Accessibility links

Жылыжайға субсидияның жоқтығы білінді


"Бұхарбаев" шаруа қожалығындағы жылыжайда гүл баптап жүрген жұмысшы. Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл.
"Бұхарбаев" шаруа қожалығындағы жылыжайда гүл баптап жүрген жұмысшы. Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл.

Әр гектарға берілетін демеу қаржы тоқтағасын шағын жерде жылыжай ұстайтындар шығын көбейгенін айтады. Үкімет басым бағыттарға инвестициялық субсидия көлемін ұлғайтуға уәде беріп отыр.

ЖЫЛЫЖАЙ ШЫҒЫНЫ КӨБЕЙЕ ТҮСТІ

Оңтүстік Қазақстан облысы Қарасу ауылының тұрғыны Ұлжан Жақыпбекова үш жыл бұрын отбасымен бірге 24 сотық жерге жылыжай салып, көкөніс егумен айналыса бастаған.

– Жылына екі мезгіл егеміз. Ақпан мен қыркүйекте жерді дайындап, көшет отырғызамыз. Қиярдың салмағы жеңіл, қызанақ – ауыр. Ауыр болғасын бағасы да қымбат. Биыл қызанақ өсіріп жатырмыз, - дейді Ұлжан Жақыпбекова.

Ұлжалғас Жақыпбекова. Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл.
Ұлжалғас Жақыпбекова. Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл.

Оның сөзінше, жылыжайдағы температура бес градустан төмен түспеуі керек, әйтпесе бүкіл еңбек еш кетеді. «Сондықтан күн суығанда үзбей от жағамыз» деген Ұлжан биыл үкіметтен берілетін субсидия тоқтағандықтан жылыжайдағы ауа температурасын бірқалыпты ұстау қосымша шығынға түскенін айтады.

– Ақпан, наурыз айында 1,5 миллион теңге жұмсадық. Биыл мемлекеттен берілетін демеу ақша тоқтап қалды. Ол жылыжайды жылытуға қажет көмірдің ақшасын жауып тұрса да біз үшін үлкен көмек еді, - дейді Ұлжан.

Шымкентте алты жылдан бері 1,5 гектар жерге жылыжай салып, диқаншылықпен айналысатын «Бұхарбаев» шаруа қожалығында 20 адам жұмыс істейді. Биыл қияр, қызанақ, гүл өсіріп жатқан шаруашылық басшысы Сайдкәрім Бұхарбаев:

– Келесі жолы лимон егеміз бе деп отырмыз, себебі топырақ құнарын жоғалтпас үшін өсімдік түрін ауыстырып отыру қажет. Еккеннен бастап өнім алғанша біраз уақыт кетеді. Әр мезгілде 50 мың доллар шығын шығады. Егін қалай болар екен деп күнде уайымдайсың, - дейді.

«Бұхарбаев» шаруа қожалығы биыл алғашқы маусымда баптап өсірген өнімдерін де ендігі сата бастаған.

"Бұхарбаев" шаруа қожалығындағы жылыжайда өскен гүлді сатуға дайындап жатқан жұмысшы. Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл.
"Бұхарбаев" шаруа қожалығындағы жылыжайда өскен гүлді сатуға дайындап жатқан жұмысшы. Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл.

– Гүлдер ашылды, сатуға шығардық. Қызанақ та пісіп жатыр. Саудагерлер бізден қызанақтың келісін 750 теңгеге сатып алып, базарда 1200 теңгеден сатады, - дейді ол Азаттыққа.

Ұлжан Жақыпбекова тәрізді Сайдкәрім Бұхарбаев та бұған дейін жыл сайын жылыжайға мемлекеттен демеу ақша алып келген.

– 2014 жылы 1,8 миллион теңге алдық, 2015 жылы 1,5 миллион теңге берген. Ал биыл жоқ болды, - дейді ол.

Азаттық тілшісі әңгімелескен жылыжай иелері үкіметтен беріліп келген субсидия тоқтаған соң жылыжай ұстауға өздері жұмсайтын шығын көбейгенін айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы жылыжайлар туралы видео:

Шымкенттегі жылыжай
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:57 0:00

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СУБСИДИЯ

Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Полатбай Тастанов биылдан бастап дихандарға жердің әр гектарына төленетін субсидия тоқтатылғаны, ол туралы былтыр Қазақстан ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаровтың қатысуымен Шымкентте өткен фермерлер мәжілісінде талқыланып, шаруаларға түсіндірілгенін айтты.

– Бұрын 2 миллиард теңгеге дейін субсидия берілетін. Мәселен, 2015 жылы бір гектар ыңғайластырылған жылыжайға 1,5 миллион теңге, өндірістік типтегі жылыжайға 3 миллион теңгеден жылына екі рет субсидия берілді. Қазір Қазақстан бойынша субсидия беру тоқтатылды. Есесіне шаруашылықтарға «Казагро» арқылы жеңілдетілген несие беру мәселесі қарастырылып жатыр, - дейді шенеунік.

"Бақкелді" шаруа қожалығының жылыжайы. Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл.
"Бақкелді" шаруа қожалығының жылыжайы. Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл.

Қазақстандағы жылыжайлар қауымдастығы президенті Қанат Қошманның сөзінше, жылыжайларға субсидия беру әр аймақта әрқилы жүргізіліп келген.

– 2010-2012 жылдары субсидияны ауыл шаруашылығы министрлігі бөліп беріп отыратын, кейін жергілікті әкімдіктер өз бюджетінің шамасына қарай беретін болды. Әр гектарға 1,3 миллион теңге көлемінде субсидия берілді. Егер жылыжайы көп оңтүстік өңірлерде қаражатты бәріне бірдей жеткізу қиындық туғызса, жылыжай саны аз солтүстіктегі аймақтарда жағдай одан өзгешелеу болды, - дейді ол.

Жылыжайлар қауымдастығы президентінің айтуынша, үкімет жылдың көкөніс қат болатын әрі бағасы күрт қымбаттайтын мезгілінде (қараша-маусым аралығы) тұрғындарды өніммен қамтамасыз ететін, инновациялық технология қолданатын шаруашылықтарға басымдық беріп, оларға берілетін инвестициялық субсидия көлемін ұлғайтқалы отыр.

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаменті бас сарапшысы Нұрлан Дулатовтың Азаттыққа айтуынша, қазіргі кезде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау жүйесін реформалау аясында жеміс пен көкөніс өсіретін нысандарды құру және кеңейту инвестициялық субсидиямен қамтамасыз етілетін басым бағыттар тізбесіне енгізілген. Министрлік өкілдерінің сөзінше, бұған қатысты заң ережесі биыл қабылданады деп күтіліп отыр.

Бұған дейін, 2015 жылы желтоқсанда ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров Азаттыққа түсініктемесінде жердің әр гектарына төленіп келген субсидия тоқтатылып, бұл мақсатқа бөлінген 41,1 миллиард теңге енді басқа салаға берілетінін айтқан.

– Мысалы, шаруалар лизингке техниканы 14 пайыздық үстемемен алса, оның 7 пайызы субсидияланады, - деген болатын вице-министр.

2015 жылғы статистикалық мәлімет бойынша, Қазақстанда жылыжай алқабының жалпы көлемі 985 гектарды құраса, оның 967 гектары көкөніс өндіруге пайдаланылған; олардың басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан.

XS
SM
MD
LG