Accessibility links

Әскерге алынғандардың алды өліп жатқанда, Путин мобилизация аяқталатынын айтты


Ресей билігі Украинадағы соғысқа байланысты елде "ішінара" әскери мобилизация жариялағаннан кейін армия қатарына шақыртылған ресейліктер туған-туыстарымен қоштасып тұр. Мәскеу, 6 қазан 2022 жыл.
Ресей билігі Украинадағы соғысқа байланысты елде "ішінара" әскери мобилизация жариялағаннан кейін армия қатарына шақыртылған ресейліктер туған-туыстарымен қоштасып тұр. Мәскеу, 6 қазан 2022 жыл.

Ресейде жуырда ғана мобилизацияға ілінген азаматтардың алды үйіне табытпен оралып, ел ішінде үрей одан сайын күшейіп жатыр. Президент Владимир Путин "ішінара" мобилизация жуырда аяқталатынын айтқанымен, жұрт оған сенбейді.

Ресей президенті Владимир Путиннің халық арасында қолдау таппаған "ішінара" мобилизация жариялағанына төрт апта болды. Содан бері өткен уақытта Украинадағы соғысқа кеткендердің алды табытпен орала бастады. Бұл онсыз да қамкөңіл халықтың мобилизацияға наразылығын одан сайын үдетті.

13 қазанда Ресей билігі қыркүйектің аяғында Орал өңірінен мобилизация бойынша армия қатарына алынған бес адамның Украинада қаза тапқанын мәлімдеді. Осылайша билік әскерге шақыртылғандардың соғыста өлгенін алғаш рет мойындады. Путин 21 қыркүйекте мобилизация жариялаған соң соғысқа аттанғандар биліктің мәлімдемесінен бір күннен соң жерленді.

Әскерге шақырту алғандар мен олардың үй-іші мобилизация пункттерінде жағдай нашар, азық-түлік, жатын орын мен қару-жарақ жоғын айтып шағымданған. Олардың көбі әскери тәжірибесі жоқ екеніне, денсаулығы жарамайтыны жайлы түрлі диагнозы барына қарамастан әскерге шақырту алғанын айтқан. Жұрт арасында осындай арыз-шағым көбейіп, алаңдаушылық күшейіп тұрған шақта, осыдан небары бірер апта бұрын ғана әскерге алынғандардың алды үйге табытпен орала бастады.

Кремль "ішінара" мобилизация жариялағаннан кейін армия қатарына шақыртылған адамдар әскери комиссариат пункті алдында тұр. Новосибирск, Ресей. 26 қыркүйек 2022 жыл.
Кремль "ішінара" мобилизация жариялағаннан кейін армия қатарына шақыртылған адамдар әскери комиссариат пункті алдында тұр. Новосибирск, Ресей. 26 қыркүйек 2022 жыл.

36 жастағы Антон Борисов қыркүйектің аяғында мобилизацияға ілінген. Орал өңірінен шыққан бірнеше адаммен бірге Украинаға кеткен ол майданға жеткен соң бірер күн өткенде қаза тапты.

"Мені ойға қалдыратыны: теледидардан әлдебір [жаттығу] туралы айтып, соны көрсетіп жатады. Ал шын мәнінде ешқандай дайындық болған жоқ" дейді Владимир Борисов 74.ru сайтына. Оның ұлы Антон – Орал өңірінен мобилизацияға ілініп, әскерге алынғаннан кейін көп ұзамай қаза тапқан азаматтардың бірі.

Украина Харьков облысында Ресей басып алған жерінің біраз бөлігін қайтарып алғаннан кейін, президент Путин "ішінара" мобилизация жариялаған еді. Украинаның қарсы шабуылы мен Ресей күштерінің сәтсіздікке ұшырауы Мәскеу билігіне соғыста оңбай жеңілу қаупін туғызды.

Путин мобилизация аясында әскерге тек резервтегі және әскери тәжірибесі бар азаматтар шақыртылатынын айтқан. Ал Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мобилизация бойынша 300 мыңнан астам адам армия қатарына алынады деді. Шенеуніктер мобилизацияға ілінген адамдардың майданға бармас бұрын кемінде екі апта дайындықтан өтетінін айтқан.

Путин мобилизация жариялаған соң, Ресейдің ондаған қаласында наразылық болып, ондаған мың адам шетелге қашты. Мұны тоқтату үшін билік соғысқа шақыртылғандарға жақсы жалақы төленетінін, жараланған немесе қаза тапқан жағдайда қарызы кешірілетінін айтты.

Мобилизация бойынша Орал өңірінен соғысқа барып қаза тапқан бес адамның бірі – 34 жастағы Тимур Ахметшин. Оның ұлы бірінші сыныпқа биыл барған. Қазір анасы инсульт алды, ұлы қайғырып жүр дейді марқұмның жесірі Мария Ахметшина.

Билік жариялаған "ішінара" мобилизация бойынша соғысқа аттанғандарды шығарып салып тұрған туыстары. Ростов, Ресей, 26 қыркүйек 2022 жыл.
Билік жариялаған "ішінара" мобилизация бойынша соғысқа аттанғандарды шығарып салып тұрған туыстары. Ростов, Ресей, 26 қыркүйек 2022 жыл.

Билік соғыста қаза тапқан жауынгердің отбасына ақша төлеуге уәде еткен. Ол қаржы жұбаныш бола алмайды дейді Мария Ахметшина.

"Ол қай күніме керек? – деді ол 74.ru басылымына. – Ұлыма "әкеңнің орнына осыны берді" деп айтамын ба?".

Мәскеуде жергілікті билік органында қызмет істеген 28 жастағы Алексей Мартынов 23 қыркүйекте әскерге шақырылып, үш аптадан соң соғыста қаза тапты.

"Әскери тәжірибесі жоқ еді. [Жаттығудан] бірнеше күннен соң соғысқа жіберді. Әскери басшылар, қазір өтірік айтатын уақыт емес" деді марқұмның танысы, РИА Новости мемлекеттік басылымы бас редакторының орынбасары Наталья ЛосеваТелеграм арнасында.

ҚОҒАМ РЕАКЦИЯСЫ

14 қазанда Алексей Мартыновты жерлеп жатқан күні президент Путин "ішінара" мобилизация айдың аяғына қарай аяқталатынын, алғашқы үш аптада 220 мың адам әскерге алынғанын айтты.

"Қосымша мобилизация жоспарланып отырған жоқ. Ол қажет те емес. Екі аптада мобилизация аяқталады деп ойлаймын" деді Путин. Үш күннен кейін Мәскеу мэрі Сергей Собянин қалада мобилизация аяқталғанын мәлімдеді.

Ресейде жарияланған мобилизация бойынша армия қатарына шақырылған азаматтардың әскери құжаты. Свердловск облысы, Ресей, 28 қыркүйек 2022 жыл.
Ресейде жарияланған мобилизация бойынша армия қатарына шақырылған азаматтардың әскери құжаты. Свердловск облысы, Ресей, 28 қыркүйек 2022 жыл.

16 қазанда өткен конференцияда Кембридж университетінің тарих профессоры, Ресей жөніндегі сарапшы Джонатан Хаслам Путин мобилизацияны қоғам наразылығынан кейін тоқтатты деді.

"Әскерге шақыртылып, Украинада қаза тапқандарды жоқтаған қарт адамдар көшеге шығатын болса, қоғамда қысым да күшейіп, Путинді биліктен тайдыруы мүмкін" деді ол.

RAND Corporation америкалық талдау орталығының әскери сарапшысы Дара Массикот президент Путин мобилизацияның бірінші толқыны аяқталғанынан белгі берген болар деді Азаттыққа.

"Оның мерзімі мен олардың сөзіне сенім жоқ" деді Массикот.

Путин билігі бұған дейін де бірнеше мәрте өтірік айтып, соғыс туралы жалған ақпарат таратқан. Кремльдің қудалауынан қорыққан Ресей халқы соғысты "арнайы әскери операция" деп атайды. 24 ақпанда Украинаға басқыншылық жариялағанда Путин жаппай мобилизация болмайды деп мәлімдеген.

Қыркүйекте Шойгу соғыста кемінде алты мың жауынгер қаза тапқанын мәлімдеді. Украина мен Батыс елдері соғыс басталғалы бері Ресей жағынан ондаған мың адам қаза тапқан дейді. Адам шығыны билік айтқандай болса, Ресейге үш жүз мың адамды мобилизациялау қажет болмас еді дейді Кремльді сынап жүрген экономист Сергей Гуриев "Русские норм" Youtube арнасына берген сұхбатында.

Өткен аптада Путин мобилизация аяқталатынын жарияламай тұрып Мәскеу, Санкт-Петербург пен басқа да қалаларда полиция рейд жүргізген. Олар Санкт-Петербургте таңертең көпқабатты үйлердің алдын торып, жұмысқа баратын азаматтарды ұстап алуға тырысса, Мәскеуде жатақханаларды торуылдаған.

Мобилизацияға ілінгісі келмейтін, бірақ елден кетуге мүмкіндігі жоқ немесе елден кеткісі келмейтін азаматтардың көбі жатақханаларда немесе дос-танысының үйіне жасырынады.

Ресей билігі ұсталғандарды жинау үшін Мәскеудегі театр мен кинотеатрларды пайдаланған.

Мәскеудің солтүстігіндегі Роман Виктюк драма театрына жүзге жуық адам жеткізілген. Сол жерде оларды армиямен келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеген деді құқық қорғау тобы қашып жүрген бірнеше ер адамның сөзіне сүйеніп.

Мобилизация Украинаның қарсы шабуылын бәсеңдеткенімен, оларды тоқтата алмайды дейді әскери сарапшылар. Ал Путин соғыс ұзаққа созылса, Батыстың Украинаның қолдауы әлсірейді деп ойлайды.

СУИЦИД ЖАСАУ, ҚАСЫНДАҒЫ САРБАЗДАРДЫ АТЫП ӨЛТІРУ

Мобилизацияға ілінген адамдардың кейбірі Украинаға жетпей ажал тапты: олар суицид жасаған.

Украинаға басқыншылық басталғалы бері Ресей жерінде ең қанды оқиға 15 қазанда болды. ТМД елінен шыққан екі адам Белград облысындағы Солоти полигонында әскери қарудан оқ жаудырған: 11 жауынгер өліп, 15-і жараланды. Бейресми деректер қаза тапқандардың да, шабуыл жасағандардың да саны бұдан анағұрлым көп болған деп көрсетеді.

Қорғаныс министрлігі қаза тапқандардың әскерге ерікті түрде барғанын хабарлады. Бірақ Солоти полигоны әскерге шақырту алғандарды дайындап келген. Орал өңірінен мобилизация бойынша әскерге алынған адамдардың туыстары да биліктің "олар соғысқа ерікті түрде барған" деп айтуға тырысқанын айтады.

Бұл Солотидегі алғашқы оғаш оқиға емес. Осы айда мобилизациямен әскерге алынған бір топ адам дайындық пен медициналық қызмет нашар болған соң соғысудан бас тартқан дейді SOTA тәуелсіз телеграм арнасы.

"Кім екені белгісіз дәрігер отырған санитарлық бөлімде емес, медициналық тексеруден өту үшін [үйге] қайтқымыз келді" деген олар телеграм арнаға.

"Жақсы дайындықтан өткіміз келеді. [Шақыртудан соң] полигонда бір рет қана болдық. Бұл жерде ешкім [қарудан] ата да алмайды" деді ол.

Путин мобилизация бойынша әскерге алынған адамдардың соғысқа кетпей тұрып 5-10 күн алғашқы дайындықтан өтетінін, сосын тағы 5-15 күн әскери бөлімде болатынын айтқан. Сарапшылар жауынгерлерді майданға дайындауға бұл да жеткіліксіз дейді.

Көбі бұған да қол жеткізе алмаған. Сарапшылар ең үздік инструкторлар соғысқа жіберілгендіктен, дайындық сапасы күмәнді екенін айтады.

RAND сарапшысы Массикот Ресей мобилизациясы қалай болса солай, бейберекет өтіп жатқанын, мемлекет те, басқыншылық басталар алдында ондай шешім қабылдауға қатыспаған қарулы күштер де мұндай үлкен соғыс болады деп күтпегенін айтады.

"Мобилизация жүйесі кейінгі он жылда басымдыққа ие болған жоқ" деді сарапшы.

Материал дайындауға Азаттықтың Орыс қызметі мен "Север.реалии" атсалысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG