Accessibility links

Түркі саммиті: Тоқаев "бұл геосаяси жоба емес" деді, бірақ геосаясат туралы көп айтылды

Түркі мемлекеттері ұйымы саммиті. Түркістан, 15 мамыр, 2026 жыл.

15 мамырда Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Ұйымға мүше елдердің басшылары, бақылаушы елдердің өкілдері қатысатын жиында Қазақстан президенті бұл ұйым "геосаяси да, әскери де ұйым емес" деді. Түркия және Өзбекстан президенттері интеграцияны барынша күшейтуге шақырды.

ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІ ОРТАЛЫҒЫ ЖӘНЕ ТЕРМИНОЛОГИЯ КОМИССИЯСЫ

Қазақстанның Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қалада Түркі өркениеті орталығы құрылатынын мәлімдеді.

"Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды. Сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі", – деді Тоқаев. Ол орталық құру туралы бастаманы қолдағаны үшін жиналған меймандарға алғыс айтты.

Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті, Түркістан, 15 мамыр, 2026 жыл.
Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті, Түркістан, 15 мамыр, 2026 жыл.

Оның айтуынша, түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру да маңызды. Сол ұйымға мүше мемлекеттердің ғылыми сарапшылары кіретін мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынды.

Бұған қоса ол бұл ұйымды "әскери альянс" деп сипаттап жүргендер бар екенін айтты. "Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды",– деді Қазақстан президенті.

"Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң",– деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ЕРДОҒАН: ҚОРҒАНЫСТЫ КҮШЕЙТУ КЕРЕК

Есесіне басқа елдердің басшылары геосаяси, геоэкономикалық ұсынысты көп айтты.

Қазақстанға саммиттен екі күн бұрын мемлекеттік сапармен келген Түркия президенті аймақтағы дағдарыс кезінде түркі әлемі өзара үйлесімді жұмыс істеп, күш біріктіруі керек деді және аймақтағы кикілжіңдер мен күн сайын артып келе жатқан цифрлық қауіп-қатер қауіпсіздік саласында да ауызбірлік керегін анық көрсетті деді.

– Палестина, Ливан, Иран, Украина және басқа елдердегі дағдарыстар қорғанысымызды күшейтіп, өнеркәсіп саласында ынтымақтастықты арттыру керегін аңғартты, – деді Ердоған Түркістан қаласындағы жиында.

Ердоған көлік және байланыс жобалары, әсіресе Шығыс пен Батысты байланыстыратын "Орта дәліз" ТМҰ үшін стратегиялық басымдық болып қала беретінін айтты.

"Ормуз бұғазындағы дағдарыс көрсетіп отырғандай, түркі әлемін байланыстыратын көлік жобалары, соның ішінде "Орта дәліз" алда көп жыл бойы біздің басты басымдығымыз болып қала бермек. Түркия қорғаныс өнеркәсібінде жоғары технологияны пайдалана отырып жинаған тәжірибесін ұйымға мүше елдермен бөлісуге дайынбыз", – деді ол.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті. Түркістан, 15 мамыр, 2026 жыл.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті. Түркістан, 15 мамыр, 2026 жыл.

Бұған қоса ол мәдени-гуманитарлық саладағы интеграцияны да күшейтуге шақырды, соның ішінде ортақ түркі әліпбиіне ерекше тоқталды.

"Ортақ түркі әліпбиінің білім беруден мәдениетке, академиялық ынтымақтастықтан цифрлық трансформацияға дейінгі кең ауқымда қолданылуы маңызды", — деді Режеп Тайып Ердоған.

"Ортақ түркі әліпбиі" — тілдік, мәдени және цифрлық интеграцияны тереңдету мақсатында түркітілдес елдердің өзара ынтымақтастығы нәтижесінде әзірленген латын графикасына негізделген жазу жүйесі.

Түркі мемлекеттері ұйымының жанындағы тіл мамандары мен тіл білімі институттары 2024 жылы мақұлдаған бұл жүйе түркі тілдеріне ортақ дыбыстарды бейнелейтін және ұлттық ерекшеліктерді ескеретін 34 қаріптен тұрады.

Ұйымға мүше бірнеше мемлекет, соның ішінде Түркия, Әзербайжан және Өзбекстан латын әліпбиін қолданып келеді, ал Қазақстанда бұл процесс басталғанымен, соңғы жылдары түрлі себептермен кідіріп қалды.

"ТҮРКІЛЕРДІҢ ЦИФРЛЫҚ ДӘЛІЗІ" ЖӘНЕ КИБЕРҚАУІПСІЗДІК АЛЬЯНСЫ

Бейресми саммитте сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев "Цифрлық түркі дәлізін" және киберқауіпсіздік альянсын құруды ұсынды.

Мирзияевтің айтуынша, түркі елдері жасанды интеллект саласында ортақ ынтымақтастық желісін құрып, заманауи технологияларды бірлесе дамытуы керек.

Бұл дәліз өңірлік дата-орталықтарды жоғары жылдамдықты байланыс арналары арқылы біріктіреді деп жоспарланған. Мирзияев Өзбекстанның дата-орталықтар құрылысына шамамен 6 миллиард доллар инвестиция тартқанын мәлімдеді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммитінде. Түркістан, 15 мамыр, 2026 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммитінде. Түркістан, 15 мамыр, 2026 жыл.

Сондай-ақ, өзбек президенті цифрлық инфрақұрылымды қорғау және киберқауіпке бірлесіп қарсы тұру үшін "Түркі киберқауіпсіздік альянсын" құруды ұсынды.

Бұған қоса Өзбекстан басшысы экономика мен интеграция мәселелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жиынтық экономикалық әлеуеті 2025 жылы 2,4 триллион доллардан асты, ал ұйым елдеріндегі жалпы экономика өсімі әлемдік көрсеткіштен екі есе жоғары болды.

Өзбекстан президенті өз елінің ұйымға мүше елдермен тауар айналымы өткен жылы 14%-ға өскенін атап өтті.

"Жаңа дәуірде елдеріміздің интеллектуалдық әлеуеті мен жасампаздық күшін біріктіре алсақ, түркі әлемі озық шешімдер мен тұрақты даму кеңістігіне айналады", — деді Шавкат Мирзияев.

Ал Қырғызстан президенті Садыр Жапаров саммиттің жасанды интеллект пен цифрлық даму тақырыбы қазіргі әлемдік үрдістерді көрсететінін, өйткені технологиялар экономикалық өсу мен жаһандық бәсекенің негізгі факторына айналғанын баса айтты.

Ол дербес геоэкономикалық және технологиялық орталық құру үшін цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақты нығайту маңызды екенін айтты.

"ЦИФРЛЫҚ ЖІБЕК ЖОЛЫ" ЖӘНЕ ЗАНГЕЗУР ДӘЛІЗІ

Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев ТМҰ аясындағы интеграция Еуропа мен Азия арасындағы "Цифрлық Жібек жолы" жобасы аясында жүзеге асып жатқанына тоқталды. Соның арқасында Әзербайжан мен Қазақстан арасында Каспий арқылы талшықты-оптикалық кабель желісі "жақын айларда іске қосылады" деді ол.

Әлиев те "Орта дәліздің" маңызына тоқталды.

"Қазіргі жаһандық геосаяси жағдайда "Орта дәліздің" маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Іске асыру сатысына жақындап қалған Зангезур дәлізі "Орта дәліздің" негізгі бөлігінің біріне айналады" деді Илхам Әлиев. Оның айтуынша, "Орта дәліздегі" кедендік рәсімдер жеңілдетіліп жатыр, бұған ТМҰ аясында қабылданған шешімдердің ықпалы зор деді ол.

"Қымбатты достар, біздің отбасымыз — түркі әлемі 21-ғасырдың ықпалды геосаяси орталықтарының біріне айналуы тиіс. Әзербайжан Түркі мемлекеттері ұйымын нығайту жолында бұдан былай да бар күш-жігерін аямайды" деді Илхам Әлиев.

Саммит соңында ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары бірлескен декларация қабылдады.

Саммитке қатысушылар "Әзірет Сұлтан" ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, құран бағыштады.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде. Түркістан, 15 мамыр, 2026 жыл.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде. Түркістан, 15 мамыр, 2026 жыл.

БЕЙРЕСМИ САММИТ

Бейресми саммитке ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары – Әзербайжан президенті Илхам Әлиев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, сонымен қатар ұйымға бақылаушы елдердің өкілдері, ұйымның бас хатшысы, ақсақалдар кеңесі мен түркі ынтымақтастық ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Қазақстанның төрағалығы аясында ұйымдастырылған Түркістандағы бейресми саммиттің негізгі тақырыбы цифрлық даму мен жасанды интеллект мәселелеріне арналды. Кейінгі жылдары ТМҰ аясында Түркі инвестициялық қоры, DEPA, TURANSEZ, e-Permit, e-CMR, TURKUNIB және "Цифрлық Жібек жолы" сынды бастамалар қолға алынған. Бұл жобалар өзара сауда, инвестиция, көлік-логистика, цифрлық инфрақұрылым, білім және технологиялық интеграцияны күшейтуді көздейді.

Бейресми саммит қарсаңында Астанаға мемлекеттік сапармен келген түрік президенті Ердоғанмен Қазақстан президенті Тоқаев келіссөз жүргізіп, екі ел бірқатар келісім-шартқа қол қойды. Ол құжаттардың арасында екі тарап бірге дрон жасау, мұнай-газ жобаларын бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімдер бар.

14 мамыр күні Астанада өткен Қазақстан-Түркия стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысында екі тарап энергетика, қорғаныс, сауда-саттық, мәдени-ағарту және логистика мәселелерін талқылаған.

Тоқаев Ердоғаны Қазақстанда жаңадан тағайындалған жоғары мемлекеттік награда – "Қожа Ахмет Ясауи" орденімен марапаттады.

2009 жылғы 3 қазанда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі немесе Түркі кеңесі деген атаумен құрылған ұйым атауы 2021 жылы Стамбұлда өткен саммитте Түркі мемлекеттері ұйымы болып өзгертілді. Сарапшылар оны құрылымның институционалдық және саяси ықпалын кеңейтуге бағытталған өзгеріс ретінде бағалайды.

Қазір ұйымға түркітілдес бес мемлекет - Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия мүше. Түрікменстан мен Венгрия бақылаушы мәртебесіне ие. 2022 жылы бақылаушы мәртебесін Солтүстік Кипр Түрік Республикасы (халықаралық қауымдастық мойындамаған, тек Түркия таныған) да алған.

Ұйым құрылғалы бері оған мүше мемлекеттер басшыларының саммиттері тұрақты түрде өткізіліп келе жатыр. Осы уақыт ішінде 12 ресми кездесу ұйымдастырылып, өңірлік ынтымақтастық жөнінде бірқатар шешімдер қабылданған.

Кейінгі ресми мәліметтерге сәйкес, ұйым елдерінің бірлескен сыртқы сауда көлемі 850 миллиард долларға жетіп, ТМҰ ішіндегі өзара сауда 57 миллиард доллардан асқан. Қазақстанның ұйымға мүше мемлекеттермен сауда айналымының көлемі 12,9 миллиард долларға тең.

ТМҰ-ға мүше бес мемлекетте 177 миллионнан астам, яғни әлем халқының шамамен 2,2 пайызына тең адам тұрып жатыр.

Айдар
XS
SM
MD
LG