Accessibility links

ҚТЖ, "Қазақтелеком", "Қазпоштаға" қоңырау шалу ақылы. Бұл заңды ма?


"Қазпоштаның" жұмыс базасы. Көрнекі сурет.
"Қазпоштаның" жұмыс базасы. Көрнекі сурет.

Кейінгі кезде Қазақстан халқы үшін маңызды салаларды монополиялап алған компанияларға шағым көбейді. Мәселен, жұрт тарапынан "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ), "Қазақтелеком", "Қазпошта" компанияларының тұтынушылары қызмет сапасының нашар екенін, ақпараттың ашық емес екенін, байланысудың қиындағанын айтып, жиі сынайды. Бұл компаниялардың байланыс орталығы ұялы телефонмен хабарласқан азаматтардан ақы алады. Мұны тұтынушылардың көбі байқай бермейді. Ал заңгерлер азаматтар сотқа шағымданып, өтемақы талап ете алатынын айтады.

АҚПАРАТ АЛУ АҚЫЛЫ

"Қазақтелекомның" теледидар және интернет қызметін пайдаланатын жаңаөзендік Олжас Қуаныш компания қызметінің жұмысына көңілі толмайды. Айына "Қазақтелеком" қызметіне 7800 теңге төлейтін ол интернет я теледидар жұмысында ақау болғанда call-орталыққа хабарласу өте қиын әрі ақылы екенін айтады.

-Үнемі бір мәселе шығады, интернет жиі істемей қалады. 165-ке хабарлассам, оператормен байланысу қиынның-қиыны. Өмірі бос оператор жоқ болады. Онымен сөйлеспей жатып телефонымдағы бірлік таусылып қалады, - деп жазған.

Жұрт "Қазақтелекомнан" бастап ҚТЖ, "Қазпошта" сынды компаниялардың call-орталықтарына ұялы телефоннан хабарласу ақылы екенін айтып, қызмет сапасын сынап, "Ашық диалог" порталына жиі шағым қалдырады. Тұтынушылар бұл мәселені порталда көтеріп жүргеніне бірнеше жыл болған.

Мәселен 2019 жылы Гүлмира Балибаева есімді тұрғын "Ашық диалог" порталына ұлттық компаниялардың байланыс орталықтары ақылы қызмет көрсететінін айтып, шағым жазады. Оның жазуынша, "Қазақстан темір жолының" сол кездегі call-орталығы 105 нөмеріне қоңырау шалу минутына – 113 теңге, 1433 нөмері минутына – 23 теңге; "Қазақтелеком" мен "Қазпошта" компаниялары да байланыстың әр минутына 20 теңге көлемінде ақы алған.

"Қазақстан темріжолы" компаниясының бас кеңесі. Нұр-Сұлтан.
"Қазақстан темріжолы" компаниясының бас кеңесі. Нұр-Сұлтан.

"Мұндай бағаны қайдан алады? Әр қадамымыз үшін салық, ақша төлейтін болдық, тек ауа ғана қалған шығар ақы сұрамайтын... Ұлттық компаниялардың әрекетін назарға алуды сұраймын" деп жазған Гүлмира Балибаева министрге.

Алматы тұрғыны Арман Әлімбаев ҚТЖ компаниясының ақылы байланыс қызметі сапасыз екенін жазған.

"105 қызметіне қоңырау кеткеннен бастап минутына 113 теңге алуы ақылға сыймайды. Қажет ақпаратты біле алмадым. Оператор уақытты созудан басқа түк білмейді. Ең болмаса, ақысына сай сапалы қызмет көрсетілуі керек емес пе?" деп ол бірнеше министрдің блогына шағым қалдырған.

Тараз тұрғыны Айдар Айғабылов "Қазпошта" жұмысы жайлы "1499 нөмірі минутына 18 теңге алады. Онда тәжірибеден өтіп жүрген стажерларды отырғызып қойған сияқты. Қандай сұрақ қойсаң да жауап бере алмайды. Онымен байланысқа шыққанша да біраз уақыт өтеді, әрине ол минуттардың ақысы алынады. Кейде маған уақытты әдейі созатын сияқты көрінеді" деп жазды Айдар.

"Ашық диалог" порталында министрліктер "Кәсіпкерлік кодексіне" сілтеме жасап тауарға, жұмысқа және көрсетілетін қызметтерге бағаны кәсіпкер қоятынын айтып, компаниялардың баға саясатына мемлекет араласа алмайтынын алға тартқан. Бұдан бөлек, анықтама орталығына ұялы телефонмен байланысқан азаматтарға ұялы операторлары – Кcell, Beeline, Аltel және Теле2 қызмет көрсететіні, олар қызметі үшін минутына ортақ тариф орнатқанын жазған.

Қазір ҚТЖ-ға тиесілі "Жолаушылар тасымалының" call-орталығы 105-тен 1433-ке ауысып, минутына 25 теңгеге қызмет көрсетеді, "Қазақтелекомның" 160/165 нөмерлері минутына – 9-25 теңге (ұялы операторға байланысты), "Қазпоштаның" 1499 call-орталығы минутына 21 теңгеге анықтама ақпарат береді.

БІРІНШІ СЕКУНДТАН АҚЫ АЛУ ЗАҢДЫ МА?

Әсел есімді тұтынушы "Қазпоштаның" call-орталығы қоңыраудың бірінші секундынан-ақ ақы ала бастайтынын байқаған. Азаттық тілшісі де орталыққа қоңырау шалып, бірінші секундтан бастап ақы алатынына көз жеткізді. Қоңырау басталғаннан автомат түрде жауап беретін оператор сәлемдесіп, байланыстың ақылы екенін ескертті. Сол сәтте байланысты үзіп үлгердік. Алайда желідегі 21 секунд үшін минутына алынуы керек ақы – 21 теңге бірден алынғанын байқадық.

"Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының" президенті Светлана Романовскаяның айтуынша, егер "Қазпоштаның" бұл әрекеті рас болса – заңсыз.

– Бұған қатысты азаматтар сотқа талап арыз беріп, төлемді қайтаруын талап ете алады, – деді ол.

"Қазпоштаның" хаттар мен заттарды реттестіретін орны. Нұр-Сұлтан.
"Қазпоштаның" хаттар мен заттарды реттестіретін орны. Нұр-Сұлтан.

"Байланыс туралы" заңының 36-бабы, 1-1 тармағында "Телефон, ұялы байланысы арқылы анықтама алу кезінде тариф есептелмей тұрып байланыс операторы абонентті қызметтің ақылы екенін хабардар етуі міндетті" деп жазылған. Романовскаяның сөзінше, заңға сай егер байланыс операторы қызметтің ақылы екенін ескертпесе ақы алынбауы тиіс. Бұған қоса, абонент байланысты үзбей, сөйлесуді жалғастыра берсе, төлемнің алынуына келісім бергені. Сөйлесу аяқталған соң байланыстың ұзақтығы есептеліп бекітілген тариф бойынша төлем алынады.

Азаттық шілденің басында "Жолаушылар тасымалы" мен "Қазақтелекомның" call-орталығына ұялы телефоннан қоңырау шалып көрді, бірақ екеуінің де анықтама қызметі байланыстың ақылы болатынын ескертпеді.

"Қазақтелекомда" да автомат жауап беретін оператор әуелі амандасты, тілді таңдауға мүмкіндік берді, жеке немесе заңды тұлға жайлы ақпарат сұрады, ресми сайты туралы қосымша мәлімет берді. 38 секунд үшін 16 бірлік алды. Егер ұялы телефонда бірлік болмаса, қоңырау мүлде бармайды. Бірлік болса, төлемді ескертусіз алады.

Ал "Жолаушылар тасымалына" шілденің басында хабарласқанда автомат жауап беретін оператор әуелі амандасты, сосын тілді таңдауды сұрады. Оның 48 секунд сөйлегені үшін бір минуттың құны - 25 теңге алынды.

Азаттық 5 шілдеде "Қазақстан теміржолы" компаниясына мобильді байланыстың неге ақылы екенін сұрап хат жолдаған еді. Тамыздың басында 1433 нөмеріне қайта қоңырау шалғанымызда, автомат жауап беретін оператордың қоңыраудың ақылы болатынын ескерткенін байқадық.

"Стационар нөмерлерден хабарласу тегін, ұялы нөмерлерден минутына 25 теңге. Дөңгелектеу қадамы - 1 секунд. Желіде қалып, сіз ақылы қосылуға келісесіз. Сіздің қоңырауыңыз біз үшін өте маңызды" деп ескерткен соң, желіні үздік. Алайда желіде болған 48 секунд үшін 25,67 теңге алынды.

"АҚЫ АЛЫНАТЫНЫН ЕСКЕРТПЕСЕ АҚША ТӨЛЕМЕУГЕ ҚҰҚЫЛЫМЫЗ"

Светлана Романовскаяның айтуынша, төлем туралы алдын ала ескертілмесе, тұтынушының оны төлемеуге құқығы бар.

- Бұған қоса жария шарты деген түсінік бар. Онда тауар мен қызметтің я жұмыстың сапасы мен бағасы жазылуы керек. Егер шартпен келісетін болсақ онда тауарға, жұмысқа не қызметке ақы төлеу қажет, - дейді сарапшы.

"Жолаушылар тасымалы", "Қазпошта" және "Қазақтелеком" компанияларының ресми сайтында жарияланған шартта азаматтардың анықтама-ақпарат орталығы арқылы өтініш қалдыра алатыны жазылған, бірақ оның әр минуты ақылы болатыны жазылмаған.

"Қазақтелекомның" Талдықорғандағы кеңсесі.
"Қазақтелекомның" Талдықорғандағы кеңсесі.

Ал заңгер Марғұлан Шыныбаевтың айтуынша, компания жария шартында call-орталықтың қызметі ақылы болатынын анық көрсетсе ғана ақы талап етуге хақылы.

- Егер жария шартта айрықша көрсетілмесе, жария шартын жарияламаса не қоңырау шалған кезде төлем туралы ескертпесе және сөйте тұра ақы алынса, онда бұл – заңсыз әрекет. Мұндай жағдайда азаматтардың қызмет көрсетуші компанияны сотқа беруге, алынған төлемді қайтаруын талап етуге құқығы бар, - дейді заңгер.

"ҚҰҚЫҒЫМ БҰЗЫЛДЫ" ДЕГЕН ТҰТЫНУШЫ НЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ?

Светлана Романовская
Светлана Романовская

"Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының" президенті Светлана Романовская "Азаматтар сотқа я тұтынушылар құқығын қорғау агенттігіне жүгіне алады. Бірақ бұған алым төлейді. Бізге бұл мәселе бойынша шағымданып келгендер әлі болмады. Азаматтар қаласа біздің, яғни Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының көмегіне жүгінсе болады. Шағым жазуға, заңды әрекет етуге, құқығын қорғауға тегін көмектесеміз. Кейде құқығы бұзылған азаматтар мұндайға немқұрайлы қарайды. 50 теңгеде тұрған не бар, қайда қалмай жатыр деп ойлайды. Біз бірнеше тұтынушы болып жиналып, сотқа арыз жазып, негізсіз төленген ақшаны қайтарып, ірі компаниялардың заңсыз тапқан табысын мемлекетке қайтара аламыз. Біздің заңгерлерді мәселемен хабардар еттім, шағым тастағысы келетіндер бізге хабарласса болады" дейді (Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының ресми сайты - potrebitel.kz).

Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылар құқығын қорғау комитетіндегі талдау және мониторинг басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алида Төлегенова да "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңы бойынша тұтынушылардың ақпаратты еркін алуға құқығы бар екенін айтты.

- Осы заңның 7-бабында тұтынушылардың сапалы, қауіпсіз қызметті (тауарды немесе жұмысты) алуға, еркін таңдауға, қызмет туралы ақпарат алуға құқылы екені жазылған. Заңда ақылы ақпарат беру жағдайы қарастырылмаған. Демек ақпарат үшін төлем алса, тұтынушының құқығы бұзылғаны. Мұндай жағдайда бизнес субъектіге наразылық хат жазу керек, - дейді комитет өкілі.

КОМПАНИЯЛАР НЕ ДЕЙДІ?

"Жолаушылар тасымалы" директорының міндетін атқарушы Жәнібек Тайжанов ақпарат орталығының қызметін "Транстелеком" компаниясы қамтамасыз ететінін айтады. "Транстелеком" акциясының 75 пайызын Unit Telecom, 25 пайызын "Қазақстан темір жолы" компаниясы басқарады. Unit Telecom компаниясына Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиев иелік етеді.

Тайжанов стационар нөмірлерден қоңырау шалу тегін екенін, бұған қоса, ресми сайт, WhatsApp нөмері (тек билеттерді қайтару мәселесі бойынша) және электронды пошта арқылы ақпарат алуға болатынын айтады.

- Компания ұялы байланыс абоненттері үшін 2023-2024 жылдары тарифті төмендетуді ойластырып жатыр, - дейді ол.

"Қазпошта" баспасөз қызметі Азаттыққа "түскен ақы ұялы байланыс қызметін ұсынатын компанияға төленеді. Дегенмен Қазақстанда тіркелген стационар телефоннан 1499 нөмірімен тегін байланысуға болады. Сонымен бірге post.kz қосымшасынан және сайтынан аудио/бейне қоңырау арқылы тегін ақпарат алу мүмкіндігі бар. Болашақта компанияның ұялы телефонмен байланысқан клиенттеріне анықтама- қызметін тегін ету жоспары жоқ. Себебі қазірдің өзінде қалалық номермен немесе post.kz сайты арқылы тегін қызмет алуға болады" деп жауап берді.

Бұған қоса, компания "байланыс қызметін ұсынушы – ұялы байланыс операторлары. Ұялы телефоннан 1499 нөмеріне хабарласқан тұтынушыға қызмет көрсету ақылы екені ескертіледі. Тұтынушы тұтқаны қоймай, сөйлесуді жалғастыра берсе, техникалық қызметке төленетін қаражат тұтынушының абоненттік есебінен алынады. Байланысты үзсе, алынбайды" деп отыр.

Ал "Қазақтелеком" ақылы ақпарат беруін "үкіметінің 2004 жылғы 3 қыркүйектегі №929 қаулысына сәйкес, шұғыл медициналық, өрт сөндіру апаттық және құқық қорғау секілді халыққа бірінші кезекте қажетті қызмет түрлері үшін байланыс тегін деп бекітілген. Ал 160/165 нөмерлері бұл тізімге кірмейді" деп жауап берді. Елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды "Қазақтелеком" компаниясының акциясын иеленіп келген еді, кейін ол осы компанияның қаржысын талан-таражға салды деген күдікпен қамауға алынған. Мамырда "Самұрық қазына" ұлттық қоры Сатыбалды "Қазақтелеком" акциясын мемлекетке "сыйлауға әзір" деп мәлімдеген.

Заңгер Серік Беркамалов тек стационар телефоннан ақпаратты тегін беру жолда түрлі жағдайға тап болған адамдардың құқығын және "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" заңдағы қызмет жайлы ақпарат қолжетімді болуы керек деген ережені бұзатынын айтады.

- Анықтаманы ақылы түрде ұсыну тұтынушының маңызды ақпаратты алу құқығын шектейді. Кей жағдайда ол ақпарат азаматтың өмір мен өлім мәселесін шешуі мүмкін. Сонымен қоса "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заң нормасында көрсетілген азаматтардың ақпаратқа тең қол жеткізу қағидаты бұзылғаны байқалады. Бұл мәселеге ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тексеріс жүргізуіне негіз бар деп есептеймін, - дейді заңгер.

Бұған қоса ұлттық статистика бюросының дерегіне қарасақ кейінгі он жылда елде стационар телефон саны азайып, ұялы абонент көп тіркелгені байқалады.

Мәселен, ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2011 жылы 3,5 млн телефон абоненті болса, 2021 жылы 2,3 млн телефон абоненті тіркелген. Ал елде 2021 жылғы статистика бойынша 24,4 млннан аса ұялы байланыс абоненті бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG