Accessibility links

Орталық Азия сирек минералдар өндіру бойынша Қытаймен бәсекеге түсе ала ма?


АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы өршіп, Пекин сирек кездесетін элементтер экспортын бақылауды қатаңдатқан соң аса маңызды материалдарға бай Орталық Азия жаһандық аренаға шықты. Алайда амбицияның артында ескірген технология, геосаяси бәсеке сияқты мәселе көп. Аймақ бұл саладағы басты ел – Қытайға бәсекелес бола ала ма?

УӘДЕЛЕР

– Орталық Азияда әлемдік қордың едәуір бөлігі бар, сондықтан Еуропа оған ерекше әрі әділ ұсыныс жасағысы келеді, – деді сәуірдің басында Самарқанда өткен "Орталық Азия – Еуропа одағы" деп аталған алғашқы саммитке келген Еуропа комиссиясының төрағасы Урсула фон дер Ляйен.

Осы кезде АҚШ сауда соғысын бастап, Қытай стратегиялық пайдалы қазбалар экспортын қатаңдатып жатқан. Сондықтан Орталық Азиядағы бес елдің президенттері және Еурокомиссия төрағасы мен Еуропа кеңесінің президенті қатысқан саммитте сирек кездесетін металл тақырыбы ерекше талқыға түсті.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен "Еуропа Одағы - Орталық Азия" саммиті кезінде. Самарқан, 4 сәуір, 2025 жыл.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен "Еуропа Одағы - Орталық Азия" саммиті кезінде. Самарқан, 4 сәуір, 2025 жыл.

Жиында Еуроодақ көп уәде берді: "Ғалам қақпасы" (Gobal Gateway) инвестициялық жобасы аясында Еуроодақ үшін аса маңызды материалдарға қатысты жобаларға 2,5 млрд еуро бөлу көзделген.

Саммит қарсаңында әсіресе Қазақстан қойнауындағы байлық туралы ерекше айтты. "Баламасы жоқ үлкен кеніш табылды" деген ақпарат шықты. Еуроодақтың Астанадағы елшісі Алешка Симкич бұл ақпарат "ерекше маңызды шикізат тұрғысынан Қазақстанның маңызын арттыра түсті" деді. Дегенмен кенішті зерттеп жүрген геологтар бұл тұжырым асығыс жасалғанын, кеніш қорын нақтылау үшін әлі көп уақыт пен қаражат керек екенін айтты.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров саммит барысында өз елінің де бұл тұрғыда мүмкіндігі көп екенін айтып, әріптестікке ықылас танытты.

– Қырғызстанда сирек кездесетін, бағалы металдың едәуір қоры бар. Бұл тұрғыда ынтымақтастықты дамытып, оны Еуроодақ пен басқа көршілеріміз арасындағыдай бөлек әріптестік не " жол картасы" форматында рәсімдеуді ұсынамын, – деді Жапаров.

Әзірге Еуроодақ маңызды материалдар саласында әріптестікті Қазақстан және Өзбекстанмен ғана "жол картасы" және өзара түсіністік туралы меморандум формасында рәсімдеген. Наурыз айында Қазақстан осы бағытта 3 млн еуроның келісіміне қол қойған.

Қытайға балама ретінде Орталық Азияға көз салған жалғыз Еуроодақ емес. АҚШ қазір-ақ Қазақстанда Арал теңізінде литий және басқа да сирек металл іздеуге қаржы бөліп отыр. Бұған қоса олар Қостанай облысында неодим, празеодим, диспрозий және тербий іздейтін Cove Kaz Capital Group атты бірлескен кәсіпорын ашқан.

АҚШ Өзбекстанмен маңызды материалдар бойынша келісімге 7 сәуірде қол қойған. Ол бойынша металды барлап, өңдеуге инвестиция салу көзделген. Өткен жылы Өзбекстан бұл салада Германиямен және Оңтүстік Кореямен келісім жасасқан. Жалпы бұл ел сирек металл өндіруге 2,6 млрд доллар инвестиция салған.

НАҚТЫ МҮМКІНДІКТЕР

Вашингтондағы Second Floor Strategies консалтинг компаниясының президенті әрі "Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін Орталық Азияның сирек элементтерін қолдану" есебі авторларының бірі Вильдер Алехандро Санчестің айтуынша Батыстың аймақтағы сирек қазба байлыққа көз салуы бірінші рет емес.

Оның айтуынша, Еуропада Орталық Азияға қатысы бар саясаткерлер мен сарапшылар және тау-кен компаниялары оның әлеуетін 1990 жылдардан бері жақсы біледі.

"Дегенмен сирек кездесетін маңызды минералдарды тасымалдау – Украинадағы соғыс және Вашингтон мен Пекин арасындағы шиеленіс кесірінен көп талқыланатын тақырыпқа айналды" дейді Санчес.

Техас университеті Басқару және мемлекеттік қызмет мектебінің доценті Эдуард Лемонның айтуынша, АҚШ қазіргі әкімшілік кезінде де оған қызығушылық танытып отыр.

– Былтыр [АҚШ президенті] Байден тұсында С5+1 форматында маңызды минералдар бойынша диалог басталған. Трамп тұсында бұл қызығушылық тіпті арта түсетінін қазір түсініп отырмыз. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио аймақта алғаш болып Өзбекстан сыртқы істер министрімен кездескенде "маңызды минералдар бойынша әріптестікті арттыру" мәселесін қозғаған. Қазақстанның вице-премьерімен телефонмен сөйлескенде де ол маңызды минералдарды ерекше атап өткен, – деді Лемон.

АҚШ президенті Джо Байден мен мемлекеттік хатшы Энтони Блинкон Орталық Азия елдері басшыларымен С5+1 форматында кездесіп отыр. Нью-Йорк, 19 қыркүйек, 2023 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден мен мемлекеттік хатшы Энтони Блинкон Орталық Азия елдері басшыларымен С5+1 форматында кездесіп отыр. Нью-Йорк, 19 қыркүйек, 2023 жыл.

2024 жылы Орталық Азияның бірде-бір елі сирек элемент өндіретін лидерлер қатарына кірмеді. Мұнда 270 мың тонна, яғни бүкіл әлемдегі өнімнің 69 пайызын өндірген Қытай әдеттегідей көш бастап тұр.

"Бұл – өте ауқымды өндіріс, мұны әзірге оны бірде-бір ел не аймақ алмастыра алмайды" дейді Берлиндегі Карнеги Еуразия орталығының зерттеушісі Темур Умаров.

Ірі өндірушілер қатарында АҚШ, Мьянма, Австралия, Нигерия, Таиланд, Үндістан, Ресей, Мадагаскар және Бразилия бар.

Орталық Азияда сирек элементтер туралы ақпаратқа қол жеткізу қиын. Қазақстан бұрын жасырын болып келген бұл ақпаратты 2021 жылдан жариялай бастады. Соның аясында литий, тантал, ниобий, цезий қоры бойынша мәлімет жарыққа шықты. 2024 жылы индий, скандий, ванадий, талий, стронций және галлий туралы деректерді де жариялауға уәде етілген, бірақ мәлімет әлі табылмады. Осмий мен рений бойынша ақпарат та әлі құпия.

Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстан ақпарат құпия деп ресми түрде айтқан жоқ, дегенмен оның қоры туралы ақпарат ашық деректен табылмайды.

Сирек элементтер кен орындары туралы деректерді бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың геология қызметі жариялаған (USGS). Мекеме есебі бойынша, ең көп кеніш Қазақстан (160) мен Өзбекстанда (87). Қырғызстанда – 75, Тәжікстанда – 60, ал Түркіменстанда 2 кен орны туралы ақпарат бар.

Ал елдердің өз реестрінде мәлімет өзгеше. Қазақстанда сирек металдың 15 кеніші ресми түрде тіркелген. Сирек элементі бар кеніш саны 100-ге жуық. Ол жерде вольфрам (2,2 млн тонна), молибден (1 млн тонна), литий (75,6 мың тонна), тантал (4,6 мың тонна), ниобий (28,1 мың тонна), бериллий (58 мың тонна) қоры табылған.

Өзбекстанның ресми органдары сирек элемент табылған кеніш саны бойынша дерек жариялаған жоқ, дегенмен сирек металл бойынша мәлімет бар. Президент Шавкат Мирзияев баспасөз қызметінің дерегі бойынша, вольфрам, молибден, титан, литий сияқты сирек металдың 30 түрі бар кеніштер бар. Өзбекстан жақын арада литий өндіруді қолға алмақ, оның елдегі қоры – 123 мың тонна. 2024 жылы маусымда Нурликон кенішінде өндіріс басталатыны туралы айтылған.

Бұл ел вольфрам мен молибден өндіруді жолға қойып, сирек металдарды өңдейтін технопарк ашу жоспары барын айтқан.

Қазір өңдеу орындарының үштен екісі Қытайға тиесілі. Тіпті Орталық Азия елдері де сирек металдарын осында өңдейді.

Қырғызстанда сирек металдардың 11 кен орны тіркелген. Оның ең ірі Шу облысындағы Күтессай-2, онда 63 мың тонна кен қоры бар. 2009 жылы кенішті игеруге канадалық Stans Energy Corp қол жеткізген, алайда 2011 жылы ол компанияға өз міндеттемесін орындамады және лауазымды тұлғаларға пара берді деген айып тағылып, келісім күші жойылды.

Соңғы жылдары Күтессай-2 қараусыз қалған. Наурызда "Қырғызгеология" онда барлау жүргізіп, өнім өндіру лицензиясына ие болды.

Тәжікстанда сирек элементтер қоры бар кен орындары туралы ештеңе айтылмады, тек 2024 жылы бас геология басқармасы тек сол жылдың өзінде сирек элементтердің 15 кен орны ашылды деген мәлімет таратты.

КЕДЕРГІЛЕР

Кен қоры туралы ақпараттың жұтаңдығы – Орталық Азияны маңызды элементтердің балама көзі етуге кедергі болатын себептердің бірі ғана дейді сарапшы Вильдер Алехандро Санчес.

"Орталық Азиядағы тау-кен өндірісі, соның ішінде жаңа кен орындарын барлау бойынша әсіресе ағылшын тілінде ақпарат өте аз. Аймақты тартымды ете түсу үшін үкіметтер ашықтық танытуы керек" дейді сарапшы.

Аймақтағы кеніштердің толық зерттелмеуі қандай қиындықтарға алып келуі мүмкін екенін ұлыбританиялық East Star Resources компаниясының мысалы анық көрсетеді. Бұл мекеме бірнеше жылдан бері мыс пен алтын кенін барлау және өндірумен айналысып, Қазақстанда сирек метал өндіру жобасын жүзеге асырып келеді.

2022 жылы мамырда компания директоры Алан Уокер ерекше оптимист болған еді.

"Әлемде сапасы осынша жоғары, әлеуеті осынша зор әрі 1994 жылдан бері ешқандай жұмыс жүргізілмеген мұндай орындар өте аз қалды. Біз бұрғылауға рұқсат алу процесін бастап кеттік, жақында жұмысты бастап, бұл активті қолға алатынымызға айрықша қуаныштымыз" деген еді Уолкер.

Сынақ жүргізгеннен соң, 2023 жылы компания акциялары 28 пайызға түсіп кетті. Коммерциялық өндіріс өзін өзі ақтамауы мүмкін екені сол кезде айқындалды. Сирек минералдар желмен ұшып, қатты заттар саз балшыққа айналған, одан материал алу өте қымбат. Содан бері компания акциялары әлі құлдырап жатыр.

"Пайдалы қазба өндіру жобасы – жай ғана жерді қазу емес. Оған уақыт және инвестиция керек, – дейді сарапшы Санчес. – Кеніштің өзін ашқан соң оның өңдеу, тасымалдау инфрақұрылымын жасау керек. Пайдалы қазбаларды Орталық Азиядан АҚШ не Еуропаға жеткізудің дайын тізбегін қалыптастыру қажет".

"Бұған көп қаржы, ауқымды инфрақұрылым жобалары керек. Орталық Азия елдері құрлықтың түкпірінде орналасқанын ескерсек, мұның бәрі қымбат әрі қиын болмақ" дейді Тимур Умаров.

Бұдан бөлек, сарапшылар Орталық Азия елдерінің көрші державаларға тәуелділігінен де секем алады. Соның кесірінен АҚШ пен ЕО мұнда басымдыққа ие бола алмай қалуы мүмкін.

Сирек металл өндіру ісінде серіктес болуға Ресей ерекше ыңғай танытып келеді, дегенмен мұнда Қытай біршама қанатын жайып алған. Қаңтарда Қытай компаниялары Қырғызстанның Чон-Кемин ауданындағы Күтессай кенішінде кен өндіретіні айтылған.

"Іс жүзінде Пекин қазірдің өзінде, әсіресе Қырғызстан мен Тәжікстанда алдыңғы орында тұр, ол бұл елдерде сирек металл өндіретін кеніштердің барлығын дерлік бақылайды" деп жазды австралиялық Лоуи тәуелсіз зерттеу институтының мамандары.

Олардың айтуынша, Батыстың сирек элементтерге салатын инвестициясына аймақ елдеріндегі үкіметтердің ерекшелігі де қауіп төндіруі мүмкін. Лоуи институтының тұжырымы бойынша, "Орталық Азия авторитарлық басқару стиліне ерекше жақын".

Бұл бойынша сарапшылар "Аймақтағы қымбат әрі (гео)саяси тұрғыдан тәуекелі көп жобаларға ақша салардан бұрын Батыс елдері мықтап ойланып алуы керек болар" деп жазды.

Эдуард Лемон аймақтағы іскерлік климат та онша жақсы емес деп санайды.

"Жемқорлық жоғары, бизнес ережелері тым күрделі – мұның барлығы кедергі жасайды. Сондай-ақ, аймақта шетелдік компаниялармен келісім-шартты қайта қарау үрдісі бар, бұл оның сенімділігіне күмәнді азайтады", – деді Лемон.

Орталық Азия – АҚШ пен Еуроодақ маңызды элементтерін өндіруге тырысып жатқан жалғыз аймақ емес дейді Вильдер Алехандро Санчес.

"Мұндай минералдар Латын Америкасында, Африкада бар, су астындағы кен орындары және бар. Демек Орталық Азия балама бола алады, бірақ ол бәсекелестерге қарағанда анағұрлым тартымды болуы үшін көп жұмыс істеуі керек", – дейді Санчес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG