Accessibility links

Мэр сайлауын жоюға қарсы митинг не береді?


Екатеринбург мэрі Евгений Ройзман.
Екатеринбург мэрі Евгений Ройзман.

Дүйсенбі күні Ресейдің Екатеринбург қаласында тұрғындарды қала мэрін тікелей сайлау мүмкіндігінен айыратын заң жобасына қарсы митингіге бірнеше мың адам шықты.

Екатеринбург мэрін тікелей сайлау күшін жоятын заң жобасын ертеректе Свердлов облысы губернаторы Евгений Куйвашев ұсынған болатын. Заң жобасына сәйкес, мэрді конкурстық комиссия ұсынған кандидаттар ішінен қалалық дума депутаттары сайлайды. Свердлов облысының аймақтық парламенті заң жобасын бүгін қарауы тиіс. Митингіге саясаткер кіші Дмитрий Гудков, режиссер Алексей Федорченко, Алексей Навальныйдың серігі Леонид Волков қатысты. Қазір Екатеринбург мэрі қызметін 2013 жылы тікелей сайланған танымал саясаткер Евгений Ройзман атқарады. Бірақ қала әкімшілігін конкурс бойынша жалданған сити-менеджер Александр Якоб басқарады.

"Настоящее Время" телеарнасы тілшісі Алена Вершинина Екатеринбург мэрі Евгений Ройзманнан "Мэрді қала тұрғындарының өздері сайлау мүмкіндігінен айыру облыс билігіне не үшін қажет болды?", "Мэр сайлау дәстүрін митингінің көмегімен қорғап қалудың сәті түсе ме?" деп сұраған еді.

Екатеринбургтегі митингіден жүргізілген тікелей видеотрансляция жазбасы:

– Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне шабуыл неліктен дәл қазір күшейді? Шын мәнінде, сіздің қолыңызда ешқандай өкілеттік жоқ қой. Қаладағы шаруалардың бәрін іскерлік беделіңіз бен жұрттың сізді сыйлауының арқасында атқарып келесіз. Облыс билігінің сізді қырына алу себебі неде деп ойлайсыз?

Шын мәнінде, сайлау еркіндігі - жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тірегі деп конституцияның 131 бабында айтылған. Бұған қоса, біз жергілікті өзін-өзі басқару туралы еуропалық хартияға 1998 жылы қол қойғанбыз. Мен мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі биліктің екі бөлек тармағы деп санаймын. Бұған килігуге болмайды! Жергілікті биліктің маңыздылығы сол, ол халықпен етене араласып, федералдық немесе әлемдік деңгейдегі әлдебір жайсыз тренд, қатерлерге қарсы дереу әрекет ете алады. Жергілікті билік деңгейінде мұның бәрін реттеуге болады. Бірақ билік вертикалі қатаң реттелетіндіктен, конституцияны "федералдардың" өздері де бұза бергісі келмейді, аймақтық деңгейде де бұзуға жол бермейді. Ресейде мэрді тікелей сайлау дәстүрі сақталған қала сонша көп емес. Соның бәрі Ресейдің бетке ұстар қалалары. Ал Екатеринбургке келсек...

Свердлов облысының губернаторы Евгений Куйвашев (сол жақта.)
Свердлов облысының губернаторы Евгений Куйвашев (сол жақта.)

Бізде губернатор Евгений Куйвашев сырттан - Тюменьнен келген кісі, ол - "Собяниннің адамы". Білімі де, ой-өрісі де таяздау кісі. Интеллектуалдық деңгейі Екатеринбургке сай емес. Сондықтан бұл жағынан өзін қатты қорсынып, Екатеринбургті әлдебір амалдармен тұқыртып алғысы келіп тұрады. Олар қазір тұрғындарды қала мэрін тікелей сайлау құқығынан айырып, өз адамын тағайындағысы келеді. Оған оны таныстырып та қойды. Ал Екатеринбург үшін қала басшысын сайлау - 1766 жылдан бері үзілмей келе жатқан ежелгі дәстүр. Екатеринбургте жергілікті өзін-өзі басқару органы әрдайым маңызды рөл атқарып келген. Кезінде, Аракчеевтің тұсында Екатеринбург қаласы думасының ықпалын әлсіретіп, сайлау жүйесін жоюға тырысып көрген, одан түк шыққан жоқ. Сосын Бірінші Николай тұсында да сондай әрекет болған. Бірақ Екатеринбург ол кезде де бой бермей қойған. Қазір Екатеринбург - Ресейдің ең бетке ұстар қалаларының бірі, миллионнан аса халқы бар қалалардың ішіндегі ең озығы екені даусыз.

Бұған қоса, Екатеринбург - ешқандай қарызы жоқ қала. Қазір Ресейде бұл мүлде сирек кездесетін құбылыс қой. Мэрді тікелей сайлаудан бас тартуды губернатор не үшін ұсынып отырғаны түсініксіз. Екатеринбург - елдегі ең бетке ұстар қалалардың бірі. Аймақ бюджетінің төрттен үш бөлігін құрап отырған қала. Мүлде қарызы жоқ қала. Ал облыстың жартысы қарызға белшесінен батып отыр, Екатеринбургтен өзге жерлерде дені дұрыс аурухана жоқ, ақша жоқ, жағдайы мүлде нашарлап барады. Бірақ несиеге батып отырған облыстың губернаторы Екатеринбургті де басқарғысы келеді. "Бірдеңені дамытқың келсе, көркейтемін десең, облыспен айналыс. Ал Екатеринбургке тиіспе, ол аяғынан тік тұр, алға қарай дамып барады" деген қисынды уәжге құлақ аспайды. Бұл жерде көп нәрсе жеке адамға тіреліп тұр. Бұған қоса, бәрі федералдық трендтен қалғысы келмейді. Бір қызығы, "халыққа жақын болу үшін, адамдармен етене жұмыс істеу үшін қала мэрлерін тікелей сайлау керек, бұл өте маңызды" деп тікелей желі кезінде президенттің өзі ашық айтқан. Бұл жерде осындай үлкен қайшылық бар.


– Свердлов облысының екінші ірі қаласында (Нижний Тагил) мэрді тұрғындар сайлайды, ал орталығы - Екатеринбургте оны тағайындауды ұсынады. Бұл ақылға сыймайтын абсурд қой.

Иә, осы жағдай таңғалдырады. Бұл жерде көп нәрсе [губернатордың] жеке көзқарасына тіреліп тұр. Бірақ Екатеринбург өзге қалалардан осы жағынан қатты ерекшеленеді. Мысалы, Қазанды алайық. Республика президенті Минниханов, ал Қазанның мэрі - Медшин. Екеуінің арасында неше түрлі келіспеушілік болуы мүмкін. Бірақ Қазанға қатысты мәселеге келгенде бұл республиканың абыройы екенін, Қазанды дәріптеп, даңқын шығарып, абыройын асқақтату керектігін екеуі де түсінеді. Сондықтан бұл шаруамен екеуі бірге айналысады. Ал бізде кім губернатор болып келсе де Екатеринбургті "жеңуді" ғана ойлап келеді. Міне, осындай айырмашылық бар. Ал Екатеринбург - көркейіп келе жатқан еуропалық типтес қала.

– Митинг қарсаңында New Times басылымында жергілікті саясаттанушы Федор Крашенинников қанша адам шықса да, облыстық кеңестің шешімін өзгерте алмайды деп жазды. Бірақ оның пікірінше, бұл жағдай Ресейдің қалған бөлігі үшін күрес жүргізудің маңызды үлгісі болады. Жұрт әділ сайлауды талап етіп,көшеге шыққан, ал кейін билік керісінше, қысымды күшейткен 2012 жылғы сияқты жағдай қайталанады деп қауіптенбейсіз бе?

– Бұл - Екатеринбург. Бұл жақта қысымды онша күшейте алмайды. Екатеринбургтің орыс техникалық интеллигенциясының отаны екенін түсінген жөн. 1750 жылға қарай Екатеринбургте жұрттың бәрінің көзі ашық болған, сауатсыз адам қалмаған. Ресейде мұндай бір де қала жоқ. Қалада ғылыми-техникалық, шығармалық интеллигенция өкілдері көп тұрады. Бұл біріншіден. Екіншіден, Екатеринбург - 1,5 миллион адам тұратын қала. Ал сырттан келген губернатор кенеттен "Сіздерді қала басшысын сайлау құқығынан айырамыз" деп мәлімдейді. Мұнысы тұрғындарды көпе-көрінеу сыйламау емей немене?! Өзі бір жақтан келгенімен қоймай, сендерді басқаруға әлдебіреуді тағайындаймын дегені қалай? Сонда оны өзіміз сайлауға дәрменсізбіз бе? Оған ой-өреміз жетпейді ме? Неге бұлай? Демек сыйламайды деген ой келеді.

Федералдық орталық мықты қалалардан мазасы қашып, сескенеді.

Үшіншіден, бұған әлдебір реакция таныту керек. Өйткені бұл жолы үндемей қалсақ, келесі жолы тағы бір осындай қадам жасайды. Өйткені мұнымен бітпейді ғой. Сондықтан тұрғындар депутаттардың бірінің митинг туралы ұсынысын қолдады. Бүгінгі жиын мына заң жобасына қалай қарайтынымызды көрсетеді. Бүгінгі митинг мен үшін де сынақ болады. Егер жұрт митингіге шықса, құқығымызды қорғауымыз керек, ал шықпаса, демек мұның жұртқа керегі жоқ деген сөз. Мен митингіден осыны көргім келеді. Бірақ бірден айтайын, мен үшін мэрді сайлау мүмкіндігі өзім осы қызметте отырғандықтан ғана маңызды емес, маған ол институт ретінде сақталғаны маңызды. Балаларымызда болашақта сайлау құқығы болса деймін. Өйткені демократия қиын, күрделі дүние болғанымен, ешкім одан жақсы нәрсе ойлап тапқан жоқ. Федералдық орталық мықты қалалардан мазасы қашып, сескенеді. Бірақ қалалары қуатты елдің өзі де қуатты болады. Әрине, Мәскеудің пәрменімен өз адамдарын тағайындап, миллионннан аса халқы бар қалаларды тұншықтырып, ақшаны муниципалитеттен аймақтар жаққа бұруға болады. Бірақ қалаларын әлсіретіп барып қуатты ел болу мүмкін емес. Қуатты ел дегеніміз - қуатты қалалар. Қуатты қалалар – қуатты ел. Өзгеше болмайды!

– Бұл күресте өзіңізді тағы бір қуатты қала - Новосибирскінің мэрі Анатолий Локотьтің қолдауы сіз үшін маңызды болар ма еді?

Анатолий Локоть.
Анатолий Локоть.

– Біріншіден, ол кісіні жақсы танимын. Парасатты депутат болған. Қазір ол да осының бәріне тап болып жатыр. Бізден бөлек, тікелей сайлау жүйесі қалған екі қала – осы Новосибирск мен Томск ғана. Питер мен Мәскеуді есепке алмаймын, өйткені олар субъектілер.

– Бұлар федералдық маңызы бар қалалар.

– Иә! Сайлау дәстүрі 80 субъект қаланың ішінде сегізінде қалды. Сондықтан бұл үшін, әрине, күресу керек. Өзін-өзі басқару жүйесі мықты елдің өзі де мықты болады.

– Сонымен бүгінгі митингіден қандай нәтиже күтесіз?

– Жұрттың реакциясын, Екатеринбургтің реакциясын көргім келеді. Мені теледидарға шығу мүмкіндігінен екі жыл бұрын айырған. Сондықтан волонтерлеріміз митингіге дейін дейін көшеде плакат, үндеу парақтарын таратты. Үлкен кісілерді шығару қиын, ал жастар ақпаратты интернеттен, әлеуметтік желілерден алады. Мына митингіге қанша адам шығатынын, Екатеринбург халқының ішкі сана-сезімі қандай деңгейде екенін көргім келеді. Қала тұрғындарының патриотизмі жоғары болса, кез-келген, тіпті ең қиын саяси жобаларды іске асыруға болады. Өзі тұратын қаласын жақсы көрмейтін адам елін де жақсы көрмейді. Отанды сүю өз қалаңа, атамекеніңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан тұрғындардың өз қаласын қаншалықты жақсы көретінін байқағым келеді.

Президент әкімшілігінде отырған адамдар нақұрыс емес. Олар да мониторинг жүргізіп, халықтың көңіл-күйін қалт жібермей бақылап отыр.

– Ресейде жергілікті БАҚ-тың көбі губернатормен байланысты, өйткені сол қаржыландырады ғой. Екатеринбургте және облыста мына митингі туралы хабарды қалай таратады? Мысалы, жергілікті мемлекеттік телерадиокомпания мына митингіден әлдебір хабар тарата ма?

– Бізде де дәл солай. Ақша да, БАҚ та біртіндеп бір қолда шоғырланған. Бәрі контрактіде отыр. Бұл контрактілік хабар тарату, ақпараттық қамту деп аталады. Мұны БАҚ өкілдерінің бәрі түсінеді. Бірер тәуелсіз БАҚ бар. Митингі өткізуді солар ғана қолдады. Ал жергілікті мемлекеттік телерадиокомпания мына митингіден хабар тарата ма, жоқ па - білмеймін. Өйткені көп жылдан бері теледидар көрмеймін.

– Егер алаңға бірер жүз емес, бірнеше мың, ондаған мың адам шықса, бұл облыстық кеңесті олардың пікіріне құлақ асуға мәжбүрлей ала ма?

– Есімде қалған ең үлкен митингіні 1999 жылы өткізіппіз. Ол кезде есірткі сатушыларға соғыс жариялап, алаңға 10 мың адам шығарғанбыз. Қазір жағдай қанша адам шығатынына тікелей байланысты болады. Президент әкімшілігінде отырған адамдар нақұрыс емес. Олар да мониторинг жүргізіп, халықтың көңіл-күйін қалт жібермей бақылап отыр. Егер алаңға көп адам шыққанын көрсе, губернатордың дымын шығартпай, "тыныш отыр" дейді. Егер тұрғындардың енжарлығын көрсе, әлгі заңды сөз жоқ қабылдайды.

Мэрді тікелей сайлау үшін күресте сізді Навальныйдың серігі әрі Екатеринбургтен шыққан Леонид Волков, қазір Ксения Собчакпен партия құрған Дмитрий Гудков қолдап отыр. Қолдаушылар қатарында тағы кімдер бар?

– Леонид Волков Екатеринбургте туып-өскен, әке-шешесі осында тұрады. 2010 жылы қала басшысы қызметін екіге бөліп, өкілеттігін тартып алуға тырысқан кезде сол кездегі оқиғаларға тікелей араласқан. Қалалық дума депутаты болған кезде жергілікті өзін-өзі басқару проблемаларымен айналысқан. Ол митингіге Навальныйдың өкілі ретінде емес, жеке тұлға ретінде келді. Бізді күтпеген жерден ЛДПР да, "Справедливая Россия" да, коммунистер де қолдап шықты. Ал мен үшін ең бастысы Екатеринбург тұрғындарының позициясы маңызды. Өйткені қазір тіпті тұрғындардың пікірін елемей, оларды қала мэрін сайлау мүмкіндігінен айырса да бәрі енді ғана басталады. Мұндай дүниелер ешқайда жоғалып кетпейтінін түсіну керек. Бұл өте маңызды сәт болып қалады.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Алена Вершинина алған сұхбат орысшадан ықшамдалып аударылды)

XS
SM
MD
LG