Accessibility links

ШЫҰ елдері қорытынды декларация қабылдады. Құжатта Украина туралы сөз жоқ


Ресей, Үндістан және Қытай басшылары ШЫҰ саммиті аясында сөйлесіп тұр. Тяньцзинь, Қытай. 1 қыркүйек 2025 жыл.
Ресей, Үндістан және Қытай басшылары ШЫҰ саммиті аясында сөйлесіп тұр. Тяньцзинь, Қытай. 1 қыркүйек 2025 жыл.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) мемлекет басшылары кеңесі Қытайда өткен саммит қорытындысы бойынша Тяньцзинь декларациясын мақұлдады. Құжатта ішкі істерге араласпау, күш қолданбау және біржақты санкцияларды қабылдамау қағидаттары бекітілген.

Ұйымға мүше елдер жасанды интеллектінің дамуына байланысты туындап отырған қауіп-қатерлер мен қауіпсіздік саласындағы өзге мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін және әскери ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін білдірді.

Қатысушылар АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдарын айыптап, ядролық нысандарға зиян келтіруге жол берілмейтінін атап өтті.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы барысында 20 құжатқа қол қойылды. Олардың арасында:

  • ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталық туралы келісім;
  • ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығына байланысты мәлімдемесі;
  • ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету туралы мәлімдемесі;
  • ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Нашақорлықтың жаһандық мәселесін тиімді шешу және оған қарсы күрес жөніндегі мәлімдемесі;
  • ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті министрліктері мен ведомстволары басшыларының тұрақты даму саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайту туралы мәлімдемесі бар.

Декларацияда сондай-ақ терроризмге және "оған баға берудегі қос стандарттарға" қарсы ұстаным, Ауғанстанды тұрақтандыруға бағытталған қадамдарды қолдау, ядролық қаруды таратпау және ғарышты қарудан азат ұстау мәселелері қамтылды.

Құжатта мемлекеттердің өз аумағында интернетті реттеу құқығы мойындалды, есірткі трафигіне қарсы күресте ынтымақтастықты дамыту қажеттігі айтылды және "бақылаушы" мен "диалог бойынша әріптес" мәртебелерін біріктіру туралы шешім қабылданды.

Декларацияда Украина туралы айтылмаған. Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, Ресейдің Украинадағы соғыс жөніндегі ұстанымы "бір елдің қауіпсіздігін екінші елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіре отырып қамтамасыз етуге болмайды" дегенге саяды.

"Украина дағдарысын реттеуге ықпал етуге шақырған Қытайдың, Үндістанның, біздің басқа да стратегиялық серіктестеріміздің күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Жақында Аляскада өткен Ресей-Америка саммитінде қол жеткізілген уағдаластықтар да осы бағытта жүріп жатыр деп үміттенемін, бұл Украинадағы бейбітшілікке жол ашады", – деді Путин ШЫҰ саммитінде сөйлеген сөзінде.

Ресей президенті бұдан бөлек Украина дағдарысының түпкі себептерін жою қажеттігін және Украинаны НАТО-ға "тартуға жол бермеу" керектігін тағы қайталады .

Саммит аясында Путин Ресей-Украина соғысын Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен және Түркия президенті Режеп Ердоғанмен талқылады. Моди де, Ердоған да саммит қарсаңында Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлескен.

Зеленский Үндістан премьерімен әңгіме барысында "Ресей басшысымен кездесуге" дайын екенін растағанын айтты.

Путинмен кездесуден кейін Моди әңгіме тамаша болғанын жазды. Үндістан премьері қақтығысты мүмкіндігінше тезірек тоқтату және тұрақты бейбітшілік орнатудың жолын табу қажеттігін атап өтті.

Ердоғанмен кездесуден кейін Путин Анкараны Мәскеудің сенімді серіктесі деп атады және Түркияның Ресей-Украина соғысын реттеуге қосқан үлесі зор деді.

Киев ШЫҰ саммитінде айтылған мәлімдемелерге қатысты пікір білдірмеді. Владимир Зеленский Владимир Путинмен кездесу өткізуді бірнеше рет ұсынған, бірақ Кремль әзірге келіскен жоқ. Дей тұрғанмен, Путин Зеленскиймен кездесу мүмкіндігі барын айтып тұрады.

Путин мен Зеленскийдің бетпе-бет кездесуін АҚШ пен Украинаның Еуропадағы одақтастары талап етіп отыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG