26 қазанда Ресей қорғаныс министрлігі бас штабының басшысы Валерий Герасимов Украина қарулы күштерінің бөлімшесі Покровск пен Мирноград маңында қоршауға алынғанын, Купянск қаласы да қоршалғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Владимир Путин қатысқан жиналыста айтып, есеп берді.
Бірақ Украина қорғаныс министрлігіне жақын DeepState жобасы мен америкалық Соғысты зерттеу институтының (ISW) деректерінде мұндай ақпарат жоқ. Бұған қоса кейінгі уақытта Покровск бағытында Ресей әскері ғана емес, Украина әскері де алға жылжыды. Мәселен, Украина Покровскінің солтүстік-шығысындағы Сухецкое ауылын қайтарып алған.
Донбасс аймағындағы Покровск қаласының маңында қазір не болып жатыр? "Настоящее время" телеарнасының тілшісі Андрей Кузаков хабарлайды.
ДРОНДАР МЕН ЖАЯУ ӘСКЕРДІҢ ШАЙҚАСЫ
Покровск маңында Украина әскерилері қоршауда қалған жоқ. Бұл туралы ресейлік z-каналдарда да жазып жатыр. Мәселен, "Военный осведомитель" телеграм-каналы "қазіргі сәтте 6-7 бригаданы қоршауға алған жоқ" дейді. Ал z-блогер Владимир Романов "есеп беріп айтқан ақпараттары майдандағы жағдаймен тағы да сәйкес келмейді" деп жазды.
Бірақ Украина әскерінің Покровскідегі жағдайы жақсы деп айтуға да келмейді.
Украина қарулы күштерінің осы бағытта соғысып жүрген әскерилерінің сөзінше, Ресей қалаға бір-екі солдаттан жіберіп жатыр. Украиналықтар ресейлік солдаттарды қаланы екіге бөліп тұрған теміржолдың маңынан көрген.
Украина тарабы жаяу әскер жетпей ресейлік солдаттар сытылып кетіп жатқанын айтады.
Ресейдің екі-үш солдаты Украинаның жаяу әскерінің ту сыртынан келіп, атысқа көшеді. Олар дрон пилоттарымен де, минометшілермен де атыса береді.
"Қарсылас позициялар арасындағы кеңістікке жаяу солдаттарды аз-аздап жіберіп, қалаға екі жүздей әскери жинап алды. Елдімекендерде атыс жалғасып жатыр. Дрон бөлімі де жұмыс істеп жатыр. Жаудың дендей еніп, қаладағы ғимараттарға орналасу талпынысының жолын қарымта диверсиялық шабуылдармен кесіп жатырмыз" дейді Украина қарулы күштерінің бас штабы.
Ресей әскері қалаға барар логистикаға қатты соққы жасаған. Мәселен, Покровскіге автокөлікпен кіру өте қиын. Сондықтан жаяу әскер, дрон пилоттары, минометшілер позицияларына жету үшін қару-жарақтарымен шақырымдап жаяу жүруге мәжбүр.
Покровск шайқасында Украина дрон жағынан алда. Шайқас кезінде бірнеше бағытқа дрондар жібереді. Бірақ Ресейдің дрондарды қағып түсіретін радиоэлектронды күрес құралдары күшті. Мәселен, Ресейдің шабуылдауға келе жетқан жаяу әскеріне қарсы аттанған украиналық дрондар діттеген жерге жете алмай құлап қалды. Бұл сәтке "Настоящее время" тілшілері куә болды.
ПОКРОВСК НЕ ҮШІН МАҢЫЗДЫ?
Әртүрлі ақпаратқа қарағанда, Покровскіге 200-ден 400-ге дейін ресейлік солдат кіріп алған. Әскери сарапшының сөзінше, егер ресейліктерді қаладан қуып шықса жағдай тұрақталады, ал шығара алмаса логистика толық жабылып, Покровск ғана емес Мирноград үшін де мәселе туындайды. Қазір Мирноград қаласы Украина әскерінің бақылауында.
"Украиналықтар бұл аумақты азат етсе, Ресей әскері Покровскіге әріқарай кіре алмайды. Сол кезде шынымен қорғаныс тұрақталады. Ал бұлай болмаса Покровск пен Мирноград ішіне шайқасқа жіберілген украиналық әскерилер ресейліктерді тоқтата алмауы мүмкін. Себебі Ресей командирлерін қанша солдатының өлетіні алаңдатпайды" дейді әскери сарапшы Ян Матвеев.
Тағы бір әскери сарапшы Днепропетровск облысы бағытында да мәселе туындауы мүмкін екенін айтады.
"[Украина] Покровскіден айырылса Мирноград үшін жағдай қиындайды. Бұл Днепропетровск облысына да жол ашады. Бұған қоса, Путин Донецк облысын толық алғысы келетінін естідік. Ал Покровск пен Мирноград Донецк облысының бір бөлігі. Бұл ақпараттық жағынан тиімді, яғни, жеңіске жеттік деп айтуға себеп болады" дейді әскери сарапшы Денис Попович.
Қазір Покровскідегі қорғанысты ұстап тұрған Украинаның десантты-шабуылдаушы әскерінің жетінші корпусы "қалаға шабуылдайтын әскерилер, артиллерия және дрон экипажы көмекке келе жатқанын" хабарлады.