Accessibility links

"Ешқандай айғақ жоқ". АЭС референдумы алдында ұсталған бесеудің соты қалай өтіп жатыр?


АЭС референдумы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деп айыпталғандар сот залында. Алматы, 17 шілде, 2025 жыл.
АЭС референдумы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деп айыпталғандар сот залында. Алматы, 17 шілде, 2025 жыл.

АЭС референдумы қарсаңында ұсталған бес адамның Алматыдағы сот процесі аяқталуға жақын. Айыптау тарапы зейнеттегі және зейнетке таяп қалған ер азаматтар 2024 жылғы 6 қазандағы дауыс беру күні "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған" деді. Қорғаушылар істе ойран салуға дайындықты дәлелдейтін айғақ жоғын айтып отыр.

"Мен атом электр станциясына қарсымын. Бұл – менің ұстанымым және құқығым. Бұл – қылмыс емес", – деді сотта "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деп айыпталған бесеудің бірі Айдар Мүбәраков.

56 жастағы айыпталушы бұрын Семей ядролық сынақ полигонына жақын жерде тұрған. Сол себепті радиациялық ластану зардабы қандай болатынын жақсы біледі. Мүбәраковтің денсаулығында кінәрат көп және ол оны ядролық жарылыстың салдарымен байланыстырады. Асқазанына ота жасалып, ағза мүшесінің 60 пайызын алып тастаған.

Айыпталушылардың бірі Айдар Мүбәраков сот кезінде. Алматы, 17 шілде, 2025 жыл.
Айыпталушылардың бірі Айдар Мүбәраков сот кезінде. Алматы, 17 шілде, 2025 жыл.

"Қырғи-қабақ соғысы" кезінде ядролық қарулану күшейіп, Совет Одағы құрамында болған Қазақстан атом бомбасының сынақ алаңына айналды. Сол себепті Қазақстанда атом электр станциясы салу жайлы бастамаға қарсы шыққандар қарасы көп болды. Олар экологиялық қатерлерді, реакторды орнатушы елге экономикалық және геосаяси тәуелді болу қаупін айтып, балама энергия көздерін дамытуды талап етті. Белсенділер азаматтарды байқаушы болып тіркеліп, учаскелердегі дауыс беру процесін бақылауға үндеген.

Сөйтіп референдумге дайындық науқаны қызған қыркүйек айында 12 адам ұсталды. Оның бесеуі сот қаулысымен қамауға алынып, қалғаны босатылды. Қамауға алынғандар: Айдар Мүбәраков, 66 жастағы Нұрлан Жауылбаев, 64 жастағы Фазылжан Сыдықов, 55 жастағы Нұрлан Темірғалиев және 67 жастағы Жанат Қазақбай.

Полиция бұл азаматтар "күш қолданып, өрт жасап, мүлік бүлдіріп, қару мен жарылғыш зат қолданылатын" тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды, "билік өкілдеріне қарулы қарсылық" көрсетуге дайындалды деп мәлімдеген.

Күдіктілер бұл айыптардың ешбірі шындыққа жанаспайды деді. Мүбәраков қамауды заңсыз деп танып, аштық жариялады. Қараша айынан бері ол тергеу изоляторында төрт апта тамақтан бас тартты. Құқық қорғаушылар дабыл қағып, қамауда отырған азаматтың денсаулығы нашарлап бара жатқанын айтқан.

Зейнеттегі және зейнетке таяу жастағы азаматтарға бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініштер қанағаттандырылмады. Ұстаудан 10 айға жуық уақыт өткен соң іс сотқа жетті. Оларды үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш те орындалмады.

"Мені не үшін қамауға алғанын әлі де білмеймін" деп сөйледі Мүбәраков шілдедегі сот отырысында. "Бұл — саяси қудалау. Тергеу әділетсіз жүрді. Менен Ақорданы (Астанадағы президент резиденциясы – ред.) басып алуға оқталдың ба деп сұрады. Ондай мақсат болмады".

Бірнеше ай бұрын құқық қорғаушылар Мүбәраков, Жауылбаев, Сыдықов, Темірғалиев және Қазақбайды саяси тұтқындар тізіміне (ресми Астана елде саяси қудалау, саяси тұтқын жоқ деп санайды) қосты.

ҚАМАУДАҒЫЛАРҒА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҚТЫ

Алматы сотында ісі қаралып жатқан бесеудің үшеуі зейнеткер. Олар жеке тасымалдау, жалдамалы жөндеу жұмыстары және металл бұйымдарын дәнекерлеумен айналысып, отбасын асыраған.

Олар өзара жақын араласпаған, дос та болмаған. Оларды біріктіргені АЭС жөніндегі ұстанымы: бәрі де станция салуға қарсы болған. Біреуі ұсталғанға дейін әлеуметтік желіге жазба жариялаған, екіншісі отандастарына АЭС салу мен оны пайдаланудың қауіп-қатері жайлы айтқан, үшіншісі байқаушы болуды ойластырып, референдум күні дауыс беруді бақылаймын деген азаматтарға кеңсе жалдаған. Олар өзара бірнеше мәрте кездесіп, АЭС тақырыбын талқылаған.

Айыптау тарапы осы кездесулерді қылмысқа дайындық деп санап отыр. Құзырлы органдар сол кездесулердегі әңгіменің аудиожазбасын қолға түсірген. Тергеу органдары тағайындаған сараптама бұл әңгімеден "халықты АЭС салуға келіспеуге үгіттейтін" сөздер мен "митингіге дайындық қажеті туралы мағыналық компоненттер" анықтаған.

Қамалушылар сот отырысында оқылған айыптау актісін ойдан шығарылған жала деп атады.

— Прокурор: "Митинг, митинг" деп оқыды. Түсінуімше, прокурор митингті қарулы адамдардың көтерілісі деп санайды. Ол үшін қыруар ақша қажет. Мен 86 мың теңге зейнетақы аламын. 86 мың теңгеге митингіні қалай жасаймын? — деді Нұрлан Жауылбаев сот отырысында. — Мен митинг ұйымдастырмадым, қару көтермедім. Біз тек қана дауыс беруге барып, тіркелген байқаушы ұйымынан құжат алып, сайлау учаскесінде болғымыз келді.

Солдан оңға қарай: Нұрлан Темірғалиев, Фазылжан Сыдықов, Айдар Мүбәраков, Нұрлан Жауылбаев сот залында. Алматы, 17 шілде, 2025 жыл.
Солдан оңға қарай: Нұрлан Темірғалиев, Фазылжан Сыдықов, Айдар Мүбәраков, Нұрлан Жауылбаев сот залында. Алматы, 17 шілде, 2025 жыл.

Айыптау актісіне қарағанда, сотталушылар 2023 жылғы желтоқсаннан бастап бас қосып, елде аласапыран орнатудың жоспарын талқылай бастаған. Жанат Қазақбай мұндай жоспар құрмақ түгіл бұл уақытта өзге айыпталушыларды танымағанын мәлімдеді. Соттағы сөзінде ол Темірғалиевпен 2024 жылғы сәуірде, Жауылбаевпен және Сыдықовпен тәуелсіз журналист Думан Мұхамедкәрімнің сотында ("Не дейді" YouTube-арнасының авторы, былтыр тамызда "экстремизмді қаржыландыру" және тыйым салынған ұйымға "қатысу" айыбы бойынша жеті жылға сотталды), Мүбәраковпен 24 тамыз күні Алматыда ақын Тарас Шевченко ескерткішінің алдында Украина тәуелсіздік күніне арналған акцияда танысқанын айтты.

— Қамалғанға дейін қоғамдық қызметпен айналыстым. Қарапайым адамдарға көмектесіп, қаладағы проблемаларды зерттедім, әкімдікке шешу жолдарын айтуға тырыстым. Облысқа барып, жол сапасын зерттедік. Мені белсенділігім үшін қудалап жатыр, — деді Қазақбай сотта.

Нұрлан Темірғалиев Қазақбаймен бірге жол сапасын тексеру үшін жөндеу жұмыстары жүріп жатқан күре жолға барғанын растады. Айыптау тарапы осы сапар кезінде тәртіпсіздік ұйымдастыру жоспары талқыланған дейді. Айыпталушылар мұны жоққа шығарды.

"Республикалық маңызы бар күре жолдардың сапасын тексереміз деп бардық. Іле — Қапшағай — Құрты жолын тексердік, онда жол төселіп жатқан. Нарынқол — Текес жолы салынып жатты, 15 шақырым, оны да тексердік. Бірнеше әкімдікке барып, шенеуніктерге сұрақ қойдық. Бәлкім сол кезде біреуді ренжітіп алған болармыз. Тергеуші "жоғарыда тапсырма түсті" деп, бізді қамап тастады" деді Темірғалиев.

АЭС-ке қарсылық танытқан бесеудің ісімен Алматы полиция департаментінің тергеушісі Рахат Өсеров айналысқан. Ол "жоғарыдан түскен тапсырма" бойынша сұраққа да, өзге сұрақтарға да жауап беруден бас тартты.

— Мен сіздерге жауап бермеймін. Сіз Азаттықта істейсіз бе, жоқсыз ба, мен оны білмеймін. Екіншіден, қылмыстық іс менің қарауымда емес, айта алмаймын, — деді ол телефон арқылы.

"ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІ РЕВОЛЮЦИОНЕР ЕТКІСІ КЕЛЕДІ"

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында өтіп жатқан процесс аяқталуға жақын. Осы аптада сөзжарыс өтуі мүмкін.

Бесеудің адвокаты Ғалым Нұрпейісов істе тәріпсіздікке дайындалуды айғақтайтын дәлелдер жоқ екенін айтады.

— Қандай да бір рациялар, арматуралар, жарылғыш заттар, Молотов коктейлі, яғни жаппай тәртіпсіздікке дайындықты білдіретін нақты заттар болуы керек еді. Сондай-ақ, айыпталушыларда конспирациялық байланыстар, ұйымдасу мүмкіндіктері, белгілі бір қаржы-материалдық ресурстар болуы қажет еді, — дейді Нұрпейісов. — Мұның ешқайсысы жоқ. Бұл адамдар зейнетақыға күнелтеді, кейбірі таксилетеді, кейбір қосымша жұмыс істейді, бірақ оларда мұндай ресурс, топ құратын лидерлік қабілет жоқ. Жаппай тәртіпсіздіктерде әрдайым бенефициар, яғни бұдан пайда көретін адамдар болады. Бұл адамдарда қандай да бір тапсырыс берушімен байланыс жоқ. Егер қылмыс жасау амалы, уақыты, орны объективті түрде жоқ болса, онда жаппай тәртіпсіздікке дайындық туралы қалай айтуға болады?

Солдан оңға қарай: Жанат Қазақбай, Нұрлан Темірғалиев және Нұрлан Жауылбаев сот отырысында. Алматы, 17 шілде, 2025 жыл.
Солдан оңға қарай: Жанат Қазақбай, Нұрлан Темірғалиев және Нұрлан Жауылбаев сот отырысында. Алматы, 17 шілде, 2025 жыл.

Адвокаттың сөзінше, айыпталушылардан қылмыс жасау пиғылы байқалмайды.

— Тәртіпсіздікке оқталған адамдар өз әрекеттерін анық түсінуі керек, бұл ұжым болуға тиіс. Бірақ қорғалушылар бір-бірін жақсы танымайды. Олай болса, бұл адамдарды жағдайды тұрақсыздандыруды көздейтін ұйымдасқан топ деп қалайша айтуға болады? Зейнеткерлерді революционер еткісі келеді. Күлкілі. Халықаралық қауымдастық алдында ұяламын, өйткені бізде жоқ елесті қуалауға тырысып жатыр.

Құқық қорғаушылар бесеудің соты мен "трактор ісі" деп танылған тағы бір саяси астары бар соттың ұқсастығы барын айтады. Былтыр Алматыда "билікті күшпен басып алмақ болды"деген алты адам сотталған. Сот кезінде айыпталушылардың "Ақордаға трактормен басып кірмек болғаны", билікті басып алу мақсатында тәртіпсіздік ұйымдастыруға оқталғаны айтылған. Айыптауға құпия куәгерлердің жасырын видео жазбалары мен айғақтары негіз болған.

— [Референдум қарсаңында ұсталғандардың] ісінде құпия куәгерлер бар. Олар 20 адамнан тұратын топтың ішінеу біреу жоспарланған тәртіпсіздік туралы, не істеу керек, қалай істеу керек екенін айтқанын естіп қалған. "Трактор ісінде" де құпия куәгер болған, — дейді адвокат Нұрпейісов.

"Трактор ісіндегі" айыпталушылар 2022 жылғы кезектен тыс президент сайлауға қарсаңында ұсталған. Ұсталғандардың арасында ЖОО оқытушысы, жұмыссыз адамдар, бағбандықпен айналысушылар болған. Билік оларды дауыс беру күнінде билікті басып алуды, тәртіпсіздік ұйымдастыруды жоспарлады деп айыптаған. Кейінірек анықталғандай, ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл топты наурыз айында бақылауға алған. Соның алдында ғана Қазақстанда Қаңтар оқиғасы (үкіметке қарсы наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласқан қанды оқиға) болып, салдарынан 238 адам қаза тапқан.

Айыпталушыларды қорғаған адвокат Жанар Балғабаева арнайы қызметтер Қаңтар оқиғасы кезіндегі сәтсіздіктерін жуып-шаю үшін осындай істі "құрастырған" болуы мүмкін деп болжам айтқан.

Содан бері екі жылдан асқанда сайлау күні тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды деген айыппен тағы бір топ ұсталған.

— Билік мұнда бәз-біреу жағдайды тұрақсыздандырғысы келеді деп, өзін-өзі ақтап алғысы келді. Сол себепті адамдарды іздеді. Бұлар бола ма, басқа бола ма – кім қолға түссе, сол, — дейді Ғалым Нұрпейісов. Бұл істегі ең жаманы – Қазақстанда құқықтық қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген. Егер билік қандай да бір қауіп төнір тұр деп бір шешім қабылдаса, ол адамдарды жасына, дәрежесіне және жағдайына қарамай сотқа айдайды.

"Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деген бесеу уақытша қамау изоляторында отырғанда Қазақстанда референдум өтіп, дауыс бергендердің 70 пайыздан астамы АЭС салуды қолдаған.

Биліктің айтуынша, АЭС күшейіп бара жатқан энергия тапшылығы мәселесін шешіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға; ғылымды дамытып, бейбіт атом саласында жергілікті мамандарды даярлауға көмектеседі.

Биыл наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге бір емес үш АЭС қажет екенін айтты. Ал маусым айында үкімет бірінші станция құрылысын ресейлік "Росатом" мемлекеттік корпорациясы басқаратынын мәлімдеді. 8 тамыз күні Алматы облысы Үлкен ауылында станция құрылысы ресми түрде басталды.

Үкімет екінші және үшінші станцияны қытайлық CNNC компаниясы салатынын айтып отыр. Кей сарапшылардың айтуынша, Қазақстан билігінің АЭС жобасын ең ірі екі көршісі – Ресей мен Қытайға бергені ұзақ мерзімде елдің энергетикалық және ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG