Биыл 30 шілдеге қараған түні Ресейдің Тобыл қаласы маңында Сүзге ханымның қоладан соғылған мүсіні қолды болды. Белгісіз біреулер темір қақпаның құлпын бұзып, салмағы 850 келі, биіктігі 2 метр 75 сантиметр болатын және құны 4,2 миллион рубльге бағаланған мүсінді ұрлап әкеткен. Сібір билеушісі әйгілі Көшім ханның сүйікті жарына ескерткіш орнатуға мұрындық болып жүргендердің бірі – 61 жастағы Луиза Шамсутдинова мүсінді ұрлап әкетіп бара жатқан көліктің нөмірін жазып алып, полицияға хабар берген. Тәртіп сақшылары ұрылардың көлігін жол полициясы бекетінде тоқтатқанымен, артынша босатып қоя берген. Кейін Шамсутдинованың өзінің құжаттарын тексеріп, оны ұрылар көзден ғайып болғанша бөгеген.
("Окно" жобасы мақаласынан аударылды)
Ресейдің Түмен облысындағы "Мұра" аймақтық татар қоғамдық ұйымының жетекшісі Луиза Шамсутдинова Сүзге ханымның қола мүсіні ұрланған сәтте бірден полицияға арыз түсіріп, мүсінді алып кеткен көліктердің суреттерін де қоса тіркеген.Бірақ содан бері үш ай өтсе де мардымды жауап алмаған, ескерткіш қайда екенін әлі күнге біле алмай отыр. Ол ол ма, билік Шамсутдинованың өзін ескерткішті заңсыз орнатты және Сібірді бағындырған казак атаманы Ермакты (қазақтар арасында "Жармақ" аталып кеткен – Азаттық) қорлады деген айыппен әкімшілік жауапқа тартып, белсендіге 17,5 мың рубль айыппұл салған. Сот еріктілер қаражат жинап, жасатқан Сүзге ханымның мүсіні мемлекетке өткізілсін деген шешім шығарған.
"МҮСІНДІ АРСЫЗДЫҚПЕН ҰРЛАП ӘКЕТТІ"
Луиза Шамсутдинованың айтуынша, Сүзге ханымның қола мүсіні ресми түрде орнатылмаған, ол тек жалға алынған аумақта уақытша сақтаулы тұрған. Белсенді Тобыл аудандық әкімшілігін мүсінді заңсыз алып қойды деп сотқа жүгініп, оны қайтаруды талап етіп отыр. Бұған қоса ол өзін "Ермакты қорлады" деп айыптаған шешімге де келіспейтінін айтып, шағым түсірген.
– Мен жариялағандардың ешбірінде зорлық-зомбылыққа, өшпенділікке я кемсітуге үндейтін, не әлдебіреудің ар-намысын қорлайтын бірде-бір сөз табылған жоқ, – деді Шамсутдинова "Окно" жобасына берген сұхбатында. – Прокуратура өкілдері мені өшпенділік қоздырды деп атаған Ермак пен оның серіктері – қазіргі Ресей қоғамында өшпенділіктен арнайы қорғауға мұқтаж осал топ емес, тарихи тұлғалар. Оның үстіне "Сібірдің Ресей мемлекеті құрамына қосылу процесіне өшпенділік туғызды" деуге еш қисын жоқ. Ал Сүзге ханымның мүсініне келер болсақ. ортағасырлық тарихи тұлғаға ескерткіш орнатудан өшпенділік қоздыру белгілерін іздеу орынсыз деп есептейміз. Ескерткіш қою рәсімдерінің бәрі сақталды ма деген мәселенің экстремизмге қарсы заңнамаға мүлде қатысы жоқ, – деді ол.
Сүзге ханым – орта ғасырларда билік құрған қазақ ханы Шығайдың қызы әрі әйгілі Сібір ханы Көшімнің сүйікті жары. Ел аузында даналығымен, адалдығымен аты аңызға айналған Сүзгені ақындар "көркіне көктегі Шолпан жұлдыз ғана таласатын мұндай сұлуды бүкіл Сібірден таппайсың" деп жырға қосқан. Көшім хан Сібір хандығының сол кездегі астанасы Ескердің маңында, Ертiс өзенінiң бойынан сүйікті жары Сүзге ханымға арнап Сүзге-Тұра қалашығын салдырған. Оның орны қазір Тобыл қаласының іргесінде сақталған. Көшім хан әр жұма сайын сүйіктісіне келіп, оған шығыстың бағалы киімдерін, әшекей бұйымдар мен тәтті тағамдар әкеліп тұрған деген ертеден қалған сөз бар. Ермак жорығы кезінде казактар Сүзге-Тұраны қоршауға алған. Аңыз бойынша, жау қалаға енген сәтте Сүзге ханым Көшім хан сыйға тартқан қанжармен өзін өзі осып жіберіп, дұшпанға мойынсұнбай мерт болған.
Тобыл қаласы аумағында Сүзге ханымға ескерткіш қою 2006-2022 жылдарға арналған монументалды өнерді дамыту бағдарламасына енгізілген еді. Қала тұрғындарының айтуынша, орнатылады деген 20 ескерткіштің тізімінде мүсін жобасы алғашқы ондықта болған. 2007 жылы Тобылда "Тайтұлпар" ертегісі мен "Сүзге. Сібір аңызы" дастанының авторы Петр Ершовқа ескерткіш ашылды. Сол жылы қалада "Ғажайып жыланбалық", "Жалын-құс" және қазанға түсіп бара жатқан патша мүсіндері де орнатылған еді.
– Сібір татарлары Сүзге ханымға ескерткіш орнатуды және оның ежелгі қонысы тұрған төбе маңында "Сүзге" тарихи-мемориалдық кешен салуды көп жылдан бері армандап келеді, – дейді аты-жөнін атамауды өтінген Тобыл қаласының тұрғыны. – "Сүзге қалашығы" сонау 1960 жылдың өзінде-ақ федерация деңгейінде маңызды археологиялық ескерткіш деп танылған. Сол жерде Сібір татарлары мен Еуразияның байырғы халықтарының тарихи-мәдени мұрасына арналған фестивальдер өтеді. Әдетте негізгі іс-шаралар "Ескер" тарихи-мемориалдық кешенінде ұйымдастырылады. Онда мешіт, Сібір татарларының тарихы мен тұрмысына арналған мұражай, шайхана, Көшім ханның үлкен дулығасы пішініндегі арт-нысан және шейхтар жерленген мемориал бар. Осыдан біраз ғана бұрын жергілікті басылымдар бұл мерекелер жайлы жарыса жазатын, ал шенеуніктер мен қоғам қайраткерлері оларды қолдап, Ресей президенті Владимир Путиннің "Ресей көпұлтты халқымен мықты, сондықтан ұлттық мәдениетке, салт-дәстүр мен тілге деген ынтызарлық – мемлекет қуатына сүйеу болатын іргетас" деген сөзін келтіретін. Алайда Украинада соғыс басталғаннан кейін-ақ жағдай мүлде өзгеріп сала берді, Сүзге ханымға арналған ескерткішті қаржыландыру жайы да ұмыт болды. Сол себепті татарлар оны өз қаржысына құюды ұйғарған. Бірақ ескерткіш ресми түрде әлі ешқайда орнатылған да жоқ! Соған қарамастан, оны түн ішінде арсыздықпен ұрлап әкетті, тіпті бұл істі тергеуге де құлық танытпай отыр. Мұның бәрі жергілікті биліктің үнсіз қолдауымен жасалғаны айдан анық қой.
"ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ДИВЕРСИЯ"
Луиза Шамсутдиноваға айыппұл салынардан бұрын Ресей президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңестің мүшесі Кирилл Кабанов Сібірдегі "сепаратизм" жайлы пікір білдірді.
"Русьтің, Ресей империясының немесе Совет одағының жауы болған адамдарды ұлт қаһармандары етіп көрсеткісі келеді. Және де соның бәрін ұлт-азаттық (!) күрес тұрғысынан түсіндірмек болады", – деп жазды ол Telegram-арнасында.
Кабановтың пікірінше, мұндай үрдіс әсіресе түркі халықтарының тарихы мен олардың Ресеймен қарым-қатынасын бағалауда айқын байқалады. Ол болып жатқан жайттарды "айқын идеологиялық диверсия" деп атап, "Совет одағының күйреу процесі дәл осылай тарихты әдейі бұрмалаудан басталғанын" айтты.
Сүзге ханым мүсіні тақырыбын Ресей телевидениесіндегі "Бесогон" бағдарламасының авторы, режиссер Никита Михалков та тілге тиек етті. Ол Луиза Шамсутдинованы "ұлтаралық араздық қоздырды" деп айыптап, өз телебағдарламасында белсендінің 12 жыл бұрын сөйлеген сөзі бар бейнежазбаны көрсетті.
Онда Луиза Шамсутдинова былай дейді:
– Сібір татарларының өмірі жүздеген жылдар бойы жақсарған жоқ. Руське қосылған Сібір хандығы шоқындыру кезеңін бастан кешірді, сол кезде халықтың бір бөлігі жаппай ассимиляцияға ұшырап, жұтылып кетті. Бұған қоса нақты мынаны айта аламын: Сібір хандығының астанасы Ескерде 32 840 адам тұрған, ал Қаһарлы Иван патшаның шапқыншылығынан кейін олардың 2 мыңдайы ғана аман қалған. Қалғаны түгелдей қырғынға ұшыраған, балаларды мұз ойықтарға батырып өлтірген деуге болады".
Бірақ қазіргі ресейлік ресми тарихнамада патшалық Ресейдің кез-келген отарлық жорығын сипаттағанда "жаулау, басып алу" деген сөздің орнына жұмсартып "қосылу" деген эвфемизм жиі қолданылатыны кездейсоқ емес.
– Сібірдің жаулап алынғаны туралы 2010 жылдарға дейін ашық жазатын. Қазір ол жөнінде тіс жармағанды жөн көреді. Ал нақты тарихи тұлғаларды талқылау "тарихи экстремизм" немесе "аймақаралық араздық қоздыру" саналады, – дейді Татарстан Тәуелсіздік комитетінің жетекшісі Аида Әбдірахманова. – Билік ұлтқа қатысты көріністің бәрінен шошиды, сондықтан тарихи нарративті өзгертуге тырысып, "ешқандай жаулап алу болмаған, халықтар Ресей құрамына өз еркімен кірді" деген көзқарасын тықпалайды.
Аида Әбдірахманованың пікірінше, қазіргі Ресей федерациясы аумағында өмір сүріп жатқан, кезінде жаулап алынған (орыс емес) халықтардың батырлары мен ұлы тұлғаларына ескерткіш орнатуды мемлекет "тарихи экстремизм" және "ұлтаралық өшпенділік қоздыру" деп қабылдауға бейім.
– Өйткені бұл халықтардың өкілдері ата-бабасының шынайы тарихын жадынан өшірмей, сол ақиқатты кейінгі ұрпаққа жеткізуді мұрат тұтады. Алайда дәл осы шындық Ресей билігінің қолайына жақпайды, – дейді Әбдірахманова.
– Ал енді Астрахань мен Вологдада Қаһарлы Иван патшаға, көптеген қалаларда Сталин мен Дзержинскийге ескерткіш орнатуды, болмаса 1552 жылы Қазан қаласын жаулап алған кезде қаза тапқан әскерге арнап Қазанда храм-ескерткіш тұрғызуды Ресей билігі "ұлтаралық араздық қоздыратын", репрессияға ұшырағандардың ұрпағының ар-намысын қорлайтын әрекетке теңемейді. Ал татар ұлттық қозғалысы мен ұйымдары бірнеше жылдан бері талап етіп келе жатқан Қазан қаласын қорғаушыларға арналған ескерткіш әлі күнге дейін орнатылған жоқ, – дейді ол.
Тарихшы Сергей Чернышов Сібірді қосу және бұл процесте Ермактың рөлі тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.
– Ресейліктердің көбі Сібірді қосу оқиғасын Василий Суриковтың "Ермактың Сібірді жаулап алуы" атты белгілі картинасындағыдай елестетеді, ол туынды қазір Ресей музейінде ілулі тұр. Ол картинада казактар мылтық, икона ұстап, қалпақ киіп, ал қарсы жағында – әлдебір таяқ ұстаған жартылай жабайы татарлар көрсетілген. Жұрт соған қарап "Сібір хандығы өте қарабайыр болды, ал Мәскеу патшалығы мылтықтың күшімен басып алды" деген тұжырым жасайды, – дейді тарихшы Чернышов. – Бұл нағыз жаулап алу болды, "Ресей мемлекетінің тарихы" еңбегін жазған Николай Карамзин де, Владимир Ключевский де және Сібір туралы негізгі мәліметтер мен деректер қалдырған Герхард Миллер де нақ осы сөзді қолданған. Біз бұл туралы көбіне жанама деректер арқылы білеміз: тарихты жеңімпаздар жазған, ал Сібір хандығының ерте замандағы түпнұсқа құжаттары сақталмаған. Себебі 1626 жылы сол кезде Сібірді басқарған Қазан сарайының Қазан приказының архиві өртеніп кеткен.
Тарихшының айтуынша, Сібір жылнамасы деп аталған алғашқы деректер 17-ғасырдың екінші жартысында, яғни Сібірді жаулап алғаннан кейін 50 жыл өткенде жазылған. Алайда олар тек 200 жылдан соң, 19-ғасырдың ортасында жарияланған.
– Жеңімпаздар жазған орыс жылнамаларын алынған кейбір деректер бар, оларға сын көзбен қарау керек, – дейді тарихшы Сергей Чернышов. – Кейбір мәліметтерді саяхатшылар жазбаларынан білеміз. Солардың ішінде әйгілі Марко Поло да бар, ол Сібірде болмағанымен, сол кезде Сібір бағынышты болған Алтын Ордада болған. Археологиялық деректер де өте аз. Сібір хандығының қалалары әлі толық зерттелмеген, ұзақ уақыт бойы ешкім айналыспаған. Бір кездері Көшім хан кезіндегі Сібір хандығы астанасы Ескер қаласын қазу жұмыстары үлкен дауға айналған. Ал оны қазуды бастауға 1889 жылы, яғни орыстар Сібірді жаулай бастағаннан кейін 300 жыл өткен соң кіріскен, өйткені сол кезде "Московские ведомости" газетінде: "Тобыл маңында (Ескер Тобылдан шамамен 20 шақырым жерде) Сібір хандығының астанасының қираған орны бар, бірақ онымен тонаушылардан басқа ешкім айналысып жатқан жоқ" деп жазылған мақала жарияланған. Содан кейін Тобыл губернаторы баспасөзге шығып, "жақын арада қазба жұмыстары басталады" деп ақталуға мәжбүр болған.
Биліктің жергілікті тарихтың кез келген бейресми тәспіріне соншалықты шұқшия назар аударуының астарында қорқыныш жатқаны байқалады.
– Билік ескерткіш орнатудан ғана емес, оның астарында тарихи баяндауды өзгерту, ресми тарих пір ететіндерден "өзге" жаңа қаһарман тұлғаны алға шығару арқылы ұлттық немесе өңірлік сана-сезімді күшейтуге талпыныс бар деп қорқады. Оны Ресей мемлекетінің тұрақтылығына төнетін қауіп деп қабылдауы мүмкін, – дейді Аида Әбдірахманова. – Қазір Ресей мемлекеті тарихи дискурсты, әсіресе елдің тұтастығына, Ресей империясының, Совет одағының және қазіргі Ресейдің қалыптасуы жайлы тақырыптарды қатаң бақылауда ұстап отыр. 2022 жылдан бастап "Ресейдің беделіне нұқсан тигізетін" және "тарихи шындықты бұрмалайтын" әрекеттер үшін жазаға тартатын заңдар қабылданып, одан әрі қатая түсті. Негізінен бұл заңдар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты айтылған пікірлерге бағытталғанымен, іс жүзінде олардың қолданыс аясы әлдеқайда кеңейіп, отаршылдық және империялық саясатқа баға бергендерге де қолданылды. Кейбір аумақтар жаулап алынғаны, отарланғаны немесе күштеп қосылғаны туралы кез келген жария мәлімдеме көп жағдайда "Ресей қоғамының бірлігіне іріткі салу" немесе "экстремизм" деп бағаланып жүр.
Ермактың аруағын қорлағаны үшін айыппұл салу – Ресейдің өңірлік тарихы мен құқықтық тәжірибесінде бұрын-соңды мүлде болмаған тың нәрсе, – дейді тарихшы Чернышов.
– Тағы не ойлап табарын, кімді және не үшін жазалайтынын кім білсін – енді Ерофей Хабаровты (Амур өңірін зерттеген орыс жиһанкезі, Хабаровск қаласы соның құрметіне аталған – ред.), генерал Скобелевті (Түркістан жорықтары мен 1877-1878 жылдары орыс-түрік соғысына қатысқан, Болгарияны азат еткен қолбасшы – ред.) немесе Муравьёв-Амурскийді (Шығыс Сібір губернаторы болған – ред.) "қорлады" деп жауапқа тарта ма? – дейді тарихшы Чернышов. – Ал, мысалы, Калининградта балаларға арналған мектеп оқулығы "Батыс Ресей тарихы" деп аталады. Мұны естісе философ Канттың өз көрінде дөңбекшиді-ау: өйткені ол Пруссияда емес, "Батыс Ресейде" өмір сүрген болып тұр ғой. Бірақ биліктің өзі осылай деп итермелеп жатса, бәрі дұрыс, "шынымен солай болған" деп шығады. Бұл – тарихын орталықтан, яғни астанадан тарататын Ресей сияқты мемлекеттерге тән табиғи құбылыс:. Өйткені егер дәл сол Сібірде орыстар келмей тұрып-ақ ел-жұрт жабайы емес, кәдімгідей қалыпты ғұмыр кешкенін мойындасаң, онда "ол жерде орыстарсыз да өмір сүруге жағдай болған" деген ойға келесің.
Қазір Сүзге ханымның ескерткішіне араша түсуін сұрап, Ресей президенті Владимир Путинге жазылған петицияға қол жинау жүргізіліп жатыр.
"Бабалар рухына тағзым ету мен тарихты жадымыздан шығармау – осынау маңызды істегі басты мақсатымыз. Сібір ханшасы Сүзге – өңіріміздің тарихындағы ұлы тұлға, сондықтан оның есімі "Ескер" тарихи-мемориалдық кешені аумағында мәңгі сақталуға лайық. Ол туған жерін қорғауға және дамытуға баға жетпес үлес қосқан, – деп жазылған петицияда. – Көшім ханның жары, Сібір хандығының билеушісі Сүзге көрнекті басшы ғана емес, қиын-қыстау заманда өз халқының мүддесін қорғай білген қайсар әйелдің символына айналды. Өңіріміздің мәдени мұрасына оның қосқан үлесі көп жыл бойы көлеңкеде қалып келді. Енді осы тарихи әділетсіздікті түзейтін уақыт жетті".
Қазірге дейін петицияға 126 адам қол қойған.
– Бұрын мұндай үндеуге ойланбастан қол қояр едім, бірақ қазір, шынымды айтсам, жүрексінемін, – деді Тобыл қаласының тұрғыны. – Ермакты немесе 400 жылдай бұрын өліп қалған басқа бір казакты "қорладың" деп айып тағып, іс қозғауы да әбден мүмкін. Не болмаса "экстремист" деп айдар тағады. Сол себепті адамдар қол қоюдан қашқақтайды.