Accessibility links

Reuters: Баку Azerbaijan Airlines ұшағына "Панцирь" зымыраны тигенін анықтады


Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы жолаушы ұшағы құлаған жерде жүрген құтқарушылар. Ақтау қаласының маңы, Маңғыстау облысы, 25 желтоқсан, 2024 жыл.
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы жолаушы ұшағы құлаған жерде жүрген құтқарушылар. Ақтау қаласының маңы, Маңғыстау облысы, 25 желтоқсан, 2024 жыл.

Әзербайжан билігі 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines жолаушы ұшағына ресейлік "Панцирь-С" әуе қорғаныс жүйесі атқан зымыран жарықшағын алған. Бұл туралы 4 ақпанда Бакудегі жоғары лауазымды шенеунікке сүйеніп Reuters агенттігі хабарлады.

"Әзербайжанда ұшақтан алынған және халықаралық сараптама барысында анықталған "Панцирь-С" зымыранының бөлшегі бар", – деген аты-жөнін атамауды өтінген шенеунік.

4 ақпан кешке Қазақстанның көлік министрлігі Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы апатын тергеудің алдын ала қорытындысын жариялады. 53 бетттен тұратын алдын ала есепте ұшақ қаптамасын тесіп өткен іздер әуе кемесіне "сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазылған. Құжатта "Панцирь-С" зенит-зымыран кешені я қандай да бір өзге зымыран туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Алдын ала есеп бойынша, Reuters агенттігіне пікір берген Әзербайжанның цифрлық даму және көлік министрлігі ұшақ ұшуға толық жарамды болды, бірақ оған "сырттан тиген заттар" зақым келтірген деді.

"Фюзеляжға қадалған бөгде заттар алынды; олардың фотосын алдын ала есепте жұртқа көрсетті. Бөгде заттар не нәрсе екенін нақты анықтау үшін алдағы уақытта қосымша сараптама жүргізу жоспарланып отыр", – деді Әзербайжан көлік министрлігі жергілікті Axar порталына берген пікірінде.

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Ақтау маңына құлады. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып (үшеуі экипаж мүшесі), 29 адам зардап шекті. Қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресейдің азаматтары.

Қазақстанның көлік министрлігі жүргізген апаттың жай-жапсарын тексеру жұмыстарына Әзербайжаннан, Ресейден және Бразилиядан сарапшылар қатысқан.

Қазақстан үкіметі ұшақ апаты туралы алдын ала есеп жарияланатынын бірнеше рет хабарлағанымен, кейінге сырғытып келді. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (Internatіonal Cіvіl Aviation Organіzatіon, ICAO) ережесі бойынша, алдын ала есеп апат болған сәттен бастап 30 күннен кешіктірілмей жария болуы керек. Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы ұшағының апаты туралы алдын ала қорытынды есеп тек 40-күні жарияланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG