Түркіменстанда жылына екі рет келетін жағымсыз науқан бар. Зейнеткерлер қалт-құлт етіп жүріп құжат жинап, үкіметке тірі екенін дәлелдеуі керек, сонда ғана азын-аулақ зейнетақысын қайтадан ала алады.
2018 жылдан бастап түркіменстандық зейнеткерлер өліп қалмағанын дәлелдеп отыруға тиіс. Тірі екенін дәлелдей алмаса, зейнетақыдан қағылады.
Азаттықтың Түркімен қызметі – Азатлык радиосының тілшісіне аты-жөнін атамауды өтіне отырып пікір берген шенеуніктер мұндай шара қайтыс болып кеткен адамның туған-туысы зейнетақыны заңсыз алып отырмас үшін керек деп түсіндірген еді. Өйткені зейнетақы зейнеткердің банк картасына аударылады.
Егде адамдар үшін жылына екі рет құжат жинау әуре-сарсаңы көп шаруа, оның үстіне үкімет кейде жұртқа ескертіп жатпастан ережені өзгерте салады.
«Отбасылық дәрігер орнында жоқ екен, содан кейін анықтама алу үшін өзі тұратын аудандағы тұрғын үй басқармасына барған. Бірақ ондағылар алдымен отбасылық дәрігердің анықтамасын алып кел деген. Сол анықтамаға сүйеніп қана анықтама беретінін айтқан. Екі анықтаманы алғаннан кейін төлқұжат беретін мекемеге жүгінуі керек», — елдің батысындағы Балқанабад қаласының тұрғыны (атын атамауды өтінді) зейнетақы алатын 70 жастағы анасының құжат жинаймын деп қалай қиналғанын айтып берді.
Биылғы ереже бойынша, төлқұжат беретін мекеменің анықтамасын алғаннан кейін зейнеткер оны аймақтық зейнетақы қорына өткізуі керек. Содан кейін ғана зейнетақы төлене бастайды.
Қариялар зейнетақысын қайтадан ала бастауға қолы жеткенімен, бұдан кейін оны қолма-қол ақшаға айналдыру деген тағы бір қиындық алдынан шығады.
Түркіменстанда қолма-қол ақша қат екенін үкімет мойындамайды, ал көпшілік банк картасынан ақша шығарып алу үшін айтарлықтай қиындыққа кез болады.
Түркіменстанның шығысындағы Түркіменабад қаласында тұратын зейнеткерлердің бірі банкоматтан зорға шығарып алған 600 манаттың «200 манаты ескі, жыртық ақша» болып шығыпты. Ал мұндай ақшаны дүкендер мен базардағы саудагерлердің көпшілігі алмайды.
Мыжылған ақшаны жаңасына ауыстырып алуға тырысқанымен, мұнысынан түк шықпапты. Екі банк, соның ішінде жыртық ақша берген банк те ауыстырып бермеген.
Зейнеткерге жыртық ақша берген «Түркіменстан банкінің» қызметкерлері банкомат берген ақшаға бола жауапкершілік алудан қашып, ақшаны алған сәтінің бейнежазбасын талап еткен.
Ал «Халық банкте» жыртық ақшаны жамап отырған кассир зейнеткерге дүрсе қоя берген.
Сондағысы 200 манат, яғни ресми бағам бойынша 57 доллардың әңгімесі.
200 манаттың шынайы құны бұдан да төмен: қара базардағы валюта бағамымен 1 доллар 20 манат тұрады.
Кейінгі он жылда Түркіменстанда экономикалық дағдарыс созылып, халықтың сатып алу қабілеті күрт төмендеді. Елдегі дағдарысқа көмірсутек шикізатын сатудан түсетін ақшаға толық тәуелді болу және экономиканы басқарудағы жүйелі қателіктер себеп болып отыр.
Ресми мәлімет бойынша, Түркіменстандағы ең төменгі зейнетақы айына 550 манат (қара базардағы валюта бағамы бойынша 27,50 доллар) болғанымен, шын мәнінде зейнеткерлер бұдан да аз алады.