Accessibility links

АҚШ-тағы жаппай депортация. Америкадағы қазақтар не дейді?


АҚШ президенті Дональд Трамп (ортада), ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм (оң жақта) және АҚШ шекарасын қорғау және депортация мәселелері бойынша уәкіл Томас Хоманның суреттерінен коллаж.
АҚШ президенті Дональд Трамп (ортада), ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм (оң жақта) және АҚШ шекарасын қорғау және депортация мәселелері бойынша уәкіл Томас Хоманның суреттерінен коллаж.

Дональд Трамп президент қызметіне кірісе сала, АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарды жаппай депортациялау жоспарын іске асыра бастады. Ақ үй бұл саясат тек қылмыс жасағандарды емес, виза мерзімін өткізіп алғандарды, тіпті саяси пана іздегендерді де қамтитынын мәлімдеді. Чикаго, Нью-Йорк, Майами және басқа қалаларда рейд жүріп, мыңдаған мигрант ұсталды. Депортация қаупі төнгендер арасында Қазақстан азаматтары да бар.

АҚШ-ТАҒЫ ҚАЗАҚТАР

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дерегінше, қазір АҚШ-тағы елшілік тіркеуінде 25 мың қазақстандық тұр. Бірақ АҚШ-та жүрген қазақ саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Себебі олар елшілікке барып тіркелуге міндетті емес.

Министрлік АҚШ үкіметінің мигранттарға қатысты жүргізіп жатқан іс-шарасын "бұл әр ел жүргізетін стандартты миграция саясаты" деп, ол елдің билігі қазақ азаматтарын депортациялауға қатысты әзірге ресми Астанамен байланысқа шықпағанын мәлімдеді.

АҚШ-қа Мексика арқылы заңсыз өтіп, пана сұрауға талпынған, Дональд Трамп билікке келгеннен кейін шекарадан өте алмай қалған қазақстандықтардан сұхбат алуға тырыстық. Олар Мексика арқылы АҚШ-қа баратындарға арналған арнайы чатта "жаңалық күтіп отырмыз" деп жазды. Бірақ ешбірі пікір айтуға келіспеді. Аты-жөнін жасырып, сұхбат беруге де көнбеді.

Босқындарға жәрдем көрсететін комиссияға құжат тапсыруға кезекте тұрған мигранттар. Наукальпан-де-Хуарес, Мексика, 28 қаңтар, 2025 жыл.
Босқындарға жәрдем көрсететін комиссияға құжат тапсыруға кезекте тұрған мигранттар. Наукальпан-де-Хуарес, Мексика, 28 қаңтар, 2025 жыл.

Азаттық сұхбаттасқан АҚШ-та тұратын кәсіпкер Ержан Исмағұлов пандемия шектеуі алынғалы елде мигрант көбейгенін, қылмыс та жиілегенін айтады. Ол 13 жыл бұрын АҚШ-қа көшкен. Қазір отбасы бар, Лос-Анджелесте тұрады. Ержан "мұнда қанша жыл тұрсам да, сонша иммигрантты бұрын-соңды көрмеген шығармын" дейді.

"Мысалы, елестетіп көрейік, иммигрант осы жаққа келді. Бірақ құжаттарын реттемейді, заң бұзады, салық төлемейді, бірдеңелерді таратады – ондай адам қоғамға қажет пе?" – дейді Исмағұлов.

Орынбасар Әбу
Орынбасар Әбу

Чикагода тұратын тағы бір қазақстандық Орынбасар Әбу қылмыс көбейгенін растайды. Ол Трамп әкімшілігінің миграция саясаты дұрыс жүргізілсе, заңсыз миграция азайып, елде заңға бағыну мәдениеті күшейетінін айтады. Бірақ Орынбасар жаппай науқан жүрсе, заңды жүрген, ұсақ құқық бұзушылық жасаған адамдар да депортацияға ілігіп кете ме деп алаңдайды.

"Мен жалпы осы өзгерісті көзіммен көріп, байқап жүрмін деп айта алмаймын. Бірақ жаңалықтар мен тұрғындардың пікіріне қарағанда, белгілі бір өзгерістер, әрине, бар. Жалпы мұндай шаралар әрқашан әртүрлі пікір тудырады. Біреулер үшін бұл қауіпсіздікті күшейту болса, басқалар үшін алаңдаушылықтың артуы ғой", – деді Әбу.

Пікір білдірген екеуі де АҚШ-та заңды статуспен жүргенін айтты. Кәсіпкер Ержан жаңа биліктің миграция саясаты шеттен келгендерге жайсыз тисе де, америкалықтарға оң әсер етеді деп болжайды.

"Кем дегенде, бұл ел үшін дұрыс қадам болады, өмір жақсарады. Иммигранттарды шығарып жіберсін, [олар] тым көбейіп кетті. Мен де иммигрантпын. Мен жаратқанға сенемін, егер кетуім керек болса, бұл оның қалауы деп түсінемін. Басқа жерде болуым керек болса, президент [мені елден шығарды] деп санамаймын. Егер адам елге пайда әкелсе, оны ешкім ешқайда шығарып жібермейді", – деді кәсіпкер Исмағұлов.

Жаппай депортациялаудың АҚШ экономикасына әсері қалай болатынын тап басып айту қиын. Елде кәсіп жасап, еңбек етіп жүрген қос азаматтың пікірі бұл тұрғыда екі бөлек.

Орынбасар "мигрант азайып кетсе, кей салаларда еңбек күші жетіспеуі мүмкін" десе, Ержан "жаппай миграция саясатының" елге пайдасы болатынын айтты.

"Біріншіден, жұмыс орындары көбірек ашылады. Клиенттер мен қызмет көрсететін компаниялар саны қазіргіден гөрі теңгерімді болады. Көп адам қазір мұны заңсыз істеп жатыр. Олар заңсыз қызмет көрсетеді. Сондықтан нарық зардап шегіп жатыр. Өйткені олар арзанға жұмыс істеуге дайын. Мигранттар өте төмен ақыға әрі заңсыз жұмыс істеуге келіседі", – деді кәсіпкер.

Былтыр желтоқсан айында америкалық FoxNews арнасы депортациялау шешімі шыққан, бірақ елден шығарылмаған 1,4 миллион адам барын жазған. Оның ішінде 369 қазақ, 319 қырғыз, 975 өзбек және 149 тәжік азаматы бар. Бұл шешім қаншалық орындалғаны белгісіз. Tengrinews.kz сайтының жазуынша, АҚШ шекара қызметі былтыр Қазақстанның 23 азаматын депортациялаған.

ТРАМПТЫҢ МИГРАЦИЯ САЯСАТЫ

Дональд Трамп Ақ үйде ресми міндетін атқаруға кіріскен күні Мексикамен шекарада төтенше жағдай жариялап, қосымша 1500 әскери қызметші жіберді. Шекара қызметінің CBP One мобильді қосымшасы арқылы саяси пана сұраған адамдарға Мексика аумағында күтуді бұйырды.

Сосын өзге елдерден өтініш беретін босқындарды қабылдауды 120 күнге тоқтатып қойды. Одан бөлек мигранттарды уақытша қамауға Кубадағы америкалық Гуантанамо түрмесінде 30 мың орын дайындауды тапсырды. Джо Байден әкімшілігі кезіндегі арнайы квотамен Венесуэла, Гаити, Никарагуа және Украинадан азаматтарды қабылдау ісі де біржола жойылды.

Елдің ішкі қауіпсіздік департаменті Чикаго, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Денвер, Майами, Сиэттл, Остин және өзге тағы оннан аса үлкен қалада мигранттар арасында рейд жүргізіп жатыр. Ресми мәліметке сәйкес, ішкі қауіпсіздік департаментінің 42 мың мигрантты уақытша ұстауға мүмкіндігі бар. Оның шамамен жартысы Трамп қызметке келгенге дейін бос болмаған. 4 ақпанда CBS News телеарнасы миграция абақтыларында орын қалмағанын хабарлады. Сол күннен бастап ұсталған мигранттар арнайы әскери ұшақпен Кубадағы америкалық Гуантанамо түрмесіне жеткізіле бастады.

АҚШ аумағында ұсталған мигранттарды АҚШ әуе күштері ұшағымен елден депортациялағалы жатыр. Тусон, Аризона штаты, ААҚШ, 23 қаңтар, 2025 жыл.
АҚШ аумағында ұсталған мигранттарды АҚШ әуе күштері ұшағымен елден депортациялағалы жатыр. Тусон, Аризона штаты, ААҚШ, 23 қаңтар, 2025 жыл.

Трамптың "мигранттарды жаппай депортациялау" жоспары олардың елде орнығып, отбасы құрғанына да, кәмелетке толмаған балалары барына да қарамай, елден шығарып жіберуге негізделген. Мысалы, 25 қаңтарда АҚШ-тың үш әскери ұшағы Гватемалаға 265 адамды жеткізді. Депортация рейстері Колумбияға да жүздеген мигрантты репатрияциялады. The Washington Post газетінің жазуынша, депортацияланғандар арасында АҚШ-тан саяси пана сұрап, сот процесін күтіп отырғандар да болған.

Трамп тағайындаған "Border czar" атымен танымал, АҚШ шекарасын қорғау және депортация мәселелері бойынша уәкіл Томас Хоман 3 ақпанда FoxNews арнасына берген сұхбатында қылмыс жасамаған, бірақ елге заңсыз кірген мигранттар да ұсталып жатқанын мәлімдеді.

Томас Хоман. Архивтегі фото
Томас Хоман. Архивтегі фото

"Менің есебімше, бірінші аптада 5000 [мигрант] тұтқындалды. Олардың басым бөлігі – қылмыскерлер. Медиа "қылмыс жасамағандар кім?" деп сұрап жатыр. Қылмыс жасамағандар "мигранттарды қорғаштап жатқан" қалаларда тұтқындала береді. Ондай қалаларда қылмыскерлердің ұсталмауы біздің араласуымызды мәжбүрлеп отыр. Қылмыскерлерді құрықтаған кезде оның жанында жүрген істі болмағандар да ұсталады", – деді Хоман.

Кейінгі жылдары АҚШ-қа дамушы елдерден туристік не студенттік визамен барып, кейін сонда біржола қалу үшін заңды статусын өзгертетін адамдар көбейген. Ақ үйдің жаңа баспасөз хатшысы Кэролайн Левиттің айтуынша, бұл да миграция заңын бұзуға жатады. Себебі, ондай адам миграция заңын бұзбау үшін АҚШ аумағынан визадағы мерзім өтпей шығуға тиіс.

"Виза мерзімін өткізіп алғандар да бұл елде заңсыз иммигрант саналады және олар да депортацияланатындар қатарында", – деді Левитт 29 қаңтарда өткен баспасөз брифингінде.

The New York Times басылымының есебінше, Трамп әкімшілігі "депортациялау керек" деп санайтын елдегі мигранттар 14 миллионға жеткен. Бірақ оның бәрі елде заңсыз жүргендер емес. Оның ішінде CBP One қосымшасы арқылы және Байденнің арнайы бұйрығымен бірқатар елден келген азаматтар бар.

АҚШ шекара қызметінің өкілі Мексикамен шекарадан екі баламен өтіп келген мигрантқа бағыт көрсетіп тұр. Сан-Диего маңы, Калифорния, АҚШ, 11 мамыр, 2023 жыл.
АҚШ шекара қызметінің өкілі Мексикамен шекарадан екі баламен өтіп келген мигрантқа бағыт көрсетіп тұр. Сан-Диего маңы, Калифорния, АҚШ, 11 мамыр, 2023 жыл.

Одан бөлек, елге кіргенде кәмелетке толмаған 540 мың мигрант бала мен саяси пана сұрап, сот процесін күтіп жүрген тағы 2,6 миллион босқын да осы қатарда. Америкалық газет бұлардың тек 40 пайызы "құжатсыз" не "кіруге рұқсаты болмаған" деп жазды.

Басылым оларды бірден елден шығаруға Трамптың билігі жүрмеуі мүмкін деді. Әйткенмен президент саяси пана сұрағандар ісін жылдам қарау үшін көбірек судья жалдауға қаражат бөлуі ықтимал. Бірақ сарапшылар судья саны көбейген күннің өзінде 2,6 миллион адамның ісін қарау бірнеше жылға созылуы мүмкін деп есептейді.

АҚШ президенті қол қойған бірінші заң жобасы да миграцияға қатысты. Ол елге заңсыз кіріп, кейін босатылған азаматтың қолынан қайтыс болған студент Лейкен Райлидің атымен аталды. Заңға сәйкес, АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік департаменті елде заңсыз жүрген, ұрлық, бұзақылық жасап, полицияға күш көрсеткен шетел азаматын қамауға міндеттеледі.

МИГРАЦИЯ САЯСАТЫНА ҚАРСЫ НАРАЗЫЛЫҚТАР

Елдегі мигранттарға депортация қаупі төнген тұста Лос-Анджелесте Дональд Трамптың көші-қон саясатына қарсы наразылық акциясы өтті. 3 ақпанда демонстранттар Мексика, Гватемала, Сальвадор сияқты бірқатар елдің туын ұстап, көшеге шыққан. Кей тұста олардың жолын полиция бөгегені байқалды.

Осындай ірілі-ұсақты акциялар өзге қалаларда өтіп жатыр. Атап айтқанда, мигранттар құқығын қорғаушы белсенділер Атланта, Денвер, Нью-Йорк, Чикаго қалаларында үкімет ғимараттары алдына шығып, наразылық танытқандар бар.

Қазір рейд жүріп жатқан АҚШ-тың ірі қалаларының көбінде мигрантты қорғайтын қаулы бар. Құжатқа сәйкес, федералды билік қалада тұратын құжатсыз мигрантты ұстауға қала ресурсын пайдалана алмайды. Десе де, олар федералды билік қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтірмеуге тиіс.

Мигранттарға жәрдем көрсететін шіркеуде отырған әйел. Чикаго, АҚШ, 26 қаңтар, 2025 жыл.
Мигранттарға жәрдем көрсететін шіркеуде отырған әйел. Чикаго, АҚШ, 26 қаңтар, 2025 жыл.

Мысалы, The New York Times басылымының жазуынша, Нью-Йорк қаласы әкімдігі қала аумағындағы мектеп, аурухана және мигранттар уақытша паналайтын орындар қызметкерлеріне федералды билік өкілдері келгенде оларды бірден кіргізбей, заңгерге хабарласу керегі туралы нұсқаулық таратқан. Бірақ сол құжатта федералды билік өкілінен қауіп төнгенде, араласпай өткізіп жіберу туралы да жазылған.

Мигранттар құқығын қорғаушы заңгерлер нұсқаулықты таратқан қала әкімдігін сынға алып, мигранттарды қорғау қаулысын қуаттауға үндеді. Қарсылықтарға қарамай, Нью-Йоркте мигранттарды ұстау жалғасып жатыр. Дональд Трамп президент қызметіне кіріскеннен кейін бір аптада алып қалада жүзден аса мигрант тұтқындалғаны хабарланды.

Құқық қорғаушылар мәселені күн тәртібіне шығару үшін баспасөз жиындарын өткізіп жатыр. Мысалы, Нью-Йоркте өткен сондай брифингтердің бірінде АҚШ-та туған тегі мексикалық Сарай Маркес айналасындағы мигранттар қауымдастығының қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтты.

"Қазір біз қорқып отырмыз. Өзімізді қауіпсіз сезінбейтін сәтті өткеріп жатырмыз. Не боларын білмейміз. Дүрлігу, хаос болып жатыр", – деді Маркес.

Одан бөлек, шіркеулер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мигранттарды жинап, құқықтық тренингтер өткізіп жатыр. Мамандар мигранттарға арнайы судьяның шешімінсіз ішкі қауіпсіздік қызметкерлерін көлік не үйіне кіруіне рұқсат бермеуге құқығы барын түсіндірді.

Трампқа дейін елдің босқындар туралы заңына сәйкес, АҚШ-қа заңсыз кірген мигрант саяси пана сұраса, оның соты біткенше елде қалуына мүмкіндік берілетін. АҚШ президенті Мексикамен шекарада төтенше жағдай жариялап, осы заңды уақытша шектеп отыр.

Байден президент болғалы елге кірген мигрант саны күрт өскені белгілі. Бұл туралы бірқатар зерттеу институттары есебін жариялады. Мысалы, Council on Foreign Relations 2022-23 жылдары жылына 2,5 миллионға дейін адам шекараны заңсыз кесіп өткен деп жазды. Ал Нью-Йорктегі Center for Migration Studies институты таратқан деректе 2023 жылдың жазына дейін АҚШ-та құжатсыз жүрген адам саны 12 миллионға жуықтағаны айтылған.

Демократтар "АҚШ – мигранттар елі, олардың елге кіруіне мүмкіндік беруіміз керек" деген көзқарасты алға тартады. АҚШ конгресі сенаторы, демократ Адам Шифф Трамптың миграция саясатының кесірінен отбасылар ажырап жатыр деп мәлімдеді.

"Өткен демалыста мен Калифорнияда болдым және өмірімдегі ең қиын кездесулердің бірін өткіздім. Жаппай депортация қаупі төнген ферма жұмысшыларымен кездестім. [Құзырлы орган қызметкерлері оларды] көлікте келе жатқанда немесе жанармай бекетінде тоқтатып, өздері түсінбеген құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген. Мұнда әйелі және балалары барына қарамай, күйеулерін Мексикаға депортациялап жіберген… Олардың ешқайсысы қылмыскер емес, ешқашан қылмыс жасап, тұтқындалмаған. Көбіне, оларды тоқтатып, кім екенін сұраған. Бірақ бұл үдерісте мигранттардың еш істі болмағаны маңызды болмаған. Осылай болып жатыр және, бәлкім, бұл тек бастамасы ғана. Бұл сұмдық", – деді ол өзінің YouTube арнасына жариялаған мәлімдемесінде.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG