Жаңадан күшіне енген жарлық Қазақстан президенті 2014 жылғы 4 мамырда бекіткен Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережеге 30-дан астам түзету енгізіп отыр. Оларға сәйкес, осы қызметке қарасты айрықша мақсаттағы күштердің, яғни арнайы жасақтың мәртебесі айқындалды.
Бұдан былай орган іріктеу ережесін өзі бекітіп, арнаулы жасақ қатарына мерзімді әскерге шақырылғандарды тарта алады. Жарлықта бұл қызметке әлеуметтік артықшылықтар да бекітілді. Онда мемлекеттік күзет қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері, жорық төлемдері, білім алу жеңілдіктері қарастырылған деп жазылған.
Бұл өзгерістер органның қаржы бойынша басқа күштік құрылымдардан тәуелсіз жұмыс істеуіне жол ашады. Енді мекеме қорғанысқа байланысты тапсырысты орындаушыларды өзі таңдайды.
"Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы" президент жарлығынан үзінді
[Мемлекеттік күзет қызметі] ведомстволық бюджет комиссиясын құрады, оның жұмыс органын айқындайды және ол туралы ережені, құзыреті мен құрамын бекітеді; мемлекеттік күзет қызметінің мүлкіне және бюджет қаражатына билік етеді.
Мемлекеттік күзет қызметіне берілген жаңа өкілеттер оның қорғаныс және әскери салада ықпалды ведомствоға айналып келе жатқанының белгісі ме? Ақорданың мұндай шешім қабылдауына қандай қажеттілік туды? Оның қазір қабылдануының сыры неде? Бұл сұрақтарды парламент депутаттарына қойдық.
Айтуар Қошмамбетов, Мәжіліс депутаты:
– Бұл – заман талабы, яғни өзіне тиесілі қажетті функциялар қосып жатырмыз және бұның да маңызы бар, ешқандай артық, шегінен асып жатқан жоқ деп ойлаймын... Негізі бұл бұрыннан бері талқыланып келе жатқан, өздері талқылап, сұрап жүрген мәселе.
Никита Шаталов, Мәжіліс депутаты:
– Бұл – ең алдымен мемлекет басшысына бағынышты орган және мұның даму бағытын да тек сол айқындайды. Сондықтан өкілетін кеңейткеннен айтарлықтай қайшылық көріп тұрған жоқпын. Және де ол мұны әлдебір арнаулы қызметке айналдырып жатқан жоқ қой, бұл – нақ сол күзетке тікелей қатысты қорғаныс функцияларын ғана қамтиды.
Қазыбек Әлішев, Мәжіліс депутаты:
– Оларға қару-жарақты сынайтын, тікелей өздері сатып алатын өкілеттіктер бергені дұрыс. Себебі, бюрократиядан арылу мақсаты да бар, қазір мемлекеттік сатып алу жүйесі әлі де күрделі екенін өзіңіз білесіз, сол себепті осындай өкілеттік беру артықшылық емес, олардың тез, дереу әрекет етуіне оңтайлы іс-шара деп ойлаймын.
Ермұрат Бапи, Мәжіліс депутаты:
– Егер МКҚ-ны елдегі билік иерархиясындағы бір ойыншы деп есептесек, бұл сыртқы жағдайларға байланысты болу керек деп ойлаймын. Ішкі қауіпсіздіктен бұрын, қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайда бізге сыртқы қатерлерге әлдеқайда көп дайындық керек деп ойлаймын.
Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты:
– Ол арнайы органға жатады, сондықтан олардың қызметі толығымен құпияландырылған. Бұл халықаралық қатынас және қорғаныс комитетінің бастамасы болса керек. Бұл мәселемен айналыспағандықтан бүге-шігесін білмеймін.
"Аузы күйген үрлеп ішеді". ҰҚК ардагерінің пікірі
Мемлекеттік күзет қызметі президентпен қатар өзге де лауазымды тұлғаларды, маңызды нысандарды күзетеді. Бір жылдық қаражаты кейбір үкіметтегі министрліктің бюджетімен шамалас.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінде ұзақ жыл қызмет еткен, бір кездері "Арыстан" арнайы жасағын басқарған, кейін мәжіліс депутаты болған Файзолла Кәменовтен мемлекеттік күзет қызметінің құзіретін кеңейту жайлы сұхбаттастық.
– Файзолла мырза, бұл органның құзіреті қандай? Күштік құрылымдар арасында қаншалықты күшті, құзіретті?
– Бәріміз Совет одағының шекпенінен шықтық қой. Ол кезде мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) құрамындағы 9-басқарма Совет одағы коммунистік партия саяси бюросының мүшелерін толық күзететін. Ал республикалық деңгейде, айталық, Қазақстанда тек бірінші хатшыны ғана күзететін. Мысалы, Қазақ ССР-ін көп жыл басқарған Дінмұхаммед Қонаевтың, кейін оның орнына келген Геннадий Колбиннің күзеті болды. Совет одағы КГБ-сына қарайтын 9-басқарманың әр республикадағы бөлімдері күзетті. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы ел президентінің күзет қызметі құрылды. Ол кезде президенттің күзет қызметінде адам аз болатын, олармен тығыз араласатынбыз, білетінбіз. Көбіне президент жұрт алдына шыққан кезде, ел өңірлерін аралғанда біздің "Арыстан" тобының жігіттері күзететін.
Ал 2014 жылы президенттің күзет қызметі мемлекеттік күзет қызметі болып өзгертіліп, құзыреті кеңейтілді. Оған дейін Республикалық ұлан бөлек құрылым болатын: шетелден келген ресми делегацияларды қарсы алу, президентке қатысты барлық мемлекеттік нысандарды күзету соның міндеті болатын. Кейін МКҚ құрылған кезде Республикалық ұлан соның құрамына кірді. Ал президенттің күзет қызметі бөлек құрылым болып, соның ішінде қалды.
– Қазіргі мемлекеттік күзет қызметінде нақты неше адам жұмыс істейтіні құпия саналады. Осы органның төңірегіне шамамен қанша адам жұмылдырылған?
– Ол жағын айта алмаймын, ашық дереккөздерде бар шығар. Бірақ бұрынғысынан саны көп қой. Біздің "Арыстан" қызметі бұрынғы Совет одағының КГБ-сының атышулы "Альфа" тобынан шықты ғой, "Альфа", "Вымпел" топтары Ресейдің арнаулы қызметтері құрамында әлі де бар. Ал 1990 жылы Алматыда қызметті жаңа бастаған кезде тобымызда 45 адам болды, ал президенттің күзет қызметінде одан да аз еді. Соларға біз үнемі көмекке баратынбыз. Ал қазір олардың жан-жағында өздерінің арнайы жасағы пайда болды, саны жағынан да көбейді, қару-жарағы да біздікінен артық болмаса, кем емес.
– Мемлекеттік күзет қызметі әскери, қауіпсіздік саласында қаншалықты маңызды рөл атқарады?
– Кез келген мемлекеттің қауіпсіздігі бірінші кезекте басшысына, оның амандығына байланысты ғой. Қай мемлекетті алып қарасақ та, басшының күзет қызметі маңызды рөл атқарады. Мысалы, көрші Ресейде федерациялық күзет қызметі (ФСО) бұрынғы президент Борис Ельциннің кезінде мықты болды, ал Ресей президентінің қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Александр Коржаков іс жүзінде президенттен кейінгі екінші адамның деңгейіне дейін көтерілгені мәлім. Ал бізде МКҚ өкілетін кеңейту қандай шаралар, мақсат көздейтіні ол енді президентке байланысты шығар.
– Жақында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметін (Антикор) қосты. Соған қарап, мемлекеттік күзет қызметінің өкілетін ішінара кеңейту күштік құрылым арасындағы теңдікті сақтауға тырысу деп қабылдауға бола ма?
– Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жайлы қазір екінің бірі айтады. Сол коррупцияға қарсы күреспен айналысуға Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беруді өзім қолдаймын, оның құзіреті де, шамасы да, тәжірибесі де жеткілікті, жақсы жаққа өзгеріс болады деп ойлаймын.
– Антикорды қауіпсіздік комитетінің құрамына қосу туралы шешімді құптаймын деп отырсыз. ҰҚК шексіз құзіретке ие болып кеткен жоқ па?
– Кез келген мемлекетте, тіпті демократиялық мемлекеттердің өзінде арнаулы қызмет бар. Мысалы, Ұлыбританияда MI6 атты барлау қызметі қауіпсіздікке қатысты бүкіл шаруамен айналысып отыр. Ал азуын айға білеген, демократия көшбасшысы саналатын Американың өзінде Дональд Трамп билікке келген соң Орталық барлау қызметіне, Федералдық тергеу бюросына – бәріне өз адамдарын қойды ғой. Сондықтан арнаулы қызметтің пайдасы болмаса, зияны жоқ. Ал құзіреті жағына келсек, келешекте сенат қысқарып, бір палаталы парламент келеді деп жатыр ғой, сол кезде бақылауды күшейту керек шығар. Негізі кез келген мемлекетте арнаулы қызметтің рөлін төмендетуге болмайды деп есептеймін.
– МҚК немесе ҰҚК болсын, өзіңіз айтып отырғандай, парламенттің бақылауында ұстау қаншалықты маңызды?
– Үлгілер көп қой. Егер сенат кетіп, орнына жаңа парламент келетін болса, онда сол ҰҚК-нің төрағасы да парламент келісімімен бекітіледі. Сол кезде ашық болады, демократиялық жолмен. Қанша айтқанмен, біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды, бірақ та 2019 жылдан бастап көп өзгеріс болып жатыр ғой. Бәрі қоғам күткендей бірден жақсарып кетпесе де, өзгеріс бар екенін ешкім жоққа шығара алмас. Сондықтан арнаулы қызметтің күшейгенін, оның қызметін жеке басқа пайдаланады дегенге өз басым сенбеймін.
– Қаңтар оқиғасы кезінде осы мемлекеттік күзет қызметінде істеген адамдар кейін жоғары лауазымды қызметтерге тағайындалды. Мәселен, дүрбелең кезінде осы органның төрағасы болған Ермек Сағымбаев Кәрім Мәсімов ұсталған сәтте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы болды, әлі сол қызметте отыр. Дүрбелеңде президенттің жанында болған тағы бір адам – Шыңғыс Әрінов қазір төтенше жағдайлар министрі. Осыған қарап, Қаңтар оқиғасында президент өзі сенім артқан органды одан әрі күшейтіп жатыр, әлі де осы органға арқа сүйейді деуге бола ма?
– Қазіргі ҰҚК төрағасы қызметін сол комитеттің өзінде бастаған ғой негізі. Кейін президенттің күзет қызметіне ауысты, кейін жеке қызметтің басшысы болды, президенттің жанында жүрді. Сондықтан ол кісілер бір-бірін біледі, сенетін шығар оған, бұл таңғалатын жайт емес. Ол кісі ҰҚК басшылығына келгелі бері – Қаңтардан кейін біраз шаруа жасалды, бұрынғы келеңсіздіктердің бәрін түзету жағынан.
Ал Әрінов мырзаны жыға танымаймын. Ол президенттің күзет қызметі басшылығынан төтенше жағдайлар министрлігіне барды, ол жақта да біраз жұмыс жасалып жатқан сияқты. Президент өз жанында жүрген жігіттерді тексеруден өткізіп, өзі сеніп отырған болса, ол дұрыс та шығар, қалай болғанда да, президент бұл жағдайды бізден гөрі жақсырақ біледі ғой.
– Әлдеқандай төтенше жағдай бола қалса президент сенетін, сүйенетін, оған ең жақын орган қайсы? МҚК ме, әлде ҰҚК ме?
– "Аузы күйген үрлеп ішеді" демекші, Қаңтардан кейін, әрине, ол өзі сенетін адамдарға иек артатыны түсінікті ғой.
Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін орган
Мемлекеттік күзет қызметі – президентке тікелей бағынатын және есеп беретін құрылым. 2014 жылы Президенттің күзет қызметі мен Республикалық ұланның біріктірілуінен пайда болды. Бұл орган елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге жатады. Президенттің қауіпсіздігінен бөлек сенат пен мәжіліс төрағалары, премьер-министр, президенттің отбасы мүшелері, экс-президент, мемлекет басшысы бекіткен басқа да лауазымды адамдарды қорғайды. Сонымен бірге Қазақстан аумағында жүрген шет мемлекеттердің лауазымды тұлғалары мен халықаралық ұйымдар басшыларының бас амандығына жауапты.
Мемлекеттік күзет қызметін 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан бері Сәкен Исабеков басқарып отыр. Оның алдында қазіргі ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Ермек Сағымбаев басшы болған. Тоқаев өзінің қауіпсіздігіне жауапты Сағымбаевты 2022 жылғы 6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқаруға жіберген. Бұл – ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің үстінен "мемлекетке опасыздық" бабымен сотқа дейінгі тергеу басталып, комитет басшылығына Ақорданың сенімі азайып тұрған шақ еді. Кейін Мәсімовпен бірге сол кездегі ҰҚК төрағасының орынбасары, бұрынғы президент тұсында мемлекеттік күзет қызметіне жетекшілік еткен Әнуар Садықұлов та 16 жылға сотталды.
Үнемі бұрынғы президенттің жанында жүретін Ардақ Әшімбекұлы да Қаңтар оқиғасы уақытындағы ауыс-түйіс кезінде мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары қызметінен босатылды. Оған не себеп болғанын Ақорда түсіндірмеді.
Ал 2022 жылдан кейін бастықтың орынбасары, соның ішінде президент күзеті деп аталатын қызметтің жетекшісі болған Шыңғыс Әрінов 2024 жылы Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды.
2001 жылы күзде бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев президент күзеті басшысының орынбасары етіп сол кезде күйеубаласы болған Рахат Әлиевті тағайындаған еді. Оның алдында ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған Әлиевті Қазақстан оппозициясы "мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет етті" деп айыптаған. Ал Назарбаев күйеубаласы әдеттен тыс қателікке бармағанын мәлімдеп, оны өз қасына алғанын айтқан. Кейін қайынатасымен жауласып, атқұйрығын кескен Әлиев 2015 жылы Вена түрмесінде бір адамдық камерада жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Австрия билігі оның өлімін "суицид" деп атады.
Президент күзетін әр жылдары Әлнұр Мұсаев, Сәт Тоқпақбаев, Болат Баекенов сынды Ұлттық қауіпсіздік комитетіне төраға болған адамдар басқарған.
Мемлекет бюджетінен бөлінген қаржы:
Әділет министрлігі – 47 млрд теңге;
Бас прокуратура – 62,5 млрд теңге;
ҰҚК - 607 млрд теңге.
Мемлекеттік күзет қызметіне биыл қазынадан 53,9 млрд теңге бөлінді. Қаражаттың жұмсалуы негізінен құпия, егжей-тегжейі жазылмайды. Салыстырып қарағанда, құрылымның бюджеті әділет министрлігінен көбірек, бас прокуратурадан азырақ, ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінен әлдеқайда аз.