Accessibility links

Қырғызстанда қауіпсіз емес пе? Бішкекте Ресейден қашқан оппозиционер жоғалып кетті


Ресейлік белсенді Лев Скорякин
Ресейлік белсенді Лев Скорякин

Оппозиция белсендісі Лев Скорякин Ресей президенті Владимир Путиннің Бішкекке сапарынан кейін бірнеше күннен соң жоғалып кетті. Мәскеу 2021 жылы Федералдық қауіпсіздік қызметі алдында өткен наразылық акциясына қатысқаны үшін оған іздеу жариялаған.

Ресейден қашып, Бішкекте тұрып жатқан белсендіні, Владимир Путин Қырғызстанға ресми сапармен барғаннан кейін бірнеше күннен соң, белгісіз біреулер үйінен күштеп ұстап, алып кеткен. Содан бері ресейлік оппозиционерден хабар жоқ.

Ресейдің ішкі істер министрлігі 2021 жылы Мәскеудегі Федералдық қауіпсіздік қызметі алдындағы “Чекистер күнімен!” деп аталатын сарказм аралас акцияға қатысқаны үшін Лев Скорякинге іздеу жариялаған еді.

Белсендіні шамамен 17 қазанда ұрлап әкеткен. Қазір Скорякиннің қайда екені белгісіз. Құқық қорғаушылар ұрланған белсендінің қауіпсіздігіне алаңдап отыр.

Ресейлік “Новая газета” басылымы құқық қорғаушылардың дерегіне сүйеніп, 17 қазанда Скорякиннің Бішкектегі үйіне бірнеше ер адам келіп, белсендіні көлікке салып, белгісіз бағытта алып кеткенін жазды.

Скорякиннің жоғалып кеткенін хабарлаған белсенділер жеке бас қауіпсіздігі үшін аты-жөндерін жарияламауды сұрады.

- Скорякин өткен айда Германиядан суррогат төлқұжат алуға өтініш берді. Берлиннен гуманитарлық қорғау алды. Қырғызстаннан кетуге дайындалып жүр еді. Қазанның 16-нан 17-не қараған түні Скорякиннің үйіне екі көлікпен 10 ер адам келген. Олар өздерін Қырғызстанның қылмыстық іздестіру қызметінің өкілдеріміз деп таныстырып, белсендіні алып кеткен. Скорякиннің адвокаттары оны полициядан не уақытша тергеу изоляторынан таба алмады. Қазір Левтің қайда екені белгісіз, - деп жазды ресейлік оппозициялық саясаткер Любовь Соболь.

РЕСЕЙ СКОРЯКИНДІ ҚАЙТЕДІ?

23 жастағы Скорякин мен әріптесі Руслан Абазов 2015 жылы құрылған, солшыл көзқарастағы азаматтарды біріктіретін “Солшыл қарсылық” қозғалысына мүше. Ресейдің ішкі істер министрлігі оларға 2021 жылы Федералдық қауіпсіздік қызметі ғимаратының жанында от жағып, оппозициялық плакат ұстап, “Чекистер күнімен!” деп ұрандағаны үшін іздеу жариялаған.

Белсенділер 2022 жылы жазда Ресейден кетті. Скорякин Бішкекке көшті. Биыл маусымда оны Қырғызстан полициясы ұстаған. Ол қыркүйекке дейін уақытша тергеу изоляторында отырды.

Қырғызстанның бас прокуратурасы Мәскеудің Скорякинді Ресейге экстрадициялау туралы өтінішін орындамады. Өйткені Скорякин Қырғызстаннан саяси баспана сұраған. Абазов та Хорватиядан саяси баспана алуға өтініш берген.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров. Бішкек 12 қазан 2023 жыл. Бірнеше күннен кейін ресейлік оппозиция белсендісі Лев Скорякин жоғалып кетті.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров. Бішкек 12 қазан 2023 жыл. Бірнеше күннен кейін ресейлік оппозиция белсендісі Лев Скорякин жоғалып кетті.

Скорякиннің адвокаты Евгения Григорьеваның айтуынша, егер Ресейде өзі қорғап отырған азаматты соттаса, 7 жыл түрме жазасына кесілуі мүмкін.

- Соңғы рет 2022 жылы желтоқсанда Бішкекте сотта кездестік. Содан кейін сөйлескен жоқпыз. Бішкекте жоғалып кеткенін естідім, бірақ Ресейге жеткізілгені туралы ақпарат естімедім. Оған басқа бірнеше азаматпен сөз байласып, өзінше билік етті деген айып тағылып отыр. Бұл салмақты бап, сот оны кінәлі деп тапса, 7 жылға бас бостандығынан айырады, - деді адвокат.

“Мемориал” құқық қорғау ұйымы Скорякинді “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан.

Қырғызстанның ішкі істер министрлігі Азаттыққа Скорякинді ұрлап әкету фактісіне байланысты қосымша ақпарат береміз деді. Осыған дейін Қырғызстан Ресей үкіметін сынаған белсенділер мен оппозиционерлерді ұстап, Мәскеуге экстрадициялаған.

Солшыл қозғалыстың тағы бір мүшесі Алексей Рожков маусымның басында Қырғызстаннан Ресейге депортацияланды. Ол Ресейдің Украинаға басып кіруін сынаған. Рожковқа әскери комиссариатқа өрт қойды деген айып тағылған.

Ресейлік белсенді Алена Крылова да маусымнан бері Бішкекте қамауда отыр. Ол “Адам құқықтары үшін” қоғамдық ұйымының өкілі және Мәскеу экстремистік ұйым деп жариялаған “Солшыл қозғалыстың” құрылтайшыларының бірі болған.

ҚЫРҒЫЗСТАН - ҚАУІПСІЗ ЖЕР ЕМЕС

Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағалы Қырғызстанға 60 мың ресейлік көшкен. Былтыр қыркүйекте Владимир Путин ішінара мобилизация жариялағанда шетелге қашқан эмигранттар саны күрт көбейген. Қырғызстанның өкілетті тұлғалары елге келген ресейліктердің көбі кәсіби біліктілігі жоғары IT мамандар екенін, арасында босқын мәртебесін сұраған бірнеше оппозициялық белсенді мен құқық қорғаушылар барын айтады.

Азаматтық белсенді Қанат Ноғайбаевтың пікірінше, Қырғызстан ресейліктер үшін қауіпсіз жер емес.

- Скорякиннің жағдайына ұқсас оқиғалар бірінші рет болып отырған жоқ. Бұрын да белсенділер мен қарапайым азаматтар жоғалып кетіп, Ресейдің әскери бөлімдерінен табылған. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметімен бірге жұмыс істейді. Олардың арасында ақпарат алмасып отыру туралы келісім бар. Саяси тұрғыдан алғанда, Қырғызстан Ресейге “жоқ” дей алмайды. Сондықтан азаматтарды ұстап, Ресейге қайтару қалыпты дүниеге айналып кетті, - дейді ол.

Тамызда Қырғызстанның сыртқы істер министрі Жиенбек Кулубаев Deutche Welle газетіне Бішкек пен Мәскеу арасындағы келісімге сәйкес, Ресейге саяси эмигранттар мен соғысқа қарсы белсенділерді емес, тек қылмыскерлерді ғана экстрадициялайтынын айтқан.

Қырғызстан сыртқы істер министрі Жиенбек Кулубаев
Қырғызстан сыртқы істер министрі Жиенбек Кулубаев

Путин 12-13 қазанда Бішкекке жасаған сапарында Ресей заңын бұзғандар қайда жүрсе де, жауапқа тартылады деді.

Маусымда Путин Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей азаматтарының жеке деректерін еркін алмасу туралы келісімге қол қойған. Бұл келісім миграция мәселесін жеңілдетуге арналған. Азаматтық қоғам өкілдері бұл шара наразыларға бақылауды күшейтеді деп алаңдайды.

“ҚЫРҒЫЗША” АДАМ ҰРЛАУ

2021 жылы Бішкекте педагог Орхан Инанды жұмбақ жағдайда ұрлап әкетіп, Түркияға жеткізген. Human Rights Watch ұйымы мен қырғыз белсенділер шенеуніктерден түрік мектептер желісінің негізін қалаушы Инандыны ұрлап әкету ісін зерттеуді талап етті. Анкара Орхан Инанды мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған экстремистік ұйымға мүше дейді.

2021 жылы қарашада БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті Инандының жоғалуына Қырғызстан үкіметі жауапты деп мәлімдеді. Бірнеше аптадан кейін педагогтың Түркияда қамауда отырғаны белгілі болды. Ол қарулы террористік топ құрды деген айыппен 21 жылға қамалды. “Сапат” түрік мектептер жүйесін ашқан 55 жастағы Инанды өзін түрік тыңшылары ұрлап әкеткенін, 1995 жылдан бері Қырғызстанда тұрып, осы елдің азаматы болса да, Бішкек Түркияға ұрланған кісіні ұшақпен алып кетуге рұқсат бергенін, қамауда азаптауға ұшырағанын айтқан.

XS
SM
MD
LG