі жоқ жаттықтырушыға келіп, бір сағат сабақ алып қайту емес. 20 қабілетті баланы кәсіби ойыншы болады деп арнайы таңдап алған. Олар облыс намысын қорғайды, команданы сақтап қалуымыз керек, – дейді клубтың бас жаттықтырушысы Артур Авакянц.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАУ ЖӘНЕ СТАДИОНДЫ ТАРТЫП АЛУ

2024 жылы ақпанда стадион басшысы, бұрын спортты дамыту дирекциясын басқарған Оралбай Жақсымбетов 57 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл – футболдың дамуына бюджеттен бөлінген қаржы. Қазір Жақсымбетов тергеу абақтысында қамауда отыр.

– Бұл күлкілі айып: өз қалтасынан қанша ақша салып, қайдағы бір 57 миллионды ұрлай ма? Оны қайтсін? Аудит тексеруі клубқа екі түрлі көзден қаржы түскені анықтады. Бірі – балаларды чемпионатқа дайындауға, екіншісі ArtSport бағдарламасы бойынша (клуб сырттан келген футболшыларды кәсіби емес жарыстарға дайындап, сол үшін бюджеттен ақша алған – авт.) бөлінген. Құрылтайшы болғандықтан, маған қарсы да іс қозғады, – дейді Гүлдария Қауиева.

Ол 2020-2022 жылдары клубты өзі тағайындаған басқа кісі басқарғанын айтады. Қылмыстық іске негіз болған заңбұзушылықтар дәл осы кезде жасалған.

– Бізді ArtSport бағдарламасы бойынша бөлінген 57 миллион теңгені жымқырды деп айыптады. Екі көзден қаржы алып, тиісті қызмет көрсетпей, ақшаны өз қалтасына басып қалған дейді. ArtSport бағдарламасы арқылы бөлінген қаржының клубтың басқа шығындарын жабуға жұмсалғанын сылтауратып отыр. Қаржы түскенде, қай мәселе күйіп тұрса, ақшаны соған жұмсайтынымыз рас. Мысалы, чемпионатқа аз уақыт қалып, спортшыларға билет алу керек болса, ақшаны соған аударамыз. Облыстық спорт басқармасы негізгі тендерді қашан ойнатады деп күтіп отыра алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бар "тесігімізді" жабуға тырыстық, өйткені ақша жетпейтін, – деді Қауиева.

Билік сот шешімімен стадионды да алып қойған.

– Төрт жылдан кейін стадион мен ойын алаңын алып қойды. Сот стадионды мемлекетке қайтаруды "жекеменшік компания төрт жылда бірде-бір жөндеу жұмысын жүргізбеген" деп түсіндірді. Шын мәнінде стадионды сенімді басқаруға алған жылдары өте көп жұмыс жасадық, – дейді Гүлдария Қауиева стадионның жаңарған тұстарын тізіп.

АҚША СУ ТАСҚЫНЫНА КЕТТІ МЕ?

2023 жылы "Ақжайықтың" бюджетін қысқартып тастады. Билік мұны 2022 жылы команданың жақсы нәтиже көрсете алмауымен байланыстырды.

2024 жылы футбол командасын қаржыландырудың жалғыз көзі болып отырған жыл сайынғы тендер өтпей қалды. Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин тендер байқауы заң талабы бойынша екі рет өткенін, біріншісінде компаниялардың құжаты дұрыс болмағанын, екіншісінде байқауға ешкім қатыспағанын айтты. Спорт басқармасы бір көзден берілетін тендер лотын үшінші рет өткізу құқығын пайдаланбаған.

– Мұның екі себебі бар. Су тасқыны жағдайында шығындар қайта қаралды. Екіншіден, ақпарат құралдары футбол клубы құрылтайшысының күйеуіне қарсы қылмыстық іс қозғалды деп жазды. Кінәсі бар-жоғын білмеймін, бірақ ақша футболшыларға ғана жұмсалмауы мүмкін, – дейді Жеңіс Нығметуллин.

Ол биыл "Ақжайық" футбол клубы бюджеттен ақша алмайтынын айтты. Бірақ клубты келер жылы қаржыландыру жоспарда бар. Облыс билігі үш балалар командасына бөлек ақша бөліп отыр. Бірақ ереже бойынша, негізгі ересек команда біріншілікке қатыспаса, балалар командасы да жарысқа жіберілмейді.

– Клуб жабылады деген сөз емес. Өңірдегі футболды біржола жауып тастайтын ойымыз жоқ. Бұл спорт түрін дамытқымыз келеді. Келер жылы бюджеттен 400 миллион теңге бөлу қарастырылған, – дейді Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының басшысы.

Футбол клубының директоры Манарбек Ержанов қаржыландыру мәселесі шешілмесе, "Ақжайық" қайта банкрот болуы мүмкін дейді. Бас жаттықтырушы ақша болмаса, жаттығу тоқтайды, ал бұл ойыншылардың деңгейіне кері әсер етеді дейді.

Клуб қызметіне жылына кемі 750 миллион теңге керек.

2022 жылғы маусымда "Ақжайық" Қазақстан премьер-лигасында ойнап, соңғы (14) орын алған.

"Қазақ балаларынан Месси мен Роналду секілді футболшы шығарғым келеді"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:50 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG