Accessibility links

Башқұртстан егемендігінен қалай айырылды?


Түйін

  • Совет одағы кезінде одақтас РСФСР құрамында болған Башқұртстан 1990 жылы егемендігін жариялаған.
  • Егемендік туралы декларацияда "Башқұртстанның жері, қойнауы, ресурстары өзіне тиесілі" деп жазылған.
  • Путин билікке келген соң Башқұртстан мен Ресей арасындағы шарт күшін жойып, констиуция баптары өзгерді
  • Егемендік декларациясы қабылданған күні "егемендік" деген сөз айтылмады.
  • Башқұртстанда "президент" лауазымы "басшы" деген сөзбен алмастырылған.

Ресей құрамындағы Башқұртстан егемендігін 1990 жылы, Қазақстаннан бұрын жариялаған. Жақында егемендік туралы декларация қабылдағанына 35 жыл толды. Бірақ бүгінде жергілікті билік "егемендік" сөзін мүлде қолданбайды. Бұрынғы "егемендік күні" қазір жай ғана "республика күні" деп аталады. Азаттықтың "Idel.Реалии" жобасы сол дәуірдің куәгерлерімен бірге Башқұртстанның егемендікке қалай ұмтылғанын және оны қалай жоғалтқанын еске алды.

"Қызыл директорлар" және экономикалық тәуелсіздік

1980 жылдардың соңына қарай республикада үлкен кәсіпорын директорларынан құралған "әкімшілік-шаруашылық топ" ықпалды күшке айналды. Олар "республикалық шаруашылық есеп" енгізуді ұсынды. Яғни, Мәскеуден тәуелсіз, өз табысын өзі басқаратын кәсіпорындар жүйесін құрғысы келді.

Сол кезеңнің куәгері, журналист Иосиф Гальпериннің айтуынша, "қызыл директорлар" Мәскеудің реформалық бағдарламаларына сенбеген, бірақ өз мүдделерін жақсы түсінген: олар кәсіпорындарға толық иелік етуді және дербес шешім қабылдауды қалаған.

Журналист Иосиф Гальперин
Журналист Иосиф Гальперин

Гальперин ол кезде "Ленинец" жастар газетінің жауапты хатшысы болған және жергілікті демократиялық, экологиялық қозғалыстарға белсене қатысқан.

Кейін осы ортадан республиканың жетекшісі болған Мұртаза Рахимов шықты. Сол кезде ол Уфа мұнай өңдеу зауытының директоры еді. 1989 жылы ол халық депутаттары сайлауында жеңіске жетіп, саяси сахнаға шықты.

16-шы республикаға айнала алмаған Башқұрт АССР-і

Сайлаудан соң, 1989 жылдың мамыр айында, башқұрттың бірнеше ұлттық қозғалысы Башқұртстанға "одақтық республика" дәрежесін беруді талап етті. Ел ішінде бұл ұсынысты қолдап, қол жинау басталды. Нәтижесінде ұсынысқа 300 мыңнан астам адам қол қойды.

Башқұртстанды СССР-дың 16-шы республикасы ету туралы елдегі Компартияның бірінші хатшысы Равмер Хабибуллин Совет одағы Компартиясы Орталық комитетінің пленумында да айтты.

1989 жылы Башқұртстан жоғарғы кеңесі бұл мәселе бойынша комиссия құрды. Кей зерттеулер бойынша, Башқұртстанды Ресей құрамындағы автономия емес, одақтық республика етуді халықтың шамамен 80 пайызы қолдаған.

Башқұртстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация
Башқұртстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация

Бірақ ұсыныс іске аспады. Башқұрт автономиялық советтік социалистік республикасы Ресейдің құрамында қала берді.

1990 жылдың басында Башқұрт АССР-і жоғарғы кеңесі депутаттарын сайлау науқаны басталды (РСФСР халық депутаттары съезіне, жергілікті кеңестерге де сайлау қатар жүрді).

Наурызда өткен сайлауға дейін-ақ КПСС-тың Башқұрт облыстық комитетінің басшылығы халықтың сынына ұшырап, отставкаға кетті.

Сондай-ақ, облыстық комитетке республикадағы ең ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының, әсіресе мұнай саласының директорларының көбі сенуден қалғаны да маңызды жайт болды. Өте ықпалды бұл директорлар бірнеше жылдан бері облыстық комитеттен Мәскеудің шексіз билігінен босатуға көмектесуді талап етіп келген. Алайда Башқұртстанның партия басшылығы Мәскеумен және партияның орталық комитетімен қақтығыстан қорықты.

Осылайша башқұрт партиялық номенклатурасының бағыты республикадағы директорлар корпусының көпшілігінің мүдделеріне қайшы келді.

Ардагер журналист Иосиф Гальпериннің айтуынша, содан соң билікке "нағыз тірі адамдар келген".

— Тірі адам ба, әлде бас шұлғып ләппай деп отыратын машина ма, ең маңыздысы осы еді. Ол кезде идеологиялық қайшылық та жоқ еді. Барлығы жоспарсыз жүріп жатты, саяси лагерьлер әлі қалыптаспаған еді, — деп еске алады Гальперин.

Ельциннің мәлімдемесі

1990 жылғы 12 маусымда халық депутаттарының съезі Ресей советтік федеративтік республикасының (РСФСР) егемендігі туралы декларация қабылдады. Яғни Башқұртстан құрамына кіретін Ресейдің өзі СССР-ден егемендігін жариялады.

Башқұртстанда да жұрт егемендік декларациясының түрлі нұсқалары жасала бастады.

1990 жылы тамызда Башқұртстанға РСФСР жоғарғы кеңесінің төрағасы Борис Ельцин келді. Уфа қаласында өткен митингіде ол: "Башқұрт халқына, Башқұртстанның жоғарғы кеңесі мен үкіметіне айтарымыз: өздеріңіз көтере алатын биліктің үлесін алыңыздар. Біз бұл шешімге келісеміз. Бұған еш қарсылық білдірмейміз. Башқұртстанның қойнауы, байлығы, жері – Башқұртстан халқының меншігі деп шешсеңіздер, солай болсын!" — деді.

1990 жылы 9 тамызда БАСР жоғарғы кеңесінің президиумы егемендік туралы декларацияның үш жобасын жария талқыға шығаруға қаулы етті. Кейіннен баспасөзде "Орал" башқұрт халық орталығы, кейбір көрнекті ғалымдар, халық депутаттары, БАССР заңгерлер одағы және басқалар дайындаған жобалар жарияланды.

— Барлық жобаларды екі негізгі топқа бөлер едім, — дейді башқұрт ұлттық қозғалысының ардагері. — Ең көп қолдау тапқан бірінші топ республиканы одақпен шарт жасасу арқылы тікелей СССР құрамында не шарт негізінде РСФСР құрамында сақтауды көздеді. Мұнда ең алдымен экономикалық егемендік талабы бірінші орында болды. Жобалардың аз тобы, соның ішінде башқұрт ұлттық қозғалысы ұсынған жобалар, СССР-дың өзімен таза конфедеративтік негізде қарым-қатынас жасауды не тіпті дербес шығуды ұсынды. Мұндай жобаларды әсіресе башқұрт жастары қатты қолдады. Мұртаза Рахимов және оның командасы ақырында орташа нұсқаны таңдады: яғни, елге экономикалық еркіндік беріледі, республика заңдары үстем болады, бірақ Башқұртстан шарттар негізінде РСФСР-дың және СССР-дың құрамыныда қалады.

Башқұртстанның алғашқы президенті Мұртаза Рахимовты жерлеу рәсімі. Гүл қойып жатқан - Башқұртстан басшысы Радий Хәбиров. Уфа, 23 қаңтар, 2023 жыл.
Башқұртстанның алғашқы президенті Мұртаза Рахимовты жерлеу рәсімі. Гүл қойып жатқан - Башқұртстан басшысы Радий Хәбиров. Уфа, 23 қаңтар, 2023 жыл.

— Егемендіктің бастауында мен тұрды деп айту дұрыс емес болар. Егемендіктің бастауында халық тұрды, ал мен, республика басшысы ретінде депутаттармен және қоғам өкілдерімен бірге халықтың қалауын мемлекеттік құжатпен бекітуге үлес қостым, , — деді ол 2019 жылы.

— Ол [Рахимов] мұның ешқайсысын түсінген жоқ, мұның барлығынан өлердей қорықты, — дейді башқұрт ұлттық қозғалысының ардагері. — "Біз [Ресеймен] бір мемлекетте болуымыз керек" деп айтты.

— Бұл жағынан ол өте сақ болды. Кәнігі "қызыл директор" ретінде ол шаруашылық тұрғысынан ойлады. Ешқандай идеологиясы да болмады, тек төңірегіне өзіне ыңғайлы қолдаушыларын жинай алды және дәл сол сәтте өзіне қай бағыт қолайлы болатынын аңғара білді, — деді журналист Гальперин.

"Башқұртстан республикасы"

1989–1990 жылдары республикада ұлттық сана серпілісі байқалды. Башқұрт интеллигенциясы мен қоғам белсенділері тіл мен мәдениетті қорғау, республиканың мәртебесін көтеру мәселесін айтты.

1990 жылдың 11 қазанында Башқұртстан жоғарғы кеңесі "Мемлекеттік егемендік туралы декларация" қабылдады.

Жоғарғы кеңес "Елдің бүкіл аумағында, қазіргі шекараның шегінде Башқұртстанның мемлекеттік егемендігін" жариялап, Башқұрт АССР-ін "Башқұрт советтік социалистік республикасы (Башқұрт ССР-і) — Башқұртстан" деп қайта атады.

Декларацияда: "Жер мен оның қойнауы, табиғи байлық пен басқа да ресурстар, сондай-ақ Башқұрт советтік социалистік республикасының аумағындағы бүкіл экономикалық және ғылыми-техникалық әлеует көпұлтты халықтың айрықша меншігі саналады" делінген.

Құжатта республика "дербес заң шығару жүйесіне ие" екені және оның Конституциясы мен заңдары "Башқұрт ССР-інің бүкіл аумағында үстемдікке ие" деп жазылды.

— Әлі есімде, бір депутат "қарсы" дауыс берді, төртеуі "қалыс қалды", қалғандарының бәрі жақтады, — деген еді Мұртаза Рахимов.

Башқұртстан егемендігін қалай жоғалтты?

1992 жылғы 31 наурыз — Башқұртстан делегациясы Мәскеуде Ресей мен егемен Башқұртстан билік органдарының өкілеті мен құзыреттерін бөлісу туралы «Федерация шартына» қол қойды.

1993 жылғы 25 сәуір — Башқұртстанда республиканың «экономикалық дербестігін нығайту» және Ресеймен қарым-қатынасты шарттық негізде құру туралы референдум өтті. БАҚ дерегінше, дауыс бергендердің 75,5 пайызы бұл ұсынысты қолдады.

1994 жылғы 3 тамыз — Мәскеуде Ресей Федерациясы мен Башқұртстан Республикасы арасындағы мемлекеттік билік органдарының өкілетін бөлісу туралы екіжақты келісімге қол қойылды.

1995 жылғы 17 желтоқсан — Ресей мен Башқұртстан арасындағы шарт бойынша референдум өтті. БАҚ мәліметінше, 79,1 пайыз сайлаушы республиканың экономикалық дербестігін нығайту бағытын қолдаған.

2000 жылғы 11 мамыр — Ресей президенті Владимир Путин Башқұртстан мемлекеттік жиналысының төрағасы Константин Толкачевке хат жолдап, республиканың Конституциясындағы бірқатар баптарды федералдық заңнамаға сәйкестендіруді ұсынды. Ол Башқұртстанның негізгі заңы «Ресейдің егемендігі оның бүкіл аумағына тарайды», «Федералдық заңдардың үстемдігі бар» деген қағидаларға қайшы екенін айтады.

2002 жылғы 19 наурыз — Ресей Бас прокуратурасының шағымы негізінде Башқұртстанның Жоғарғы соты республика Конституциясындағы 20 бап федералдық заңнамаға сәйкес келмейтінін мойындап, тағы 13 баптың ережелерін жарамсыз деп тапты.

2002 жылғы маусым — Ресей Жоғарғы соты Башқұртстан Конституциясының 37 бабын федералдық заңнамаға қайшы деп таныды.

2002 жылғы 3 желтоқсан — Башқұртстан мемлекеттік жиналысы республиканың Конституциясына түзетулер енгізді. Атап айтқанда, «егемендік» ұғымы «мемлекеттік» терминімен ауыстырылды.1994 жылғы Ресей мен Башқұртстан арасындағы екіжақты шарт Конституциядан алып тасталды.

2014 жылғы желтоқсан — Башқұртстан мемлекеттік жиналысы «Башқұртстан Республикасының президенті» атауын жойды. Лауазымның жаңа атауы — «Башқұртстан Республикасының басшысы (башлыгы)» болып бекітілді.

2017 жылғы шілде — Ресей президенті Владимир Путин ұлттық республикалар мектептерінде ұлттық тілдерді міндетті түрде оқытуға қарсы шықты.

Егемендіктен не қалды?

Декларация қабылданғанына 35 жыл толуын Башқұртстанда мардымсыз атап өтті. Ақпарат құралдары кішігірім мерекелік шаралар туралы хабар таратты. Уфа қаласының саябақтарында шағын жиындар, дәріс, көрме, байқаулар және дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткен.

Башқұртстан басшсы Радий Хәбиров
Башқұртстан басшсы Радий Хәбиров

Республика басшысы Радий Хәбиров халықты мерекемен құттықтап, салтанатты жиында сөйлеген сөзінде "егемендік" деген сөзді бір рет те атамады және 1990 жылғы оқиғаларды еске алған жоқ. Ал телеграм-арнасында жаңа көпірдің ашылуы сияқты жаңалығын ғана жазды.

— Қазір қандай егемендік туралы айтуға болады? — дейді журналист Иосиф Гальперин. — Бүгінгі заманда, шын мәнінде, Ресейде ешкімде ешқандай егемендік қалған жоқ. [Ресейдің] өзі әлдекімдерге тиесілі, толықтай жабық елге айналды. Сайлау дегені тағайындауға ұқсайды, тіпті большевиктер кезіндегі жағдайдан да жаман. Бұрын заңдар мен Конституция қабылданғанда, олар әйтеуір жақсылы-жаманды жұмыс істейді деген үміт болатын. Ал қазір Ресейде ешқандай Конституция да, ешқандай заң да іске аспайды. Сондықтан ол декларация немесе басқа да құжаттар туралы айтудың мәні қалмады. Арнайы әскери операцияда (Украинаға қарсы соғыс – ред.) қаза тапқандардың ең көбі Башқұртстаннан болса, онда республиканың қандай егемендігі жайында сөз қозғауға болады?

Шетелдегі "Башқұрт ұлттық қозғалысы комитетінің" жетекшісі Руслан Ғаббасовтың айтуынша, "осы 35 жылда Башқұртстан халқы бәрінен айырылды, бәрін тартып алды".

— Қазіргі жағдай "екінші Башқұрт республикасы", яғни Башқұрт АССР-і кезіндегіден де да нашар, — дейді Ғаббасов. — Кәсіпорындарды, барлық ірі өндіріс орындарын республикадан алып қойды, қазір олар әлдебір мәскеулік олигархтарға тиесілі. Біз өзіміздің табиғи ресурстарымызды басқармаймыз.

Саяси эмигранттың сөзінше, қазіргі таңда "башқұрт ұлтының мүдделерін қорғау, тілін, мәдениетін, ұлттық батырларын, табиғи ресурстарын қорғау бірден экстремизм деп жарияланады".

Ықшамдалған аударма. Түпнұсқа мына жерде.

XS
SM
MD
LG