Accessibility links

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары салтанатты түрде ашылды. Жарыстың ерекшелігі қандай?


V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты. Астана, 8 қыркүйек 2024 жыл.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты. Астана, 8 қыркүйек 2024 жыл.

Бүгін, 8 қыркүйек күні Қазақстан астанасында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтті. Алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанда өткен бұл ойындар әрбір екі жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, алты күнге созылатын биылғы жарысқа 89 елден 2,5 мың қатысушы тіркелген. Жарысқа 560 спорттық ат, 45-ке жуық құс түспек.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты. Астана, 7 қыркүйек 2024 жыл.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты. Астана, 7 қыркүйек 2024 жыл.

Жарысқа Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Венгрия, Моңғолия және Ресей көп спортшы әкелген. Еуропадан Германия, Чехия, Франция елдерінің; Африкадан Гана, Эфиопия, Нигерия, Зимбабве секілді елдердің өкілдері қатыспақ. АҚШ құрамасы көкпар жарысында өнер көрсетпек.

"Астана Арена" стадионындағы театрланған мерекелік шарада қатысушы елдердің құрамалары салтанатты маршпен өтті. Алдымен Қырғызстан құрамасы, одан кейін ағылшын әліпбиі бойынша өзге құрамалар шықты.

Ашылу салтанаты екі сағатқа ұласты. 30 мың адам сыятын "Астана Арена" стадионы лық толды. Жарыстың алдында стадионға жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Қонақтар мен қатысушыларға 1600 ерікті қызмет етеді. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр еріктілерге алғыс айтып, қазақ тілінде әзірленген салтанатты сөзін айтуға кірісті.

Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр ашылу салтанатында қазақ тілінде сөйледі.
Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр ашылу салтанатында қазақ тілінде сөйледі.

Одан кейін Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті, Түркия президенті Режеп Ердоғанның ұлы Біләл Ердоған сөйледі. Қазақ тілінде анығырақ сөйлеген Біләл Ердоғанға көрермендер үлкен қошемет көрсетті. Кіші Ердоған көшпенділер ойындарының терең мағынасын атап өтіп, Газа секторындағы қантөгісті тоқтатуға шақырды.

Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті, Түркия президенті Режеп Ердоғанның ұлы Біләл Ердоған сөз сөйлеп тұр.
Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті, Түркия президенті Режеп Ердоғанның ұлы Біләл Ердоған сөз сөйлеп тұр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін жарысты алғаш ұйымдастырған Қырғызстанға алғыс айтудан бастады.

"Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек", – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында сөз сөйлеп тұр. Астана, 7 қыркүйек 2024 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында сөз сөйлеп тұр. Астана, 7 қыркүйек 2024 жыл.

Ашылу салтанатына Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, сондай-ақ ЮНЕСКО, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы секілді түрлі ұйымдардың басшылары қатысты.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты. Астана, 7 қыркүйек 2024 жыл. Бірінші қатарда солдан оңға қарай: Татарстан басшысы Рустам Минниханов, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты. Астана, 7 қыркүйек 2024 жыл. Бірінші қатарда солдан оңға қарай: Татарстан басшысы Рустам Минниханов, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Шараның аяғында танымал әнші Димаш Құдайберген өнер көрсетті.

Қатысушылар 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салады. Оның ішінде көкпар, күрес, садақ ату, арқан тартыс, құсбегілік, жамбы ату, бәйге, асық ату, аударыспақ ойындары бар. Жалпы медаль саны – 581. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 250 млн теңге.

Ойындар Астанадағы алты кешенде өтеді. Олар: "Думан" қонақ үйі, "Қазанат" ипподромы, этноауыл, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, "Алау" мұзайдыны және "Астана Арена" стадионы.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты. Астана, 7 қыркүйек 2024 жыл.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты. Астана, 7 қыркүйек 2024 жыл.

Аккредиттелген журналистер ашылу салтанатын стадионнан емес, "Қазмедиа" орталығынан бақылауға мәжбүр болды. Ұйымдастырушылар не себепті мұндай шешім қабылдағанын тарқатқан жоқ.

Ұйымдастырушылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалауға Қазақстан өңірлерінен және өзге елдерден 100 мыңға тарта адам келеді деп болжап отыр.

Биыл Қазақстанның бірнеше облысын су басқанда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоспарланған имидждік және өзге де шаралардан бас тартатынын, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартатынын мәлімдеген еді.

Биыл шілдеде көшпенділер ойындарына Дайындық және ұйымдастыру дирекциясының жетекшісі Наиль Нұров V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеген.

"Ойындардың жалпы операциялық шығыны 5,7 млрд теңге. Иә, бұл – үлкен сома. Бірақ 2011 жылы өткен VII Қысқы Азиада ойындарының бюджеті 20 есе, ал 2017 жылы Алматыда өткен Универсиаданың бюджеті бес есе көп болды" деді Нұров сол кезде.

Нұровтың сөзінше, бюджеттен бөлінген қаражат пен демеушілер ақшасын қосқанда барлықы 8 млрд теңге жұмсалмақ.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына барлығы 2430 қатысушы тіркелген. Дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев 5 қыркүйек күні өткен брифингте шетелден келген әрбір қонаққа 1,8 млн теңге жұмсалатынын айтты.

Бұған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын үш мәрте Қырғызстан, бір мәрте Түркия өткізген.

Жарыстың жабылу салтанаты 13 қыркүйек күні өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG