Accessibility links

Құқық қорғау ұйымдары Құрылтай сайлау қарсаңда журналистерді қудалауды доғаруды талап етті

Солдан оңға қарай: қазақстандық журналистер Александра Алехова (Сенцова), Лұқпан Ахмедияров, Динара Егеубаева және Азамат Омаров.
Солдан оңға қарай: қазақстандық журналистер Александра Алехова (Сенцова), Лұқпан Ахмедияров, Динара Егеубаева және Азамат Омаров.

Қазақстандық және халықаралық 10 құқық қорғау ұйымы 23 тамызда өтетін алғашқы Құрылтай сайлау қарсаңда елде тәуелсіз журналистерге қылмыстық іс ашу, сотқа тартып, жүріп-тұруын шектеу көбейгенін мәлімдеп, билікті сөз бостандығы мен БАҚ еркіндігі жөніндегі халықаралық міндеттемелерді сақтауға шақырды. Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлау алдында журналистерге қысым жасалып жатқан жоқ деді.

Сайлау алдында күшейген қудалау

Мәлімдемеге қол қойған "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры, Журналистерді қорғау комитеті (CPJ), Araminta Civil Rights Defenders (демократиялық бостандықтарға қатер төнген аймақтардағы құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғамға қолдау көрсетуші ұйым), Crude Accountability (экологиялық және құқық қорғаушы халықаралық коммерциялық емес ұйым), Freedom For Eurasia ("Еуразия үшін еркіндік"), International Partnership for Human Rights ("Адам құқығы бойынша халықаралық серіктестік"), Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросы, Норвегия Хельсинки комитеті Қазақстанда кейінгі кезде қалыптасқан жағдай сөз еркіндігі мен тәуелсіз журналистиканың жай-күйіне алаңдаушылықты күшейткенін айтқан.

Құқық қорғаушы ұйымдардың бұл мәлімдемесі Қазақстанда жаңа Конституция негізінде бір палаталы жоғарғы заң шығарушы орган – Құрылтай депутаттарын сайлауға бір апта қалғанда жарияланды. Мәлімдеме авторлары биыл наурызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде негізгі заңын жаңартып, жаңаша саяси жүйеге көшу процесі басталған елде кейінгі уақытта тәуелсіз журналистерге қысым жиілегеніне алаңдаушылық білдірген.

Олар кейінгі кезде Қазақстанда журналистер Динара Егеубаева, Лұқпан Ахмедияров, Александра Алехова (Сенцова) және саяси шолушы Азамат Омаровқа қатысты қозғалған істерді сөз еркіндігіне қысымның айқын көрінісіне жатқызған.

Ақпарат министрі: журналистерге қысым жасалған жоқ

17 тамыз күні Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзі басқаратын мемлекеттік мекеме БАҚ және журналистердің әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұғаттаумен айналыспайтынын мәлімдеді.

Балаеваның сөзінше, мемлекет азаматтардың ой-пікірін білдіру құқығын және сөз еркіндігін шектеуге мүдделі емес.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева

"Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес. Керісінше, мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, оларды қоғам алдында теріс көрсетуге пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ бұл Министрліктің сөз бостандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына кедергі келтіреді", – деп жазды Балаева дүйсенбі күні Facebook-парағына.

Ол өзі басқаратын министрлік масс-медиа саласындағы уәкілетті орган ретінде ең алдымен сөз бостандығына кепілдік беретін заңды құқықтардың жүзеге асуына қолдау көрсететінін, сонымен бірге сөз бостандығы таратылатын ақпарат үшін жауапкершілікті де талап ететінін айтқан.

"Бір адамның құқығы екінші адамның құқығын бұзу есебінен жүзеге аспауға тиіс. Қоғамдағы мәртебе де ешкімге заң талаптарын елемеуге артықшылық бермейді" деген шенеунік.

Бұған қоса министр әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін "заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге" шақырды.

"Алайда заңға қайшы материал мен заңды түрде айтылған пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың ара-жігін нақты ажырату аса маңызды. Заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуге тиіс" дейді Балаева.

Динара Егеубаеваға қатысты іс

Құқық қорғаушылардың ерекше назар аударған істерінің бірі – тәуелсіз журналист Динара Егеубаеваға қатысты қозғалған қылмыстық іс.

31 шілдеде Алматыда болған жол-көлік оқиғасынан кейін полиция журналистің үстінен Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғаған. Бұл бап жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан денсаулыққа орташа ауыр дәрежеде зиян келтіргені үшін жауапқа тартуды көздейді.

Мәлімдеме авторлары оқиға орнынан түсірілген бейнежазбада велосипед мінген адам жолдың қарсы бағытында қатты жылдамдықпен келе жатып, жанама көшеден баяу шыққан көлікпен соқтығысқаны көрінетінін айтқан. Дегенмен бір ғана видео құқықтық жауапкершілікті анықтауға жеткіліксіз екенін атап өткен.

Журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісов тергеу барысында бірнеше процестік кемшілікке жол берілгенін мәлімдеген. Оның айтуынша:

  • оқиға орнында ресми сызба жасалмаған;
  • сот-медициналық сараптама өткізілмеген;
  • дәлел ретінде тек көлік тәркіленіп, велосипед алынбаған;
  • материалдық шығын азаматтық тәртіппен қаралуы мүмкін бола тұра қылмыстық іс қозғалған.

Динара Егеубаеваға тергеу аяқталғанға дейін Қазақстаннан шығуға тыйым салынған. Құқық қорғаушылар бұл шектеуді оның кәсіби қызметіне, әсіресе сайлау барысын жариялау мүмкіндігіне әсер ететін шамадан тыс шара деп есептейді.

Лұқпан Ахмедияровқа қарсы тергеу

Астана полициясы тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияровқа қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған. Бұл бап бұқаралық ақпарат құралдары немесе онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін үш жылға дейін бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Ахмедияров өзіне қатысты тергеу басталғанын полициядан емес, Азаттық радиосының хабарынан білгенін айтқан.

Бұл іс журналистің әлеуметтік желіде жариялаған жазбасына байланысты қозғалған. Онда Ахмедияров Украинадағы "Хочу жить" жобасы жариялаған тізімге сілтеме жасаған. Кейін кейбір азаматтар әлгі тізімде өз аты-жөні барын, бірақ Украинада соғыспағанын, Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істегенін, журналистің жариялағаны өздеріне кері әсер еткенін айтып, Ахмедияровтың үстінен шағым түсірген.

Ахмедияров тізімде аталған адамдар соғысқа қатысқан деп ешқашан мәлімдемегенін, мақсаты – Қазақстан азаматтарын Ресейдің Украинадағы соғысына тарту туралы ақпаратқа қоғам назарын аудару болғанын айтады. Бұл қылмыстық іс журналистке кәсіби қызметіне бола ауқымды қысым науқаны жүргізіліп жатқан шақта қозғалып отыр дейді мәлімдеме авторлары.

Олар маусым айында Ахмедияровты Орал қаласында полиция қысқа уақытқа ұстап, Ресейде оған қатысты қылмыстық іс ашылып, айып тағылғанын хабарлағанын, 3 тамызда Ахмедияров отбасымен Черногорияға демалуға ұшпақ болған кезде Астана әуежайында шекара қызметі оны тоқтатып, себебін түсіндірместен елден шығармай қойғанын атап көрсеткен.

Александра Алеховаға шығарылған үкім

3 тамызда Алматының Алмалы аудандық соты журналист Александра Алехованы (Сенцованы) үш жылға шартты түрде соттап, үкімнің орындалуына бес жылға кейінге қалдырды. Бұған қоса сот оған журналистік қызметпен айналысуға үш жылға тыйым салды. Жабық режимде өткен сот процесіне БАҚ өкілдері қатыстырылмады.

Сот Алехованы жеке өмірге қатысты деректерді заңсыз таратқаны үшін айыпты деп жазалады. Алайда құқық қорғаушылардың айтуынша, ол жариялаған ақпарат бұған дейін Telegram-арнада ашық жарияланған. Және де осыған байланысты басқа сот ісінде даулы ақпараттың бастапқы таралуына полиция қызметкері себеп болғаны анықталғанымен, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған дейді мәлімдеме авторлары.

Құқық қорғаушы ұйымдар бұл жағдай неліктен заң баршаға бірдей емес, ала-құла қолданылады деген сұрақ туғызатынын және журналистерге кәсіби қызметімен айналысуына тыйым салу қауіпті прецедент қалыптастыруы мүмкін екенін айтып, Қазақстан билігін сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі бойынша алған халықаралық міндеттемелеріне сай, Алеховаға шығарылған айыптау үкімін қайта қарауға шақырған.

Азамат Омаровтың қамауға алынуы

18 шілдеде Астанада журналист, саяси шолушы және "Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы Азамат Омаров ұсталды. Сот оны Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша (әлеуметтік араздық қоздыру) күдікті ретінде екі айға қамауға алды.

Адвокаты Төлеген Шайықовтың Азаттыққа хабарлауынша, Омаровқа тағылып отырған айыптар билік пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты айтқан сатиралық және сын пікірлеріне негізделген. Адвокаттың сөзінше, Омаров өзіне тағылған айыптарға келіспей, өзі жариялаған материалдарды "кәдімгі сатира мен әзіл-сқақ" санайды.

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сатираның өзі құқық бұзушылық саналмайтынын, алайда егер қандай да бір алауыздықты қоздыру белгілері анықталса, оның сатира немесе әзіл түрінде ұсынылғанына қарамастан, заңнамада белгіленген жауапкершілік туындайтынын мәлімдеген. Бірақ билік нақты қандай мәлімдемелер заң бұзу деп бағаланғанын жариялаған жоқ, мұндай жағдайда кең әрі нақты тұжырымдалмаған қылмыстық нормалардың мемлекеттік шенеуніктерді сынға алуды, саяси пікір білдіруды және сатираны шектеу үшін қолданылу қаупі бар деп есептейді құқық қорғаушылар.

Билік бұған дейін осы бапты бейбіт түрде жиналып, өз пікір-ойын білдірген "Атажұрт" қозғалысы белсенділерін соттауға қолданғанын ескерсек, әлгіндей қауіп ұлғая түседі деп жазылған мәлімдемеде.

Қудалауды тоқтату туралы үндеу

Мәлімдемеге қол қойған ұйымдар Қазақстан билігін журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына қысымның кез-келген түрін дерек тоқтатуға үндеген. Олар қылмыстық және әкімшілік заңдарды тәуелсіз журналистикаға кедергі жасауға немесе оларды жазалау үшін қолданбауға, оған қоса журналистер мен БАҚ-тарға алдағы болатын сайлау және қоғамдық маңызы бар мәселелер жөнінде қудалау мен қысымға тап боламын деп қорықпай еркін хабар таратуына мүмкіндік беруге, олардың еркін жүріп-тұруын шектемеуге шақырған.

Құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстанды адам құқықтары саласы бойынша мойнына алған халықаралық міндеттемелеріне сай, азаматтардың ой-пікірін білдіру бостандығын, баспасөз еркіндігін және ақпаратты еркін алу құқығын сақтауға және қорғауға шақырып отыр.

Бұған қоса мәлімдемеге қол қоюшы ұйымдар халықаралық қауымдастықты Қазақстандағы сайлауға дейінгі, сайлау кезіндегі және одан кейінгі жағдайды назарда ұстауға, әсіресе тәуелсіз журналистер мен БАҚ-тарға қатысты шектеу мен қысымдарға ерекше назар аударуға; қуғын-сүргін мен қорқытып-үркіту, қылмыстық іс ашу және тәуелсіз журналистерге қарсы өзге де шектеулерге қарсы тұруға үндеген. Қазақстанда тәуелсіз журналистиканың жұмыс істеуіне қолайлы және қауіпсіз жағдай жасалуына септесу үшін дипломатиялық және қолда бар өзге де құралдардың бәрін пайдалануға шақырған.

Қазақстан билігі елде цензураға тыйым салынған, сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығына байланысты ешқандай проблема жоқ деп бұрыннан айтып жүр. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда баспасөз еркіндігі шектелетіні туралы құқық қорғаушы ұйымдардың сынына келіспейтінін айтып, елде бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына барлық жағдай жасалған деп мәлімдеген.

Айдар
XS
SM
MD
LG