Accessibility links

Қылмыстық кодекстегі 274-бап "саяси құрал" ма?


Orda.kz редакциясы есігінің сыртында тұрған қарулы полиция қызметкерлері мен заңгер Ольга Диденко (ортада). Алматы, 1 желтоқсан, 2025 жыл.
Orda.kz редакциясы есігінің сыртында тұрған қарулы полиция қызметкерлері мен заңгер Ольга Диденко (ортада). Алматы, 1 желтоқсан, 2025 жыл.

Заңгерлер мен журналистер тобы Қазақстан Қылмыстық кодексіндегі "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабын әкімшілік кодекске көшіріп, ізгілендіруді талап етіп, петиция жариялады. Дәл осы күні Orda.kz басылымы бас редакторының үстінен осы баппен қылмыстық істер қозғалды. Бұл бапты алып тастау керек пе?

"Қылмыстық кодекстің 274-бабы қазіргі уақытта сөз бостандығын тікелей шектейтін, қоғамдық сынды тұншықтыратын және журналистер мен белсенділерді қылмыстық қудалау қаупін туғызатын құрал болып отыр. Жалған ақпаратпен күресу мақсатына қарамастан, іс жүзінде бұл бап шамадан тыс саясиландырылған және әлеуметтік желідегі мәлімдемелері, ақпарат құралдарындағы сыни материалдары үшін қолданылады" делінген петицияда.

Петиция авторлары "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша "бас еркіндігінен айыру жазасын толық алып тастап, келтірілген залалға сәйкес ірі қаржылық айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік белгілеуді" сұрайды.

"СІЗДІ ҚАМАУҒА АЛАМЫЗ ДЕГЕН ЕСКЕРТУ"

Петиция авторларының бірі, заңгер Серік Әбішевтің айуынша, Қазақстанда 274-бап сирек қолданылады және көбіне онымен белсенділер мен журналистер сотқа тартылады.

"Оның мақсаты – белсенділер мен журналистерді, ашық пікір айтқан адамдарды сабасына түсіру. Мәселен, ертең сіз YouTube-та шындықты айтып жатсаңыз, біз осы бапты қолданып сізді қамауға аламыз деген ескерту" дейді ол.

Оның айтуынша, бұл баппен қоса, "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауызды қоздыру" (174-бап) және "Тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу" (405-бап) баптары "саяси баптар" саналады, себебі ол баппен айыпталып, сотталу үшін өте салмақты экспертиза, сараптама болуы тиіс.

"Себебі олар [бұл бапты] өздері де біржақты, айыптау тұрғысынан ғана пайдаланып отыр" дейді петиция авторы.

"ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕДЕ БАР"

Мәжілістегі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, әлемнің көп елінің Қылмыстық кодексінде көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты бап бар.

"Бұл бап енгенде әлемдік тәжірибені зерттедік. Мәселен, Германия, Ұлыбритания сияқты бірқатар елде ақпараттың жалған екенін біле тұра таратса және ол ақпарат зиян келтірсе, дүрбелең тудырып, жаппай тәртіпсіздікке себеп болса мұндай азаматтар, әрине, жазаланады. Сондықтан халықаралық ұйымдардың тұжырымдарын біздің жағдайға қарай нақты қарауымыз керек", – деді ол Азаттыққа.

Оның айтуынша, мұнда халықтың тыныштығы, азаматтардың шынайы ақпарат алу құқығы, мемлекеттің мүддесі сияқты мәселелерді де ескеру керек.

Гүлнәр Бажкенова ісінде полиция "жалған ақпараттан" келген "шынайы да елеулі зиянды табуы керек, таба алмаса, іс қысқартылуы тиіс, көбіне солай болып та жатады" дейді депутат Имашева.

"Жалған ақпараттың міндетті түрде зияны болуы керек. Зияны болмаса, ешқандай қылмыс болмайды. Тек қана тергеуші келіп, "мына жерде зиян бар, мына жерде зиян жоқ" деп отырмайды. Істің барлық құжаттары сараптамаға жіберіліп, бірнеше кезеңнен өтеді. Сонды ғана оның қылмыс я қылмыс емес екендігі анықталады", – деді Снежанна Имашева.

274-бапты Қылмыстық кодекстен алып тастау туралы петиция тиісті дауыс жинаса, ол тыңдауға шығарылады. Депутат "мұндай жағдайда біз оны қараймыз" дейді. "Сот тәжірибесін, тергеу істерін, болған кейстерді қарап, қандай жағдайда пайдаланылып жатқанын зерттеп, қорытынды жасауға болады" деді депутат.

КІМДЕР СОТТАЛҒАН?

274-бап бойынша бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл немесе немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер жалған ақпарат қоғамдық тәртіпті бұзу, азаматтардың/ұйымдардың құқығына, мемлекеттің мүддесіне "елеулі зиян" келтіру қаупін тудырса жаза күшейеді. 3–7 жылға дейін бас бостандығынан айыру мүмкіндігі қарастырылған. 2014 жылдан бастап "жалған ақпарат тарату" қылмыстық кодекске енгізілді. Содан бері бұл баптың жауапкершілігі бұрынғыдай әкімшілік емес қылмыстық боп қатайды.

Биыл белсенді Айжан Мамешова, журналист Лұқпан Ахмедияров, белсенді Әуелбек Шонжан осы баппен істі болды. Ал 2024 жылы журналист Данияр Әділбеков 4,5 жылға сотталды. Азаматтық белсенділер Берік Жағыпаров, Гүлназ Серікбаевалар жауапқа тартылды.

Көрінеу жалған ақпарат тарату туралы бап Қылмыстық кодекске енгелі Қазақстанда жүздеген адам – оппозициядағы белсенділер, тәуелсіз журналистер мен блогерлер осы баппен істі болып, қылмыстық жауапқа тартылды. Бұл баппен, мәселен, түрмедегі тұтқындардың азапталуы жайлы айтатын құқық қорғаушы Елена Семенованың үстінен іс қозғалды. Бұдан кейін 2016 жылғы "жер митингілеріне" қатысқан белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян бірнеше айыппен қатар "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп бес жылға сотталған. Белсенді Ардақ Әшім, адвокат Бауыржан Азанов, заңгер Әлнұр Ильяшев, саяси белсенді Жанболат Мамай мен Арман Шораевтар да осы баппен істі болған.

Қазақстан билігі азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір заң жоқ дейді. 2024 жылы қаңтарда "Егемен Қазақстан" газетіне сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген:

"Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалаушы органдар болуы керек. Қазіргі Қазақстанда мұның ешқайсысы жоқ. Біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ. Керісінше, реформалардың нәтижесінде адам құқықтарын қорғау жүйесі нығая түсті" деді Тоқаев.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ СЫНЫ

Батыстың құқық қорғау ұйымдары, халықаралық медиақауымдастық 274-бапты сөз бостандығын шектеу құралы деп бағалайды. Олар бұл баптың анықтамалары жалпылама және "көрінеу жалған ақпарат" деген түсінік нақты емес, бұл — сот пен құқық органдарына айыптауда тым кең еркіндік береді деп санайды. Мысалы, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы жалған ақпаратты жариялау, тарату деген бап сөз еркіндігіне қауіп төндіретін бап деп атады. Ұйым сарапшылары Қазақстанда билікті сынаушыларға қарсы осындай заң талабы мен бұлыңғыр қылмыстық айыптауды қолдану қалыпты жағдайға айналып кетті деп санайды.

Ал баспасөз өкілдерін қорғаумен айналысатын "Шекарасыз тілшілер" ұйымы Қазақстан билігі журналистерге қатысты істерде дәл осы "жалған ақпарат тарату" бабы көп қолданылатынын мәлімдеген. БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесі бұл бапта "нақты түсінік жоқ, халықаралық құқықта адам құқығына келгенде заң болжам жасайтындай емес, нақты болуы керек" деген маңызды қағида бар. "Заң талабы қарапайым азаматтың өзі нені істеуге болатынын не болмайтыны түсінікті болатындай жазылуы керек" деген.

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтистің сөзінше, бұл баппен адамды кінәлі деп тауып, қудалаған оп-оңай. Ешқандай сарапшының керегі жоқ. Адамның бір сөзін алады да, оны жалған деп табады. Сөйтіп адамды соттап жібереді. Адам ол ақпаратты бапта көрсетілгендей көрінеу таратты ма, жоқ па — ешкім анықтап жатпайды.

2019 жылы тамызда сол кездегі ақпарат министрі Даурен Абаев желіде азаматтардың беделі мен құқығына нұқсан келтіретін жалған ақпарат тарататын аноним дереккөздер мен фейк аккаунттар көбейіп кеткендіктен, мемлекет қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін мұндай әрекеттерге құқықтық тұрғыдан жауап беруге тиіс деп, 274-баптың қажет екенін түсіндірген. Ол мұндай норма көптеген елдің заңнамасында бар екенін айтқан. "274-бап қоғамды зиянды фейктерден қорғауға бағытталған және оны жетілдіру жұмыстары прокуратура, құқық қорғаушылар және сарапшылармен бірлесіп жүргізіледі" деген министр.

XS
SM
MD
LG