Accessibility links

Мушаррафтан кейінгі Пәкістанда не болады?


Саяси қарсыластарының қысымымен Пәкістан президенті Первез Мушаррафтың биліктен кеткендігі белгілі. Алайда оның кетуі – елдегі талай мәселені күн тәртібіне шығарып, қаржы-экономикалық дағдарыстың қыспағына түскен Пәкістанда жаңа проблемалар туғызуда.

Билік басында күрес-тартысқа толы 9 жыл отырған 64 жастағы бұрынғы генерал Первез Мушарраф ұлттық парламенттің өзіне импичмент жариялауына қарсы күресудің орнына, биліктен өз еркімен бас тартты.

МУШАРРАФ: - Қалыптасқан ахуалды тұтастай саралап көрген соң, өзімнің заңгер кеңесшілеріммен және саяси үзеңгілестеріммен кеңескен соң, солардың кеңесімен мен бүгін биліктен кететінімді жариялаймын. Менің қызметтен кетуім туралы өтінішім бүгін Ұлттық жиналыстың спикеріне жіберіледі.

Мушарраф - билік басындағы коалициялық күштердің өзіне қарсы ауыр айыптар тағу мүмкіндігінен бе әлде ел ішіндегі саяси ахуалдың салдарынан биліктен кетті ме – ол белгісіз.

Сауд Арабиясы мен бірқатар Батыс елінің мәмілегер болуымен Мушарраф биліктегі коалициямен өзара келіссөз жүргізіп, егер президент биліктен кетуге келіскен күнде, оның сот арқылы қудаланбауына кепілдік беру мәселесі талқыланды. Пәкістан мен шетелдік баспасөз құралдарында ол туралы көптен бері сараланып келді. Мушаррафты шетелге қуу мүмкіндігі де сөз болды.

Бірақ сондай сараптамалардың ауторы, Пәкістанның шығысындағы Лахор қаласында тұратын журналист Ахмед Рашид Первез Мушаррафтың келешек тағдыры беймәлім деп есептейді. Оның пікірінше, Мушарраф елде қалғысы келетінін мәлімдегенімен, коалициялық билік ішінде жетекші рөл атқаратын Пәкістанның Халық партиясы Мушаррафтың саяси оппозицияның серкесіне айналмауы үшін оны шетелде қуғында көргісі келеді.

Ахмед Рашидтің айтуынша, бірде-бір ел, оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, тіпті Сауд Арабиясы оған саяси баспана бергісі келмейді. П.Мушаррафтың биліктен кетуі бір саяси проблеманы шешсе де, бірақ ол өзге талай проблеманы туғызды дейді ол:

РАШИД: – Бірінші проблема – коалициялық үкіметтегі әріптестердің ішкі күрес-тартысының жалғасуы. Бұрынғы премьер-министр әрі Мушаррафтың қарсыласы Наваз Шариф Мушаррафты әлдеқайда қатал жазалауды көздейді, ал Пәкістанның Халық партиясы оған барғысы келмейді. Коалициядағы әріптестердің ішінде әлі пікірталастар мен талдаулар болады және кімнің келесі президент болатыны туралы онша ұзақ дауласпайтын шығар. Сондай-ақ коалиция ішінде терроризмге қарсы күреске және әсіресе Пәкістанда қатары толыға түскен содырларды қудалауға қатысты талас-тартыс та жалғасты. Бірінші, пікірталас жалғаса береді. Екінші, талас-тартыс, шынында да, армия мен азаматтық үкімет арасынан туады. Армия барлық проблемаға араласқысы келеді. Үшіншіден, қоғамның үкіметтің пәрменді іс атқарғанын, үкіметтің ондай талапты қанағаттандырғанын көруі де маңызды. Үкіметтің ол мақсатқа қалай жете алатынын біз білмейміз.

Премьер-министр Юсуф Раза Гилани бастаған Пәкістанның жаңа үкіметі наурыз айында жасақталып, терроризмге қарсы күреске жаңа көзқарасы бар екенін мәлімдеді. 3 тармақтан тұратын жаңа стратегия бойынша, қарулы жасақтармен келіссөз жүргізу, экономиканы дамыту мен шекаралық облыстарда саяси реформаларды жүзеге асыру және бітіспес қарулы жасақтарға қарсы соққы беруді жалғастыра беру көзделеді.

Алайда терроризмге қарсы мұндай ұстамды саясат осы күнге дейін көп нәтиже бермеді, керісінше қастандық шабуылдары арта түсті.

Елдің солтүстік-батысындағы шекара облысында Талибанмен арадағы бітім, ақыр аяғында, сәтсіздікке ұшырап, тайпалар мекендейтін осы облыстағы Талибан жасақтары мен Пәкістан қарулы күштерінің өзара шайқастары әрі қарай жалғасты, облыстың шамамен 250 мыңдай бейбіт тұрғыны босып кетіп, гуманитарлық дағдарысты ушықтырды.

Ахмед Рашидтің айтуынша, терроризмге қарсы күрестің жаңа стратегиясын жасау үшін Пәкістанның қуатты қарулы күштері мен азаматтық үкімет өздерінің іс-қимылын ұштастырып, Ауғанстан шекарасына жақын аудандарға шоғырланған бүлікшілерге қарсы не істеу керек деген мәселеде ортақ ұстанымға келуге тиіс.

А.Рашидтің пікірінше, коалициялық үкімет құрамындағы партиялардың ішкі күрес-тартысы жалғаса берсе, ол таяу болашақта коалицияны жік-жікке бөлуі әбден мүмкін. Қарулы күштер мен азаматтық үкіметтің арасындағы жікшілдік те жалғасады. Өйткені, Пәкістан армиясы Үндістанға онша сенбейді – ресми Дели Пәкістанның Кашмир штаты мен Ауғанстандағы мүддесін таптауды көздейді деп есептейді. Ал үкімет Үндістанға әлдеқайда жылы әрі достық көзқараспен қарайтын тәрізді.

Первез Мушаррафтың биліктен кетуін қуана қабылдаған Пәкістан халқының басым бөлігі үшін өте маңызды да шешуші мәселе – ядролық қаруы мен 160 миллион халқы бар және саяси - экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқан Пәкістаннның саяси және қарулы күштері басшыларының өзара ортақ тіл тауып, бір-бірімен уәжге келе алуы болып отыр.
XS
SM
MD
LG