Мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталған Первез Мушаррафтың ісі барған сайын ушығып барады, ал Пәкістанның өлім жазасына қойған уақытша мораторий мерзімі де бітті.
НЕГЕ МОРАТОРИЙ ҰЗАРМАДЫ?
Кезінде жүздеген адамды дарға асқызған Пәкістанның бұрынғы басшысы Первез Мушаррафтың өзі осындай ауыр жазаға кесілуі мүмкін. Шетелде ерікті қуғында жүріп, биылғы наурыз айында елге оралған соң ол бірнеше қылмыс бойынша айыпталып, тұтқындалған. Оның ескі бақталасы саналатын премьер-министр Наваз Шариф маусым айында бұрынғы президент Мушаррафты отанына опасыздық жасағаны үшін жауапқа тарту жөнінде бастама көтерген. Пәкістанда мұндай қылмыс жасаған адам әдетте дарға асылады.
Осыдан бірер апта бұрын Первез Мушарраф өлім жазасына кесілем деп уайымдамаса да болатын еді. Себебі Пәкістанда өлім жазасына жарияланған мораторий күшінде болған. Маусымның 30-ында мораторийдің мерзімі өтті, ал жаңадан сайланған азаматтық үкімет өлім жазасын қалпына келтіру ауыр қылмыс пен терроризмге тұсау салады деп ұйғарып, мораторийді әрі қарай ұзартпау туралы шешім қабылдады.
Бір қызығы, өлім жазасына мораторий 2008 жылы Мушарраф тақтан тайғаннан соң іле-шала күшіне енген. Қазір билік басында оның ежелгі бақталастары – президенттік орында Пәкістан халықтық партиясының тең төрағасы Асиф Әли Зардари, ал азаматтық үкімет басында Пәкістан Мұсылмандар лигасының басшысы Наваз Шариф отыр. Мұның өзі «өлім жазасын қайта қалпына келтірудің артында қандай да бір жасырын себеп жоқ па?» деген сұрақ туғызады.
ДАРҒА АСУДАН БЕСІНШІ ОРЫН
Мушарраф билігі кезінде жүздеген адам өлім жазасына кесілген. Amnesty International ұйымының есебі бойынша тек 2005 жылдың өзінде 241 адам өлім жазасына кесіліп, солардың кем дегенде 31-інің үкімі орындалған. Ең ауыр жазаға кесілгендердің саны жөнінен Пәкістан Қытай, Иран, Сауд Арабиясы және АҚШ-тан кейінгі бесінші орынды иеленген. Бұған қоса кезінде Мушаррафтың саяси қарсыластары болған Пәкістан халықтық партиясының басшысы Беназир Бхутто мен Пәкістан мұсылмандар лигасының басшысы Наваз Шариф те түрмеге қамалған еді.
2007 жылғы Беназир Бхуттоға жасалған қастандық пен Наваз Шарифтың қамалғанын алға тартқан екі партия 2008 жылы Первез Мушаррафты тақтан тайдырған. Бар ықпалынан айырылған Мушарраф 2008 жылы қарашада шетелге кетіп қалған, ал бұдан көп ұзамай жаңа президенттің жарлығымен Пәкістанда өлім жазасына мораторий жарияланды.
Мушаррафқа 1999 жылғы төңкеріс барысында Пәкістанның заңды жолмен сайланған үкіметін биліктен тайдыру арқылы конституцияны бұзды және 2007 жылы жоғарғы сот мүшелерін өкілетінен айырып, төтенше жағдай енгізді деген айыптар тағылып отыр.
Маусымның 24-інде парламентте сөйлеген сөзінде премьер-министр Наваз Шариф Мушаррафтың «елге үлкен опасыздық жасағанын» айтып, бұрынғы президент «сот алында жауап беруі керек» деді.
«ҮКІМЕТ ШИЕЛЕНІСТЕН ҚОРҚАДЫ»
Өзінің кінәсіздігін айтып отырған Мушаррафтың айыбы дәлелденсе, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы, не өлім жазасына кесілуі ықтимал.
Шарифтің ұстанымы Пәкістанның өз ішінде үлкен қолдауға ие болғанымен, сарапшылардың көбі Мушаррафтың елге опасыздық жасағаны үшін өлім жазасына кесілетініне сенбейді.
Вашингтондағы Вудро Вильсон атындағы Халықаралық ғылыми орталықтың Оңтүстік Азия жөніндегі сарапшысы Майкл Кугелманның айтуынша, Мушаррафқа мұндай айып тағылған жағдайда бұл басқаларға, соның ішінде Пәкістандағы аса ықпалды саналатын армиядағы жоғары басшыларға әсер етеді. Сондықтан маман Пәкістан үкіметінің елдегі саяси жағдайды шиеленістіріп алмас үшін бақталастарды қудалауға жүрегі дауалай қоймас деп санайды.
- Тергеу басталса, бұған басқа адамдар, яғни әскери басшылар, судьялар, ұлттық ассамблея мүшелері, соның ішінде Наваз Шарифтың биліктегі Пәкістан мұсылмандар лигасы өкілдері де қатысты болып шығады. Шарифтың үкіметі осындай жағдайға дейін ушықтыруды қаламас, себебі бұл саяси жағдайды тұрақсыздандырып, оның өз билігіне қауіп төндіреді, - дейді Кугелман.
«МУШАРРАФТАН БАСҚА ДА МӘСЕЛЕ ЖЕТЕРЛІК»
Вашингтондағы АҚШ-тың Атлантикалық кеңесіндегі Оңтүстік Азия орталығының директоры қызметін атқаратын Шуджа Наваздың айтуынша, демократиялық жолмен жаңа сайланған үкімет үшін Мушарраф қазір негізгі мәселе емес. Олардың қазіргі негізгі міндеті – нашарлап бара жатқан экономикаға жан бітіру, қарулы бүлікшілерді ауыздықтау және елдегі ұзаққа созылған энергетикалық дағдарыстан шығу.
Ұзақ-сонар әрі дау-дамайы көп сот процесінен гөрі үкімет Мушаррафтың Сауд Арабиясы, не Біріккен Араб Әмірліктері сияқты осының алдында тұрып келген елдеріне кетіп қалуына мүмкіндік беруі мүмкін деп санайды сарапшы.
Мушарраф ісіне қатысты түпкілікті шешім қабылдайтын адам – Пәкістан президенті Зардари, ал ол осы тамызда биліктен кетіп, Наваз Шарифтың жақтастары бақылап отырған парламент елдің жаңа басшысын сайлауы керек.
Жаңа үкімет адамгершілік тұрғысынан кешірілім берілгендерінен басқа өлім жазасына кесу туралы үкімдердің барлығы орындалатынын мәлім етті. Пәкістан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, ең ауыр жазаға кесілген 450 адам үкімнің орындалуын күтіп отыр. Ал өлім жазасын қалпына келтіру туралы ұйғарымды «жан түршігерлік, керітартпа шешім» деп бағалаған Лондонда орналасқан Amnesty International ұйымының есептеуінше, Пәкістанда өлім жазасына кесілгендер саны 8 мыңнан асады. Оның үстіне терроризммен айналысты деп айыпталған мыңдаған адамға қатысты әлі үкім шыққан жоқ.
Пәкістанның жоспарлау және даму министрі Ахсан Иқбал өлім жазасын қалпына келтіру туралы шешімді жақтай сөйлеп, оның Пәкістанның ірі қалаларындағы этникалық, секталық және бұзақылықты ауыздықтаудағы және елдің солтүстік-батысындағы қарулы бүлікшілердің шабуылын басудағы рөлі ерекше деді.
Фруд Бежанның мақаласын қазақ тіліне аударған – Мұхтар Екей.

Мушаррафты қатаң жазалау саяси жағдайды тұрақсыздандырып, Шарифтің өз билігіне қауіп төндіреді.