Accessibility links

Тәжікстанда "төңкеріс жасауға талпынды" деп айыпталғандар ісі: прокурор 30 жылға дейін түрме жазасын сұрады


Тәжікстанда "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деп айыпталғандар: Саиджафар Усмонзода, Акбаршо Искандаров, Хамрохон Зарифи, Шокирджон Хакимов, Ахмадшох Комилзода, Абдулфайыз Атои
Тәжікстанда "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деп айыпталғандар: Саиджафар Усмонзода, Акбаршо Искандаров, Хамрохон Зарифи, Шокирджон Хакимов, Ахмадшох Комилзода, Абдулфайыз Атои

Тәжікстанда прокурор "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деп айыпталған бір топ адамға ұзақ жыл түрме жазасын сұрады деп жазды екі дереккөзге сүйенген Азаттықтың Тәжік қызметі.

Бұл іс бойынша сот отырыстары тергеу изоляторы аумағында жабық өтіп жатыр. Билік істің құпиялылығын алға тартып, ешқандай ақпарат бермеген.

Дереккөздің хабарлауынша, прокурор іс бойынша айыпталған төмендегі азаматтарға жаза сұраған:

  • Тәжікстан демократиялық партиясының бұрынғы төрағасы, тәжік парламентінің бұрынғы депутаты Саиджафар Усмонзода – 30 жыл түрме жазасы;
  • Бұрынғы сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифи – 30 жыл түрме жазасы;
  • Тәжікстанның социал-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Шокиржон Хакимов – 24 жыл түрме жазасы;
  • Жоғарғы кеңестің бұрынғы төрғасы Акбарыш Искандаров – 23 жыл түрме жазасы;
  • Сыртқы істер министрлігінің ақпарат, баспасөз, сыртқы саясатты талдау және жоспарлау басқармасының бұрынғы бастығы Абдулфайыз Атои – 23 жыл түрме жазасы;
  • Тәжікстан демократиялық партиясы төрағасының бұрынғы орынбасары Ахмадшох Комилзода – 23 жыл түрме жазасы;
  • Тәжікстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің отставкадағы екі полковнигі Нурамин Ганизода және Жамшед Боев - әрқайсысына 26 жыл түрме.

Айыпталушылардың прокурор сұраған жазаға қалай реакция білдіргені белгісіз. Бірақ 2024 жылы желтоқсанда сот отырыстарының бірінде олар кінәсіз екендіктерін айтып, айыптармен келіспеген. Олар сонымен бірге тергеушілердің қысымына да шағымданған.

"Мемлекеттік төңкеріс ісі" деп аталып кеткен іс бойынша сот процесі былтыр 14 қарашада басталған. Айыпталушылардың туыстары сот залына жіберілген жоқ, ал адвокаттар іс бойынша ақпарат бермеу туралы қолхатты алға тартып, журналистерге сұхбат беруден бас тартқан. Сол себепті ақпарат құралдарында аталған процесс туралы материал аз.

Бұрынғы саясаткерлер мен мемлекеттік шенеуніктердің қамалуы 2024 жылы жазда басталған.

XS
SM
MD
LG