Accessibility links

Путиннен кешірім сұраушылар 55 мыңнан асты


Ресей президенті Владимир Путин. Анкара, 1 желтоқсан 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин. Анкара, 1 желтоқсан 2014 жыл.

Батыс елдері азаматтары өз үкіметінің Ресейге қарсы саясаты үшін Владимир Путиннен интернет арқылы кешірім сұрай алады. Ғаламторда осындай бір жұмбақ петиция пайда болды.

Үкіметіңіздің Украинада соғыс шығарып отырған қитұрқы саясатынан шаршадыңыз ба? Батыс баспасөзінің Ресей туралы жалған ақпараттарынан жалықтыңыз ба? Бәлкім бұл үшін Ресей президенті Владимир Путиннен кешірім сұрағыңыз келетін шығар?

Онда Сізге осындай мүмкіндік туып отыр.

Енді электрондық поштасы бар әлемнің кез келген азаматы «Құрметті Путин» деп аталатын онлайн хатқа қол қойып, Кремль басшысынан кешірім сұрай алады.

«Құрметті Президент Путин және Ресей халқы, біздің үкіметтеріміздің және ақпарат құралдарының әрекеттері үшін ғафу өтінеміз» деп басталатын бұл петиция әлемнің 19 тіліне аударылған.

«ЯДРОЛЫҚ СОҒЫСҚА ЖОЛ БЕРМЕЙ ОТЫРСЫЗ»

Онлайн петиция Путинге арналған мына сөздермен жалғасады: «АҚШ бастаған Батыс мемлекеттері Ресейге соғыс ашуға әзір отыр. Ақыл-есі дұрыс кез келген адам мұндай соғыстың қандай ауыр зардап әкелетінін біледі, сондықтан қолдан келгенше оны болдырмауға тырысады. Сіз (Путинді айтады – ред.) қазір дәл солай істеп жатырсыз. Шет-шегі жоқ өтірік пен арандату әрекеттеріне қарамастан, сіз Ресейдің ядролық соғысқа килігуіне жол бермей отырсыз».

"Құрметті Путин" аталатын онлайн петицияның dearputin.com. сайтынан алынған скриншоты. 5 желтоқсан 2014 жыл.
"Құрметті Путин" аталатын онлайн петицияның dearputin.com. сайтынан алынған скриншоты. 5 желтоқсан 2014 жыл.

Онлайн хат dearputin.com деген веб-сайтта жарияланып, 19 тілге аударылған. Бұл сайттың қай жерден ашылғаны беймәлім, онда ешқандай байланыс мағлұматтары көрсетілмеген. Көбіне Ресейдегі әлеуметтік желілер арқылы жұртқа таралған бұл сайттағы хатқа Ресей ақпарат құралдары ерекше мән беріп отыр.

Ресейдің мемлекеттік басылымы - «Российская газетаның» қыркүйектің 11-і шыққан санында «Еуропалықтар Владимир Путиннен кешірім сұрайды» деген тақырыппен мақала басылды.

Ресейдің қауіпсіздік қызметімен тығыз байланысы бар, аса танымал LifeNews таблоиды да қыркүйектің 11-і күні «DearPutin.Com сайты танымал болып келеді» деген тақырыппен материал жариялады.

55 МЫҢ ҚОЛ

Веб-сайттағы ақпаратқа сенсек, желтоқсанның 3-іне дейін бұл хатты қолдап, 55 мыңнан астам адам қол қойған. Путиннен кешірім сұрағандардың арасында Чехия, Германия, Франция, Австралия, АҚШ, Қазақстан, Швеция, Парагвай, Словения, тіпті бір қызығы, Ресей азаматтары да бар.

Қол қойғандардың нақты кім екенін, азаматтығын анықтау мүмкін емес. Себебі ашық хатты қолдаған адам есімін, электрондық поштасын жазып, өз елін көрсетсе жеткілікті.

Путинді бейбітшілік жолындағы күрескер деп мадақтап, АҚШ-ты «ядролық соғыс бастауға әрекеттеніп жатыр» деп айыптаған хат авторлары «Малайзия ұшағын құлатты» деп ресейшіл сепаратистерге негізсіз қара күйе жағып отырған» Батыс ақпарат құралдарына шүйлігеді және «Украинадағы неонацистерді қолдап отыр» деп Батыс елдерінің басшыларын кінәлайды.

«АҚШ-ТЫҢ ИМПЕРИЯЛЫҚ САЯСАТЫ»

«Сіз неге осы өтірік пен арандатудың нысанасына айналдыңыз? Себебі Батыстың патологиялық қылмыскерлері Ресеймен соғысқысы келеді, оларға сыртқы жау керек» деп жазылған әлгі петицияда.

Петицияда «Жұрт (АҚШ тұрғындарын айтады – ред.) назары «Ресей агрессиясына» ауып, олар Америка экономикасы мен әлеуметтік саясатының нашарлауына кім жауапты екенінен бейхабар қалып отыр. Тарихы тәкаппарлық пен дүниеқоңыздықтан шыққан аяусыз соғыстарға тұнып тұрған Еуропа елдерінің басшылары толық моральдық азғындауға ұшырап, АҚШ-тың империялық агрессиялық саясатының ығына аңғалдықпен жығылып отыр» деп жазылған.

(Том Бэлмфорттың блогын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG