Accessibility links

"Отбасымды көргім келеді". Украинаға тұтқынға түскен Орталық Азия тумаларының көмек сұраған дауысы неге естілмей қалып жатыр?


"Хочу жить" мемлекеттік жобасының дерегінше, Орталық Азия елдерінің ондаған азаматы Украинада әскери тұтқын ретінде қамауда отыр
"Хочу жить" мемлекеттік жобасының дерегінше, Орталық Азия елдерінің ондаған азаматы Украинада әскери тұтқын ретінде қамауда отыр

Ресей жағында соғысып, Украинада тұтқынға түскен Орталық Азия елдерінің азаматтары отбасылары мен өз елінің өкіметінен өздерін тезірек үйге қайтарып алуды сұрайды. Алайда әскери тұтқындар отанына қайтарылғаны немесе олардың елдері ресми сауал жолдағаны жайлы әзірге ешқандай ақпарат жоқ.

УКРАИНА ТҰТҚЫНЫНДА

"Амансыз ба, әпке! Мен тірімін, есен-саумын. Жағдайым бірқалыпты, – деп сәлем жолдаған Украина жағына тұтқынға түскен 28 жастағы тәжікстандық Акрамбек Абдулназаров туыстарына. – Егер мүмкіндік болса, менің үйге қайтқанымды қаласаңыздар, әскери прокуратураға, адвокатқа жүгініп, мені тезірек алмастырып алуға әрекет қылыңыздаршы".

Абдулназаровтың хикаясы – Ресейге жұмыс іздеп барып, ақырында соғыстан бір-ақ шыққан көп адам тап болған жағдай. Азаттықтың Тәжік қызметінің (Озоди радиосы) дереккөздері Абдулназаров Ресейге 2018 жылы кеткенін, 2022 жылы ол елде тұруға рұқсат мерзімі аяқталған соң отанына оралмақ болғанын айтады. Алайда Ресейдің билік орындары оны көші-қон ережесін бұзды деген күдікпен ұстаған тәрізді. Қамауға алынған соң оған Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойсаң Ресей азаматтығын аласың деген шарт қойған.

Тәжікстанның Таулы Бадахшан аймағының тумасы, әскери тұтқын Акрамбек Абдулназаровтың видеосын украиналық "СВО тұтқындары" жобасы 2025 жылғы қазан айының аяғында жариялады. Оның тағдырына Душанбедегі мемлекеттік органдары назар аударғаны жайлы еш хабар жоқ.

Украинаның мемлекеттік "Хочу жить" ("Өмір сүргім келеді") жобасының деректері бойынша, Ресей жағында соғысқан Орталық Азия елдерінің ондаған азаматы қазір украин тұтқынында отыр. Олардың кейбірі отбасылары мен өз елінің билігіне видеоүндеу жасап, отанына қайтарып алуды сұраған.

58 жастағы қырғызстандық Алисир Турсунов былтыр президент Садыр Жапаровқа жүгініп, өзін елге қайтаруға жәрдемдесуін өтінген. Айтуынша, оны Рязань қаласында көшеде жүрген жерінен күштік құрылым өкілдері ұстап, тергеу абақтысына қамап, аш ұстаған. Кейін әскери комиссариатқа әкеліп, келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Бішкек оның өтінішіне жауап қатпады.

Көктемде украиналық блогер Владимир Золкин Украина тұтқынға түсірген қазақстандықтар – Ербол (Ерболат) Ордабаев пен Шерхан Егамбердиевтен сұхбат алып, видеосын жариялады. Екеуі майданға қалай тап болғанын айтып берді: біріншісі Сібірде вахталық әдіспен жұмыс істеп жүріп келісімшартқа қол қойған, ал екіншісі Ресейде демалыста жүргенде құқық бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болған соң, одан құтылу мақсатында соғысқа барған. Бұл сұхбат Ресей Қазақстан азаматтарын да соғысқа тартып жатқанын растайтын алғашқы нақты дәлел болды.

Осы оқиғадан кейін қазақстандық дипломаттар Украинадағы әскери тұтқындар мәселесі жөніндегі үйлестіру штабының өкілдерімен кездесті. "Хочу жить" жобасы: Астана "жалдамалы әскерилерге қатысты тергеу барысын бақылап, өз азаматтары арасында түсіндіру жұмысын жүргізетінін" мәлімдегенін хабарлады.

ТҰТҚЫННАН БОСАП КЕЛГЕН СОҢ ҚАЙТА СОҒЫСҚА САЛДЫ

Бірнеше апта өткен соң Киев пен Мәскеу Пасха мерекесіне орай әскери тұтқын алмасқан кезде Ордабаев пен Егамбердиев Ресейге қайтарылды. Кейінірек 20 жастағы Шерхан Егамбердиев өзін ресейлік қауіпсіздік қызметі (ФСБ) тергегеннен кейін қайтадан майданға – алғы шепке жіберіп жатқанын отбасына хабарлап, көмек сұрады.

"Мені Донецк облысына жібергелі жатыр. Менде байланыс болмай қалатын сияқты. Алда мені не күтіп тұрғанын да білмеймін. Соғысқа жіберуі мүмкін, бәлкім басқа бірдеңе істер. Білмеймін. Заң бойынша, мені соғысқа жұмсамауы керек еді, бірақ бәріне бәрібір сияқты. Соғысқым келмейді, тыныш өмір сүргім, сүйікті қызымның, отбасымның қасында болғым келеді", – деді 20 жастағы Шерхан Егембердиев жіберген видеосында.

Ресей жағында соғысқан қазақстандыққ Шерхан Егамбердиев Украинамен тұтқын алмасу нәтижесінде Ресейге қайтарлыған соң өзін қайтадан майданның алғы шебіне аттандырғалы жатқанын айтқан (украиналық "Хочу жить" жобасының видеосынан скриншот)
Ресей жағында соғысқан қазақстандыққ Шерхан Егамбердиев Украинамен тұтқын алмасу нәтижесінде Ресейге қайтарлыған соң өзін қайтадан майданның алғы шебіне аттандырғалы жатқанын айтқан (украиналық "Хочу жить" жобасының видеосынан скриншот)

Егамбердиевтің әпкесі Әселдің айтуынша, тұтқын алмасу нәтижесінде Ресейге қайтарылған Шерханға Қазақстаннан анасы барған. "Кездесуге рұқсат бермеді, бірақ олар Мәскеу облысындағы Мосрентген кентінде орналасқан №61899 әскери бөлімінде, тордың екі жағында тұрып сөйлескен", – деді Әсел Astra басылымына.

Қазір Шерхан Егамбердиев қайда және қандай жағдайда екені белгісіз. Әпкесі Азаттық Азия тілшісінің телефон қоңырауына және мессенджермен жазған хаттарына жауап бермеді.

"Жалпы, [тұтқындағы ресейлік әскери қызметкерлердің] бәрін алмастырып алғаннан кейін, егер қол-аяғы бар болса, қайтадан әскери бөліміне және майданға жібереді. Ресейлік сарбаздың тұтқында болғаны оны әскери қызметтен босатуға себеп бола алмайды", – деді Азаттық Азияға "Хочу жить" жобасы.

Бұл ақпаратты тұтқын алмасу нәтижесінде Ресей жағына қайтарылған тағы бір қазақстандық – Ерболат Ордабаевтың ісі де растайды. Ол әлі соғысып жүрген сыңайлы. Қазақстанның солтүстігіндегі Лисаковск қаласында туып-өскен жігіттің жақын туысы (аты-жөнін атамауды өтінді) Ерболат отбасына анда-санда хабарласып тұратынын айтты.

"Хал-жағдай, денсаулықтарың қалай, не істеп жатырсыңдар, не жаңалық бар деп сұрайды, онша ұзақ сөйлеспейміз", – деді туысы.

Казахстанец Ерболат Ордабаев воевал на стороне России в Украине и попал в плен, его выдали Москве в рамках обмена военнопленными. Скриншот видео украинского проекта «Хочу жить»
Қазақстандық Шерхан Егамбердиев Ресей жағында соғысып, Украинаға тұтқынға түскен. Оны тұтқын алмасу нәтижесінде Ресейге қайтарған. Украиналық "Хочу жить" жобасының видеосынан скриншот

"ЕКІ КЕМЕНІҢ БАСЫН ҰСТАҒАН"

Астана Ордабаев пен Егамбердиевті қайтаруды Ресейден ресми түрде сұрапты деген ақпарат жоқ. Қазақстанда да, сондай-ақ аймақтағы өзге елдерде де шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу және жалдамалы әскер қатарында соғысу – қылмыс саналады, заңда ол үшін жауапкершілік қарастырылған. Алайда Орталық Азия елдері Украинадағы соғысқа қатысқан азаматтарын экстрадициялауды талап еткені туралы хабар болған емес.

"Олар көпвекторлы сыртқы саясат жүргізуге, бірақ сонымен бірге Ресей билігінің шамына тиіп алмауға тырысады, – дейді Лондонда орналасқан Central Asia Due Diligence талдау орталығының директоры, саясаттанушы Әлішер Илхамов. – Олар сын айтудан тартынады – бұл олардың мүмкіндіктерін тарылтады".

Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан билігі Украинаға қарсы соғысқа қатысып, кейін еліне оралған азаматтарды қылмыстық жауапқа тартып келеді. Әдетте олардың бәрін кінәлі деп танып, бес жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жөнінде жаза кеседі.

Ал Тәжікстан болса, елдің бас прокуроры Хабибулло Вохидзода айтқандай, соғысқа қатысқан азаматтарға қарсы бірде-бір қылмыстық іс қозғамаған. Сарапшылар мұны Ресейде жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттарының ақша аударымына тәуелді елдегі биліктің Украинадағы соғысты жалғастыру үшін адам күшін қажет етіп отырған Мәскеуге жағымды көрінуге тырысуымен байланыстырады.

Илхамовтың сөзінше, Орталық Азия елдері тұтқында отырған азаматтарын қайтаруды талап етпейтіні былай тұрсын, оған қоса Ресейдің соғысқа адам тарту әрекетіне де толыққанды қарсы тұра алмай отыр. Осындай әскерге адам тарту әрекетіне жанама жауап ретінде Өзбекстанның арнайы қызметі жақында бір деректі фильм шығарды. Ондағы кейіпкерлер Ресейде келісімшартқа қол қоймас бұрын алдап-арбауға және қорқытуға тап болғанын, сонымен бірге Украинадағы "қан-қасап шабуылдар" жайлы айтады.

"Онда мигранттарды [соғысқа] мақсатты түрде жұмылдыру саясатын жүргізіп отырған Ресей билігіне бір грамм да сын айтылмайды, – деді Илхамов. – Кейбіреулерді қылмыстық іс қозғаймыз я депортация жасаймыз деп қысым көрсетіп тартады. [Фильмде] кейбірін алдап-сулап немесе қысым жасап [мәжбүрлегені] айтылады, бірақ оның артында кім тұрғаны, қандай саясат [жүргізіліп] жатқаны көрсетілмейді. Бұл тақырыпқа әлі де тыйым салынған. Олар екі кеменің басын қатар ұстауға тырысады: бір жағынан – өзбекстандықтардың [соғысқа] қатысуына жол бермеу, екінші жағынан – [Ресей президенті Владимир] Путинмен қарым-қатынасты бұзбау".

Қараша айында "Хочу жить" жобасы Ресей армиясы қатарында Орталық Азия елдерінен жеті жарым мыңнан астам жалдамалы жауынгер болған, олардың шамамен бір жарым мыңы қаза тапқан деп жазды. Соғысқа қатысқандардың аты-жөні жазылған тізім тиісті елдердің билік өкілдеріне табыс етілген.

Украин жобасының өкілдері ол елдер әлгі тізімге қандай реакция білдіргенін, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері тұтқында отырған өз азаматтарын елге қайтару туралы мәселемен дипломатиялық немесе өзге де арналар арқылы жүгінген я жүгінбегенін айтудан бас тартты. "Бұл – өте нәзік мәселе, біз оған байланысты түсініктеме бермейміз", – деді украиналық "Хочу жить" жобасы өкілдері.

XS
SM
MD
LG