АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен де, Украина президенті Владимир Зеленскиймен де Украинадағы соғысты тоқтатуға байланысты қалай сөйлесетінін айтты.
Флорида штатында 16 желтоқсанда өткен баспасөз мәслихатында Трамп Украина-Ресей соғысы туралы бірнеше мәлімдеме жасады. Ол "сұмдық" соғысты мүмкіндігінше тез аяқтағысы келетінін тағы да айтты. Трамптың сөзінше, екі жақтан да адам шығыны көп, ал майдандағы жағдай тым нашар. Бұған дейін Трамп екі жақтан да жүздеген мың адам қаза тауып, жараланған деп мәлімдеген. Киев Украинадағы адам шығыны Трамп дерегінен аз деді, Мәскеу қанша сарбазынан айырылғанын екі жылдан астам уақыт бойы айтпай отыр.
Трамптың сөзінше, Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен келісімге келуге дайын болуы керек. Трамп "Украинаның бейбітшілік үшін өз жерінен бас тартқанын қолдайсыз ба?" деген сұраққа жауап бермеді. Алайда ол Украинаның соғыс болып жатқан жерлері қатты қирағанын айтып, оларды қалпына келтіруге "жүз жыл" керек деп мәлімдеді.
Трамптың сөзінше, бейбітшілік бойынша "аз ғана прогресс бар", бірақ оның жай-жапсарын тарқатып айтпады. Трамп Зеленскиймен 7 желтоқсанда Парижде кездескен. Сол кездесуден кейін ол Украина мен Ресейді бейбіт келіссөз бастауға шақырды. Ақпаратқа қарағанда, ол Путинмен де телефонмен сөйлескен. Кремль де, Трамп та мұны растайтын я тікелей жоққа шығаратын мәлімдеме айтқан жоқ.
Дүйсенбідегі жиында Трамп Джо Байден әкімшілігінің Украина әскеріне Ресей аумағын АҚШ-тың алысқа ұшатын зымырандарымен атқылауға рұқсат бергенін тағы да сынға алып, алдағы қаңтар айында президент қызметіне кіріскен соң бұл шешімді қайта қарайтынын жоққа шығармады.
Трамп Зеленскийді 20 қаңтарда өтетін инаугурациясына шақырмағанын мәлімдеді, бірақ Украина президенті келемін десе, қарсы болмайтынын айтты.
Сайлау науқаны кезінде Трамп Украинадағы соғысты тоқтата алатыны туралы бірнеше рет мәлімдеген. Президент болып сайланғаннан кейін ол мұның қиын екенін мойындады. Трамп Ресей президенті Владимир Путинді соғысты бастағаны үшін тікелей сынға алған жоқ және АҚШ Украинаға "қанша қажет болса, сонша көмектеседі" деп те айтпады. Ол бейбітшілікке жетуге баса назар аударып отыр, алайда оның шарты белгісіз. Киев те, Мәскеу де бейбітшілікті қолдайды, бірақ бір-біріне түбегейлі қарама-қарсы талап қойып отыр.
ПІКІРЛЕР