Accessibility links

Трамп Энтони Блинкен мен Джейк Салливанға құпия ақпаратты бермеуді бұйырды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен (оң жақта) мен АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан. Вашингтон, 11 шілде, 2024 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен (оң жақта) мен АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан. Вашингтон, 11 шілде, 2024 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұрынғы президент Джо Байден әкімшілігінің бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктерін құпия ақпаратпен танысу құқынан айырды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұрынғы мемлекеттік хатшы Энтони Блинкенге, бұрынғы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джейк Салливанға және 2021 жылғы 6 қаңтарда Капитолийге шабуыл жасалғаннан кейін Әділет министрлігінің жұмысын үйлестірген бұрынғы бас прокурордың орынбасары Лиза Монакоға бұдан былай құпия ақпарат берілмейді.

Блинкенге қатысты шаралар 2020 жылғы сайлау алдында тарап кеткен, бұрынғы барлау қызметкерлері дайындаған Dirty 51 хатына байланысты деп хабарлады New York Post таблиоды. Онда Байденнің ұлы Хантердің ноутбугындағы оны әшкерелейтін материал ресейлік жалған ақпарат деп қате айтылған.

Кезінде Трампқа қарсы іс жүргізген Нью-Йорктің бас прокуроры Летиция Джеймс пен Манхэттен ауданы прокуроры Элвин Брэгг те шектеуге тап болды.

Трамп Брэгг пен Джеймске қатысты шектеулерді өзі сайлауалды науқан кезінде жұртқа берген уәдесінде "сайлауға килігуге және құпия ақпаратқа дұрыс қарамай салғырттық танытуға қатысы бар" деп санайтын шенеуніктерді жазалайтынын айтқанымен түсіндірді. Президент құпия деректермен танысу рұқсатынан айыру федералды ғимараттарға кіруге тыйым салынады дегенді де білдіреді деп мәлімдеген.

2024 жылы Брэгг Трампқа қарсы қозғалған, порноактриса Сторми Дэниэлске "ауызбастырық" төленді делінген атышулы істі жүргізген. Джеймс алаяқтық туралы азаматтық іс қозғап, Трампты банктен несие алған кезде жылжымайтын мүліктің құнын өсіріп көрсеткен деп айыптаған.

Бұған дейін Трамп бұрынғы президент Джо Байденнің "жады нашар" екенін және құпия ақпаратты сеніп тапсыруға болмайтынын айтып, оған барлау мәліметтерін бермеу жөнінде шешім қабылдаған. 2021 жылы Байден президент қызметіне кіріскен кезде Трамптың "мінез-құлқы тұрақсыз" деп, оған ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кей деректерді бермей қойған.

АҚШ-тың бұрынғы президенттері іс басындағы президентке ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес беру мақсатында, қызметінен кеткен соң да белгілі бір деңгейде құпия құжаттармен таныса алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG