Accessibility links

"Мәселе Назарбаевтың тегінде". НЗМ мектебіндегі дау неге ушығып кетті?


Оқу жылы аяқталар тұста Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебі "бақылау жұмысына телефон алып кіріп, мұғалімді балағаттады" деген 11-сынып оқушысын мектептен шығарып жіберді. Бұл оқиға неліктен үлкен дауға айналды? Даудың саяси астары бар ма?

17 жастағы бала тоқсандық бақылау жұмысы кезінде аудиториядағы кезекші мұғалімге телефонмен ұсталып қалып, балағат сөз айтқан. Оқиға 21 мамырда болған. Осыдан кейін оқу орнының әкімшілігі жиналыс ашып, 23 мамыр күні баланы мектептен шығару туралы шешім шығарған. 26 мамыр күні оқушы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады.

"Мұғалім менің телефонымды алып қойды және оны қайтып алған сәтте мен қатты күйзеліске түсіп, эмоцияны игере алмай, мұғалімге тіл тигіздім. Осы үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Айтқан сөзіме қатты өкінемін. Кейін бірнеше рет кешірім сұрадым. Ата-анам да кешірім сұрады, олар өкінішіміздің шын екенін көрсету үшін тіпті иілуге дайын болды. Алайда менің ата-анам орыс тілін білмейді, сондықтан олар қысымның әсерінен мазмұнын түсінбей тұрып арызға қол қойған. Біз өтінішті қайтарып алуға тырысқанда, директор оны бермей қойды. Енді маған қарапайым мектепке барып, 11-сыныпты қайта оқуға ұсыныс жасалып отыр. Мені жазаламай, кешіре салсын деп тұрған жоқпын, қоғамдық жұмыстарды істеуге, сөгіс алуға немесе басқа да тәртіптік шараны орындауға дайынмын. Тек осы мектепте қалып, оқуымды жалғастырып, қателігімді түзетуге мүмкіндік берсеңіздер екен" деді оқушы үндеуінде.

Назарбаев зияткерлік мектептерінің басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мектеп қабылдаған шешім орынды деп жазды. Оның жазуынша, оқушы академиялық адалдық ережесін бұзған, моральдық құндылықтарға қайшы әрекет жасаған, бұған дейін бір емес бірнеше рет тәртіп бұзған. Сол үшін оны басқа мектепке ауыстыру шешімі қабылданды деді.

"Біз мектептерімізде қауымдастықтың барлық мүшесінің құқығын қорғауға тырысамыз. Соның ішінде мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған "Мұғалім мәртебесі туралы" заңды ескерсек, мұғалімдердің құқығын қорғау біз үшін өте маңызды. Мұғалімге құрмет – тиімді білім беру процесінің негізі. Сондықтан абырой мен қадір-қасиетке қарсы осындай ауыр оқиғаға үнсіз қалу мүмкін емес. Осыған байланысты мектеп педагогикалық кеңесінің оқушыны мектептен шығару шешімі менің ойымша, өте орынды және негізді" деді ол.

ОҚУШЫНЫ ҚОЛДАЙТЫНДАРДЫҢ УӘЖІ

Бұл оқиға жөнінде қоғам пікірі екіге айырылды. Мәжіліс депутаттары, білім беру саласындағы сарапшылар мен құқық қорғаушылар бала құқығы бұзылды деп санайды. Оқушының отбасына көмектесіп жүрген қоғам белсендісі Аида Боқаева қазір оқушыны ешбір мектеп қабылдамайды дейді. Қазір оқу жылының соңы болғандықтан Ұлттық білім беру дерекқоры жабық тұр. 26 мамырда оқу-ағарту министрлігі мәлімдеме жасап, жағдай министр Ғани Бейсембаевтың бақылауында екенін, мәселемен Бала құқығын қорғау комитеті айналысатынын жазды.

"Баланы мектептен 23 мамыр күні қалай шығаруға болады? Ол қайда барады? Оны қандай мектеп қабылдайды? Алматы Назарбаев мектепбі, сіздер оқушының құқығын бұзып тұрмын деп ойламайсыздар ма?" деп жазды Facebook-те мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.

Оның депутат әріптесі Мұрат Әбенов мектеп оқушының конституциялық құқығын бұзды деп мәлімдеді .

Заңгер Жангелді Сүлейманов мектептің оқушыны шығару жөніндегі бұйрығы заңсыз екенін айтты.

"Тәртіптік құқықбұзушылық оқудан шығаруға негіз бола алмайды. НЗМ жарлығында ондай негіз жоқ" деді ол.

Журналист, блогер Азамат Ерғалиев Назарбаев зияткерлік мектебі қабылдаған шешімді тым қатыгез деп санайды. "Көшірген баланы бірден мектептен қумай, сөйлесіп, әңгімелесіп, тағы бір мүмкіндік беруі керек еді" дейді ол. Блогердің жазуынша, дөрекі сөз айтқан балаға қатаң шара қабылдаған мұғалімнің әрекеті кек алу көрінісіне ұқсайды. Ерғалиев, мектеп әкімшілігі айтқандай, бұған дейін де көшірген әлгі оқушымен жұмыс істеу сол мектептің міндеті еді деп оқу орнын дер кезінде әрекет етпегені үшін сынаған. "Адамгершілік тұрғысынан бұл шешімі — қорқақтық" дейді Ерғалиев.

МЕКТЕП ШЕШІМІ ДҰРЫС ДЕЙТІНДЕР

Білім саласының мамандары мен ғалымдар, керісінше, мектептің шешімін жақтап отыр. Жанна Меңдібаева "бұл прецедент оқиға оқушыларды ережеге, мұғалім мен сыныптастарына, мектеп құндылығына құрметпен қарауға тәрбиелейді" дейді. Оның сөзінше, академиялық адалдық қағидасын бұзған балаға мұндай шара қабылдау – орынды әрі әділ шешім.

Зерттеуші Әсия Ермұхамбетова оқушыға жас бала емес, таяуда студент болатын азамат деп қарауға шақырады. Оның сөзінше, іргелі оқу орындарының бәрінде мұғалімді қорлау былай тұрсын, телефоннан көшіру кешірілмейді.

"11-сынып оқушысы – бірер күнде студент болатын бала. Кез келген жоғары оқу орнында мұғалімге тіл тигізді былай қойғанда, емтиханға телефонмен кірудің өзі-ақ оқудан шығаруға ілік болады. Оқушыны аяудың қажеті жоқ. Бірақ бізде мұндай жағдайда, өкінішке қарай, бәрі "байғұс бала" деп оқушыны қорғаштайды. Мұндай түсіністік таныту оқушының өзіне зиян" дейді зерттеуші.

Заңгер Халида Әжіғұлова да мектеп шешімін ақтап отыр. Ол оқушының әрекетінен қылмыстық кодекстегі "қорлау" бабының, әкімшілік құқықбұзушылық кодексіндегі "ұсақ бұзақылық" бабының элементтерін көретінін айтты .

"Мен НЗМ секілді мектептерде емтихан кезінде көшіретін, мұғалімдерді осындай ауыр сөзбен қорлайтын балалар оқығанына қарсымын" деді ол.

МЕКТЕП ӨЗ ШЕШІМІН ӨЗГЕРТПЕДІ

Назарбаев мектебіндегі оқиға – әлеуметтік желіде кейінгі күндердің ең қызу талқыланған тақырыбына айналды. Бұл даулы жайлы пікір жазбаған адам аз.

28 мамыр күні таңертең Назарбаев зияткерлік мектептерінің басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин тағы бір мәлімдеме жасап, мектеп "өз шешімін өзгертпейді, оқушы мектептен шығарылып, мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды" деді .

Назарбаев зияткерлік мектептері – Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған мектептер желісі. 2009 жылдан бастап қызмет етеді. Дарында балаларға арналған бұл мектепте шетелдік үлгідегі бағдарлама бойынша білім беріледі. Мектеп оқушыларды 7 сыныптан бастап қабылдап, 12-сыныпқа дейін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім береді. 6-сынып бітірген оқушылар емтихан тапсырып, қатаң іріктеуден өтеді.

Бұл жүйеге Қазақстанның түрлі өңіріндегі 21 мектеп, 1 халықаралық мектеп кіреді. Дәл қазір онда 19340 оқушы білім алып, 2616 педагог жұмыс істейді.

НЗМ мектептеріне жалпы білім беретін орта мектептеріне қарағанда мемлекеттен көбірек қаражат бөлінеді. Сол себепті осы мектеп жүйесін білім саласында теңсіздік тудырып отыр деп айыптайтындар болды. Мұндай айыптау Қаңтар оқиғасынан кейін, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев биліктен біржола кеткеннен кейін күшейді.

Былтыр тамызда НЗМ-дегі мемлекеттік аудиттің қорытындысы жарияланып, 2019-2023 жылдары бұл мектептерге 250 млрд теңге бөлінгені, оның ішінде 22 млрд теңге мектеп тәжірибесін бөлісуге арналғаны айтылды .

Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов НЗМ-ның бес жылдық қаржысын Ұлытау облысының бюджетіне теңеп, мектепке бөлінген қаржы өзін-өзі ақтап отырған жоқ деп мәлімдеді.

Білім саласының маманы, QAZBILIM GROUP компаниясы басқарма төрағасы Аятжан Ахметжан мектепке бұрыннан шүйлігіп жүргендер осы дауды саясиландыруға ұмтылып отыр дейді. Азаттық сарапшыдан сұхбат алды.

"АҚОРДА АРАЛАСАТЫН МӘСЕЛЕ ЕМЕС"

– Бұл баланың оқудан шығарылуы неге үлкен мәселеге айналды?

Аятжан Ахметжан
Аятжан Ахметжан

– Мұның екі себебі бар. Әлеуметтік желіде депутаттардың осы оқиға араласуы шу шығарып жіберді. Екінші себеп – Назарбаев зияткерлік мектептерінің танымалдығы мен Назарбаев фамилиясынан негатив іздеу. Әйтпесе, шу шығатын мәселе емес.

– Қалай дегенмен бұл білім жүйесі дамыған, озық технологиямен жабдықталған мектеп қой. Осы дау Назарбаев мектебінің атына кір келтіріп, оның жабылып қалуына алып келуі мүмкін бе?

– Жабылады деп ойламаймын. Бірақ бұл мәселе Назарбаев мектебі жүйесін құртқысы келетіндерге ілік болуы мүмкін. Сондай пиғыл бар екені екі-үш жылдан бері байқалып келеді. Назарбаев университетіне, Назарбаев мектептеріне шабуылдың артынан сондай бір дүниені көруге болады.

– Осы бір баланың жағдайына өзіңіз айтқандай салмақты адамдар араласқаны оны саяси мәселеге айналдырып жіберді ме?

– Иә, егер осы мәселе қарапайым мектепте болса, мұншалық шу шықпайтын еді.

– Емтиханға ұялы телефон алып кіріп, мұғалімге ауыр сөз айтқаны үшін мектептен шығару қаншалықты орынды жаза? Жаза қандай болуы керек еді?

Біріншіден, бұл жерде академиялық адалдық мәселесі бар. Мысалы Ұлттық бірыңғай тестіге кірген бала телефон қолданған жағдайда ҰБТ-дан шығарылатыны туралы нақты талап бар. Ол – балаларға түсіндіріледі. Егер сондай түсіндіру жұмыстары жүргізілген болса, оны телефон қолданғаны үшін мектептің шара қолданғаны заңды. Егер түсіндірмеген болса, басқа балалар да телефон қолданып, емтиханнан өте алатын болса, онда баланікі дұрыс.

Екінші мәселе – телефон қолданғаннан кейінгі жағдай. Яғни баланың мұғалімді балағаттауы. Бұл – міндетті түрде қарастырылатын оқиға. Өйткені педагог мәртебесі туралы заң бар. Мұғалімнің мәртебесі қашан да сақталуы керек. Мектептің тәртібі сақталуы керек.

Назарбаев зияткерлік мектебі сіз бен біздің төлеген салығымыздан қаржыландырылып отырған, мемлекеттің дарынды ұрпағын [тәрбиелейтін] мектеп. Ондай жерде академиялық тәртіпті сақтамайтын, мұғалімді, өзінің ұстазын сыйламайтын адам білім алмауы керек.

– Осы оқиғаның өзіңіз айтқандай саяси мәселеге айналғаны қаншалық қисынды?

– Еліміздегі мектептердің ішінде Назарбаев зияткерлік мектебі бар, Білім-инновация лицейі бар, Жәутіков атындағы физика-математикалық мектебі бар – мұндай мектептер біздегі озық мектептер екенін мойындауымыз керек. Мұндай жүйені құртқаннан біз ешқашан пайда таппаймыз. Керісінше, біз қарапайым мектептерді осындай деңгейге көтеретін жүйеге әкелуіміз керек. Яғни осындай деңгейдегі мектептердің санын көбейте алмай отырған кезде бір адамның фамилиясына байланысты мектепке шабуыл жасау өрескел қателік деп ойлаймын.

– Оқушы президентке үндеу жасады ғой. Ақорда бұл үндеуге реакция білдіруі керек деп ойлайсыз ба?

– Мен президент араласатын мәселе емес деп ойлаймын. Президентті Ерейментаудағы күлгін көлге де, Ақтаудағы итбалықтың жағдайына да, Алматыдағы ағаш кесуге де президентті араластырды. Бірақ бұл президенттен басқа лауазымды тұлғалардың құзыретіндегі шаруа ғой. Жарайды министрлік аралассын, Назарбаев зияткерлік мектебінің өзінің әкімшілігі бар, бала құқығы туралы уәкіл бар. Сондықтан президент осындай деңгейдегі мәселелерге араласа берсе, біз президентті ұсақтатып аламыз, онсыз да ұсақтатып жібердік деп ойлаймын.

– Рахмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG